Тәуелсіздік-ел мұраты

7 қараша 2016 - Айсулу Юсупова

Мақсаты: Елін, жерін, тілін құрметтейтін, өз отанын сүйетін азамат қалыптастыр, от жүректі өжет мінезді ұл-қыздардың ерлік істеріне мәңгі құрмет көрсетуге баулу. Патриоттық сезім қалыптастыру.
Көрнекілігі: Желтоқсан құрбандарының суреттері, кітап көрмесі.
І.  Ұйымдастыру бөлімі:

Ән «Желтоқсан желі»
Мұғалім сөзі: — Балалар, біздің тәуелсіздік алғанымызға неше жыл толып отыр?
— 23 жыл толып отыр.
— Желтоқсан оқиғасына неше жыл толып отыр?
— 28 жыл толып отыр.
— Тәуелсіз мемлекет ретінде біздің қандай рәміздеріміз бар?
— Туымыз, елтаңбамыз, әнұранымыз бар.
— Біздің президентіміз кім ?
— Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
— Мемлекеттік тіліміз қай тіл ?
— Мемлекеттік тіліміз — қазақ тілі.
— Балалар, біз осы тәуелсіздікке оңайлықпен қол жеткізген жоқпыз.Оның бір көрінісі желтоқсан оқиғасы.
        Желтоқсан оқиғасы өзінің қайсарлығымен, алға қойған мақсат-мұратымен, тіпті жіберілген кемшіліктерімен де әрбір адамның есінде мәңгі сақталады.
1986 жылғы желтоқсан оқиғасы қазақтың басын біріктіріп, бір жұдырыққа жұмылдырған бақытты да, қайғылы күн еді. Желтоқсан жаңғырығы көзден де көңілден де кетер емес.
Бүкіл бір ұлттың сүйегіне таңба түсіріп, әділетсіз шешім қабылданып, халықтың
ар-намысы таразыға салынған сын сағатта дүлей күшке қаймықпай қарсы шыққан жастардың ерен еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі.
          Осыдан 28 жыл бұрын, яғни 1986 жылы Алматының бас алаңына жастар жаман оймен барған жоқ. Олар бейбіт жолмен тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қатысқан.
      Енді міне, осы желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағаларымыз бен апаларымыздың арқасында ата-бабаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл оқиға дүниені дүр сілкіндірді. Бұл желтоқсан көтерілісіне қазақ ел аузында жүрген, тарихта аты қалған Қ.Рысқұлбеков, Л.Асанова, С.Мұхаметжанова, Е.Сыпатаев апаларымыз бен ағаларымыз қатысты.

1-жүргізуші: 1986 жылы 16-17 желтоқсанда Алматы қаласы бұрынғы астанамыз, қазіргі бас қаламызда мыңдаған қазақ жастары наразылық білдіріп, шеруге шықты. Олар: «Тәуелсіздік керек!» қазақ елінің өз көсемі сайлансын!-деген тілек білдірді.Сол кездегі Қазақстан Компартиясының орталық комитетінің 18 минутқа созылған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың орнына Кеңестер одағының Комунистік партиясы Разуловсийдің ұсынысы бойынша Генадий  Колбинді тағайындаған.  Республика жұртшылығы бұл адаммен мүлдем бейтаныс болатын. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп шеруге шыққан жастарға «Бұзақылар», «Ұятшылдар», «Нашақорлар» деген кінәлар тағылды.

Желтоқсан-заман толғағы байтақ даланың,
Шарпысқан сәтті үміт пен күдік наланың.
Қайрат, Ләззат пен Сәбира
Құрбаны болған жаланың.
2-жүргізуші: «Нашақор» деп «ұлтшыл» деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базары кетіп бір күнде,
Қайғыға халық батқан күн.
            Сәбираның оқу орнында ата-анасын шақырып үлкен жиналыс өткізеді. Ұзақ кінәлап, жала жауып «Қызыңыз тентек» деген ұстаздарының сөзі жанына аяздай батты Ақ самайлы анасын аяды.
Күтпеген жерден: «Бәріне кінәлі мен, жазалаңдар мені. Оларды оқу орнынан қумаңдар! Шеруді де мен ұйымдастырдым. Бәріне мен жауап беремін» ,- деп кесіп айтқан сөзінен жиналғандар сілтідей тынды. Сәбира жиналысты тастай, сыртқа қарай жүгіре жөнелді.
         Сол бойымен намысшыл қыз жатақханасының бесінші қабатынан секіріп кетті. Оның өмірі ерте үзілді. Семсердей өткір айтқан сөздері ол оқыған оқу орнынан бірде бір қазақ қызын қудалатпай, оқуынан қудырмай, жала жапқызбай сақтап қалды.
1-жүргізуші: Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның
Айналайын, айналайын жас өркені халқымның!

