1990-2005 жылдардағы абайтану

1 желтоқсан 2014 - Ләйла Оңалбекқызы


Белгілі абайтанушы ғалым, республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен шығармашылығы

Мұқамедханұлы Қайым (Ғабдұлқайым) (5.1.1916, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында 30.6.2004, сонда) — әдебиеттанушы ғалым, абайтанушы, жазушы, драматург. Қазақстанның тұңғыш әнұранының авторы. Әкесі Мұқамедхан Семейде шығатын «Сарыарқа» газетіне, «Абай» журналына меценаттық көмек жасап тұрған (осы журналдың 70 жылдан соң қайта жарық көруіне, Семейдегі «Алаш арыстары» мұражайының ашылуына Мұқамедхан көп еңбек сіңірді). Мұқамедхан ислам діни қозғалысының белсенді мүшесі деген айыппен 1937 жылы 2 желтоқсанда атылған. Сондай-ақ Мұқамедханның әкесі алашордашыларға тілеулес болып, оның үйінде ұлт зиялылары (Шәкәрім, Көкбай, Тұрағұл, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар т.б.) жиі бас қосып, ел бостандығы жөнінде пікір алмасып тұрған. Мұқамедхан шаруа мектебінде білім алған. 1935-37 ж. республикалық екі жылдық мұғалімдер курсында оқыған. Семей педагогикалық институтының филологиялық факультетін бітірген (1941). Семейдегі Абай әдеби мұражайының аға ғылыми қызметкері (1940-41, 1947-51 ж. оның директоры), Қазақстан Жазушылары одағының Семей облысындағы өкілі (1942-47), Семей педагогика институтының аға оқытушысы, доценті, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, прфоессоры (1955-90), 1991-95 ж. ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Абайтану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері болды.

Мұқамедхан саналы өмірін қазақ әдебиеттану ғылымының абайтану саласына арнады. 1939 жылдан Абайдың ақындық мектебі мәселесін зерттеп, «Абайдың әдебиет мектебі» деген еңбегін жариялады, осы тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады (1951). Талқылау кезінде ғылыми жетекші М. Әуезов пен диссертантқа жала жабылып, саяси айыптар тағылған. Жас ғалымға Абай мектебі шәкірттерінің қатарында «ұлтшыл ақындарды» зерттегені үшін «панисламшыл, пантүркшіл» деген айып тағылып, 25 жылға сотталды. Төрт жылдан кейін ақталып, 1958 ж. «Абай төңірегіндегі ақындар» деген тақырыпта екінші рет кандидаттық диссертация қорғады. Мұқамедхан Абай мектебінің ақындары мәселесін зерттеуді шығармашылық ізденіспен дамыта білді. Ақын шығармаларын зерттеу нәтижесінде Мұқамедхан Абайдың бұрын белгілі болып келген 7 өлеңін тауып, ақынның 1945 жылы шықан жинағына енгізді. 1959 жылы «Мағауия Абайұлы Құнанбаев», «Абай шығармаларының текстологиясы» монографиялық зерттеулері жеке кітап болып шықты. «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітаптан тұратын жинақ Мұқамедханның қарастыруымен 1993-97 ж. жарық көрді. Оған Абай шәкірттері Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай, Уәйіс, Әріп, Әсет, Мұқа, Әубәкір, Иманбазар шығармалары мен олар туралы зерттеулер енді. Мұқамедхан Абайдың екі томдық академиялық шығармалары жинағының жаңа басылымын шығаруға (1995) үлес қосты.


1988-89 ж. мерзімді баспасөзде «Ә.Бөкейханов», «М. Жұмабаев», «А. Байтұрсынов», «Ж. Аймауытов», «М. Дулатов», «Шәкәрім» атты ғылыми мәні ерекше мақалалар жариялап, кейін осы зерттеулер негізінде «Абай мұрагерлері» жинағын (1995) жарыққа шығарды.

Мұқамедхан қазақ әдебиеттану ғылымының текстология саласының қалыптасуына ерекше еңбек сіңірді. Оның Махамбет, Шәкәрім поэзиялары текстологиясына арналған мақалалары, Бұқар жырау, Абай шығармаларының текстологиясын қарастырған мақалалары мен монографиясы жарық көрді. Сондай-ақ ол қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу ісіне қомақты үлес қосты. Қазақ ауыз әдебиеті, ежелгі дәуір әдебиеті, жыраулық әдебиет өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы, әдеби байланыстары туралы 300-ден астам ғылыми мақалалар жазды. Мұқамедхан шығармаларының тағы бір қыры оның поэзиясы. Драматургия саласында да қарымды еңбек етіп, көптеген пьесалар жазды. Мұқамедханның «Толқын» (1994), «Майданнан майданға» (1947), «Комиссар Ғаббасов» (1960), «Ер Білісай» (1974) пьесалары көркемдік және тарихи шындықты тұтастай алып, оқиға желісінің өткір құрылуымен ерекшеленеді.

Әзірбайжан драматургі У. Гаджибековтың «Аршин мал алан» (1941), татар жазушысы Ш. Камалдың «Қажы әпенді үйленеді» (1967) пьесаларын, орыс жазушысы Н. Карамзиннің «Бишара Лизасын» қазақ тіліне аударды. Мұқамедхан Семей қаласының және Абай, Аягөз, Жаңасемей аудандарының құрметті азаматы. Абайтану саласындағы қажырлы еңбегі үшін 1996 жылы Мұқамедханға ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді.

1916 жылдың қақаған қаңтар айының 5 күні Мұқамедхан отбасында дүниеге келген сәби Қайымның өмір жолында да қақаған кезеңдер аз болған жоқ. Барлық сын сағаттардан жігерлілік, шыдамдылық, көрегенділік, білімдарлық таныта жүріп, аман өтті. Қандай қиын қыстау кезеңде абайтану бағытынан айныған емес. Қазақтың көсемдері мен шешендерін орға айдаған 37-нің құрығы Қайым ағаны да аз әуреге салмаған еді. Теріс жала жабылып, жалындап тұрған шағында Қайым аға 25 жыл түрменің де дәмін татты.

Бірақ, оның бәрі Қайым Мұқамедханұлының өмірге деген көзқарасын, тарих, әдебиет саласындағы ұстанымын өзгерте алған жоқ. Жалпы, ұлылардың сарқыты, ұстаздардың ұстазы атанған Қайым ағаның өмір жолы мен шығармашылық шаруасына кеңірек тоқталмауымыздың бір себебі, ғалым ағаның ерен еңбектерін ұлтжанды оқырмандар тегіс біледі деген сенімдеміз.

Ол қазақтың Қайымы еді. Жастық шағының қызығы мен қиындығы, қуанышы мен күйініші кезектесіп, жазықсыздан жазықсыз жиырма бес жылға сотталып, алаңсыз әдеби еңбек ету егделік ғұмырының ғана еншісі болған соның өзінде артына аса мол мұра қалдырған ғұлама Қайым аға Мұқамедхановты айтып отырмын. Әдебиетші, зерттеуші, сыншы, аудармашы ретінде тындырып кеткені қыруар әсіресе, абайтануды, сондай-ақ Мұхтар Әуезовтың бүкіл өмірін паш етуде төккен тері өлшеусіз. Абай шығармаларының текстологиясын жан-тәнімен тәптіштеп реттеуі, ұлы ақынның мұрагерлері туралы төрт кітап жазып шығаруы — небір үлкен ұжымның да қауқары жетпес шаруа. Қазақ республикасының тұңғыш гимнің авторы болғаны — өз алдына зор мәртебе.

Қайым Мұқамедханұлы – түпнұсқа иесінің ойын тереңіне танып, тебіренге толғайтын шебер аудармашы. Қайым Мұқамедханұлының ұзақ жылдар бойы ғылыми, әдеби шығармашылық және ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, ол КСРО медальдарымен «КСРО халыққа білім беру ісінің үздігі», «Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі» белгілерімен Құрмет грамоталарымен наградталған. Семей қаласының, Абай, Жаңасемей аудандарының құрметті азаматы.

Қайымның әдебиет тарихына қосқан үлесі де салмақты. Соның ішіндегі жыраулар әдебиеті жөніндегі өмірбаяндық зерттеулер мен текстологиялық салыстырулары бұл саладағы көптеген көмескі жайлардың бетін ашып, тың деректер мен соны пікірлер түйіндеуге негіз қалады.

Поэмаларының ерекшеліктері

Қайым Мұқамедханұлының әдеби мұралары жинақталып, бас-аяғы бүтінделіп, бір арнаға түсірілген жоқ. Баспасөз беттерінде жарық көрген, жанұялық қорында сақталған шығармаларын топтап айналымға енгізу — әдебиеттану ғылымындағы кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Қазірде Қайым Мұқамедханұлының кең көлемді екі шығармасы белгілі: Бірі – «Жамбыл» атты толғауы, екіншісі – «Орындалған өсиет» атты поэмасы. «Жамбыл» атты толғауы 1938 жылы жарық көрді. Абайға арналған «Орындалған өсиет» атты поэмасы баспа жүзінде жарық көрмеген, Абайдың республикалық мәдени-тарихи, әдеби-мемориалды қорық мұражайының қорында сақтаулы.

«Жамбыл» атты толғаудың басты кейіпкері қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаев. Туынды тақырыптың мазмұны жағынан, негізгі идеясы, көркемдік мақсаты жағынан өнер адамын ашып көрсету, оған деген халық құрметін паш ету.

Абайға арналған «Орындалған өсиет поэмасы 1940 жылы жазылған, тақырыптық мазмұны жағынан, негізгі идеясы, көркемдік ерекшелігі жағынан өнер адамын дәріптеу, халқының ақынға деген құрмет мейірін жеткізу. Қ. Мұқамедхановты ақын ретінде арнайы зерттеуіміздің де себебі осында.

Жалпы Қ. Мұқамедхановтың өлеңдеріндегі ерекшелік, нені жырласа да қарапайым сөздермен өз ойын бейнелі, әсерлі, мәнерлі жеткізуінде.

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:

1. Абайдың аманатын // Ертіс өңірі.- 2003. — 10 қаңтар
2. Абайділдин. Т. [т.б.] Қайым Мұқамедханов // Семей таңы. — 2003. — 10 қаңтар
3. Жұртбаев Т. Қайымның қағидалары // Қазақ әдебиеті. — 2006.- №3. — 16. — қаңтар. — 1996
4. Қабышқызы М. Қайым Мұқамедханов: Абайға өмірінің ақырына дейін қызмет етемін. // Үш анық. — 2001. — 2 б.
5. Мұқамедханов Қ. Жамбыл // Екпінді. — 1938. — мамыр.
6. Сабырбай Қ. Қайыңдай Қайым // Семей таңы 2003.- №2.- 10 қаңтар
7. Сейсенұлы Д. Абайдың аманатын ақтадық па? // Егемен Қазақстан. — 2003. — 6 қаңтар
8. Смағұлова А. Қайым Мұқамедханов поэмаларының ерекшеліктері // Ақиқат. — 2005. — №11



 

Осыған ұқсас жазбалар:

Қазақ әдебиетіАбайтану 10-сынып "Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай"

Қазақ әдебиетіАбайтану

Қазақ әдебиетіАбайтану

ҚұжатнамаАбайтану кабинетінің жоспары

ҚұжатнамаАбайтану курсының бағдарламасы

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1083514

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар