Филология ғылымының кандидаты әрі әдіскердің тынымсыз еңбек жолы

15 қазан 2016 - Несипкул Утебаева

Филология ғылымының   кандидаты   әрі  әдіскердің    тынымсыз  еңбек жолы

 

         Үрімова   Рахила   Кенжебекқызы 1975 жылы 8 тамызда Қызылорда облысы Шиелі ауданында туылған. “Сыр өңірі – жыр өңірі” деп тегін айтылмаса керек-ті. Сыр тұнған туған  жердің  табиғатынан нәр ала  ой-санасы,  дүниетанымы   өскен Рахила мектеп қабырғасында жүргенінде әдебиетке құмарта  тілді ерекше қастерлейтін. Үлкен  дүниетаным,  кең білімге  жол ашады.  Кең  дүниетаным,  кемел  дарын,  мол  білім  ұштасқанда  ғана  шығармашылық  табысқа  жетпек. Рахила томаға-тұйық өспей, шығармашылық жолында іздене жүріп, оқу-білімін  молайтты. Тапқан  жаңалығын  әйтеуір  көзге  түсіп қалу  үшін   қолдана  бермейді, ой  елегіне  салып, көңіліне  дөп келсе ғана  өз керегіне  жаратады.  Ол – тынымсыз жан. Өзіне де, өзгеге де тыныштық  таптырмай ізденумен жүреді.  Енді, кейіпкеріміздің   еңбек     жолының  баспалдақтарына   көз   жүгіртейік.

         Еңбек жолын 1992 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы №1 темір жол балабақшасында тәрбиешіліктен бастайды.

1997 жылы Түркістандағы  Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің “Тарих-филология” факультетін “Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, филолог” мамандығы бойынша оқып, аталған  мамандық  бойынша диплом алып  шығады.  

  1997-2000 жылдар аралығында   Шиелі ауданында “Ақ орда” атындағы №45 мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 2000-2002 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан  қаласы  Ататүрік  атындағы  №17 мектеп-гимназиясында қазақ тілі   мен  әдебиеті  пәнінің  мұғалімі  болып   жұмыс   атқарған.

2002 жылдан бері Түркістан қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинеттің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әдіскері болып қызмет атқарады. Жоғары санатты әдіскер әрі филология ғылымдарының кандидаты.

 2006-2009 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің аспирантура бөлімінде білім алып, 2009 жылы Алматы қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында кандидаттық  диссертациясын   қорғаған.

 Әдіскер әрі кандидат – Үрімова   Рахила   Кенжебекқызы білім  саласына  сүбелі  үлес  қосқан.   Енді,  оның   жеткен жетістіктеріне тоқталайын.

— 1999 жылы Қызылорда облысы бойынша “Шешендік өнер” пәнінен 1-8 сыныптар аралығындағы авторлық бағдарламасы облыс көлемінде, 2004 жылы осы бағдарламасы Түркістан қаласы бойынша таратылып, қазіргі таңда қала  мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен тереңдетілген сыныптары осы бағдарламамен оқуда;

—  2001 жылы Түркістан қаласында “Жыл мұғалімі – 2001” байқауының бас жүлдесін жеңіп алған;

— 2002 жылдан бері “Оқушыларды пәндік олимпиадаға дайындау жолдары”,  “Қазақ тілі пән дәптерлерін жүргізу және тексеруге қойылатын талаптар”,  “Дарынды оқушылармен жұмыс жүргізу тәсілі”, “Оқушылардың ғылыми қоғамын құру”, “Тамыз педагогикалық оқуына қатысушының шығармашылық жұмыстарын рәсімдеуге қойылатын талаптар”, “Пән бірлестік жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу”,  “Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқушыларды пәндік олимпиадаға дайындау жолдары” және т.б. тақырыптарда әдістемелік нұсқаулықтары жарық көріп, қала көлемінде таратылған;

— 2008 жылы “Жазба жұмыстарын орындауға қойылатын талаптар” және 2009 жылы  “Мұғалімдерді педагогикалық оқуға дайындау жолдары”, 2010 жылы “Орыс, өзбек мектептеріндегі оқушыларды қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен пәндік олимпиадаға дайындау жолдары” атты әдістемелік құралдары  жинақ  түрінде жарық көріп,  қала көлемінде таратылған;

— 2013 жылы “Қазақ тілінің аймақтық мақал-мәтелдері мен фразеологизмдерінің этноқұрылымдық сипаты” тақырыбында зерттеу еңбегі, 2014 жылы “Оқушыларды қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен пәндік олимпиадаға дайындау жолдары” тақырыбында әдістемелік құралы баспадан жарық көрген;

— 2008 жылы облыстық “Әдіскер – 2008” байқауының бас жүлдесін жеңіп алып, әдістемелік жұмысы облыс көлемінде таратылған;

— қалалық, облыстық, республикалық баспасөз беттерінде бірнеше мақалалары жарық көрген;

— 2000 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дайындаған Түркістан қаласының оқушылары облыстық, республикалық пәндік олимпиадалардың, облыстық ғылыми жоба жарыстарының жүлдегерлері болған;

— 2002 жылдан бері Түркістан қаласы ұстаздарының шығармашылық жұмыстарына әдістемелік көмек беріп, облыс, республика деңгейінде озық іс-тәжірибелерінің таратылуына ықпал жасап келеді;

— 2013 жылдан бері Түркістан қаласының білім білімі мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-мен бірлесе дәстүрлі  түрде өткізетін “М.Балақаев оқулары” Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясының ұйымдастырушысы болып келеді.

          Қазіргі таңда Түркістан қалалық білім бөліміне қарасты мектептерде   қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытылуына, білім және тәрбие беру мекемелерінде “Тіл туралы” Заңның орындалуына бақылау мен басшылық жасайды. Тілдерге қатысты мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда қазақ, орыс,  өзбек мектептеріне байланысты проблемалық мәселелерді шешуде өзіндік көзқарасы қалыптасқан маман.

Үрімова   Рахила   қала көлемінде өткізілетін қоғамдық жұмыстарға да белсене  ат салысады. Мысалы: мектеп оқушылары арасында “Абай-Шәкәрім”, “М.Мақатаев”,  “І.Жансүгіров”, “Махамбет”, “О.Бөкей” оқуларын, өзге ұлт оқушылары арасында  “Мен көп тілді білемін”,  “Мемлекеттік тілді білу – парызың”, “Мемлекеттік тіл – менің тілім” атты байқауларды биік деңгейде ұйымдастырып,  өткізіп келеді.  Қалалық “Қазақ тілі” қоғамы бастауыш ұйымының мүшесі.

Қазақ  тілі мен әдебиет пәнінің әдіскері Үрімова   Рахила   Кенжебекқызы  2012 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің “Ы.Алтынсарин” атындағы төсбелгісімен марапатталған және 2001 жылдан бері Облыстық білім басқармасының,  облыстық жаңа технологиялар, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығының,  “Өрлеу” ҰО-ның, қала әкімінің, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, қалалық білім бөлімінің мадақтау қағаздарымен бірнеше дүркін  марапатталған.

            Әдістемелік кабинетінде Қазақстан Републикасында білім беруді дамытудың  2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге  асыру аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің  мемлекеттік   білім стандартына сай берілуін қадағалау, оқушылардың тілдік құзыреттілігін қалыптастыру,  мұғалімдердің  шығармашылықпен  жұмыс  жасауына   ықпал ету, қазіргі педагогикалық технологиялардың тиімділігін зерттеу және мектеп тәжірибесіне енгізу мақсатында “Нәтижеге бағдарланған құзіретті білім беру жағдайында қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерімен жүргізілетін әдістемелік жұмыстарды  тиімді ұйымдастыру” тақырыбында   жұмыс   жасайды.

“Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” Заңын, Қазақстан Республикасында “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған  мемлекеттік  бағдарламасын” жүзеге  асыру бағытында жұмыстар үйлестіру; мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқу бағдарламасының, мемлекеттік білім беру стандартының орындалуын қадағалау, талапқа сай оқытылуына басшылық жасау, қажетінше әдістемелік көмек беру; қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің әдістемелік шеберліктерін арттыруда диагностикалық зерттеуді, педагогикалық технологияларды әрбір сабақта тиімді пайдалануды кеңінен насихаттау; қазақ тілі мен  әдебиеті пәнінен тірек мектептерімен жүйелі жұмыс жүргізу арқылы  мұғалімдердің  кәсіби біліктілігін арттыруды жүзеге асыру; қаладағы  шығармашылық топ мүшелерімен жүйелі жұмыс жүргізу арқылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқу сапасын арттыру, мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету; 10-11 сыныптарда қолданбалы және таңдау курстарынан бейіндік оқыту бойынша авторлық бағдарламалардың дайындалып, қала көлемінде таратылу жұмыстарын үйлестіру;  оқушыларды қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ОЖСБ, ҰБТ, кешенді тестке сапалы дайындауда мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру шараларын ұйымдастыру,  дер кезінде әдістемелік көмек беру;  пән мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін арттыру  мақсатында пән мұғалімдерінің олимпиадасын, түрлі   сайыстар,  байқаулар, т.б. мәдени шаралар ұйымдастыру;  олимпиада резерв  мектебінің жұмысын сапалы жүргізу, оқушыларды қалалық, облыстық  олимпиадаларға сапалы дайындық жұмыстарының жүргізілуін қадағалау; оқушыларды ғылыми бағытта жұмыс жүргізуге дайындау бойынша мұғалімдерге тиісті ұсыныстар беру.

Түркістан қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинеттің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әдіскері Үрімова   Рахила   Кенжебекқызы оқу жоспарлары мен бағдарламаларын нәтиже  көрсеткіштерімен құрастырады. Ол  қала  мұғалімдеріне оқушылардың “не оқуы керек” тұрғысынан болмай, олардың  “не жасай білуі керек”  ауқымында  сипатталуы керек екендігін, яғни  біліктіліктен  құзырлылыққа  қарай ауысуды білім алу жүйесінде қолдануды  насихаттайды.  Ол Қазақстанда орта білім ауқымындағы қойылған  мақсаттарды мұғалімдерге орындалатын талаптар ретінде қарастырады. Мысалы,  Проблемаларды шешуге  дайын болуы;   Өзіндік тұрғыдан танымдық әрекеттерге дайын  болуы;  Тұлға аралық қарым-қатынасқа дайындық  (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде);  Ақпараттық- коммуникациялық  технологияларды   тұтынушы   деңгейінде  тиімді қолдану дайындығы; Әлеуметтік өзара әрекеттесуге  дайындық; Қазақстандық идея мен өзінділікті қалыптастыру  негізінде  өз  Отаны   үшін жауапкершілікті өзіне  жүктеу дайындығы; Өзін-өзі дамыту, өркендету, жүзеге  асыруға дайындық.

        Қорыта айтқанда,  Түркістан қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинеттің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әдіскері Үрімова   Рахила   Кенжебекқызы – шығармашыл  әдіскер, зиялы,  рухани бай,  жаңашыл, еркін,  ізгілікті, өз  кәсібін, шығармашылықтың теориялық  және әдіснамалық  негіздерін   жетік   меңгерген,   озық  технологияларды  игерудің     нағыз   майталманы,  динамика  мен   өзгерістерге   толы   заманда “өмір  бойы білім алу”     идеясын   ұстанатын   өрелі   ой   иесі.

Несіпкүл Өтебаева

Осыған ұқсас жазбалар:

ҰстаздарғаЕң үздік әдіскер

ҰстаздарғаЖас келсе іске

Әдіс бірлестіктерСәулелі ұстаз жолы

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1910059

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар