Әлихантанушы ұстаз

Әлихантанушы ұстаз

ӘЛИХАНТАНУШЫ ҰСТАЗ

Ұстаздық ғұмыр, қайнаған өмір, дуылдап жүрген шәкірттер, абыр-сабыр мұғалімдер, одан қалды отбасың-балаларыңды еркелету, ойнату, сабақ үлгерімін қарау, көмектесу, баспа беттерін шолу, ертеңгі жұмысты жоспарлау, мұғалімдермен кеңес өткізу, ата-аналармен кездесу, қоғамдық, өндірістік кәсіпорындармен байланыс жасау, жоғарғы жақтың тапсырмаларын орындау – санай берсең таусылмайтын тауқымет. Осының бәрі ұстаз-мұғалімнің, ұстаз-басшының жұмысы. Күнде осылай. Мұғалімдік жұмыста тыным бар ма? Бірақ осындай жұмысқа қалыптасқан адамды зорлап зейнеткерлікке шығарып жіберсеңде осы дағдысынан айырылғысы келмейтіндер бар. Жүйкеге салмақ түсуі де әбден мүмкін. Соған қарамастан алға жылжи береді. Табиғи берген қасиет-еңбекқорлық қой деймін. Осындай адамдардың болғаны қандай ғанибет! Сондай адамдардың бірі – Тілеуғалы Әміртайұлы.

Тілеуғалы Әміртайұлының аты Майқұдықтағы жаңадан салынған №76 қазақ орта мектебінің ашылуы мен сол мектепке 1992 жылы Әлихан Бөкейхановтың атын беруге байланысты белгілі бола бастаған еді. Мәселе мынада болған. Әлихан Бөкейхан ірі тұлға. Кеңес империясының жай ғана емес, ірі жауы!  1917 жылы Алаш үкіметін құрған Алаш партиясының көсемі, қарағайдың қарсы біткен бұтағындай болған, Еуропа, Жапонияға дейін белгілі болған мемлекет қайраткері! 8 қыркүйек 1955 жылы ақталған екен. Бірақ КГБ бұны 34 жыл жасырып келіпті. КСРО Жоғарғы соты 14 мамыр 1989 жылы қайта қарап, толық ақтап шыққан. Араға көп уақыт созбай 1992 жылы №76 мектепке Әлихан Бөкейханның атын беруге байланысты ел арасында талқылау басталады, комиссия құрылады, еңбектері зерттелінеді, Тәуелсіздігіміздің негізін қалаушы Әлихан Бөкейхан екендігі дәлелденеді. Қалай дәлелденді? Әрі тарт, бері тарт боп тұрған қыңыр заманда Әлиханның кім екенін орыс түгілі қазақтың өзі түсіне қоймайтын. Білетіндер азайып қалған, немесе сақтық керек, ашыла қоймайтын. Қазақ зиялыларының санасында сілкініс жаңа туа бастаған кез. Әлекең туған Ақтоғайда Тілекең де туған. Жастайынан Әлекең туралы ауылдағы үлкендерден естігендерінің өзі көп ойларға жетелейтін. Аумалы-төкпелі заманда Кеңес үкіметімен тайталаса Алаш үкіметін құрып алған аты аңызға айналған қандай тұлға? Таң қаларлық. Ойлайтыны Әлекең туралы. Мазасыз сұрақтар көп. Ізденіп жүріп Смаханның естеліктерін, Сұлтан Хан Аққұлұлының еңбектерімен танысады. Ауыл қарияларынан естігендерін жинап, зердесіне тоқи береді. 60-шы жылдары Әлекең туралы кейбір ой – түрткілерді, тарихи әңгімелерді Ақтоғайдағы Сейілбек, Аятай, т.б.ағаларынан,  Алматыдағы Өмірбек деген ақсақалдардың әңгімелерінен есіне түсіріп, жүйеге келтіреді.

Міне осының бәрі кәдеге асатын кез жетті. Жоғарыда аталған ынталы топтың белді мүшесі әрі мектептің директоры ретінде қыруар құжаттар жинап, комиссияны керекті ақпараттармен қамтамасыз етуде аянбай тер төкті. Әлиханның кім екенін түсіндіре алмасаң, жеңілгенің. Әлихан Бөкейхан туралы Тілекең «Орталық Қазақстанға» көлемді мақала жариялады. Әттең, тарихшы болмаған. Әйтпесе, тарихпен айналысатын ғылыми-зерттеу мекемелерінде отырып, әлдеқашан ғылым докторы болатын жағдайы болған екен. Дегенмен, Әлекең жаралған топырақтан туғаны рас болса, тек жата алмас, Әлихан туралы, әсіресе білімге байланысты еңбектерін әлеуметтік айналысқа енгізуді мақсат етіп, ізденуді жалғастыра берді. Тілекең Әлихан туралы ой толғамын былай білдіреді: Тіршілігінде Отаны үшін от кешкен, жақсылығы жаһанға жария, есімі мәңгілік бірегей бейнелер бар. Менің ойыма түрткі салып, тіліме тиек болып отырған әңгіме түйіні — ХIХ бен ХХ-шы екі ғасырларда көзі ашық, көңілі ояу зиялылардың құрметіне, халқының қадіріне ие болған, қазіргі ХХI ғасырымыздағы  ой-талғамы өскен тұлғалардың сана-сезімінен ойып орын алған абзал азамат, қарымды қайраткер, ғасырлар ғұламасы Әлихан Нұрмахмедұлы Бөкейхан дана. Мен тарихшы да, жазушы да емеспін. Саясаткер де, сыншы да емеспін.  Қарапайым қызметкер, көп оқырманның бірімін. Оқығандарымнан ерекше бір назар аудара байқағаным, ХХ ғасырдың 90 жылдарынан бастап осы күнге дейін баспа беттерінен жиірек жарық көрген мақалалар Әлихан Бөкейхан туралы десем артық айтқан болмаспын. Әлекең туралы 100ден астам мақалаларды оқыдым (Басқа аймақ басылымдарынан оқымағандарым бұдан да көп болуы мүмкін). Солардың біразының атауын толық берейін: «Әлиханның ақылы» (Қ.Алтынбеков, «Арқа еңбеккері», 1992ж.), «Әлихан Бөкейхан» (С.Аққұлыұлы, «Қазақ энциклопедиясы»,  1995ж.),  «Әлекеңнің өмірі» (Смахан Бөкейхан, «Жұлдыз» журналы, №3-1996ж., №3-2003ж.), «Алаштың бас көсемі» және «Личность планетарного масштаба» (Р.Кәренов, Азия транзит», №1, №6-2000ж.), «Ақылы дария данышпан» (Е.Абдрахманов, «Орталық Қазақстан», 2003ж.), Бұл қай қазақ?» («Жас Алаш», №146, №147-2005ж.), «Алаш үшін жүрегін алау еткен» (М.Халиолла, «Орталық Қазақстан», 2005ж.), «Алаштың Әлиханы» (Қ.Сәрсекеев, «Орталық Қазақстан», 2006ж.), «Қазақтың болған панасы» (О.Абдрахманов, «Орталық Қазақстан», 2006ж), «Ғажайып Тұлға» (К.Абдрахманова, «Орталық Қазақстан»,2006ж), «Таласып-тартыспаған кісіге де, халыққа да бәйге жоқ», (М.Қойгелдиев, «Жас Алаш», 2006ж.), «Ұлыларды ұлықтай білейік» (М.Қаляқпаров, «Орталық Қазақстан», 2011ж.), т.б.

Бәрінің де мазмұны Әлекеңнің ғұмыры, ел егемендігі жолындағы іс-әрекеттері, шығармашылық еңбектері, адамгершілік қасиеттері, әріптес-достарымен қарым-қатынастары, өскен ортасы мен туған-туыстары туралы тарихи да тың деректер. Орынды ой-пікірлер мен ұсыныстар.

Азаттықты аңсаған ұлт көсемінің еліне, болашақ ұрпағына жасаған еңбектері бір батыр емес, сан батырдың іс-қимылына, біреу емес, сан ғұламаның даналығына тұрарлық екендігі дәлелді көрсетілуде. «Алашым» деп айбаттана, «Қазағым» деп қайраттана істеген тірілігі, оқыған да тоқыған ірілігі танытылуда. Бірақ, арысымыздың оқ боп атылған намысының, жалын боп лаулаған рухының қазіргі жұрттың бойында  жоққа тәндігі – қаламы құрыш қаламгерлердің де, ойлы оқырмандардың да, Әлекеңді түсініетін де ардақтайтын жалпы көпшіліктің де көңіліне көлеңке түсіріп, қажыр-қайратын құм қылардай жағдайға душар етуде.

Бір кездегі ата-бабалардың, одан келе «Алаш» партиясының мүшелерінің азаттық жолындағы аңсауын алға тарта ұмтылған жастарымыздың 1986 жылғы жойқын қимыл-қозғалысы бастау болып, еркіндік пен егемендігіміз 1991 жылы тойланып, талай мерейлі де қаурыт істер күрт қолға алына бастады. Сол заматтарда қуантарлық  та көңілге кір келтірерлік түсінбестіктер де кездескені белгілі.  Сондай өзім куә болған бірер жайтқа тоқтала кетейін. Аймағымызға айқай-шу тудыра, көп қиыншылықты жеңе Қарағандының Октябрь ауданынан алғаш рет №76 қазақ тіліндегі орта мектеп ашылды. Еркіндіктің жеңісімен қол жеткен мектепке, азаттықтың туын алаулата көтерушілердің бірі, бірі емес-ай көшбасшы көсемі Әлихан Бөкейхан есімін мектепке беру туралы шешім шығарып, жүгіріп бақтық. Бастамамызды басуға, қимылымызға кедергі болып, берілген құжаттардың әрбір жолын жақтырмай, «мынау жерде неге сұрақ», «мына тұста неге леп белгісі» деп, тіпті нүктесі мен үтірлерін дейін ұнатпай, «саяси сауатсыз жазылған» деп қағаздарымызды кері қайтарып, ақырында «соншалықты асқақтатын Әлиханың кім?!» деп ойларын ашық білдіргендер де болды. Менің таңғалуым, сол уақыттарда да, әлі де болса «Алаш» деген сөзден шошып, Әлихандай алыпқа мұрнын шүйіретін кейбіреулердің ел басқаратын, білім мекемелерінің біліктілігін бақылайтын орындарында отырғандығы (дәл сол сәтке дейін ондай орындарда тек көп оқыған, тәлімді де тәжірибелілер отыруы тиіс деп ойлайтынмын). Одан кейін де «Октябрь ауданын, сол аудандағы Магнитогорская көшесін Әлихан Бөкейханның есімімен атап және Октябрь ауданындағы Мәдениет сарайының алдына ескерткішін қою жөнінде» қалалық, облыстық мәслихаттар мен әкімшіліктерге мектептер ұжымы мен аудан халқынан мыңнан астам қолы қойылған құжаттарды және Әлихан туралы деректердің көшірмесін  өз қолыммен апарып тапсырып, өзімше түсініктер берген болатынмын. Ол сұраныстарымызға да «Совет ауданына Қазыбек би атын әрең бекітті. Октябрь ауданының атын бекіту келесі сессияға қалдырылды» деген бір депутатымыздың ауызша жауабын естіп, «көпке шыдаған қазақ» артын күтіп біраз жүрдік. Содан соңғы тағы бір жазғанымызға «...Қарағанды облысының Қарағанды қаласындағы...№76 және Ақтоғай ауданындағы №1 мектептерінің, ОҚО-ың бір мектептің  Әлихан есімімен аталуына байланысты, «бір есім үштен аспайтын… жағдайда беріледі» деген ономастикалық жұмыс тұжырымдамасының бабын көлденең тартқан жауап алдық. Осы ренішімізді білдіре қолында қаламы мен билігі бар тағы бір азаматқа барғанымда «облыстық масштабта ғылыми-практикалық конференция өткізіп, халыққа жариялау керек» деген кеңесін берді. «ХХ ғасырдағы  саяси қуғын-cүргін» (С.Қонтаев, Т.Әміртайұлы, Қарағанды облыстық ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинағы, 2007ж.) деп, екі тілде конференция өткізіп,  оқырмандарымызға тараттық. Бірақ «Баяғы бір жартас...», ешбір қозғалыс жоқ. Қаншама мазасыз күндер артта қалды. Әлиханның атын мектепке алып беру резеңке сияқты созыла берді. Алайда Тілекеңдер де жалықпай жоғарыдағылардың есігін тоздырып бітті. Ақыры не керек мектепке Әлихан Бөкейхан аты берілді. Ерлікке пара-пар жеңіс!  

Енді Әлиханды ұлықтау осы мектептен бастау алуы керек. Ұйымдастырушылық, іскерлік, дизайнерлік қабілеті бар Тілекең үшін бұл онша қиын емес. Тек қолдаушылар болса болды. Мектеп ұжымындағы мүдделес, пікірлес әріптестерімен бірлесе отырып, «Әлихантану» пәні жоспарға енгізілді. Одан кейінгі жылдары «Әлихан өлкетану» мұражайын ашты.  Ол 1995 жылы облыстық байқауда III орын алды. «Әлихантану» бағдарламасын жазып, балаларды Әлиханның өмірі мен еңбектерімен таныстыру жұмыстары барлық сыныптарда ұйымдастырылды. Сонымен қатар баспа беттерінде отыздан аса мақалалары, оның ішінде Әлиханды оқып-үйрену туралы әдістемелік жұмыстары жарияланады. «Әлихан рухымен сырласу» поэмасын жарыққа шығарды.  Тілекең өзінің басшылығымен облыс Білім басқармасының қолдауымен №76 Әлихан Бөкейхан атындағы мектепте бірнеше мәрте облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізеді. Қазақстанның көптеген қалаларында және Астана, Алматыда ұйымдастырылған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады.

Еңбекқор Тілекең 400 ден аса әртүрлі жанрда еңбек жазған. Оның ішінде үш танымдық,  4 әдеби кітаптар шығарған. «Құдіретті тұлғалар» дейтін кітабы танымдылығы мол, тарихи негізгі сүйеніп жазылған құнды, тартымды кітап. Тілекең негізінде не нәрсе болса да, соның бастауында жүретін тұлға. Әскерде дизайнер, ауылда алғашқы механизатор, Қарағандыда №3 мектепте қазақ сыныптарын ашушы, мектепте Шаталов әдістерін, компьютер негіздерін үйретуші, облыстық педагогикалық мұражайды ұйымдастырушы боп басында жүрді. Ақындығы-жазушылығы және бар. Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі. Тілекең өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйген адам. Осы қасиеті оны небір қиын әрекеттерге жетелеп жүрді, іске батыл кірісуге септігін тигізіп жұрді. Нәтижесінде ойлаған ойына жетіп жүрді. №76 Әлихан Бөкейхан атындағы мектепте Тілеуғалы Әміртайұлы атындағы бір кабинет ашылса деген «Орталық Қазақстанда» ұсыныс болған сияқты еді. Аяқсыз қалды-ау деймін. Тілекең сияқты ұстаздар үлгі алатын мектеп. Біздің өңіріміздегі ұстаздардың ішіндегі алғашқы, алғашқылардың бірегейі жалғыз Алаштанушы–осы Тілекең.

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН

ҚР Білім беру саласының Құрметті қызметкері

Қарағанды қаласы.

Осыған ұқсас жазбалар:

ТарихАлашқа - 100 жыл

ТарихАлашорда және Түркістан автономиялары

- 5706532

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!