Тізбектелген сабақтар топтамасын жоспарлау жөніндегі бір рефлексивтік есеп

5 ақпан 2014 - ӘСЕЛ

Оқушылардың білім алғандығының дәлелдемелері қамтылған тізбектелген сабақтар топтамасын жоспарлау жөніндегі бір рефлексивтік есеп

Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, алаштың біртуар қоғам қайраткері Жүсіпбек Аймауытов қандай жағдайда да баланы сабаққа қызықтыруға болады, оның ынтасын қалай ояту керек, ол үшін мұғалім қандай болу керек  деген мәселеге келгенде, төмендегідей ой – тұжырым жасайды: «Баланы оқыту ісінде ынта деген нәрсенің білімді қылуға, жетілуге мағынасы зор. Баланың ынтасы тартпаған мектеп абақтыға айналады» дей отырып, өзі оған былайша жауап береді.

«Бала қандай нәрсеге ынталы болмақ. Бұрын таныс емес, тың нәрсеге ынтасы болмайды, бұрын білетін ескі нәрсеге де ынтасы болмайды. Ынтаны қоздыратын жаңа мен ескісі аралас нәрсе. Баланың ынтасын тарту үшін оқылатын нәрселерде бір жаңалық  болу керек. Ол жаңалық бұрынғы ойда бар нәрсені не толықтырғандай, не дәлелмен бекіткендей, не бұрынғыны  бекерге шығарғандай, болмаса күшейткендей бір өзгеріс кіргізетін болу керек. Бір күндегі көз үйренген таныс нәрсеге көңіл қойып қараймыз, егер ол нәрсеге азырақ өзгеріс пайда болса, әуес қып, қызығып қарай бастаймыз.

Бір нәрсенің өзімен таныстырмай тұрып, әуелі оның мүшелерімен (неден құралғандығы) таныстырып, жаттықтыру керек. Олай етілмесе, соңғы берілетін мағлұматтар орнықсыз, үстірт болып, бала ілгері қарай барғанда соқыр кісіше қармалып, әр нәрсенің басын шалып кетеді: ол мағлұматты білуге зауқы соқпайды, мұғалімге сенімі де жойылады. Сондықтан да жаңа нәрсемен баланы таныстырады, әуелі бұрынғы білетін нәрсенің мүшелеріне сүйеніп, оның арасындағы байланысын көрсетіп, содан кейін барып білім шығару керек.Оқыту нақ, айқын әрі тетелес болу керек. Оқу нәрселерінің бәрін бірдей көрнекі етіп ұқтыру да мүмкін емес, мысалы, алыстағы жерлерді, әлдеқашанғы тарихи оқиғаларды көзге көрсетуге болмайды. Ондай жерлерде бала бұрын көрген, естіген мағлұматтары арқылы қиналмай өзі-ақ туғызып аларлық етіп ұқтыру керек болады.

Сондай-ақ, ғалымның «Оқу нәрселерінің бәрін бірдей көрнекі етіп ұқтыру мүмкін емес, мысалы, алыстағы жерлерді, әлдеқашанғы тарихи оқиғаларды көзге көрсетуге болмайды» деген тұжырым да бүгінгі білім беру жүйесінде ақпараттық технологиялар арқылы оқытуда мол мүмкіндік беріп отыр.

Кез келген нәрсені түсіну немесе түсіндіру үшін мұғалімнің өзі оның негізін біле білуі керек. Мұғалім балаға жаңа білім бермес бұрын, ең алдымен баланың ынтасын аударар  нәрсені жақсы білуі тиіс.

45 минут сабақтың сәтті өту құпиясы мұғалімнің өз назарын нәтижелерге шоғырландыруына байланысты.

 Сабақ  — бір пәнді оқытуға арналған оқу жұмысын ұйымдастырудың негізгі түрі. Әр сабақты тиімді етіп құру бұл мұғалімнің шеберлігіне байланысты.

 Мен де сәтті сабақтың алты сипатын басшылыққа ала отырып, мектептегі тәжірибе кезеңіндегі тізбектелген төрт сабағымды оқушылардың  сабаққа деген қызығушылығын арттырып, шығармашылыққа баулу үшін, ойын еркін жеткізетін, пікір алмаса алатын оқушы  шығару үшін жұмыстандым. Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыру үшін, достық қарым-қатынастары артуы үшін сабақты бірінші ынтымақтастық атмосферасын құрудан бастадым. Нәтижесінде оқушылар тың ойымен жаңа сабаққа кіріседі.

Мектептегі тәжірибе кезеңінде өткен алғашқы сабағым А.Байтұрсынұлының «Ақын ініме » өлеңі болды. Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер модулінің қалай оқу керектігін үйрену әдісін басшылыққа ала отырып, оқушылардың бірлесіп, ынтымақтастықта жұмыс жасауы үшін оқушыларды А В С деген топтарға бөлдім. Оқытуды басқару және көшбасшылық модулін басшылыққа ала отырып, топ ішінен топта белсенді, ұйымдастыру қабілеті жоғары, жауапкершілігі мол оқушыларды шығару мақсатында топтарға өз ішінде қызметтерін бөліп алуды тапсырдым. Топ мүшелері 1 көшбасшы, 3 орындаушы, 2 бақылаушы, 1 бағалаушы қызметін бөліп алды. А  тобы мен С тобы өз қызметтерін өзара ынтымақтаста бөліп алды. В тобы қызметтерін жеребе тастау арқылы бөліп алды. 

Тапсырмаларды тапсырмалар қоржынынан таңдап алды да, топ мүшелері өз қызметтеріне сәйкес жұмыстарын атқарды.

Жаңа сабақты оқушыларды сыни тұрғыдан ойланту мақсатында оқушыларға миға шабуыл әдісі бойынша сұрақтар қойдым.

1.                  Ең алғаш сауат ашқан оқулығымыз?

2.                  Әліппенің атасы кім?

 Оқушылар сұрақтарға жауап беріп жаңа  сабақтың тақырыбын ашты. Тапсырмалар бойынша әр топ бірлесіп жұмыс жасап, жаңа сабақты өздері ашты. А тобы 1. Ақын өмірі мен шығармашылығы туралы АКТ-ны пайдаланып, интернет желісін пайдаланып, толық мәлімет берді.

В тобы «Ақын ініме» өлеңін мәнерлеп оқып, өлең құрылысына талдау жасады. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу модулін басшылыққа ала отырып, осы топ ішінен тапсырмаларды орындауда шапшаңдық танытып, белсенділік көрсеткен, ойлау, қабылдау қабілетінің жоғары екендігін көрсете білген топ көшбасшысы Фарида өлеңді мәнерлеп оқып, идеясын, тақырыбын, тәрбиелік мәнін ашып берді.

С тобы  өлеңнің шығу тарихын зерттеу тапсырмасын ойдағыдай орындады. Бұл топта топ көшбасшысы Гүлдана АКТ модулін басшылыққа ала отырып, интернет желісін мақсатты пайдаланып, өлеңнің 1911 жылы Міржақып Дулатовқа арналғанын айтты.

Сабақты қорытындылау мақсатында кері байланысты жылдамдық сұрақтары арқылы орындадым. Сұрақтарды орындаған тапсырмалары бойынша топтар өздері құрастырып, бір-біріне сұрақтарын қойды.

Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау модулін басшылыққа ала отырып, оқушылардың алған білімдерін бағалау мақсатында формативті бағалау жүргіздім. Тақтаға әр топқа сабақ барысындағы тапсырмаларды кесте түрінде сызып қойдым. Әр орындалған тапсырмадан соң топтар бір-бірін смаликтер салынған стикерлер арқылы бағалады. Бағалау барысында ол топтың ерекшелігін, тапсырманы мұқият орындаған-орындамағаны, кеткен қателіктерін айтып, бір-бірін әділ бағалады.

2 –сабақ. Сынып оқушыларын топқа бөліп, өз қызметтерін бөліп алуды тапсырдым. Топқа бөлінген соң мультик-команде деген мультфильмді көрсеттім. Оқушылар бұл мультфильмнен топта бірлесіп жұмыс жасауды түсінді.

Үй жұмысын сыни тұрғыдан ойланту үшін сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулін және басшылыққа ала отырып «Соңғы сөзді мен айтамын » әдісі бойынша оқушылар ойтолғауын ортаға алды. Әр топтан топ көшбасшысы шығып, топтың мүшелерінің орындап келген тапсырмаларын түйіндеп, тапсырманы ортақ бірлесіп жасады. А тобы «Мақтау-жел сөз, жанға қас, Адам өзіне-өзі неғұрлым көп мәз болса, оның бойында мәз боларлық нәрсе соғұрлым аз болады»деген нақыл сөздермен түйін жасады. В тобы «Өзіне –өзі масаттанумен, өзін-өзі дәріптеу -бақытсыздық. Сол үшін де мақтан қумау керек, мақтаншақтыққа салынбау керек» деп ой түйді. С тобы да өз ойларын нақыл сөз, мәтелмен түйіндеді. «Мақтан қума, бірақ бар күшіңмен мақтауға лайық әрекет жасауға тырыс. Тәкаппарлықты тәңір сүймес», сондықтан да тәкәппарлыққа салынып, мақтан қумау керек деп түйді.

Жаңа сабаққа оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер модулінің қалай оқу керектігін үйрену әдісі бойынша сергіту сәтін қолдана отырып кірістім. Оқушыларға:

-Көз алдарыңызға тегіс жолда келеміз деп елестетіңіздер.       

Оқушылар мұғалім айтқан қимылдарды бейнелейді.

— Енді сазды, батпақты жерде келесіздер.

— Терең өзенде жүзіп келесіздер.

Енді қолдарыңызға дүрбілеріңізді алып қараңыздар. (Осы сәтте экранға Қазақстан бейнеленген карта шығады).

— Нені көрдіңіздер?

— Қазақ елін.

— Баянауыл аймағын.

-СұлтанмахмұтТорайғыровты.
Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулін оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауға үйрету мақсатында миға шабуыл әдісі арқылы Сұлтанмахмұт кім? деп сұрақ қойып, оқушылар жауаптарын сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулін басшылыққа алып, топтастыру стратегиясы бойынша топтастырды.

Ақынның «Бір адамға» өлеңін АКТ-ны пайдаланып, электронды оқулықтан тыңдатып, өлең не туралы, кімге арналған деген сұрақтарға жауап беру үшін топтар тапсырмаларын алды. Ой өрбіту әдісін Баяндаушылар тобы ақыннның өмірбаяны жөнінде мағлұмат берді. Ақынның суретін салып ,өмір жолына хронологиялық кесте құрып, шығармашылығын тірек-сызба арқылы түсіндірді.

Ой шақыру әдісі бойынша Зерттеушілер тобы АКТ-ны пайдаланып, интернет желісін тиімді пайдаланып, ізденіп өлеңнің  Шорманның Сәдуақасына арналғанын, бұл өлеңнің ирониялық, сатиралық сарында жазылғанын түсіндірді.

Сыни тұрғыдан ойлануға үйрету мақсатында ой дамыту әдісі бойынша Сарапшылар тобы осы өлеңде оқиға бар ма, әлде ақынның көңіл-күйі, сезімі бар ма? Ирония дегенді түсіндіру. Өлеңнен иронияны тауып оқу. Сатира дегеніміз не? Сатиралық ойды табу деген тапсырмаларды орындады. Топ орындаушысы Нұртай өлеңнен сатиралық, ирониялық сарында жазылған шумақтарын тауып оқып, ирония, сатира ұғымдарына түсінік берді.

 

Сыни тұрғыдан ойлану модулін басшылыққа ала отырып, оқушылардың өздігінен ізденіп, тапсырмаларды тиянақты орындауы үшін Кубизм әдісінің тапсырмаларын 3 топқа қос-қостан бөліп бердім.

Баяндаушылар тобы  білу, түсіну тапсырмасы бойынша өлең мазмұнын айтып, 1 шумақты жатқа айтып берді. Топ бақылаушысы Жеткербаев Бақтығали өлеңді жылдам жаттап, өзінің жылдамдығын көрсетті.

Зерттеушілер тобы Осындай ирониялық сарында жазылған А.Байтұрсынұлының қандай шығармасы бар? Салыстыру, шумақ, тармақ, буын, ұйқасын табу, сөздік жұмыс, тәрбиелік мәні деген тапсырмаларды орындады. Талантты және дарынды балаларды оқыту модулін басшылыққа ала отырып, топ ішінен белсенді, ойлау қабілетінің ұшқыр, салыстырып, талдап, түйінді пікір айта білетін оқушыларды зерттегенімде топ көшбасшысы Фарида Ахмет Байтұрсынұлының Ақын ініме өлеңін Бір адамға өлеңімен салыстырып, ұқсастықтарын атап көрсетті. Екі өлеңде де заман көрінісі, атқамінер шонжарлардың ел қанаған іс-әрекеттері көрініс табатынын, екі өлең де ирониялық сарында жазылғанын түсіндірді. Өлеңде кездескен оқа, сылдырмақ, түйме, аяқ, нақақ сөздерінің мәнін ашты. Сөздікпен жұмыс жүргізді. Топ орындаушысы Жұлдыз өлеңнің тәрбиелік мәні зор екенін, бұл өлеңді оқу арқылы бірудің еңбегін жемеуді, құр мақтанға салынбауды, дүниеқоңыз болмауды үйренгендерін айтты.

Сарапшылар тобы осы өлең арқылы сыни тұрғыдан ойлана отырып  Шорманның Сәдуақасына мінездеме беру, осы өлең идеясымен мәндес мақал-мәтел табу тапсырмаларын  орындады. Шорманның Сәдуақасына мінездемені топтастыру арқылы қорғады.

 

Мақал-мәтелдерді топ орындаушысы Нұртай  тобымен

Панасы жоқ таудан без.

Пайдасы жоқ байдан без.

Итті күшігім-күшігім десең, аузыңды жалайды.

Өзін-өзі мақтаған өліммен тең.

Жеп тоймаған жалағанмен тоймайды.

Басы ауырмағанның құдайда несі бар.

Басы ауырғанның қасында балтырың сыздамасын.

Алма ағашынан алысқа түспейді.

Қарны ашып көрмеген ас қадірін білмейді.

Аш бала тоқ баламен ойнамайды.

Тоқ бала аш болам деп ойламайды деген мақалдарды айтты.

Сабақты қорытындылау үшін сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулін басшылыққа ала отырып, оқушылардың алған білімдерін түйіндеп, пікірін ортаға салу салу үшін, сыни тұрғыдан ойлануға үйрету үшін  «INSERT» стратегиясы бойынша жұмыс жүргіздім.

Білемін

Білдім

Білгім келеді

 

 

 

Бұл тапсырмада Баяндаушы тобы білемін кестесіне Сұланмахмұт Торайғыров өмірін білетіндігін, білдім кестесіне ақынның шығармашылығын кеңірек білгендерін, білгім келеді кестесіне ақынның ирониялық, сатиралық үлгіде жазылған басқа да өлеңдерін біліп, талдауды жазды.

Зерттеуші тобы білемін кестесіне ақынның өмірі мен шығармашылығын білетінін, білдім кестесіне өлеңнің құрылысына талданып, идеясын, мазмұнын, тақырыбын білгендерін, білгім келеді кестесіне өлең тарихпен байланысты болғандықтан сол кездегі қазақ халқының басынан өткен тарихи оқиғаларды білгісі келетіндіктеір жазды.

Сарапшылар тобы бұл кестенің білдім кестесінде өлеңнің шығу тарихын, кімге арналғанын білгендерін және білгім келеді кестесіне қазақ әдебиетінде ирониялық, сатиралық үлгіде жазылған өлеңдерді талдап, идеясын, тақырыбын ашқысы келетіндіктерін жазды.

Сабақ барысында үй тапсырмасы орындалған соң оқушыларды сергітіп, бой жазу мақсатында сергіту сәтін ұйымдастырдым.

Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау модулін басшылыққа ала отырып, оқушылардың алған білімдерін бағалау мақсатында әр орындалған тапсырмадан соң топтар бір-бірін, оқушылар өз-өздерін бағалап отырды. Әр топтағы бағалаушылар өздерінің топ мүшелерін қатыстырып, бағалау парақшаларын жасап, топ мүшелерін бағалап отырды. Бағалау парақшаларын жинап, ондағы бағаларды жинақтап, қорытынды бағалау жасадым.

 3-сабақ. Сынып оқушыларымен амандасып, ұйымдастырғаннан кейін «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» модулін басшылыққа ала отырып, оқушыларды жолдама қағаздар арқылы А, В, С деген топқа бөлдім. Топқа бөлу кезінде оқушылардың белсенділігі өте жоғары болды. Үй жұмысын тексеру үшін топтарға тапсырмалар қоржынынан тапсырмалар берілді.Топ көшбасшылары келіп тапсырмаларды таңдап алды. А тобына “Ақын ініме”өлеңін талдау тапсырмасы түсті. Оқушылар бұл тапсырманы топпен бірігіп өлең құрылысына толық талдап шықты. В тобы ирониялық екпін түсетін  етістіктерді болымсыз түрге айналдыру тапсырмасын топпен постер арқылы қорғады. Топ басшысы Есемұратова Фарида тобымен бірлесе жұмыс жасай отырып, тапсырманы қорғады.Өлеңдегі екпін түсетін етістіктерді болымсыз түрге айналдырып, ақынның інісіне айтпақ болған ақылының мәнін, мақсатын түсіндірді.

 С тобына ақынның өмірі мен шығармашылығын түсіндіру. Бұл тапсырманы топ тірек – сызба арқылы орындады. Топ мүшелері тапсырманы қорғауда барлығы да ат салысты. Әр топ мүшесі Жанар ақынның өмірі туралы айтса, Нұрбол ақынның өлеңдерін топтастырды. Бақтығали ақынның романдары мен поэмаларына тоқталса, Зухра Сұлтанмахмұт Торайғыровтың суретін салды. Топ тапсырманы сәтті орындап шықты. Үй тапсырмасы толық орындалып болғаннан кейін «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» модулі бойынша топтар бір-бірін смайликтер арқылы бағалады.

«Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» модулі бойынша «Қалай оқу керектігін үйрету» әдісі бойынша оқушылардың бойын жазып, сергу үшін сергіту сәтін ұйымдастырдым. Бұған дейінгі өткізген дәстүрлі сабақтарымызда оқушыларды сергіту әдісін қолданбайтынбыз. Сол себепті де сергітуді «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» модуліне кіргіздім.

Жаңа сабақты «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» модулінің «Қалай оқу керектігін үйрену» тәсілімен оқушылардың жаңа сабақ тақырыбын өздері ашу мақсатында  ой шақыру әдісімен бастап, оқушыларға жұмбақ жасырдым.

Ызыңдап ән салады,

Жұп-жұқа қанаты.

Тәттіге тамсанып

Қоқысқа қонады

Оқушылар жұмбақтың жауабын тауып, жаңа сабаққа кірістік. Оқушыларға «Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» модулі бойынша миға шабуыл әдісі бойынша мысал дегеніміз не? деп сұрақ қойдым. Оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану модулі бойынша оқушылар интернет желісін тиімді пайдалана отырып, мысал туралы түсініктерін ортаға салды. А тобы мысал туралы ережені теория бойынша талдады. В тобы мысалдарда жануарлар мен жәндіктер адам істейтін әрекеттерді жасайтынын бұлай көрсетуді аллегория деп аталатынын айтты. С тобы қазақ әдебиетіндегі мысал жанрының дамуын, кімдерден бастау алғанын тауып, қорғап өтті. «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер модулінің диалог арқылы оқыту әдісі» арқылы сұрақ-жауап әдісін пайдаланып оқушыларға Ахмет Байтұрсынұлының қандай мысалдарын білеміз деп сұрақ қойдым. Оқушылар жауаптарын топтастыру арқылы берді.

  3-тапсырма «Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» модулін басшылыққа ала отырып Кубизм әдісі бойынша тапсырмаларды білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, бағалау деп қос-қостан бөліп алып, тапсырма қоржынына салдым. «Оқытуды басқару және көшбасшылық модулін» басшылыққа ала отырып, топ ішінде белсенділік танытып, ой ұшқырлығын көрсеткен әр топтағы оқушылар топ басшысы болып, топты ұйымдастыра білді. Топ басшылары келіп тапсырмаларын алды.

А тобы. Білу, түсіну. Өмірмен байланыстырып, осы өлеңнің негізгі идеясын түсіндіреді. Және мақал-мәтел, нақыл сөздер жинақтайды.

В тобы. Қолдану, талдау. Өлеңді талдап, сахналық көрініс көрсетеді.

С тобы. Жинақтау, бағалау. Өлеңді мәнерлеп оқып, мазмұнын түсіндіреді. Өмірмен байланыстырып, мысалдар келтіреді.

А тобы тапсырманы толық, түсінікті орындады. Топпен бірігіп даналық ойдан дән ізде айдарымен өлең мазмұнымен мәндес мақал-мәтел, нақыл сөздер жинақтап, ой қорытты.

 

 

В тобы қолдану, талдау тапсырмаларында өлеңді құрылысына қарай талдап, сахналық көрініс көрсетті. Шыбын рөлінде Жанар мен Жарқынай, өгіз рөлінде Жандаулет образға кіріп, көріністі жақсы көрсетті.

 

С тобы жинақтау, бағалау тапсырмаларында өлеңді мәнерлеп оқып, мазмұнын жүйелеп түсіндірді. Фарида өлеңді өмірмен байланыстырып, мектеп өмірінен мысал келтірді. Сабаққа дайындықсыз келген кейбір оқушылар жақсы оқитын оқушының жұмысын көшіріп алып, өзі орындағандай мақтанып, баға алып, біреудің еңбегін пайдаланады деп мысал келтірді.

Сабақты қорытындылау үшін «Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» модулі бойынша оқушылардың ойын қорытып, түйін түю үшін, сыни тұрғыдан ойлану арқылы өз ойларын ортаға сала білу үшін «Соңғы сөзді мен айтамын» әдісін қолдандым. Бұл тапсырмада оқушылар тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін келтіріп, өлеңнен түйген ойларын ортаға салды.

Мақтаншақ болмау, біреудің еңбегін жемеу, біреудің шылауында жүрмеу, т.б.

Сабақта «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» модулін басшылыққа алып, оқушылардың алған білімдерін бағалау мақсатында формативті және жиынтық бағалау жүргіздім. Формативті бағалауда топ бір-бірін және оқушылар өз-өздерін бағалады. Жиынтық бағаны смайликтерге критерий құру арқылы өте жақсы, жақсы, орташа, нашар деп алып, жиынтық бағаны шығардым.

 

4-сабақ. Бұл сабақта оқушыларды Талантты және дарынды балаларды оқыту модулін басшылыққа ала отырып, сыныпта дарынды және талантты оқушыларды анықтау мақсатында  жұптық және жеке жұмыс жүргіздім. Талантты және дарынды оқушыларды анықтау мақсатында зерттеулерге негізделген және ең үздік оқушыларды анықтайтын сенімді өлшемдерді тиімді қолдануға болады. ( Montgomery. 1996; Freeman.1991) Соның ішінде есте сақтау және білім: олардың есте сақтау қабілеттері өте жоғары; олар ақпаратты біліп қана қоймай, оны пайдалана алады  Фарида, Рахима, Қалымжан, Бақтығали. Өз білімін жетілдіру. Фарида, Рахима, Гүлдана. Ойлау қабілетінің жылдамдығы, икемділік, күрделілікке дегенисүйіспеншілік, мәселені шешу.( Freeman.1998) Үй тапсырмасын оқушыларға жеке орындаттым. Оқушылардың дарынын анықтау мақсатында оқушылардың есте сақтау қабілетінің деңгейін анықтау үшін, мәнерлеп оқу техникасын білу мақсатында  өлеңді жатқа айтып шықты. Өлеңді сатылай кешенді талдауды жұптық жұмыс ретінде орындаттым. Оқушылар жұптасып, талданған өлеңді бір-бірімен толықтырып, өлең құрылысына талдап шықты. Бұл тапсырмаларды орындаған оқушыларды әртүрлі  түстегі стикерлер арқылы бағаладым.

 

 Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау мақсатында Ақынға арнау тапсырмасын орындаттым. Бұл тапсырмада Фарида, Рахима, Қалымжан, Жұлдыз өздерінің ақынға арнаған өлеңдерін оқыды.

Фарида:

Халқына еңбегін арнаған,

Терең ойлы, ұшқыр сөзді бір адам.

Күн болып елдің көгіне

Сөзінен білім нұры тараған.

 

Рахима:

Еліне мол жыр арнаған

Ол қастерлі,қасиетті бір адам.

Барша жұртқа өлеңдері тараған.

Әрдайым білімге талпынған.

Шуақ боп жырлары шашылған

Үлгі тұтып өзіме

Мен де ақындыққа талпынам.

 

 

Бақтығали:

Өлеңдері білімге арналған

Ізденуден, үйретуден талмаған.

Жас ұрпақтың болашағын ойлағын

Күн болып шуақ шашқан далам.

 

 

Жаңа сабақ бойынша сыни тұрғыдан ойланту үшін миға шабуыл әдісін пайдаландым. Оқушыларға жаңа тақырып бойынша сұрақ қойдым.

-Шәкірт нені армандайды?

-Елдің жүрегі неге мұздаған?

-Ол неге жұлдыз емес Күн болғысы келеді?

Оқушылар бұл сұрақтарға ұтымды жауап берді. Фарида астрономия ғылымы бойынша жұлдыз бен күнге сипаттама берді.

Келесі тапсырмадаөлең құрылысына талдау жасаттым. Оқушылар бұл тапсырманы жеке орындап, өлеңге сатылай кешенді талдау жүргізді.

Сыни тұрғыдан ойлану модулін басшылыққа ала отырып, оқушылардың ойын, пікірін білу мақсатында топтастыру әдісін пайдаландым. Өлеңдегі шәкірт ойын топтастырды. Оқушылар жылдамдық танытып, кезек-кезек шәкірт ойын жазып шықты. Ол шуағын шашып тұрған күн сәулесі бейнесінде шықты.

 

 Сыни тұрғыдан ойлану модулін басшылыққа ала отырып, оқушылардың көзқарастарын, түсініктерін білу мақсатында, өмірмен байланыстырып, салыстыра білуі үшін  Венн диаграммасын қолдандым. Оқушылар кестені өз ойларымен шәкірт ойын жинақтап жазып, ұқсастықтары елін сүйетіндіктерінде, білімге құштарлық, еліне адал қызмет еткісі келетіндіктерінде екендігін жазды.

Талантты және дарынды балаларды оқыту модулін басшылыққа ала отырып, оқушылардың тіл байлығын дамытып, өз ойын көппен бөлісе алуы үшін, пікірлесе алуы үшін, шығармашылыққа баулу мақсатында «Менің арманым» тақырыбында шығарма жазғыздым. Оқушылар өз ойларын ортаға салып, пікірлесті. Бұл тапсырмада ой ұшқырлығын көрсеткен Фарида болды. Оның арманы:

-          Менің арманымның орындалар арманы алыс. Бірақ мен оған жету үшін талмай еңбек етіп, ізденіп, білім аламын. Менің арманым- әдебиетте өз орнымды қалдыру. Халық қамын ойлаған қас батырдай қайралған, сөздері қылыштан да өткір,әдебиетке өмірін арнаған ақын аға-апаларымыздың туындыларының ізін жалғастырғым келеді. Ол үшін ұшан-теңіз білім алып еңбектену керек деп түйіндеді. Оған Жұлдыз неліктен әдебиет әлемін таңдағанын сұрағанда, Фариданың жауабы ұтымды шықты. Ол өзін жауһар жырлармен сусындайтынын, әдебиет –тәрбие мектебі, одан өмірге мол азық алатынын айтты.

Қалымжан арманы — ақын болу.

 

Ақылбек – өнерлі азамат болу.

Сұрақ Дамир: Ол үшін не істеу керек?

Рахима: «Армансыз адам- қанатсыз құспен тең.Менің арманым — бейбітшілік, тыныштық, еңбегінің елге сіңуі, елдің көркеюі, білімге құштарлық.

Жұлдыз: — байлық та, бақыт та қажет емес.  

 Сабақ арасында сергіту сәтін ұйымдастырып, оқушылардың бойын жазып, сергітіп отырдым.

Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау модулін башылыққа ала отырып, оқушылардың алған білімдерін бағалау мақсатында тапсырмаларды орындаған сайын оқушылар ө-өздерін бағалар отырды. Сұрақ қойып, жауап беріп сабаққа белсенді қатысып отырған оқушыларды стикерлермен бағалап жиынтық баға қойдым.

Сабақтың әрбір кезеңінде оқушыларды бақылап, қадағалап, бағалауы барысында кезінде оның мұғалімнің көшбасшылық қасиеті көрінеді, мұғалім-дамыту жұмысының көшбасшысы.

Сабақты қорытындылай келе, оқушылардан нені үйренгендігін, не қиын болғанын және маған қоятын сұрақтарын кері байланыс парағына жазып, тапсырады.

Қорыта келгенде оқыту мен оқудағы 7 модульді басшылыққа ала отырып сабақ өтудің тиімділігі: оқушылар өзара бағалауды, дарындылықты анықтауды, сыни тұрғыдан ойлауды да, шығармашылықпен айналысуды да тереңінен түсінуге бағыт алды. Топтасып жұмыс жасауда ойларын еркін айта алуын, дәлелдемелер арқылы постер қорғап, білімдерін кеңейтетінін ұқты. Бағалауда мұғалімге тәуелді болмайтынын, өз білімдерін өздері бағалауға болатынын көрді.

 

 Жеті модульді сабаққа кіріктіріп, бағдарламамен жұмыс жасағанда тапсырманы бірлесіп жасаудың тиімділігін түсіндім. Өз бетімен жұмыс жасауына сенім артып, тапсырманы қызықты етіп берсе, оқушылар қажеттілігін алуға тиімді бағдарлама екенін ұқтым. Білім берудегі Кембридж тәсілінің теориялық негіздерін басшылыққа ала отырып, оқыту үдерісінде және тәжірибеде жеті модульді ықпалдастырып сабақ өткізудің нәтижелі болатынына көз жеткіздім.

Осыған ұқсас жазбалар:

ҚұжатнамаТiзбектелген сабақтаp топтамасына Бағдарламаның бір модулі туралы рефлексивтік есеп.

ҚұжатнамаАбайтану курсының бағдарламасы

Тарих5-6-7 сыныптарға арналған Яссауитану сабағының бағдарламасы

Бағдарламалар​ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРЫ

ҚұжатнамаОқыту мен оқуда өзгеріс енгізілгенін және ол басқарылғанын растайтын тізбектелген сабақтар топтамасы өткізілгені туралы рефлексивтік есеп

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1141153

Пікірлер (5)
Нұрзия # 24 наурыз 2014 в 00:10 0
Сізге рахмет есепті қандай үлгіде жазу керектігін түсіндім көмегі болатынына
сенімдімін, шығармашылық шабыт тілеймін, сізге сәттілік.
Айжан # 5 қыркүйек 2014 в 17:12 0
Өте тамаша жазылған есепті қалай жазу керектігін түсіндім,сізге шығармашылығыңыз шыңдала берсін деп тілеймін.
Ғалия # 18 қазан 2014 в 18:49 0
сізге рахмет,есеп жазуды түсіндім,жұмыста табыс тілеймін.
Ұлбала Мамырайымова # 14 қыркүйек 2015 в 10:21 0
Әсел,сізге рахмет. Сіздің есебіңізден алғаным болды.Педагогикалық ізденісіңізге табыс тілеймін.
Анаргуль Изатбековна №13 орта мектеп # 27 желтоқсан 2015 в 19:53 0
Сизге коп-коп рахмет. Рефлексивтик есептин калай жазылатынын уйрендим. Сизге шыгармашылык табыс тилеймин!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар