Қазақстан театр суретшілерінің шығармашылық мұрасын зерделеу мәселелері

Өнерде ұзақ жасағандықтан аксиомаға айналған ақиқаттар болады. Әр уақыт оларға қайта орала отырып, өзіндік көзқарасын білдіреді, жаңа ұстанымдарын бекітіп, өзінің эстетикалық және көркем-идеялық белгілерін анықтайды. Осы жағынан алып қарасақ, Қазақстанның театрдағы декорация өнері саласындағы мол мұраларды жіті зерттеп-зерделу, оны көздің қарашығындай сақтау мәселелері өзекті болмақ. Мұрагерлік дегеніміз – «ешқашан түпнұсқалық артефактілердің жиынтығы ретінде қайталанбайтын», «әлеумет мәдениетін тәжірибе сабақтастығы арқылы бір ұрпақтан келесісіне өздігінен жеткізіп отыру үрдісі» [1,68]. Бұл қашанда дәстүрлі және қайта жасалып отыратын мәдени нысандардың өзгеріп тұруы.

Актерлік ойын сахналық өнердің орталық компоненті екені сөзсіз, бірақ эстетикалық әсер толыққанды болу үшін спектакльдің қойылымдық және репрезентативті бейнелілігінің маңызы зор. Сценография ролін қабылдау көптен бері, оның әдеттегі, театрлық әрекет фоны ретінде ғана қарастыру шеңберінен асып кеткелі қашан.

Спектакльдің көркемдік-бейнелік шешімі қойылымның жалпы құрылымының ажырамас бөлігі болып табылатындығын түсіну (кей кездері, өкінішке орай, қалыпты пішінде жүзеге асырылмаса да), ешқандай күмән туғызбайды. Шынында да, өзінің арнайы әдіс-тәсілдері мен құралдары арқылы сценография нақтылы бір пьесадағы драматургиялық тартыстар мен кейіпкер тағдырының қалтарыстарын, іс-әрекет себептерін ашуға ғана емес, сондай-ақ, адам болмысының түпкілікті мәселелерімен қатар, адамның көңілін күнделікті күйбің тіршіліктен бөле отырып, оны жаңа мағынамен, құндылықтармен байыта түсуге де «көмектеседі». Құрылымдық жағынан қарастырсақ кез келген спектакль қашанда экзистенциалды маңызды өлшемдегі адам өмірінің көрінісі. Театрлық қойылымды мазмұнмен толықтырып және ұйымдастырғанның барлығы – махаббат пен жек көрушілік, тартылыс пен тебу, татулық пен тартыс майданында арпалысқан уақиғалар. Бұлар адамның дүниедегі тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысы бар елеулі мәселелер. Заманымыздағы ғылыми көзқарастар әдеттегі рационализмге бейімділігінен алшақтаған сайын, адамның әлемде тіршілік етуінің басқа, рационалды емес тәсілдерін түсінуге назар аударылып, бұл тақырып одан әрі айқындала түсуде. Замандас адам – көбінесе көрермен іспетті, себебі ол өз өмірін жаппай визуалдық атмосферада өткізіп жатыр. Ол қарқындылығы қиялдың ерекше жаттығуы болып табылатын, көркем мәдениеттің формалары мен әдістері туралы жаңа көзқарастар қарым-қатынасын қалыптастыратын, визуалдық мәдениет тудырған әсерлермен тәрбиеленген. Театр жаңа уақыттың бұл талаптарын ескерусіз қалдыра алмайды.

Қазіргі таңдағы театрлы-декорациялық өнер бұл тек жоғары білімді, күрделі қоғамдық үрдістер мен өнердің нәзік түйіткілдерін жете түсінетін және өркениеттің техникалық дамуындағы өзгерістер мен көркем өнердегі соңғы жаңалықтарға үн қосып, бүгінгі әлем қандай күй кешуде және ол қай бағытта өсіп-өркендеп жатқандығынан хабары бар адам ғана жүзеге асыра алатын интеллектуальды шығармашылық. Театр өнерінің туындысын, яғни спектакльді жасау барысы сан қырлы, оны сахнаға шығарудың құралдары әр түрлі айқындылық жазықтықтарында жатыр. Спектакльдің көркемдік тұтастығына қол жеткізу үшін оның бейнелік жағының, визуалдық-көріністік аспектісінің атқарар қызметі зор. Сценографияның көркемдік құралдарымен драматургиялық туындыны интерпретациялау міндеттері тәжірибесінде қазіргі қазақ театрының алар орны маңызды. Дегенмен қазақ сценографиясының арнайы мәселелеріне бойлау бұл өнер түрінің мәнін күллі отандық мәдениеті контекстінде объективті түрде түйінделуін талап етеді.

Қазақстан сценографиясы ұзақ, әрі күрделі жолдардан өтті. Өнер құбылысы ретінде, болмысты айшықтаудың функцияналды міндеттерін шешу мен драматургиялық материалды көркем бейнелер арқылы жаңаша тұжырымдау үшін өткен ғасырдағы қазақ театрының сахналық-безендіру өнерінің тәжірибесі асқан маңыздылыққа ие. Қазақ театры суретшілерінің шығармашылық мұрасы ұлттық тарихымыздың жарқын беті, оқшау тұрған құбылысы. Бүгінгі күннің өзінде Қазақстанның театрлы-декорациялық мұрасын тұтас әрі маңызды феномен ретінде қарастыруға болады. Алайда, біздің ғылымымызда әлі де болса салмақты қорытындылар жасалған еңбек дүниеге (жекелеген шеберлер туралы жазылған бірнеше очерктерден басқа) келген жоқ, біздің қолымызда, тіпті, бұл өнердің қазақ топырағында өсіп-өнгендігі жөнінде жалпылама шолуы да болмай отыр. Барлығымызға мәлім, өзіміздің болашақ жолымызды дұрыс анықтау үшін бұрынғы сүрлеулерімізді жақсы білуіміз қажет; өткенімізді объективті түрде бағалау, кеткен кемшіліктерді есте ұстап, жеткен жетістіктерді ескеру, келешекте пайдалы болатын қорытындылар жасау керек-ақ. Өкінішке орай, Қазақстанның театрлы-декорациялық өнерінің мұндай тарихы әлі жазылған жоқ.

Қазақстандық театр суретшілері көбінесе сахна сыншыларының мұқият зерделеніп, жан-жақты талқылана бермейтін, негізінен жалпылама айтылатын пікірлерін тыңдаумен шектеліп келеді. Алайда, олардың шығармашылығына арналған азды-көпті мақалаларда сипаттаушылық басым болады немесе рецензияда бір ғана спектакльдің безендірілуіне тоқталады. Біз жекелеген спектакльдерді қарастырғанын байқағанымызбен, әр кезеңдердегі сценография өнерінің күллі даму жолы қалай болғандығынан бейхабармыз. Қазақстандық сценографтардың шығармашылығы мен тәжірибесінің өзіндік көркемдік құндылыққа ие екендігін қайтара айтудың қажеттілігі жоқ.

Уақыт толассыз ағады. Бүгінгі күннің өзінде ХХ ғасырдың қазақ театрындағы көптеген спектакльдерінің көркемдік шешімін уақ-түйегіне дейін қалпына келтіру қиынның қиыны. Әр жылдары республикамызда жемісті еңбек еткен театр суретшілерінің негізгі тобының шығармашылық жолы, өкінішке орай, әзірше зерттеушілер назарынан тыс қалып отыр. Қазір бізді толғантқан көптеген түйіткілдердің бұрындары қарастырылмағаны және қажетті мөлшерде көтерілмеуінің себебі, сол кездері бұл мәселелер дәл осы мәнде түсіндірілмегендігінен екенін жақсы ұғамыз. Кеңестік заманда пайда болған көзқарастар қарқынын осыған дейінгі онжылдықтарда да бұзып кете алмады. Соның салдарынан Қазақстанның театрдағы декорация өнері саласында іргелі зерттеулер пайда болмады. Қазақ материалдары негізіндегі мәселелерді зерттеудің шеңберін кеңейту, бұл сан алуан тарихи кезеңдердегі театрлық безендіру өнерінде кездескен басты стиль жасаушылық процестерін, даму барысындағы жалпы тенденцияларды тану, сабақтастықты анықтау туралы ойлар мен көзқарастарды ұлғайтып, ұлт мәдениетіндегі басқа да елеулі көркем құбылыстарды қорытындылауға мүмкіндік береді. Қазақ театрының дамуы – ізденістер мен тоқыраулардан, сәтті де сәтсіз эксперименттерден, іркілістер мен жетістіктерден тұратын күрделі жолдардан өтіп, орасан зор шығармашылық тәжірибе жинақтаған театр суретшілерінің табыстарымен тығыз байланысты. Заманауи қазақстандық сценография шығармашылық ізденістер, пішіндер мен стильдер аумағының ауқымдылығымен ерекшеленеді. Дегенмен, отандық өнер ұжымдарындағы шығармашыл да белсенді суретшілер еңбектері әлі де болса республика өнертанушылары назарынан тас қалуда.

Спектакльдің бейнелік шешімі режиссура, драматургия, музыка және актерлік өнер, тағы басқалармен матасып, байланысып жатады. Олар бірінсіз бірі жұмыс жасамайды. Бұл шындық. Бірақ спектакльдің сценографиялық трактовкасы, театрлық мәтін ретіндегі күллі сахналық әрекетті талдаумен бірге, қойылымды тұтастай қарастыруды талап етеді, ал ол үшін суретшінің немен шұғылданатынын анықтап алмай болмайды. Оның спектакльдегі орны – белгілі. Сондықтан, спектакльдің көркемдік бейнесінің дүниеге келуіндегі барлық: алғашқы эскиздерден бастап, олардың сахналық кеңістікте жүзеге асырылуына дейінгі процесті терең талдау қажет. Айта кететін жайт, Қазақстандағы жетекші театрлар өздерінің тарихына арналған кітаптар шығарғанымен, оларда театрлы-декорациялық өнер мәселелері қамтылмаған. Көбінесе суретшілердің есімдері ғана аталады. Бұл басылымдарда қойылымның сценографиялық келбеті мен театрдың осы сияқты ізденістеріне ешқандай талқылау жасалмаған. Ал мұндай зерттеулер шын мәнінде аса қажет. Теориялық және практикалық маңыздылығымен қатар, олар өздігінен құнды болып табылады. Сонымен, бұл саладағы көркем үрдісті талдап-сараптаудың өзектілігі де сонда, ол ұлттық мәдениет пен өнердің жалпы мәселелерімен тікелей байланысты.

Қазіргі таңдағы сценография өзіміздің өткен өркениетімізбен үздіксіз салыстыра қарастырумен ғана шектелмей, сондай-ақ, басқа да сан түрлі идеяларды сіңіруге даяр болғаны жөн. Дегенмен, кездескен мәселелерді шешу, яғни сценографияның генезисін, эволюциясын және бүгінгі күндегі хал-ахуалының мейілінше толықтай картинасын алу, қазақстандық сценографияны байытып қана қоймай, оның жергілікті шеңберден шығуына да ықпал етеді.

Қорыта келе, белгілі чех театр суретшісі Ладислав Выходилдың: «дәстүр мен сабақтастықты терең меңгеру жекелеген сценографтардың дара тұлғасының қалыптасуына ғана емес, сонымен қатар, жалпы сценография өнерінің сәтті дамуындағы алғышарттардың бірі болып табылады» [2,81] деген пікірімен аяқтаймыз.

Использованная литература:

1. Наурзбаева А. Культурное наследие, наследование, культурные ценности // материалы Международной научно-практической конференции: Искусство против кризиса. Алматы, 2009. — С.58-62

2. Лайха Л. Придавать смысл пространству()замысловящем десятилетиифии графиилемы — получения //журнал «Сцена» № 3, 2004

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 2844588

Пікірлер (6)
Майра Наймантаева # 12 ақпан 2015 в 20:03 +1
Шынымен өзекті мәселені қозғаған екен
Сәнгүл Қаражаубаева # 13 ақпан 2015 в 16:01 +1
Рахмет!
Қарлығаш Искараева # 13 ақпан 2015 в 15:04 0
Көптеген спектакльдерді көргенде сахнаны кімдер безендендіреді екен деп ойлаушы едім. Бұндай мамандықты зерделеп жасалған еңбектерді тарихы мұра ретінде сақтап алу қажетті шара деп ойлаймын.
Сәнгүл Қаражаубаева # 13 ақпан 2015 в 16:00 +1
Құрметті Қарлығаш, Размет
Асем Адамина # 13 ақпан 2015 в 15:36 0
ең үздік спектакль сценографиялық жұмыстары сақталатын музей ашсада артық болмайтын шығар... сонда біз театр суретшілерінің еңбектерін жылдар өтіп кетседе тамашалай алатын боламыз...
Сәнгүл Қаражаубаева # 13 ақпан 2015 в 15:57 +1
Құрметты Асем, айтқан пікіріңізге, идеяңызға рахмет!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru