Үш бәйтерек

20 қаңтар 2015 - Ранай Сансызбаева

Тақырыбы: Үш бәйтерек

Мақсаты: Халқымыздың аяулы азаматтары Сәкен Сейфуллин, Илияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин өмірі мен шығармашылық жолын үлгі ете отырып, оқушыларды елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Көрнекілігі: Сәкен, Ілияс, Бейімбет портреттері, Қанатты сөздер, т. б.

Барысы:

Кіріспе бөлім:

1.Кіріс сөз.

2.1-жүргізуші:

Қазақ әдебиетінің тарихы көне дәуірден бүгінге дейінгі өткен жолын зер салып қарасақ, бәрінде де ұлттық идея жатыр. Ол – халықтың бірлігі, тәуелсіздік, ешкімге бодан болмай, дербес елдікті сақтау идеясы.

1917 жылы отаршыл Ресейде патша билігі құлап, орнына кеңес өкіметі орнады. Бұл өзгерісті патшалы Ресейдің езгісінде отырған басқа да елдер сияқты қазақ даласы да қуана қарсы алды. «Бостандық таңы атты!» деп ұрандады. Сол идеология туы астында аянбай еңбек етті. Бірақ көп ұзамай қазақ зиялылары бұл идеологияның да әділетсіз жақтарын тез-ақ аңғарды.

2- жүргізуші: Солардың ішінде Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға аянбай еңбек еткен, әдебиетімізде «Үш бәйтерек» деген атқа ие болған Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды аяулы азаматтарды ерекше тауымызға болады. Олар жаңа биліктің жақсы жетістіктерімен қатар әділетсіздіктерін де өз шығармаларына арқау етті. Сол әділетсіздікті бірде өткір әжуа, мысқылмен, бірде ащы шындықпен уақытында сынға алып отырды.

1-жүргізуші: Сондай әрекеттері үшін оларды өз қолдарымен орнатқан Кеңес өкіметінің шолақ белсенділері «Халық жауы» деген жалған жаламен нағыз халқының қамын ойлаған азаматтарын тұтқынға алып, азапқа салды, соңында ату жазасына қиды. Олардың шығармаларын оқуға тыйым салынды. Дегенмен «Алмас қылыш жатпайды қын түбінде» демекші араға жылдар салып, ол шығармалар халқымен қайта қауышты.

2-жүргізуші: Міне, осы өз халқының аяулы азаматтарының үшеуі де 1894 жылы дүниеге келіп, 1938 жылы жазықсыз жазаға тартылып, дүниеден өтті. Биылғы жыл олардың туғанына 120 жыл толып отыр.

Қазағым кенде емес асылдарға,

Қасқайып жолы жатыр ғасырларда.

Сол жолды жалғастырып келе жатыр,

Сөз арнап ақындарым ақындарға.

Енді сол «Үш бәйтеректі» өзінен соңғы ақындар қалай еске алған екен. Тыңдап көрейік:

1-оқушы:

Т. Айбергенов. «Сәкенге»

Айналған қымбатына қалың жұрттың,

Жырыңнан жақсы ойлардың балын жұттым.

Таңдаулы «Тар жол тайғақ кешуіңнен»,

Еліңе шын берілген жаныңды ұқтым.

Кеш туып көрмесем де келбетіңді,

Байқадым өлеңіңнен өр бетіңді.

Отырмын шежіре етіп, оқып бүгін,

Аянбай халыққа еткен қызметіңді.

Танытып тың ырғақтың құдіретін,

Ақынға қазы бопсың жүгінетін.

Жаныңды жайып жазып «Көкшетауда,

Салыпсың сұлу далаң сүгіретін.

Сан сырлы, шежірелі дастаныңда,

Жыр таудың өрмелепсің асқарына.

Сен бүгін жарқырайсың шолпан болып,

Кең шалқар поэзия аспанында.

Мол мұраң мақтанышқа жарады елге,

Сырлассың кәрімен де баламен де.

Күн санап қасиетің арта түсіп,

Атағың жатыр тарап бар әлемге.

2-оқушы:

Төлеген Айбергенов. Ілияс Жансүгіровке

Заманның кемерінен асып аққан,

Лепіріп сен бір өзен тасып аққан.

Шақырған бостандыққа зор дауысың,

Кезінде тауды жарып, тас уатқан.

Бетінен сүзіп жырдың балқаймағын,

Халқыңның тойындырдың барша аймағын.

Ер жетіп сол қаймақтан татып мен де,

Өзіңді бар ақынға «хан» сайладым.

Қолданып сөздің небір «пайғамбарын»,

Жасадың жырдың «Тарғын», «Ер Қамбарын».

Аямай теуіп күшті, нәлді өкшеңмен,

Қираттың ескіліктің қорғандарын.

Құрдас боп таудың шың, құз, асқарына,

Жырың жүр қалқып Отан аспанында,

Тұлғаңа бас иеді адам түгіл,

Кристал Алатаудың тастары да.

О, ақын, алып едің биік неткен!

Мақтасам қай сөзім де сыйып кеткен.

Жырың ғой жас жанымды тебіренткен,

Жырың ғой жас жанымды тебіренткен!

3-оқушы:

Сырбай Мәуленов. Бейімбет жазу үстінде.

Б. Майлиннің жұбайы Күлжамалдың аузынан

Түстен бояу айшығымен,

Қаламдарды жиыстырып.

Қағаздарды қайшыменен,

Дестелейтін қиыстырып.

Құндағында балқып жырдың,

Әрбір сөздің басын құрап.

Қисайта бір тартып мұрнын,

Отыратын шашын бұрап.

Болған емес қас ешкімге,

Тек жымиып күлетұғын.

Шәй үстінде, ас үстінде,

Тек жазуды білетұғын.

Балалардың у-шуына,

Менің сөзбен шымшуыма,

Мән бермей ол жазатұғын,

Жағып ойдан бір шұғыла.

Театрдың артына кеп,

Жайғасатын жай ақырын.

Сахнаға ел шақырар деп,

Алдын ала таятұғын.

1-жүргізуші: Ақындар еске алады жыр қып толғап,

Сазгерлер өлеңдерін әнмен сырлап.

Елімнің аспанында қалқытады,

Жырларын кейінгі ұрпақ ән қып шырқап.

Ән. «Тау ішінде» Әні мен сөзі С. Сейфулиндікі.

2-жүргізуші: Сахналық көрініс. С. Сейфуллин. «Көкшетау» поэмасынан

Музыкалы номер: Ән. .....?

1-жүргізуші: Енді мектебіміздің жас ақындары «Үш алыпқа» өздерінің балауса жырларын арнайды.

Қорытынды сөз.

Осыған ұқсас жазбалар:

Қазақ әдебиеті7 - сынып қазақ әдебиетінен М.Әуезов «Көксерек» әңгімесін орташа мерзімді жоспарлау

Қазақ әдебиетіСұлтанмахмұт Торайғыров «Бір адамға»

Қазақ әдебиетіАхмет Байтұрсынұлы «Ақын ініме»

Қазақ әдебиетіБағдарламаның жеті модулін қолдану әдістемесі көрсетілген тізбектелген төрт сабақтың топтамасын орташа мерзімді жоспарлау

Қазақ әдебиеті7 «в» сыныбына арналған әдебиет пәнінен қысқа мерзімді жоспары

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1141981

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар