"Адамзаттың Абайы" әдеби кештің сценарийі

26 қаңтар 2016 - Айгуль Турганова

«Адамзаттың  Абайы»  әдеби  кешінің  сценарийі

 

Мақсаты: Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы туралы тереңірек

                  мәлімет  беру, өмір жолы мен шығармашылығын таныту,  

                  адамгершілікке тәрбиелеу, Абай ақынның даналығын, рухани

                  асыл мұраларын насихаттау, құрмет ету.Ұлы ақынның өнегелі

                  өмірімен таныстыру, шығармаларына шолу жасау, өлеңдерін,

                  қара сөздерін мәнерлеп айтқызу, көріністер қою. 

Көрнекілігі: Абай портреті, кітаптар, шығармалары, қанатты сөздер,

                  Фотослайдтар, видео, аудио жазбалар 

Абай туралы қанатты сөздер: 

« Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы –соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ » 
Ахмет Байтұрсынұлы 

«Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы — заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр». 
Мұхтар Әуезов 

«Абай өз заманынан анағұрлым биік тұрған ақын еді»
Ғабит Мүсірепов 

«Орыстар үшін — Пушкин, ағылшындар үшін –Шекспир, грузиндер үшін — Руставели… қандай ұлы құбылыс болса, Абай да қазақтар үшін сондай теңдесіз құбылыс». 
Қайсын Кулиев 

«Абай әлемге ашылған терезе еді, оның жаны жаңарып жатқан дүниенің алыстағы сарынын сезе білді… Гете мен Толстой сынды көптеген заңғар гуманист тұлғалардың далалық бауырласы екенін танытты». 
Шыңғыс Айтматов 

«Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс». 
Нұрсұлтан Назарбаев 


 

«Адамзаттың Абайы»  атты видеоролик қойылады.

Абай:

Дана Абайды 
Қазақтың ақылына балаймын. 
Туатұғын алдынан ғасырына балаймын! 
Ақылының нұры бар, Абайы бар қазақтың, 
Жан алаңы, мұңы бар — қазағы бар Абайдың. 

Мадина:
Арлы Абайды 
Қазақтың қайраты деп ұғамын, 
Қайда барса айбыны, айбаты деп ұғамын! 
Жер шарының шиырлап, қай жағынан шығайын, 
Құбылаға бұрғандай, Абайға бет бұрамын! 

Батыр: 
Сара Абайды 
Қазақтың жүрегі деп білемін, 
Жүректі шер меңдесе, таба алады кім емін? 
Ақындардың ірісі, ғашықтардың пірі едің, 
Жайған сәби саусағын, қайран менің жүрегім! 

 

Абай:
-Қайырлы күн, құрметті оқушылар, ұстаздар қауымы !

«Қазақтың бас ақыны -Абай Құнанбаев.Онан асқан бұрынғы-соңғы 
заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған...», — деп жазған Ахмет Байтұрсынов.  Ендеше, Қазақтың бас ақыны- Абайға арналған «Адамзаттың Абайы» атты әдеби-сазды кешке қош келдіңіздер! 
Батыр:
— Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс»,- дейді Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев. 

Мадина: 
— Абай ізінің кіршіксіз ақ жүрегін тербеткен сансыз ойларын тамаша шығармалары мен жалынды жырларының бетінен, әр жолынан, әрбір сөзінен бізге соншама ыстық, соншама жарқын леп еседі. Абай лебі, Абай  үні- ана тынысы, заман тынысы, халық үні. Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді. 

Аманжол:
  Ұлы Абай 1845жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданына қарасты 
Шыңғыстау бауырындағы Қасқабұлақ деген жерде дүниеге келген . Әкесі Құнанбай аға сұлтан, болыс болса, аталары Өскенбай, Ырғызбай атақты, әйгілі билер, Тобықты руының билеушілері болған. 

Анар:

Жас шағында Абай тәрбиені жұмсақ мінезді, мейірімді шешесі Ұлжан мен кәрі әжесі Зереден алады. Ол жас кезінен өлең-жыр, әңгімеге әуес болып, әжесі мен анасы айтқан ертегі-аңыздарды құмартып тыңдап өседі. . Ауыл молдасынан арабша сауат ашқан Абайды әкесі он екі жасында Семейге оқуға жібереді. Абай Ахмет- Ризаның медресесінде оқыды. Медреседе араб, парсы тілдерін жақсы меңгереді. Шығыс ақындары Низами, Сағди, Фзули, Хафиз шығармаларымен танысады. Медреседе оқып жүріп, үш ай «Приходская школада» орысша оқиды. 

Аманжол:
Әке үміті мен тәрбиесі босқа кетпей, ел билеу ісіне ерте іліккен Абай 12 жыл болыс, 6 жыл би болып қызмет атқарады.Ал, Абайдың поэзиясына көркемдік әлеміне үңілген сайын, адам жаны тебіреніп, сезім көкжиегі кеңейіп, бар болмысы сөзбен айтып жеткізе алмайтындай ләззат алады. 
Анар:
Ақынның қай өлеңін алсақ та, астарлы ойы мен идеясынан адамгершілікке тән қасиеттерді бойына дарыта алған, адами рухты сіңіріп өсу керек деген ойды білеміз.Осыған орай, Абайдың алғашқы өлеңдерінің бірі «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіне кезек берсек. 
Нұрбол:
«Ғылым таппай мақтанба»

 

Баубек:

Абайдың келесі бір топ өлеңдер шоғыры табиғат лирикасына арналады. Олар: «Жазғытұры», «Қыс», «Күз», «Жаз»  Абайдың жыл мезгілдеріне арналған осы өлеңдерінен қазақ өмірінің тіршілігі суреттеледі. 
Бұл  өлеңдерде  табиғат аясында сол табиғаттың ауа-райына үндесе тіршілік ететін халықтың ұлттық ерекшелігі бейнеленген.

Ортаға 5 «Б» сынып оқушыларын шақырамыз


Айбар «Қыс»

Айша «Жазғытұры»

Мади «Жаз»

Жанерке «Күз»

Мералы:

Академик Зәки Ахметов Абай ақындығының теңдесі жоқ екендігін, сонымен бірге оның аса дарынды сазгер болғанын, көптеген әдемі,әсерлі әндер шығарғандығын айтқан. 

Ақжүніс:
Құлақтан кіріп бойды алар, 
Жақсы әнмен тәтті күй. 
Көңілге түрлі ой салар, 
Әнді сүйсең, менше сүй ,-деп Абай атамыз өзі айтқандай 10-сынып оқушысы Мархабаның  орындауында «Желсіз түнде жарық ай» әніне кезек берсек. 
 Мералы:

Әннің де естісі бар, есері бар 
Тыңдаушының құлағын кесері бар. 
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, 
Тыңдағанда көңілдің өсері бар. 
 

 Ақжүніс:

Жаманға «жар» деген-ақ ,ән көрінер, 
Жақсы ән білсе, айтуға кім ерінер 
Жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп 
Жабырқаған көңілің көтерілер,-деп Абайдың әні «Көзімнің қарасын» қабыл алыңыздар. Орындайтын  6-сынып оқушысы Қасымжомарт

 

Толған:

Шам-шырағы қазақтың –ұлы Абай, 
Бағдарымсың бет түзер Құбыладай! 
Ана тілдің арқасы, ұғып келем, 
Желілерін ойыңның үзіп алмай. 
Ғалым:

Талант таудың ұшпағы -ұлы Абай, 
Таңдан, әлем, қазақтың ұлы қандай! 
Әр тасыңнан бастау-ап, өлең-бұлақ, 
Сыбдыр қаққан балбөбек тілі балдай. 
Толған:

Қазақтың рухани кемеңгері, ойшылы, білім мен бостандық жолындағы 
қажымас күрескері — Абай бұл күндері бүкіл адамзатқа ортақ тұлғаға айналып отыр. 
Ғалым:

Өлең сүйер,өнер сүйер, көпшілік қауым! Өлмейтін артына сөз қалдырған 
кемеңгер Абай Құнанбаевқа  биыл 170 жыл толып отыр. Бұл әдеби кешіміз Абай мерейтойына, Абай рухына арналады.

Толған:

Туғаннан дүние есігін ашады өлең, 
Өлеңмен жер қойнына кіреді денең 
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен... деп, Абай атамыз айтқандай келесі сөз кезегін  Абай өлеңдерінен нәр алған оқушыларға берейік

  Дәулет«Адасқанның алды жөн, арты соқпақ»

  Нұрлан «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат»

  Айбар «Ғашықтық, құмарлықпен сол екі жол»

  Меруерт «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да»

Өздеріңіз білетіндей, Абай- қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы  және  қазақ  халқын  орыс әдебиетімен таныстырушы, табыстырушы.Ол өзінің аудармалары арқылы қазақ жұртын орыс классиктерінің шығармаларымен таныстырған адам. Олай болса, Абай аудармаларына негізделген көріністерді тамашалаңыздар.

   9 «А» сынып оқушылары ақынның  орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннен аударған «Евгений Онегин» поэмасынан үзіндіні көрсетеді.

Еңлік– Татьяна, Абылай-Онегин   рөлдерін сомдайды.

   5 «А» сынып оқушылары «Шегіртке мен құмырсқа» мысалын көрсетеді.

   Дәрия:

Абай шығармашылығындағы елеулі орын алатын бір сала  - оның поэмалары.   Олар: «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі». Абай өзінің поэмаларында да,өлеңдеріндегі секілді әлеуметтік –адамгершілік идеяларын көтерді.   Соның бір дәлелі ретінде «Масғұт» поэмасын тамашалаңыздар. 
6-сынып оқушылары «Масғұт» поэмасынан көрініс дайындады.. 
  Дамир «Ескендір» поэмасынан үзінді оқыды.

  Талғат:

Абай өмірінің соңында жазылған туындысы «қарасөздер » деп аталады.Қара сөздер-көркем әңгіме емес, алайда оларды даналық  сөздер, мақала,ғылымдық, философиялық шолулар деп қарастыруға болады.Абайдың жалпы қарасөздерінің саны-45. Абайдың қарасөздеріне кезек берейік. 

Ләззат  -   7-қарасөз

Аружан– 12-қарасөз

Нұрлан– 25-қарасөз
 Абай қарасөздеріне байланысты 8-сынып оқушылары 17-қарасөзден  көрініс дайындайды.
  Абай:

 «Абай мұрасы — қазақтың ең қасиетті қазынасы. Абай өзінің халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды. Ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді,»,-деп Елбасымыз Абай мұрасына ерекше баға береді.

 Жүрегіңнің түбіне терең бойла, 
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. 
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, 
Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма,- 
деп ақынның өзі айтқандай, «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп», тар жол, тайғақ кешу өмір кешкен, өкініш пен өксігі көп, қайғысы мен қасіреті мол қараңғы қапас өлкеде де, ел мұңдарын «асау жүрегінен» ағыта, шабытты жыр ғып төккен алып Абай атамыз туралы да көптеген шығармалар жазылды. Соның бірі ақынның құрдасы жыр даңғылы Жамбыл атамыз Абайдың портретін көргенде «Мынау тұрған Абайдың суреті ме?», ақынның баласы Әбіш өліміне көңіл айтып «Сәлем айт, барсаң Абайға» атты өлеңдер жазған екен.

  Айым  «Мынау тұрған Абайдың суреті ме?»

  Мейрамбек  «Сәлем айт, барсаң Абайға»

Мералы:
Барша қазақ баласы Абайды тануға, білуге, Абаймен мақтануға тиіс. Ұлы ақын өз халқын өркендеген,өскен, еркін халық ретінде көруді арман еткен. Сол Абай аңсаған арманына жетіп отырмыз. 
Олай болса, жүрегі қазақ деп соққан қазақ жұрты Абайдың өлеңдерін бойтұмарындай сақтап жүруі тиіс.Артына өлмейтін мұра қалдырған ұлы Абай данышпанымыздың 170 жылдығына арналған әдеби-сазды кешіміз аяқталды.Көңіл қойып, тыңдағандарыңыз үшін көп-көп рахмет!

Осыған ұқсас жазбалар:

ҰстаздарғаМен – “Президенттің ұлымын”

Қазақ әдебиетіАбайды оқы, ерінбе!..

Қазақ әдебиетіАбайтану

Қазақ әдебиетіАБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ НАЗИРАГӨЙЛІК ДӘСТҮРДІҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ

Қазақ әдебиетіАбайтану

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1068749

Пікірлер (0)

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru