1940-1990 жылдардағы "Абайтану"

1 желтоқсан 2014 - Ләйла Оңалбекқызы

Абайдың әдеби мұрасын жұртшылыққа танытумен ол мұраны зерттеу ісінде 30- жылдары айрықша көзге түскен жазушы, ғалым, Мұқтар Әуезовтың зерттеулері абайтану тарихында ерекше орында тұрды.

Абайдың қайтыс болуына отыз жыл толуына орай басылым көрген Абайдың тұнғыш толық шығармалар жинағы мен Абайдың ғылыми өмірбаянының қоса жариялануы М.Әуезовтың абайтану саласының негізін қалаған тарихи еңбегі ретінде қабылданды. Абай мұрасы жайында М. Әуезовтың «Абай» журналы мен «Шолпан» журналында жарияланған зерттеулік мақалалары мен «Әдебиет тарихы» кітабында ендігі жерде Абай мұрасын зерттеумен айналысу қажеттігі жайындағы ескерме пікірмен-ақ сол кезеңде Абай мұрасының бірегей білгірі деген пікір қоғамдық ойда қалыптасып қалған еді. Әсіресе, М. Әуезовтың ғылыми теориялық деңгейі биік жатқан бірегей мақаласы «Абай ақындығының айналасы» деп аталатын зерттеу мақаласы 1934 жылы «Әдебиет майданы» журналында жариялануы абайтану саласының келешек бағыт бағдарын айқындаған, көптеген күрделі проблемалардың өзекті желісін тартқан еңбек болып шықты.

М. Әуезовтің 30 шы жылдардағы ізденістері Абайды танудың ғылыми дәрежесін көтеруде абайтануға қосылған елеулі үлес ретінде де ерекшеленетін орны бар туындылар деп бағаланды.

Жалпы М. Әуезовтың ұзақ жылдар бойы Абайдың әдеби мұрасы туралы үздіксіз ізденудегі әрекетін бір-бірімен іштей байланысты 4 салаға бөле қарауға келеді:
а) Абай шығармаларын жинауы, текстологиялық жағынан сұрыптауы, жариялауы туралы еңбектері.
ә) Абай өмірбаянын қайта жазып, қандық қызметі мен дәуірі заманы жайында деректер жинап, естеліктер жаздырып, жоғалуға айналған өлең жолдарын қалпына келтірумен айналысуы.
б) Абай өмірі мен шығармалары туралы арнайы зерттеу жұмысын жүргізуі.
в) Жоғарғы үш саланың негізінде Абай мұрасын ақын туралы көркем шығармалар жазу арқылы танытуы.

М. Әуезовтың ұзақ жылдар бойы сарыла еңбек етуінің нәтижесінде жарық көрген, 1933 жылғы толық жинақ пен Абай өмірбаянының жазылып дайындалған тұңғыш толық жинағы болатын-ды. Ал осы тұңғыш толық жинақтың негізінде 1939, 1940 жылдары екі том болып қайта бастырылған Абай шығармаларының толық жинағына жаңа көзқарастық тұрғысынан С. Мұқановтың «Абай — халық ақыны» деген алғы сөзі мен М. Әуезовтың «Абайдың ғылыми өмірбаяны екінші рет зор толықтырулармен қайта жазылды. Бұл екі томдық толық жинақта 1931, 1940 жылғы бұрынғымен 1933 ж. салыстырғанда, көптеген өзгешеліктер мен жаңалықтардың орын алуына, толыға сұрыптала түсуіне М. Әуезовтың осы жылдардағы үздіксіз ізденістері мен зерттеулері абайтану саласында шешуші орынға шықты. 1933 жылғы толық жинақта тек қана 35 өлеңге түсінік беруге мүмкіндігі болса, соңғыда екі томдық жинақта 88 өлеңге түсінік жазуы зерттеушінің Абай шығармаларының сырына қаншалықты молыға түскенін байқатты.

Абайдың әдеби мұрасын зерттеудегі М. Әуезов жүргізген жұмыстың бір саласы – осы мұраны танытуда, зерттеуде үлкен мәні бар саланың бірі – Абай замандастарының ақын туралы естеліктерін жиып жариялаумен қатар оны тереңірек зерттеуге келіп тірелетін еді.

Абайдың әдеби мұрасын танып-бағалау, таныту жолында М. Әуезовтің айрықша еңбек еткен саласы ұлы ақын туындыларын ғылыми тұрғыдан тереңдете зерттеуінде жатыр.

М. Әуезов Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан танып білу жолына саналы түрде алдына ұлы мақсат қоя отырып кірісуі, негізінен Абай туралы роман жазуды қолға алған жылдарынан басталады. Осы жылдарда-ақ алдына ғылыми-творчестволық зор мақсаттар қойған тұста-ақ сегіз түрлі проблеманың аумағында жүргізілер іс-әрекеттерінің бағыт-бағдарын нақтылы түрде айқындар алған болатын-ды. Абайтану саласында жүргзілген ғылыми творчестволық ізденістерінің бәрі де осы сегіз түрлі проблема шеңберінде жүргізілгені бүгінде толығымен айқындалып отыр.


Алдымен қолға алған зерттеу нысанының өзекті мәселесі Абайдың ғылыми өмірбаянын табиғи қалпына келтіру арқылы ұлы туындысы «Абай жолы» эпопеясында өмірбаяндық деректер негізін арқау етіп өру жолын ұстанды. Абай мұрасын танып бағалау жолында ақын мұрасының саяси әлеуметтік болмысын ашу үшін де өмірбаяндық деректерсіз қадам басу қиын болатын-ды.

Абай өмірбаянын жазумен ұзақ жылдар бойы айналысумен бірге Абай мұрасының текстологиялық жағына да айрықша назар аударып, ақын шығармаларының текстологиясы жөніндегі ізденістерінің мол көрініс берген кезеңі, әсіресе, 1933 жылғы Абайдың тұңғыш толық жинағында анық байқалды. Бұрынды соңды Абай басылымдарында ұшыраспайтын көптеген өлеңдер мен өлең жолдары тыңнан қосылып отырылды.

Абай басылымдарының 1933, 1940, 1945, 1957 жылдардағы толық жинақтарын баспаға даярлауға тікелей ат салысқан М. Әуезов Абай өлеңдерінің өрнек үлгісін толығымен табиғи қалпына келтіре алды. Әрине, бұл үшін өлең табиғатын терең танып білумен бірге, өлең құрылысы туралы теориялық білім де қажет болды. Осы ерекшелік М. Әуезовте толығымен табылды. Абай өлең құрылысындағы өлең өрнектерін қалпына келтіруде алғашқы толық жинақта М. Әуезовтің өзі де кемшіліктерге жол беріп алды. Бірақ толассыз ізденіп Абай өлең құрылысының ерекшеліктеріне қаныққан сайын ол кемшіліктерін жетілдіріп отырды. Мысалы, алғашқы толық жинақта өлең өрнегі жағынан өте күрделі Абайдың «Қатыны мен Мсақбай», «Сен мені не етесің?» өлеңдерінің бастапқы табиғи қалпын сақтай алмаса, соңғы басылымдарда оны толық табиғи қалпына түсіріп, қалыптастырғанын көреміз.

Отызыншы жылдар басында-ақ М. Әуезов Абайдың әдеби ортасы деген күрделі мәселеге ерекше назар аудара бастады әрі осы тақырып абайтану тарихында мейлінше айтыс тартыс тудырған ең күрделі мәселеге айналып кетті. Өйткені бұл проблема тек Абайдың әдеби ортасын ғана қамтып қоймай, Абайдың әдеби мектебі, Абайдың ақын шәкірттері, Абайдың ақындық дәстүрі немесе Абай тұсындағы ақындар деп аталатын түйіні бір, бірақ тармақтары сан тарау мәселелерді қамтыды.

Абайтанудың негізін қалаған М.Әуезовтің ұлы ақын мұрасы жолындағы орасан зор ғылымдық творчестволық ізденістерімен қатар басқа ғалымдар да айтарлықтай бұл салада елеулі үлестерін қосып жатты. Әдебиеттен алғаш рет проф. Қажым Жұмалиев «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» деп аталатын докторлық диссертациясын қорғауы абайтану саласында елеулі еңбек болды. Абайтанудың М. Әуезов дәуірінде С. Мұқанов, М. С. Сильченко, К. Бейсембиев, К. Мұхаметханов, Ә. Жиреншин, З. Ахметов, Полибина, М. Фетисов т.б. абайтанудың әр түрлі саласынан ғылыми монографияларын жариялап үлгерді. Абайтанудың ғылыми зерттеу жұмыстарының бәрі де сол тұстағы кеңестік жүйенің таптық идеологиясы қойған тегеуірінді талабының шеңберінен шыға алмады. Осы себепті зерттеу жұмыстарының дені Абай мен орыс әдебиетінің қарым-қатынасы туралы мәселеге арналған тақырыптарға қарай ойысуы уақыт пен заман талабы болатын-ды.

Абайтанудың М. Әуезовтен кейінгі дәуірдегі даму жолындағы басты ерекшелік кеңестік биліктің кезінде-ақ ақын мұрасына таза таптық таным тұрғысынан қойылатын партиялық талаптың шеңберінен шыға бастағыны байқалды. Ал еліміз тәуелсіздік алысымен-ақ абайтану саласында, әсіресе, ол мұра туралы жазылған монографиялық зерттеулер мен мақалаларда еркін ойлылық, мәселені ашық қою, жаңа танымдағы ой пікірлерді, соңы дерек мағлұматтарды, тіпті, Абай мұрасының исламиятқа қатысы бүкпесіз айтыла бастады. Абайтанудың бастапқы кезеңі яғни 1889 жылдан 1933 жылдың аралығы мен М.Әуезов дәуірі яғни 1934 жыл мен 1961 жыл аралығындағы даму жолының тарихы осы жолдар авторының «Абайтану тарихы» (1994) мен «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» (1982) деп аталатын ғылыми монографиялық зерттеу еңбектерінде өз көрінісін тапты.

Абайдың әдеби мұрасы жөнінде кеңестік дәуірдің алғашқы кезінде-ақ ақын шығармаларының идеялық нәр алған қуатты арнасы — өркениетті Батыс пен орыс мәдениеті екені танымал пікірге айналған еді. Бұл салада істелген бірсыпыра зерттеу еңбектері орыс әдебиеті мен Абай мұрасының творчестволық байланысы жайындағы мәселені тереңірек ашуда ғылыми ойда елеулі ізденістің барлығын аңғартты.

1941-1951 жылдар аралығындағы зерттеудегі ерекшелік – монографиялық зерттеулердің пайда болуына байланысты бұл тақырыпты бұрынғыдай жалпылама сөз етпей нақтылы зерттеу нысанасына алу арқылы дұрыс тұжырымдар жасалып жатты. М. Сильченконің 1945 жылғы жүз жылдық мерейтой қарсаңында «Абай» деген атпен басылым көрген еңбегі ерекше атап өтуге болады. Абай өмірбаяны мен әдеби мұрасы туралы орыс тілінде жазылған бұл еңбектің бағалы жағы – ақын мұрасын жүйелі түрде кең насихаттауында жатыр.

40 — 50 жылдары Абай өмірі мен шығармашылығын зерттеу ісі кең көлемде жүргізіліп, жаңа белеске көтерілді. Абайдың қоғамдық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалық пікірлерін, ақындық тілін, композиторлық өнерін, аудармаларын тереңдеп тексерген еңбектер жарық көрді. Абайтану ғылымына Қ. Жұмалиев, Т. Тәжібаев, Қ. Мұхамедханов, М. Сильченко, Ы. Дүйсенбаев, Б. Ерзакович, Х. Сүйіншәлиев, М. Мырзахметов, А. Ысқақов, Р. Сыздықова секілді ғалымдар салмақты үлес қосты. 40-50 жылдарды Абай мұрасын зерттеуде монографиялық еңбектердің жарық көруі мен бірнеше диссертациялық еңбектің жазылуы абайтану ғылымының даму үстінде екендігін көрсетті.

Абайдың ақындық мектебі немесе Абайдың ақын шәкірттері туралы, әсіресе, ұлы ақынның туғанына 95 жыл толуына байланысты мол сөз болып, кең өріс ала бастағанын осы жылдағы Қ. Мұқаматханов, Ә. Жиреншин, Е. Исмайылов, Ә. Тоқмамғамбетов, Ғ. Сералиев, т.б. басқалар жазған мақалаларда анық байқалады.

Әсіресе, 1957 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген, М. Әуезовтың басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының абайтану ғылымындағы елеулі табыс болғанын атап айту қажет.

Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайы деген тақырыпта зерттеулер жүргізу қажеттілігі С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Е. Смайылов, Ә. Жиреншиндер тарапынан да қолдау таба бастады. М. Әуезов пен Қ. Жұмалиевтің ұсынуымен осы тақырыпта 1965 жылы М. Мырзахметұлы тарапынан «Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасының зерттелу жайы» деп аталатын кандидаттық диссертациясы қорғалды. Профессор Т. Кәкішев қазақ әдебиеті сынының тарихын зерттеуге кірісіп, онда абайтану тарихын жалғастыра зерттеудің нәтижесінде «Оңаша отау» (1982) монографиясы басылым көрді.

1965-1966 жылдардан бастап Абай мұрасы туралы зерттеу еңбектер өріс алып, диссертациялық қорғаулар да жиілене түсті. Осы кезден бүгінге дейін абайтанудан кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалып, қырыққа жуық монографиялық ғылыми еңбектердің жариялануы абайтанудың саны мен сапасы жағынан қатар өрбігенін көрсетеді. Бұл әрекет, әсіресе Абайдың туғанына 150 жылдық мерейтой қарсаңында абайтанудың бұрын соңды болмаған қарқынмен алға басты.

Тоқсаныншы жылдар басында Абайдың шығысқа қатысы әсіресе исламиятқа қарым қатысы туралы мәселе қайта көтеріліп, Абайдың исламиятқа қатысы мол мораль философиясы, адамгершілік негіздері туралы мәселелер жаңаша бағыт – бағдар ала бастады. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап абайтану саласында жазылған зерттеу еңбектерінің бағыт — бағдары да өзгеріп, ғылыми тұрғыдағы ұлттық таным негізі шешуші орынға шыға бастады. Мысал ретінде атап өтер болсақ, А. Машановтың «Әл Фараби және Абай», Ғ. Есімовтың «Хакім Абай», М. Орынбековтың «Абайдың философиялық көзқарасы», М. Мырзахметовтың «Абайдың адамгершілік мұраттары» (1994) деп аталатын еңбектері Абайдың дүниетанымы туралы күрделі проблемаларды шығыстан ажыратпай қазақтың ұлттық философиясы негізінде қарастыруы арқылы абайтану саласында жаңа бағыт-бағдарды ұсынып отыр.

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:

1. Мырзахмет М. Абайтану тарихы.- Алматы: «Ана тілі», 1994.- 192 б.
2. Мырзахметұлы М. Ұлы Абайды таныту тарихы // Абай.- 2006.- №1.- б.5-16
3. Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі.- Алматы, Ана тілі, 1995.- 272 б.


Бұл әдебиеттер Абай атындағы Семей облыстық кітапхана қорында сақтаулы. Әдебиеттерге ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының (АҚРҰАК) құжаттарды электронды жеткізу қызметінің электронды поштасы edd@nabrk.kz арқылы тапсырыс беруге болады

 

Осыған ұқсас жазбалар:

Қазақ әдебиетіАбайтану

ҚұжатнамаАбайтану кабинетінің жоспары

ҚұжатнамаАбайтану курсының бағдарламасы

Қазақ әдебиетіАбайтану

Қазақ әдебиетіАбайтану 10-сынып "Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай"

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1083450

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар