Қ.Бекхожин. "ақсақ Темір мен ақын" балладасы

19 сәуір 2015 - Жаннат Анесова

Күні:13.03.15 ж.

Пәні: әдебиет

Сыныбы: 7 «В»

Пән мұғалімі Анесова Ж.К.

Сабақтың тақырыбы: Қ.Бекхожин. «Ақсақ Темір мен ақын» балладасы

Сабақтың мақсаты:

білімділік: ақынның өмірі мен шығармашылық жолына қысқаша мәлімет беру. Өлеңнің тақырыптық, идеялық мәнін ашу арқылы кейіпкерлерге мінездеме беру. Жақсы мен жаман қасиеттерді саралау, оқушыларға ана тілінің қасиетін ұғындыру;

дамытушылық: оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту, сөздік қорын молайту, ойлау қабілетін дамыту. Өз ойын ашық, көркемдеп еркін жеткізе білуге дағдыландыру, шығармашылыққа жетілдіру;

тәрбиелік: балладаны негізге ала отырып, оқушы бойына адамгершілік, адалдық, әділдік секілді жақсы қасиеттерді сіңіру.

Сабақтың түрі: дәстүрлі

Сабақтың типі: жаңа білімді меңгерту

Сабақтың әдіс-тәсілдері: баяндау, СТО, Б.Блумның сұрақ қою өлшемдері, ізденушілік, саралап оқыту, проблемалық оқыту әдісі, АКТ.

Көрнекілігі: тақырыптық слайд

Пәнаралық байланыс: тарих, қазақ тілі, астрономия, музыка

Техникалық құрал-жабдық: интербелсенді тақта

Сабақтың барысы:

I. Ұйымдастыру кезеңі

II.Өтілген материал бойынша білім тексеру

III.Мақсат қою

IV.Жаңа білімді меңгерту

V.Жаңа материал бойынша түсінгендерін зерттеу

VI.Бекіту

VII.Үй тапсырмасы

VIII.Оқушылардың білімін бағалау

I.Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық

II.Өтілген материалдар бойынша білім тексеру

(«Жетіқарақшы» жұлдызын жасай отырып, жеті сұраққа жауап беру. 7 саны туралы мәліметтер сұрау арқылы жаңа сабаққа көшу)

    1.Ә.Тәжібаевтің қандай өлеңдері бар?

    2.Параллелизм деген не?

    3.Өлеңдегі қайталау деген не?

    4.Ғ.Мүсіреповтің әңгімелерін ата.

    5.Поэма деген не?

    6.«Есіл бойында» кімнің шығармасы?

    7.Лирика және оның түрлері туралы айт.

— Қасиетті 7 саны туралы не білесіңдер?

(Шығыстың жеті жұлдызы: Физули, Шәмси, Сәйхами, Науаи, Сахди, Фердоуси, ҚожаХафиз)

III.Мақсат қою

Ендеше балалар, бүгін біз Шығыстың жеті жұлдызының бірі Қожа Хафиз шайыр мен XIV ғасырда өмір сүрген мемлекет қайраткері, аты аңызға айналып талай туындының тақырыбына арқау болған Ақсақ Темір туралы ақын Қ.Бекхожиннің «Ақсақ Темір мен ақын» атты балладасымен танысамыз

IV.Жаңа білімді меңгерту

Балалар, алдын ала іздену тапсырмалары берілген болатын және балладаның мазмұнымен танысуды тапсырғанмын.

(Іздену тапсырмалары: ақын шығармашылығына презентация және Ақсақ Темір туралы хабарлама жасау)

1.Ақынның өмірі мен шығармашылығы (презентация)

Ерке өскен еркін елде мен бір жаспын,

Туғаннан тың ғасырмен мен сырласпын.

Ер жеттім толқынды өмір арнасында

Сондықтан менің жырым өрен тасқын, — деп әдебиет әлеміне буырқанып келген Қ.Бекхожиннің шығармалары қазақ әдебиетінің мол мұрасына айналды.

2.Бейнебаян

3.Баллада туралы түсінік

Орта ғасырда Франция, Испания, Италия елдерінің поэзиясында туып қалыптасқан лириканың бір түрі – баллада лиро-эпостық сипаттағы шағын сюжетті өлең. Мұнда ақын өзінің көңіл күйін, толғанысын ғана жырлап қоймайды, сол сезімді туғызған себептерді оқиғаға айналдыра суреттеп көрсетеді. Балладаның мазмұны көбіне тарихи шындық, ерлік әрекет болып келеді. Баллада өзінің ұзақ даму тарихында талай өзгерістерге ұшырады. Әуелде бір топ адам қол ұстасып, би билеп жүріп айтатын ән түрінде болған.

Өлеңді оқып, мазмұнын түсіндік пе, балалар? Балладада түсінуі қиын сөздер кездеседі, оқулықта оларға түсінік берілген.

4.Сөздік жұмысы (слайд)

1.Жейхун – Әмудария өзенінің орта ғасырдағы атауы.

2.Темір «1336-1405ж.ж) – Орта Азияда «Ақсақ Темір» атанған, көп елдерді жаулап алған әйгілі қолбасшы.

3.Мысыр – ел атауы ретінде – Египет, қала ретінде – Египет астанасы Каир.

4.Баязет (Баязит) – Әмір Темірмен тұстас өмір сүрген, Еуропаның көп елдерін жаулап алған түрік сұлтаны.

5.Шираз – орта ғасырдағы Парсы (Иран) мемлекетінің астанасы болған қала.

6.Мұсатыр – мүсәтір.

7.Зұлфұқар – алмас қылыш, алдаспан.

8.Ескендір – Александр Македонскийді түркі тектес халықтар осылай атайды.

9.Фердоуси(Фирдауси) Әбілқасым»шамамен 940-1020ж.ж.) – парсы-тәжік халықтарының әлеміне әйгілі «Шаһнама» дастанын жазған ұлы ақыны.

10.Қаф тауы – Кавказ таулары.

11.Шайыр – суырып салма ақын.

12.Найсап – ант ұрған бұзық, оңбаған.

13.Мүскін – мұң-шерлі ғаріп, мүсәпір.

14.Сайып – ер, батыр.

2. -Өлең қандай формада жазылған?

-Диалог.

-Иә, балалар, өлеңдегі айтылатын ой, шығарылатын шешім, бәрі диалог арқылы жүзеге асып отырады.

(Блумның сұрақ қою өлшемдері арқылы өлеңнің тақырыбы, идеясы талданады, өлеңнің мазмұнын ашу мақсатында жұмыс жасалады.)

— Баллададағы негізгі кейіпкерлер кімдер?

-Хафиз, Ақсақ Темір.

-Негізгі кейіпкер Хафизді Шығыстың жеті жұлдызының бірі дедік. Ол туралы не білеміз?

-Ақынның өз аты – Хафиз ад-Дин Мұқаммед. Хафиз ад-Дин ақын, мұсылман заңының білгірі, зерттеушісі болған. 1414 жылы қайтыс болған деген деректер бар. Қысқаша жинақ кітабы Стамбул кітапханасында сақталған. Хафиз Ширази — тек қана Шығыс емес, Батыстың да әдебиетіне үлкен әсерін тигізген ұлы классиктердің бірі. Неміс ақыны Гете "Ұлы Хафиз-сөз шеберлерінің дарасы» деп баға берген екен. (Ә.Дербісалиев. «Қазақ даласының жұлдыздары» кітабынан)

-Ал Ақсақ Темір туралы қандай тарихи деректерді білесіңдер?

-Ақсақ Темір 1336 жылы Түркістанда туған қолбасшы, мемлекет қайраткері.

-Ақсақ Темірдің жаугершілік жорықтары туралы не білесіңдер?

(Слайд. Карта)

Ол Хорезм мемлекетін, Шығыс Түркістанды, Оңтүстік Азербайжанды, Грузия, Ирак, Иран, Үндістанды, Сирияны, Ауғаныстанды, Полистинаны толық бағындырған.

Ақсақ Темір 35 жыл бойы жеке дара билік жүргізген, басқыншылық мақсаттарын асқан қатыгездікпен жүзеге асырған.

— Ақсақ Темір Қазақстан мен Қырғызстан аумағына, Жетісу мен Тянь-Шаньға жойқын соғыс жорығын ұйымдастырған.

-Ақсақ Темір Ақ Орданы талқандап, Монғолстанға оннан астам жорық жасаған. Осындай үздіксіз жорықтар нәтижесінде Империя Темір мемлекеті құрылды.

-Әмір Темір 1405 жылы Қытайға жорыққа шыққанда жолай Отырарда қайтыс болады. Темір әулетінен ұлы ғалым Ұлықбек Тарағай мен Моңғол империясын құрушы Бабыр сияқты атақты адамдар шықты. «Бабырнамада» Темір әулетінің тарихы баяндалған.

-Әмір Темір халықты қырғынға ұшыратқан қатыгез, қолға түскендерді құлдыққа айдайды, қалаларды қиратады, өртейді, оның қатыгездігінен халық көп зардап шегеді.

Бейнебаян

— Осындай қатыгез, әлемді қан сасытқан Әмір Темірдің алдына Хафиз қалай келеді?

-Шабарман келіп Шираздан шыққан мүсәпір ақын түріктің бір қызына ғашық болып, оның бетіндегі бір меңі үшін Самарқан мен Бұқараны садақа етті, — деп Хафиз ақынды Әмірдің алдына алып келеді.

-Өр кеудесін көтерген ақын ашулы Әмірге не дейді екен?

(146- беттен өлең жолдарын тауып оқу)

-… Шах бар ма жеткен ақын қадіріне,

Құрсауға түсті басым қазір, міне.

    -Ақын айтқан Фердауси — Шығыстың жеті жұлдызының бірі, атақты «Шаһнаманың» авторы. Иран Шахтарын дәріптегені үшін Махмұт сұлтан Фердаусиді көп жыл қудалайды. Зұлым патшалармен күресуді, әділдікті аңсаған ақын туған жеріне жете алмай отыз жыл бойы жат жерде жүріп, тек өлер алдында ғана туған жеріне оралады.

    -Міне, осы Фердаусиді ақын не үшін сөзге қосып отыр?

    -Хафиз мен сол шайырларды пір тұтамын. Өзім солардың өмірін үлгі етемін, сенен қорқып жырымнан бас тартпаймын. Ешқандай шах ақын қадіріне жеткен емес дейді.

    -Семсері діріл қағып тұрған шақта,

    Низами бас иді ме Ширван Шахқа.

    Мүмкінше соларды мен пір тұтынған,

    Өлсем де айырылмаспын жыр құтымнан.

-деген өлең жолдарындағы Низами кім? Ол Әзербайжан жерінде дүниеге келген жеті шайырдың бірі. Хандар билігін сынап халыққа болысып, «Хамза» деген жыр жазады. Оның «Ләйлі-Мәжнүн», «Құсырау-Шырын», «Ескендір нама» дастандары бар. А.Новоий Низамиді «Ақындардың данасы» деп бағалаған.

Міне, осы екі ақынның өмірін өзіне үлгі еткен Хафиз ақын Ақсақ Темірден қорықпайды. «Мені кінәлі десең өлтір, мен өлгенмен солар сияқты артымда жырым, зарым қалар» дейді ақын.

    -Шын шайыр болсаң менің бағамды салмақтап бер, — деген Әмірдің бағасын ақын қалай береді?

    -(диалогты тауып екі оқушы оқиды)

    -Өлім аузында тұрып Ақсақ Темірге «бағаңыз жиырма бес теңге» ғана деп баға берген Хафизге қандай мінездеме беруге болады?

    -Ол әлемді тітіркенткен Ақсақ Темірден қорықпайды, бас имейді. Темірді адам жанын алушы әзірейілге теңейді. Сендей әзірейілді ешкім де сатып алмайды. Ақыретте жазаңды аларсың дейді.

    -Ақсақ Темір өз басын алтынға теңеген кезде, Хафиз оған жер бетіне өлім себуші екенін қорықпай ашық айтады.

    -Баллададан Хафиздіңбейнесін ашатын сөздерді тауып оқу.

    -Шындықты ашып айтпаса, Хафиз ақын болмас еді. Тілдің құдіреттілігі сонда, әділдікті, шындықты ту етіп көтерген ақын өлімге қарсы тұрды. Осы арқылы өзінің үстемдігін танытты.

    -«Айтшы осы, ақындарға кім тіл берді?» деген Темірдің сұрағына ақынның берген жауабы қандай болды?

149-бет. Болса егер ақындардың удай сөзі -

Үйреткен оны – ақынға құдай өзі.

    -Осы өлең жолдарынан қандай түйін жасауға болады? Тіл құдіреті, ақындық өнер туралы не айтуға болады?

    -Ақын – тек шындықты айтушы. Ақсақ Темірдің қасындағы ақындар оның қанды жорықтарын, жеткен жеңістерін мадақтаса, Хафиз ақын ғашықтық сезімімен қайғы шегіп жүргенін, өмір туралы, өмірге құштар адал жандар туралы жырлайды.

    -Хафиз ақын Темірге берген бағасын дәлелді айтып, көптің ықыласына бөленеді. Тапқырлықпен сөйлей біліп, шындықты тура айтып өзінің басын ажалдан арашалайды.

    -Хафиз секілді жаухар жырдың жүйрігі, тауып айтқан ділмарларын халық жырларында « тәтті айтқанда, — бал тамады, ащы айтқанда, — қан тамады» деп сипаттаған. Ақын орынды сөйлей білудің үлкен өнер екенін әлемді жаулаған Ақсақ Темірге де ұғындырды.

    -Темір неге Хафизге рақымшылық жасады?

    -Ақсақ Темір ақынның дәлелді сөзін тыңдап, «тура сөз – құдай сөзі» деп оның уәжіне тоқтаған.

    -«Қаһарлы сөз қамал бұзады» деген бар емес пе, Хафиз ақын тіл құдіретінің кереметін күллі әлемге паш етіп, Темірдей жыртқыштың тырнағынан өзін құтқарып қалды. Бұл әрекетіне қарап, Хафиздің адамдық қасиетін қалай танимыз?

    -Хафиз ақын ақылы кемел, кісілігі зор, білімі мол, әділдікті жақтаған, қандай қиын жағдайда да туралықтан таймаған батыл адам.

    -Ақынға рақымшылық жасаған Темірге қандай мінездеме береміз?

    -Бұл жерде Темірді жақсы жағынан көреміз.

    -Темірдің тағы қандай жақсы істері туралы білесіңдер?

    -Қожа Ахмет Иассауи кесенесін Ақсақ Темір тұрғызған. XIV-XV ғасыр.( слайд)

    -Ақсақ Темір бір жағынан қанқұмар, қатыгез болса, екінші жағынан ол жауының да ерлігін, білгірлігін бағалай білген.

    -Балалар, өмірде қай нәрсенің болса да екі жағы болады. Адамды бір ғана іс-әрекетіне қарап жақсы не жаман деуге бола ма? (Оқушы жауабы)

    -Мына аңызды тыңдаңдаршы.

    -Атасы мен немересі есік алдында әңгімелесіп отырады. Сол сәтте үлкен ақ төбет пен қара төбеттің сүйекке таласып ырылдасып жатқанын көрген немересі атасынан:

    -Ата, осы екі төбетті күшік кезінен бірдей қарап, өсірдіңіз. Екеуі бірге өсіп келе жатса да, күнде сүйекке таласып, езу жыртысып жатады. Бүгін де міне, таласып жатыр. Осы екеуінің қайсысы жеңеді түбінде? — деп сұрайды.

    -Балалар, қалай ойлайсыңдар, атасы қандай жауап айтты екен?(Оқушылар жауабы)

    -Мен қайсысына көбірек тамақ берсем, сол күштірек болып сол жеңеді, — деп жауап берген екен атасы. Бұдан шығатын түйін балалар — адам бойында жақсылық пен жамандық қасиеттер өмір бойына күрес жүргізеді екен. Біз қай жағына көбірек мән берсек, сол жағы басым болады да, айналамызға «жақсы адам» не «жаман адам» болып танылады екенбіз. Ақсақ Темір де адам баласы. Оның да бойында осындай жақсы-жаман қасиеттер күрес жүргізді ғой. Ендеше, оның қандай жақсы қасиеттері болды?

    Салыстырмалы мінездеме жасау

    Ақсақ Темірдің жақсы

    қасиеттері:

    Ақсақ Темірдің жаман қасиеттері:

      XIV ғасырда Түркістан өлкесі әлемге Темірлан деген атпен әйгілі болған. Темір ғылым мен мәдениеттің өсуіне көп көңіл бөлген. Орталық Азияда қалалардың өркендеуі, шөл далаларға жер суландыру құрылысының салынуы, қолөнер мен сауданың дамуы Ақсақ Темір есімімен тығыз байланысты. Әскери жорықтарда қолға түскен шеберлерге Орта Азия мен Қазақстан қалаларында мешіт, медресе, кесене, ғимараттар салдырды. Оған дәлел Түркістандағы Әзірет Сұлтан қорығындағы Қожа Ахмет Иассауи ғимараты. Әмір Темірдің бұйрығымен құйылған қазандықтың биіктігі 2,5 метр, жеті түрлі бағалы, жартылай бағалы материалдардың қоспасынан жасалған.

    Ол дала қыраны аталған қаһарлы қолбасшы, жаулап алған жерлеріне қатаң тәртіп орнатқан.Алтын Орданы, Моңғолстандыжаулап алуға бірнеше жорықтарға шықты. Қаланың байлығын тонады, өрт қойды.

      Сонымен балалар, Хафиз ақын ақындық құдіретін әлемді жаулаған Әмір Темірге мойындата алды ма?

      V. Жаңа тақырып бойынша білім тексеру(бейнесұрақтар)

      1. «Ақсақ Темір мен ақын» балладасының идеясы не?

      2. Өлеңдегі ең басты кейіпкер кім?

      3. Баллада деген не?

    VI. Бекіту

    Бекіту тапсырмалары:

    1-қатар. Балладаны композициялық құрылысына талдау.(тақтада)

    2-қатар. 1-нұсқа. Баллададағы ақын қолданған көркемдегіш құралдарды

    табу.

    2-нұсқа. «Екі жақты түсіндірмелі күнделік» толтыру.

    3-қатар. 1-нұсқа. Өлең жолдарына сәйкес мақалдар табу

    2-нұсқа. «Ақын» сөзіне бес жолды өлең жазу

    1-қатар.

    Оқиғаның басталуы: Жейхун жағасында тігілген ақ шатырлар

    Оқиғаның байланысы: шабарманның хабары.

    Оқиғаның дамуы: құрсауға түскен ақын.

    Оқиғаның шиеленісуі:өмір мен өлім күресі.

    Оқиғаның шарықтау шегі: тіл құдіреті

    Оқиғаның шешімі: сөзге тоқтаған Әмір.

      2-қатар. Екі жақты түсіндірме күнделігі

      Баллададағы әсер еткен шумақ

      Ол неге әсер етті?

      3-қатар. Өлең жолдарына сәйкес мақалдар табу

      Өлең жолдары

      Сәйкес мақал-мәтелдер

      1.-Хафиз, — деп сайыпкерлер кетті

      шулап…

      Қошемет ақын үшін – абырой бақ.

      2.Болса егер ақындардың удай сөзі –

      Үйреткен оны – ақын құдай өзі.

      3.-Алдияр айтқаныңа құлдық ұрам!

      Жасқанып алдыңызда құлдыраман.

      4.- Ал, Хафиз, тарт Ширазға, сайра

      тағы,

      Гүл жырың жанымызды жайнатады.

      1..Жақсының аты өлмейді,

      Ғалымның хаты өлмейді.

      2. Өнер алды – қызыл тіл.

      Бал тамған тілден у тамар.

      3. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ.

      Қаһарлы сөз қамал бұзады

      4.Аталы сөзге ақымақ қана тоқтамайды.

      Қорытынды.

      «Еркін жауап» стратегиясы

      Баллададан қандай ой түйдіңдер? Ақынның баллада жазудағы мақсаты орындалды ма?

      (Тілдің адам өміріндегі маңызын, құдіретін білдіру)

      Мұғалім сөзі:

      — Халқымыздың данагөйі Бөлтірік шешен: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ, сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ, сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл, қашан сөйлейтініңді біл, қайда сөйлейтініңді біл, қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады»,- деп, бір ауыз сөзбен философиялық терең ой түйіндеген екен. Халқымызда «Сөз қадірін білмесең, өз қадірінді білмейсің»деген керемет сөз бар. Ендеше, балалар, сыпайы, таза, орынды сөйлеуді өзімізге үлгі етіп, келер ұрпаққа да үлгі бола білейік,-деп сабағымызды аяқтаймын.

      VII.Үй тапсырмасы

      1.Балладаны мазмұндау.

      2.М.Горькийден аударған Ғ.Мүсіреповтың «Өлімді жеңген ана» әңгімесін оқып, баллададағы Ақсақ Темірмен салыстыру,

      3. «Шығыстың жеті жұлдызы» туралы мәлімет біліп келу.

      VIII.Оқушылардың білімін бағалау

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1148592

Пікірлер (1)
айдана # 12 сәуір 2016 в 23:39 0
өте нашар мазмұны айқын байқалмаған

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар