Пәлсафалық ойлар

7 ақпан 2018 - Нургиза Кульджина

Тілекқалидың  пәлсафалық  ойлары:

  • ·         Ана қасиетін  ұрпақтың көңіл түйсігіне орныққан, көзге көрінбес ғажайыптылығын қашан болсын кеш ұғатындаймыз. Анам дүниеден өткен күні артымда арқа сүйер жартас құлағандай сезіндім (солай болды да). Ауылдасымыз Мүфти ұлы Сашка — «Аналық атынан айналайын, ауыл құрметтеген ардақтымызды зират басына көлікпен емес, соңғы сапарына зембілге салып иығымызбен көтеріп барамыз» — деген бастамасына 70-жігіт бір кісідей қосылғанын көргенде, бұрын соңды, соңғы сапарға аттандырарда мұндай қошеметті көрмеген өз басым көз жасқа ие бола алмай ағыл тегіл болдым. Зират басында Қапасов Шәкен: — «Ақсақалдар, табиғатынан қасиет дарыған адамдардың жатар орны да жайлы болады -деуші еді. Бұл кісінің қабірі көптен болмаған «ойма ақым» болып шықты — деп, бақилық болғанда қалай жататындығына дейін  ақымның ішіне өзі кіріп бой жазып тұрып көрсетіп  шыққанда — күллі Алаш азаматтарының алдында басымды идім.
  • ·         Менің  мақтанышым да, сырласым да, тілекшім де, арқа сүйерім де -  Сәкібасым (Сәкен ағасын айтады).  Мен өлсем  шын жылайтын екі адамды айта алам, олар — Сен (мені айтады) және  Сәкібас.
  • ·         Кеңес заманында құдай жоқ деп оқытты ғой. 24 жасымда коммунист атанып, нағыз атеист болған едім.  Сонда анам: сендердің оқуларың теріс оқу – деуші еді. Ол кезде солай айтқан адамдарды «қараңғы адамдар» деп сөгетінбіз. Қазір  сол кісілердің айтқандарының дұрыстығына көзім жетіп, теріс оқумен уланған миды  тазартумен келемін. Құран сөздерін,  дұғаларды оқысаң өзіңнің әбден күнәға батқаныңды  біледі екенсің.
  • ·         Біреудің жетегінде кетпе. Кез келген жерде басшылық рөлді өз қолыңда ұста. Тіпті базарға барып сауда жасағанда да, саудагерлерді  өз айтқаныңа көндіре біл.
  • ·         Жаман болу оңай, темекі  тартатындардың  ортасына барсаң саған темекі ұсынады, бір сора саласың. Арақ ішетіндердің арасына барсаң, ауыз тие саласың. Сонымен болды. Жаман нәрсе  өзіне  тарта  береді. Өйткені ол үшін ешқандай қиналмайсың. Жеңіл.
  • ·         Көшеде адамдарды сыртынан қарасаң бәрі жақсы сияқты. Сонда жамандық қайдан шығып жатыр деген сұрақ келеді. Адамдармен қарым-қатынаста өте сақ болу керек. Танымайтын адамдармен сөйлеспеген жөн.
  • ·         Бір данышпан  патшаға айтқан екен: халық күн сияқты, жақын барсаң күйдіреді – деп. Сол айтқандай туыстармен де тым жақындамай, тым алыстап кетпей ара қатынасты бір қалыпты ұстап отыру керек.
  • ·         Бала — 9 ай анасының құрсағында жатса, 3 жылдай анасының омырау  сүтімен қоректенсе, анасының бауырында ұйықтаса — анасына жақын болмай қайтсін, оның үстіне есі кіргеннен бастап әкесінің жақсы жақтары көлеңкеде қалып, жаман жақтары миларына еніп, қандарына сіңіп кетсе, әкелерін жек көрмей қайтсін. Қалай болғанда да бала әкеге суық қарайды. Бұл менің өмірлік тәжірибемнен.  Мұхаммед пайғамбардың хадисінде «Әкенің махаббатын сақтаңыз.  Егер әкеге деген сүйіспеншілігіңізді  жоғалтсаңыз қара ниет болғаныңыз. Әртүрлі игіліктерден құр қаласыз. Әкеге бағыну – Аллаға бағыну. Әкеге қарсы шығу – Аллаға қарсы шығумен бірдей»- делініпті. Осыны әр бала дер кезінде ұғынса ғой.

 

  • ·         Үш деген  санның қаншалықты киелі, қасиетті екенін білмеймін,  бірақ қазақта үш жұрт, үш жүз, үш би, үштік ( қайтыс болған адам үшін  беріледі), үш жастан сүндетке отырғызу, ер кезегі үшке дейін дегендер бар екені мәлім. Осыған  байланысты үш әріптен тұратын сөздерде де бір ерекше мән бар сияқты. Мысалы:  әке, ана, ата, апа, әже, аға, қыз,  шал, дос, күн, түн, жер, көк, ауа, шөп, мал, төл, қой, лақ, тай, нар, бие, дін, діл, тіл, сөз, рух, жан, қан, тән, кие, хан, тақ, бек, мол, рыс, бақ, бай, тоқ, той, сән, пәк, төр, көр, дем, бас, көз, қас, шаш, бет, бел,  аяқ, қол, тіс, жақ, иек,  нан, дән, дәм, шәй, май, тұз, бал, сүт, жал, жая, күз, қыс, жаз, жыл, қар, мұз, түс, аян, аят, уық, шың, оқы, біл, сүй, күй, саз, тау, тас, сел, жел, жұт, құт, жау, дау, кең, тар, кен, жең, жол...

   Осы үш әріптен тұратын мен теріп жазған 95 сөздің әрқайсысы адам өміріне  маңыздылығы бар, бір терең ой қалдырады деп ойлаймын. Мұнымен мен Үш санының да  бекер еместігін айтқым келіп отыр.

Салимбаев Тілекқали

 

 

Осыған ұқсас жазбалар:

2 сыныпЖылу Ф.Оңғарсынова

ТарихМен ешбір үйренбеспін қалаға

ҰстаздарғаМен – “Президенттің ұлымын”

ТарихМен және менің оқушыларым қалай өзгерді? (Эссе)

Бейнелеу өнеріСәндік натюрморт

- 943435

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Здесь нет никого ;-)

Блогтағы жазбалар