Міне, өмірден тағы бір қыршын жас қызғалдақ осылай кеткен еді.Алматы музыка училищесінің студенті Ләззат Асановаға өзін-өзі өлтірді деген өтірік жала жабылған еді. Тексере келе Ләззаттың алаңда болғаны анықталады.
2-жүргізуші: Қаймықпады ызғарынан, бұлтынан
Қалтыратты империя іргесін.
Халықтардың бостандыққа ұмтылған,
Бастап берді бір көшін..
       Түн.Кәдімгі миллиондаған түндердің бірі, бірақ бұл түн өзгеше түн еді. Себебі бұл түнде қаланың кез-келген тұсынан ұсталған жастарды ұрып-соғып, өлімші халге жеткізді. Осындай қатігездікті көрген, оларға араша түсем деп жүргендердің бірі Қайрат Рысқұлбеков еді.
                        Тұтқынға түстім жаутаңдай

Жолама ешкім қасыма

Бара салсаң сәлем айт

Елдегі құрбы досыма.-деп мұңая жырлаған албырт жас, ел жаңа-жылды қарсы алып жатқан күні туған нағашысының үйінде тұтқынға алынды.

 Көрініс: «Қайраттың тұтқындалуы»

 ( Үй іші қалаша жиналған.Дастархан басында Қайрат, нағашысы, жеңгесі отырды.)

Нағашысы:Қайрат-ау тамақ алсаңшы. Студент болам деп бір ішек болып қалыпсың-ау өзің. .

Қайрат: Жә, бұйырғанын жеп отырмын ғой нағашы.

Нағашы: Астан алыңқыра.Қайрат өзіңнің ептеп өлең жазатының болушы еді ғой.Жаңа жылға арналған, мына маған арналған өлеңің бар шығар, жаман жиен.Айта отыр көңілдене түсейік.

Қайрат: Иә, нағашы, бар ғой бар.

(Осы кезде есік қағылып,үш-төрт милициа үйге кіріп келеді.)

Милиция: Біз органнан келдік.Қайрат Рұсқұлбеков деген азаматты тұтқындаймыз.Прокурордың санкциясы бар, Міне,

Екі жігіт Қайратқа: Тез жинал, бізбен бірге кетесің.

Жеңгесі; Ойбай-ау, бұларың не? Жұдырықтай баланың не жазығы бар еді?Әке-шешесіне не бетімізді айтамыз?

Милиция: Жеңеше сабыр етіңіз. Бұл жігіт бір төбелеске қатысыпты.Анық-қанығын тексерген соң, қайтарып жібереміз.

Қайрат: Жалалы боп, қатты батты жаныма,

               Жазалаушы қағаз алдым қолыма

               Жігіттер-ай, айтып-айтпай не керек,

                Жазған екен маңдайыма сорыма.

                Біріншіден, мен анамды сағындым

                Екіншіден, бұл құдайға не қылдым ?

                Бостандықта еркін жүрген жан едім   

                Енді, міне, абақтыға жабылдым.

1-жүргізуші: 1988 жылы 21 мамырда Семей қаласындағы түрменің 21- камерасында Қайрат 21 жасында «өзін-өзі өлтірді» деген атпен құпия түрде қаза тапты.

2-жүргізуші: Бердіхан Мараттың орындауында «Балбырауын» күйі.
2-жүргізуші: Келесі сәтті поэзия минутына арнасақ.
Айгерім: Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула! Лаула! Желтоқсанның мұзға жанған алауы!
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда тиісті емес еңкеюге жалауы!
Диас: Әр қазақтың есінде сақталады,
Желтоқсандық өркендер ақталады.
Ер намысын қорғаған сарбаздарым,
Ерліктерің мәңгілік сақталады.
        Президенттің жарлығымен 1996жылы 9 желтоқсанда Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаhарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі «Алтын жұлдыз» тапсырылды. Сәбира, Ләззаттарға ақтау жөніндегі анықтама қағаздары берілді.
Шырай: Болсын осы ар алдында сөз ақтық,
Қан мен намыс болса бойда қазақтық.
Қайтпас қайсар қасиетті күреспен,
Алыппыз біз мәңгі теңдік, азаттық.
1-жүргізуші: Желтоқсан оқиғасы Қарат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхаметжанова, Ләззат Асанова тәрізді батырларымыздың бар екенін дәлелдеп берді. Халқымыздың егемендігі жолында құрбан болғандарын дәлелдеп, оларды барынша, ақтау үшін барынша күрескен қайсар азаматтарымыз:   Мұхтар Шаханов, Хасен Қожа-Ахмет сынды ағаларымды көп еңбек етті.

   Ендеше, сол желтоқсан құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алайық
Арада төрт жыл өткен соң 1990 жылы  17 желтоқсанда сол алаңға ескерткіш тақта қойылды.
Аружан:  Серпіп бұлтты басқан елдің бар мысын,
Туды күнім әділетті арлы шың.
Алыс жолдан зарықтырып, шаршатып
Келдің бе сен, Азаттығым, армысың!
Осы оқиғадан кейін арада 5 жыл өткенде 1991 жылдың желтоқсан айының 16-сы күні қазақ елі шынайы тәуелсіздік алды. Биыл, міне, 23 жыл толып отыр.
Тәуелсіздік, бұл-басымызға қонған бақ, бақыт.
Бекжан: Көп ұлтпыз бірлігі зор, бір туысқан,
Шеңгелін сала алмас ар дұшпан.
Жасай бер еркіндікке қолы жеткен,
Тәуелсіз егеменді Қазақстан!
Ерлан: Дүбірлетсін өңірді
Дүбірлесін дүлділі.
Қазақ деген елімнің
Құтты болсын бұл — күні!

1-жүргізуші: Сіздердің құрметтеріңізге «Қазақ биі». Қабыл алыңыздар!

2-жүргізуші: Тәуелсіз еліміз Қазақстан көптеген жетістіктерге жеткен. Сол жетістіктерімізді «Жылдар сөйлейді» атты сұрақ-жауап арқылы  атап өтсек.

1)1990 жылы 25 қазан (Қазақ КСР-нің егемендігі туралы Декларация қабылданды)

2)1991жылы   29 тамыз (Семей поигоны жабылды)

3) 1991 жылы 2 қазан (қазақтың тұңғыш ғрышкері Тоқта Әубәкіров ғарышқа ұшты)

4)1991 жылы 1 желтоқсан (тұңғыш Президент сайланды)

5)1991 жылы 16 желтоқсан (ҚР-ның мемелекеттік Тәуелсіздігі туралы заң қабылданды)

6) 1993 жылы 28 қаңтар (Тәуелсіз мемлекетіміздің негізгі Заңы – Конституция қабылданды)

7) 1993 жылы 15 қараша (ұлттық валютамыз – Теңге айналымға енді)

8) 1995 жылы 30 тамыз (қазіргі Ата Заңымыз Конституция қабылданды)

9) 1998 жылы (Президент Жарлығымен Ақмола қаласы Астана қаласы болып өзгертілді)
2-жүргізуші: Бас алаңда ел жосқан,
Жастар қаны жуған түн.
16 желтоқсан-
Тәуелсіздік туған күн!
Міне, балалар, бүгінгі таңда Қазақстан тәуелсіз мемлекет. Біздің өзіміздің туымыз, елтаңбамыз, әнұранымыз бар. Егеменді Қазақстан мемлекетіміз.
1-жүргізуші: Көк аспанда тулардың
Желбіреген күні — бұл,
Елім деген ұлдардың
Елжіреген күні — бұл.
Жұпар шашқан гүлімнің
Жаңа ашылған күні — бұл.
Менің ана тілімнің
Бағы ашылған күні — бұл.

Гариб Диастың орындауында «Туған жер» әнін қабыл алыңыздар.
Мұғалім: Сендер Отанымыздың ұрпақтарысыңдар. Жақсы оқып,үлгілі, тәртіпті болыңдар. Өз елің мен жеріңді көркейтіп, қазақстанның намысын қорғайтын келешек ұрпақтың ақылшысы, тірегі сендер болмақсыңдар.

 

Осыған ұқсас жазбалар:

Тәрбие жоспарыАна-өмірдің шуағы

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 2438552

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru