Мақал мәтелдер, (жақсы-жаман, мінез-құлық туралы)

11 қазан 2016 - Админ

Дәніккеннен құныққан жаман.

 

Балуанның жаманы,

Жығылған соң қалтырар,

Күзетшінің жаманы

Алдырған соң талтаяр.

 

Құс жаманы саңғығыш,

Адам жаманы қаңғығыш.

 

Жаманға ошақтың үш бұты,

Үш айлық жол.

 

Шөлдің қамысы болмайды.

Жаманның намысы болмайды.

 

Жапа шегіп, жай жату

Жасықтықтың белгісі,

Ерте жатып, кеш тұру

Пасықтықтың белгісі.

 

Күтімі жаман ағаштың

Бітімі жаман.

Жаман өзен өткел бермес,

Жаман кісі көпке ермес.

 

Бейілі жаман кісіден көшеді,

Өз асын өзі жасырып ішеді.

 

Үндемес ауызда пәле бар,

Екі ұртында шала бар.

 

Тақыр жерге су төксең,

Жүруге тайғақ болар;

Жаманға сырыңды айтсаң,

Тар жерде айғақ болар.

 

Атың жаман болса,

Қарың кетер.

Балаң жаман болса.

Арың кетер.

 

Жаманның ойыны жаман

Шошқаның мойыны жаман.

 

Қайта жауған қар жаман,

Қайта шапқан жау жаман.

 

Жаманның аттан құлағаны да жаман.

 

Жаман адам өзі бола алмайды,

Болғанды көре алмайды.

  

Арыстан асқынса — айға шабар,

Ақымақ асқынса — анасын сабар.

 

Жаман өкпелеймін деп

Сыбағасынан құр қалады.

 

 Жаманның үсті су болса,

 Кеппестей көрер;

 Жаман адамға мал бітсе,

 Кетпестей көрер.

 

Қас жаман

Қасындағысын қарақтайды.

 

Жаманның айтқаны келмейді,

Сандырақтағаны келеді.

 

Жаман қатын байына

Жалғыз атын сойғызар.

Жақсы қатын жолдасын

Жоқтан құрап тойғызар.

 

Өкпеден соққан жел жаман,

Елінен безген ер жаман.

Елге сыймас кер жаман,

Егінсіз болса жер жаман.

 

Жанбаса — отын жаман,

Жаға алмаса — қатын жаман.

Қараспаса — жақын жаман,

Жау алмаса — батыр жаман.

 

 Шығысы жаман қамысты

 Су ішінен өрт шалар.

 

 Бейілі жаман адамды

 Түйе үстінен ит қабар.

 

Жаманға сырыңды айтпа,

Сырыңды айтсаң да, шыныңды айтпа.

 

Тегі жаман тойда тонын сұрар.

 

Жаман жігіт той бұзады,

Жаман әйел үй бұзады.

 

Жаман ашса көрмес,

Айтса білмес.

 

 Жаманның ақылы

 Түс ауған соң кіреді.

 

Жаманға сырыңды айтсаң

Жарға жығады.

 

Айтқызған — жамандықтың белгісі,
Қамшылатқан — шабандықтың белгісі.

 

Адам мен адам арасы, аспан мен жердей.

Ақ сауыттың жағасы бар, жеңі жоқ,
Шын жақсының ашуы бар, кегі жоқ.

 

Ай — ортақ, күн — ортақ, жақсы — ортақ.

 

Адам туа жаман болмайды,
Жүре жаман болады.

Адамға қылсаң жақсылық,
Жақсылық білмес кей заңғар.


Жақсылыққа жамандық жасайтын,
Дүниеде бейиман көп жандар.

Айыратын жаман бар, қосатын жаран бар.

Екі жаман ауыл болмас,
Ауыл болса қауым болмас.

Арғымаққа оқ тисе, мәстектей туламас.
Сыпайыға оқ тисе, жамандардай жыламас.

 

Арғымақ аттың құйрығы — әрі жібек, әрі қыл,
Қас жақсының белгісі — әрі мырза, әрі құл.

 

Арық малды асырасаң аузы-мұрның май болар,
Жаман адамды асырасаң аузы-мұрның қан болар.

 

Екі жақсы қосылса, айрылысуға қиыспайды,
Екі жаман қосылса, кең дүниеге сиыспайды

 

.Жақсы арына құл, жаман малына құл.

 

Арықпенен семіздің бауыры бірдей,
Жақсыменен жаманның жаны бірдей.

 


Арық атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас,
Жаман адамға мал бітсе, қасына қоңсы қондырмас, қондырса да ондырмас.

 

Атасы жақсы, көргенін айтады,
Атасы жаман, бергенін айтады.

 

Әркім жолдас болады амандықта,
жаман тастап кетеді жамандықта.

 

Басыңа іс түскенде жақсы көмектесер,

жаман күліп кетер.

 

Биік тауды алыстан көріп, түбіне барма,
Жақсының атын естіп үйіне барма.

 

Биікке шықсаң көзің ашылады,
Жақсымен сөйлессең көңілің ашылады.

 

Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді,
Бір жақсы мың қолды ерітеді.

 

Бітісі жаман қамысты, су ішінен өрт шалар,
Туысы аман жігітті, түйе үстінен ит қабар.

 

Бір сынаған жаманды, екі қайтып сынама,


Өлшеп-пішпей шамаңды, құр жаныңды қинама.

 

Бітер істің басына, жақсы келсін қасына

 

.Бұқаның өзі қартайса да, өзі қартаймайды,
Жақсының өзі қартайса да, көңілі қартаймайды.

 

Жақсы болсаң жаның көп.

 

Жақсы адам жолдасынан белгілі.

 

Бұлттан шыққан күн ащы,
Жаман қатынның тілі ащы.

 

Ескіге жаңа өлшеуіш,
Жаманға жақсы өлшеуіш

 


Жақсы көпке құлық қылмайды, азға зорлық қылмайды.

 

Жақсы көрісіп келіседі,
Жаман келісіп керіседі.

 

Жақсы келді дегенше, жарық келді десеңші,
Жақсылықтың ұрығын алып келді десеңші.

 

Жақсы қыдырып жүрер,
Қыдыры артынан шұбырып жүрер

 

.Жақсы қырқында толады,
Жаман қырқында солады.

 

Жақсы қартайсад да, ақылынан танбас,
Жаман ат қартайса да, жүрісінен танбас.


Жақсы кісі текшіл,
Жаман кісі кекшіл.

 

Жақсы кісінің ашуы — шай орамал кепкенше.

 

Жақсы — суы тәтті көлмен тең,
Жаман — желі қатты шөлмен тең

 

.Жақсыға ерсең, жетерсің мұратқа,
Жаманға ерсең, қаларсың ұятқа.

 

Жақсының қадірін жақсы білер.

 

Жақсы болсаң — озарсың,
Жаман болсаң — азарсың.

 

Жақсы сынаумен жариды,
Жаман сынаумен қариды.

 

Жақсы мақтанса, есебін табар,
Жаман мақтанса, қатынын сабар

 

Жақсыға берсең асыңды,
жақсы сыйлар басыңды.
Жаманға берсең асыңды,
итке тастар басыңды.

 


Жақсыменен жарыққа кім қарамайды.

 

Жақсы өзін қосып сөйлейді,
Жаман босқа бөсіп сөйлейді.

 

Жақсыны жаман десең, аққудай мойнын созады,
Жаманды жаман десең, аяғынан тозады.

 

Жақсыны сыйласаң есінен кетпейді,
Жаманды сыйласаң есігіңнен кетпейді.

 

Жақсының жаны — жаннат.

 

Жақсының жаты болмайды,
Жаманның ұяты болмайды.

 

Жақсының жүрген жері — базар,
Жаманның жүрген жері — азар.

 

Жақсының қадірі өлгенде білінер,
Жақсы аттың қадірі мінгенде білінер.

 

Жақсының өзі өлгенмен, сөзі өлмейді

 

.Жақсылық ағаш басында, жамандық аяқ астында.

 

Жақсылыққа жақсылық-әр кісінің ісі-дүр,
Жамандыққа жақсылық-ер кісінің ісі-дүр.

 

 

Осыған ұқсас жазбалар:

ОқушыларғаМақал мәтелдер, (үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие туралы)

ОқушыларғаМақал мәтелдер, (Отан, туған жер туралы)

ОқушыларғаМақал мәтелдер, (Бірлік, ынтымақ туралы)

ОқушыларғаМақал мәтелдер, (тіл-сөз туралы)

ОқушыларғаМақал мәтелдер, (Оқу білім туралы)

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1910045

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар