Абайтану

1 желтоқсан 2014 - Ләйла Оңалбекқызы

Бес асыл іс, Бес дұшпан

 
Бір-екі жылдай бұрын Шымкенттейін шаһары¬ңыз¬дағы Абай атындағы қалалық орталық кітап¬ханада «Адамзаттың Абайы» атты кеш өткізіл¬ді. Құдайға шүкір, кітапханаларда ондай-ондай іс-шаралар аз емес. Ал, «Адамзаттың Абайы» аталған әлгі әдеби кешіңіз осы күнге дейін мазасыздандырып жүр. Неліктен дейсіз ғой?
Кітапханашы қарындастарға өкпе жоқ. Жан-жақты дайындалған. Ұлы ақынның өлеңдері, тең¬дес¬сіз ойшылдың қара сөздері оқылды. Байып¬ты баяндама бар. Әредікте әндері әуеледі. Алай¬да, оқу залында отырған жетпіске жуық жеткін¬шектің қалғып-мүлгіген марғаулығына, сүлесоқ салғырттығына қарап қорқып кетесіз. Жүрегіңіз суылдап қоя береді. Адамзаттың Абайы алашыңыздың оғландары мен қорландарына тіпті де қажет емес сияқты. Адамзатыңыздың Абайы алыстағы, әлдеқайдағы, әйтеуір қазағыңыздан басқа бір адами заттарға керегірек секілді сезінушілікті сезіп, селк ете түсесіз.
Содан бермен қарата бізді ойтолғақ қылғынды¬рады. Қинайды. Бәлкім, кінәнің біразы бізден болар. «Сен де бір кірпіш дүниеге; Кетігін тап та, бар қалан!» дегенді балабақшада да, мектепте де, үйде де, кештерде де, тойларда да, жиын-жиналыстарда да орынды-орынсыз, жөнді-жөнсіз, тым-тым көп қайталап, көкезулене көпіретін, мағынасыз мыжып жөнелетін сөздерімізге сауатсыз һәм сауапсыз, сәулесіз тықпалап, жас өскін¬дерімізді ығырлап жібереміз-ау. Деуге мәжбүрсіз. Кім білсін-ай, кім білсін. Абайыңыздан үзіп-жұлқыған үзінділерді көп кірістіргенімізбен, «кірпіштерінің» кілтипандарын келістіріп мәністей алмай, көгенкөздеріміздің көңілдері мен кеуделері керексінер кілттерді таба алмай, тайқымаңдайлық танытып жүрген жоқпыз ба осы? Дейсің тағы да.
Абайыңызды абайлап айтқан абзал-ау.
Абайды зейіндей оқымақ пен зерделей тоқымақ – алаш баласының, қазақ ұл-қыздарының ең басты, парасатты парызы екендігін Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы сынды Алашорда асылдарынан бастап, бүгінгі Мекемтас Мырзахметұлы, Мырзатай Жолдасбекұлы, Тұрсын Жұртбайларға дейін толғап-ақ, қозғап-ақ, тағылымдап-ақ келе жатқандар баршылық. Қазақ өлеңінің Сұлтан-махмұттайын сұңғыла сұлтаны «Абайды оқы, таңырқа» деп, ұлағатты ұран көтергелі де жүз жыл уақытты артқа тастап үлгеріппіз. «Абайды оқы, орында!» деген тегеурінді талапқа көшетін кез келді. Бұлай етпекке себептің неде екенін екінің бірі түсінеді. Түйсінеді. Мыжымақтың мәні жоқ.
Біле-білсеңіз, түсініп-түйсінсеңіз, қазіргі «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасы мен одан бұрынырақта ұлысыңызға ұсынылған «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарында да Адамзаттың Абайы мақсат тұтқан мұраттар, алаш баласына аманаттаған асыл істер алтын арна болып тартылғандай. Осы орайда Абайдың «Бес асыл ісі» көкейіңізді көктей өтіп, көкірегіңізге сәулелі нұр құяды. «Талап, еңбек, терең ой; Қанағат, рақым, ойлап қой. Бес асыл іс, көнсеңіз».
1.Талап
Талап. Осы талап деген сөз, талап деген ұғым ұлы Абайыңыздың өлеңдерінде де, қара сөздерінде де жиі кездеседі. Олай болмағының, солай демегінің себебін Асқар Сүлейменовше саралай алмаспыз, алайда, түсіну мен түйсінудің арақашықтығын аңғармақ кім-кімге де керек-дүр. Абайыңыз у іше жүріп, уайым шегіп, қайғы жұта жүріп, кешегі, бүгінгі және ертеңгі қазақ өскінінің де, жасы мен жасамысының да талап қылмағын қағидалады. Тек жас баланың, бозбаланың, қыз баланың, ересектің, егденің, бай-болыстар мен билердің, орташа мен кедейдің – жеке адамдардың ғана емес, жалпы жұртының, қайран қазағының талабы оңғарылса екен, талап жолындағы қадамы құт-берекеге кенелсе екен, пейіл-пиғылы мен нысай-ниеті ізгілікке негізделсе екен деп толғанысқа түсті. Уайымдады. Ой азабын тартты. Еңбектенді. Өзі де ұлы талап жолын, ұлы еңбек жолын, кемел де терең ойдың жолын, қасиетті қанағат пен риясыз рақым жолын – Абай жолын салып, саралап берді. Сол жолда, сол мұраттар үшін мертіліп, мерт кетті. Қайран қазағы үшін құрбан болды.
Талаптың да талабы бар. Хакім Абайыңыз Хақ тағаланың қалауымен, махаббатымен көркем мінез һәм кемелдік үшін Жер бетіне жіберілген адами затыңыздың талабы ең әуелі ізгі болмағы керектігін кестелей білгендігімен бірегей. Талап ізгілігімен ғана құнды деген қағиданы тектілікпен түсінбегіңіз ләзім. Абай осыны аңсайды. Қалайды. Қара сөздеріне қараңызшы: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі». «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмей іздегенмен, табылмас». «Адам баласының ең жаманы − талапсыз». «Талаптың ішінде адам баласы көбіне басына қадір іздеп, сол талапта болады. Біреу мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам… дейді. Мұнысы рас, қазақтың өз құлқына қарағанда. Бірақ адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгіл, көңіл жиіркенетұғын іс».
Талап бар. Талапкер бар. Өз басымыз осы күні қолданысқа жаппай еніп, абитуриентіңізді алмастырған «талапкер» терминіне қарадай қарсылардың қатарындамыз. Абитуриентті өзгертсек, онда студентті де міндетті түрде өзгертуге тиіспіз.
Талап ізгілігімен ғана құнды дегенді меңзей отырып, адамзатыңыздың Абайы әуелі көкіректі тазаламақ керектігін таразылайды. Ал енді абитуриент деңіз, мейлі талапкер деңізші, бәрінің талаптары ізгілікке негізделе ме? Мәселен, болашақта сот, прокурор, қаржы полицейі, ішкі істер полицейі, тергеуші, тексеруші, тағысын-тағылар болмақты көздейтін талап иелерінің түпкі мақсаты түгелдей ізгі дей аласыз ба? Әлде...
Егер басқалай болса, оның себептері неде? Қандай? Бүгінгі заманның, қазіргі қоғамның және адамның тұрғысынан толғаныңызшы. Талап турасындағы Абайыңыз аңғартар астарлар қат-қабат қой.
2. Еңбек
Бес асыл істің екіншісі – еңбек. Абайдың айқындамасына «көнсеңіз», әрине. «Талап, еңбек, терең ой; Қанағат, рақым ойлап қой. Бес асыл іс, көнсеңіз». Ұлы ойшыл, данышпан ақын «көнсеңізді» тек ұйқас үшін ғана алып отырған жоқ. Ұйқастырамын десе, шеберлік шыңындағы шайырыңызда сөздің құнары да, құрамы да, асылы да асып-төгілер. Талаптанар ма екенсіз? Еңбектен ерінбейсіз бе? Терең ойланбаққа санаңыздың сапасы жетер ме? Қанағатқа шыдарсыз ба? Рақым жасамаққа құштарсыз ба? Орындары орасан бес асыл іске көнесіз бе? «Көнсеңіздің» мәнісі өте-мөте мәнерлі. Тым-тым тереңде.
Абайыңыз талаптан да гөрі еңбекті көбірек келтіреді. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман; Шошимын кейінгі жас балалардан. Терін сатпай, телміріп, көзін сатып; Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман», деген шерлі шумағында шайырыңыз еңбексіздіктің дертке айналғаны туралы еңіреп отыр. Осы ұзақтау өлеңінің соңына таман бүй дейді: «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын; Арын сатып тіленген малы құрсын».
Жүз жылдан астам уақыт қара өлең құйы¬лыс¬тарымен кескінделген кеселдеріңіз құйқа-тамырыңызды шымырлатар. Шүйдеңізді шыңыл¬датар. Қазіргі қым-қуыттанған заманда да Абай аңдатқан ахлақтағы ақтаңдақтар бүкіл адамзаты¬ңыз¬ды алаңдатып отырғаны анық. «Еңбек бәрін де жеңбекті» жиірек жазамыз. Көбірек айтамыз. Сонымен қатар, адал еңбектің, адал еңбек адамы¬ның бағаланбай бара жатқанын да қатты уайымдаймыз. Шындап, маңдай терді төгіп, көзін тауып, кәсіпті игеріп, алдамай, адал еңбек ететіндер жоқ десетіндер бар. Жоқ емес, көп, мына біздер – бизнесмендер секілді бейнеттену керек, кәсіпкерлер күн сайын көбеюі қажет десетіндер де аз емес.
Социализмнің ортақ өгізі гүрс етіп құлап тын¬ғаннан кейін, оңаша бұзаулардың соңына түсуі¬міз алуан түрлі сипат алып, психологиялық тежелістерге тап болғанымыз, әлі күнге дейін мойындауға тиіс нәрселердің өзін мойындағымыз келмейтіні және белгілі. Адал да таза дейтұғын еңбек шіркіннің табиғаты да, еңбек туралы түсі¬нік¬тер мен ұғымдар және көзқарастар да мүлде өзгерді. Өре мен өрістер де, өлшемдер де өзгешеленді. Өршеленген өзімшілдік, өжең¬де¬ген өзімбілермендік, жекешеленгеннің, жекеменшіктенгеннің жөні осы екен деп оспадарсыздану оғаштанған жағдайларды көріп-біліп жүрсіз. Санада да, қалада да, далада да күрделі құбылыстар жүріп жатыр, күрмеулі түйіндер аз дей алмайсыз.
Бәрібір, Аллаға шүкір, Тәуелсіздікке тәубе дейсіз. Қазақ Елінің жиырмашақты жылда жүз жылға татитын жолды жүріп өткенін де ешкім жоққа шығара алмайды. Еңбек, бәрібір, еңбек болып қала бермек. Абайдың екінші асыл ісі – еңбек ерекшелігін жоймақ емес. Заманына, қоғамына, адамына қарай біраз-біраз түрленеді. Сайып келгенде, қадірі мен қасиетін табады. Абайдың «Еңбек етсең ерінбей; Тояды қарның тіленбей» деген қанатты қағидасы ескірмейді. Қайта әлеуметтік жаңару мен әлеуметтік жаңғырту шынайыланған сайын шыңдағы шынардайын зау-заңғарлана берер.
Қазақстанымызда ғана емес, бұрынғы кеңестік кеңістігіңізде, ТМД елдерінде және оған кірмейтіндерде де еңбекке қатысты өзекті мәселелер талқыға түсуде. Таразылану үстінде. Мағлұм болды: еңбек ететіннің де, еңбексіз-ақ түрлі-түрлі жолдармен «жеңіл ақшаны» күреп табатындардың да тұтынушылық талабы еселеп артты, ләззатшылдық сұраныстары сұрапыл өсті. Бұл бір жағынан түсінікті де. Теңгермешілдік тайқымаңдайлықтан кейін тап осылай болатыны, көптеген күтпеген кесел-кесапаттардың белең беретіні белгілі-тұғын. Өкінішке қарай, Абай данышпаныңыздың «диагноздарын» адамзатыңыз да, оның ішінде алашыңыз да аңғарғысы келмеді. Жете ескермеді. Жіті ұғынбады. Енді-енді ғана кеңестік кеңістіктегі тәуелсіз мемлекеттердің кемелдері мен кенендері еңбек турасында текті талқылаулар өткізіп, бәтуа жасамаққа әрекет етуде.
Қарап, қадағалап қоясыз. «Жеңіл ақша мен же¬ңіл табыс, желпі шабыс пен желең желіс жақсылыққа апармас», «Жақсы өмірге талпыныс еңбектегі шынайы жеңістермен және жемістермен өлшенсін», «Еңбексүйгіштік пен адал кәсіпкерлік және біліктілік бағалансын», «Әлеуметтік жаңару мен жаңғыртудағы сандық және сапалық көрсеткіштер, мемлекеттің азаматтарға қатынасындағы өзгерістер мен өлшемдер өнегелі өріс алсын», «Патерналистік модельден арылып, икемді де иілмелі, иінді де тиімді әдіс-тәсілдерге көшуді ынталандырайық» дегендейін бағдарлар мен ұлағатты ұстанымдар ТМД елдерінің бәріне дерлік ортақ мүдделерге айнала бастағандай.
Осынау орайларда да оралып тағы, айналып қайта Абайға жүгінесіз. «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды». «Сақалын сатқан кәріден; Еңбегін сатқан бала артық». «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуан боласың; адамзаттың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң болғаны, іздегенің − сол». «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол. Бірақ Құдай тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтың кеселі болады».
Ай, айналайын Абай-ай...
3. Терең ой
Адамзатыңыздың Абайы терең ойға, терең ойламаққа, ойлаудағы дара ерекшеліктерге, ойлаудағы данышпандыққа қалай жетті? Әлбет¬те, әуелі Алла айрықша жаратқан еді. Абайы¬ңыз¬ды. Алашыңыз үшін. Адамзатыңыз үшін. Қазағыңыздың бақыты үшін. Біздің тау түкпіріндегі Таупістелі дейтұғын ауылымыздың ақсақалдары: «Болмаса да болатындар бар. Болмаса да, болса да болатындар бар. Болмағанда болмайтындар бар. Абай данышпан болмағанда қайран қазақ не болатұғын еді», десіп, жаңылтпаш айтқандай жұмбақтап отырушы еді жарықтықтар. Онша түсінбейтінбіз. Ақылымыз кеш кірді ғой.
Алла тағала алашқа Абайды берді. Жаратқанның бұйыртуымен қазақ халқы әлемге Абайдайын перзент әкелді.
Абай өмірбаянының төрт түрін теріп кестелеген суреткеріңіз Мұхтар Әуезов 1950 жылғы, соңғы нұсқасында Құнанбайдың қырық бір жасында туған Абайыңыздың «өзіне ғана хас ерекше тағдыры болғанын» баян етеді. Екі шешенің тел баласы бопты. Аңқаулығы, нанғыштығы және тентектігі де бар екен. Үйіне қонған қонақтардың ертегі, әңгімелерін құлай тыңдаған. Он жасында әкесі Семейге әкеп, оқуға берген. Қырда да шамалы сауаттанғаны белгілі. Медреседе үш жыл оқиды. Аса зерек, ұғымтал, бір естігенін жаттап алатын алғыр болады. Өз бетімен көп ізденіп, араб, иран, шағатай тілдеріндегі әдебиет мұраларын игерген. «Приходская школада» орысша оқи бастаған. Өкінішке қарай, он үш жасында оқуынан, яки медресе-мектептерінен қайырып алған Құнанбай ел билеуге қарата қарқындата баулыған.
Одан әрі тарихы талайлы, теперішті көп тартқан халқына қорған бола білмекке бетбұрыс. Мыңмен жалғыз алысу. Жалақорлықпен, бәлеқорлықпен бетпе-бет келу. Жол іздеу. Торығу. Заң-зәкүндерді зерлеу. Орыстың тілі мен бай әдебиетін сәулелі санамен меңгеру. Шығыс шынарларына барған сайын терең бойлай беру. Өзін-өзі тану һәм табу. Ақындығы мен ойшылдығын жан- жақты дамытып, кітап дүниесімен біржолата бауырласып, біте қайнасып, достасу. Ахау Семейіңізде, алты ай қыста кітапханалардан шықпауы. Миха¬элис, Долгополовтар. Солардың сілтеуімен және өз түйсігімен тани түскен Пушкиндер, Лер¬мон¬товтар, Крыловтар, Толстойлар, Белинский¬лер мен Герцендер, Чернышевскийлер, Салты¬ков-Щедриндер, Некрасовтар, Байрондар, Гете¬лер, Спенсерлер, Спинозалар, Дреперлер, Мицкевичтер...
Ақырында «Абай елге де білгіш, кемел, халық қайраткері болып танылады. Қырыққа таман келген уақытта бұрынғы дүниенің асты үстіне шығып өзгерді. «Күншығысым – күнбатыс, күнбатысым – күншығыс болып кетті» дейді. Абай әрбір жақсы сөзді оқығанның артынан соның ағымына ақыл-оймен терең бойлайтын әдеттер табады» (Мұхтар Әуезов).
Терең ой – Абайдың айқындауында, үшінші асыл іс. Терең ойды үшінші орынға терең ойланып қойып отырған ұлы ойшылыңыз «ерте оянды, ойланды, жете алмады; етек бастыны көп көрді елден бірақ». Қазағына, халқына ұлы жол салып берген Абайыңыз, алайда: «Ой кіргелі тимеді ерік өзіме; Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме», деуге мәжбүрленді. Абай ойлай білмекте, ой тереңіне бойлай білмекте соны сапалар танытты. Әділетсіздікке, зорлық-зомбылыққа, парақорлыққа, бәлеқорлыққа, надандыққа өлеңі мен өнерін, терең ойын қарсы қойып, аяусыз күрес ашты. Өзге жаңалықтарын, өрелі өрістерін, көркемдік көкжиектерін, құнарлылық құпияларын айтпағанда, Абайдың өлеңі мен өнері, кемелдігі мен көрегендігі, терең ойлары әлеуметтік жаңару мен әлеуметтік жаңғырту мұраттарына қалтқысыз қызмет етті. Сондықтан да Мұхтар Әуезов мәністегендей, билік буындарындығы надандар Абайыңызды көпе-көрнеу «мұқатуға, жазықсыз жапа шектіруге, жазалап, қор етуге тырысты, Абайдың адамшылығын, халық сүйетін адал атағын, абыройын өлердей күндеді». Жауыздықпен жауықты.

Сол жауыздық адамзат Абайының терең ойын, ғажайып ойшылдығын да көре алмады. Күндеді. Күйінді. Оған Абайыңыздың өзі де өте-мөте «кінәлі» ғой, әрине. Қараңызшы. Ойға салып, байқаңызшы. «Ойланар елдің сиқы жоқ». «Ойланып, түзеле ме деп айтқанмын». «Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін». «Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды». «Ойым да ақ, жарым да ақ». «Ойсыздарға қосылма». «Бір тәуір дос; Тым-ақ керек; Ойы мен тілі бөлінбес». «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда». «Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну; я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер». «Алла тағала өзі – хақиқат, растықтың жолы. Қиянат – хақиқат пен растыққа дұшпан. Дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ме?»
Абайдың шығармалары терең ойдың өзіне де, сөзіне де шыпылдап толып, шымырлап қайнайды-ай. Өлеңінің бір ғана жолында екі мәрте, кей шумағында үш-төрт реттен қайталанатыны бар. «Ойды», «ойланды», «ойлауды» оймыштай отырып, әлсін-әлсін «терең ой» тіркесімен түйіп тастайтынына тәнтісің. «Ой» сөзін әдейілеп, инверсиялық ишаратпен әдіптей еселеп, санаңызға сәулелеп сіңірмекті көздейтін кемеңгерлігіне қайрансыз.
Абайыңыздың толық адам немесе кемел кісі, жәуанмәртлік жөніндегі теңдессіз терең ойларын абайтанушы абзалдарыңыз айтудайын айтып-ақ жүр, айналымға да ақырындап түсе бастағаны қуантады. «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім − ғалым» дейді хакім Абай. Аллаға шүкір, Тәуелсіздікке тәубе, терең ойға, терең ғылымға бетбұрыс байқала бастады бізде.
4. Қанағат
«Қағанаттан қанағат қашқалы қашан». Бірер жыл бұрын біз бір шығармамызды осылай бастаған ек. Әдетте қағазға түсетін қай-қандай көркем дүние де алғашқы сөйлемге байланысты болатұғынын қалам ұстағандардың көпшілігі мойындайды. Әлгі әңгімеміз сәл-пәл тәуірлеу туындылардың қатарында аталыңқырайды, әйтеуір.
Сол дүниемізде қанағатыңызға өз әлімізше өзгелердің де назарын жықпақты көздедік. Қанағаты қашқан қағанаттардың құрдымға жұтылғаны адамзат тарихынан белгілі. Қанағаты қашқан қоғамдардың ақыры аян. Небір-небір данышпандар «Қоғамның жаны − адам» депті. Қоғамның сапасы, сайып келгенде, адамның сапасынан десіп, азапқа буылыпты. Олай болса, жеке адамдардың қанағатсыздығы, құнығушылығы, тойымсыздығы мен тоғышарлығы қоғамның, яки қағанаттың құлдырауына, әділеттің жүдеуіне, ақиқаттың жадауына әкеліп соғады. Қанағатыңыз қасиетті, қанағатсыздығыңыз қасіретті. Осындай-осындай ойларды әдеби әңгіме арқылы да аздап-аздап аңғартайықшы деген мақсат қой біздікі.
Қанағат. Қасиетті Құран Кәрімді қараңызшы. Сүрелері мен аяттарында, соларды түсіндіре тәлімдейтін тәмсілдерінде қанағат дейтұғын қасиет тұнып тұрыпты. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадис шәріптерін бағамдаңызшы. Бастан-аяқ қанағатқа толы емес пе? Хазіреті Омар (р.а.) аз ғана демалғалы көз шырымын алған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бетіне төсеніш еткен шидің шиыр-шиыр ізі түскенін байқап, көңілі босап жылаған күйі бүй деген ғой: «Уа, Алланың сүйікті елшісі! Өзге елдің патшалары құс жастық, мамық төсекте жатқанда, сіздің мына қатты шиді төсеніп, жастанғаныңыз қалай?! Біз сізге жайлырақ төсек алдырайықшы». Сонда Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) байыппен ғана: «Жоқ, қажеті жоқ. Бұл дүниенің алдамшы, қызылды-жасылды қызығы солардыкі-ақ болсын, ақыреттегі мәңгілік өмір біздікі болса, жеткілікті емес пе?» деген екен. Тамақтануда да Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қанағаттан титтей де аспаған. «Асқазанның үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға, үштен бірін ауаға қалдырыңдар. Алла ашуын төгетін ыдысы – толы асқазан», дегенді де аманат еткен сол кісі ғой.
Қанағат. Қазіргі қазақ қоғамындағы қанағатыңыздың ахуалы нешік? Әрине, жоғарыда меңзегеніміздей, жақсы жақтарымыз жетіп-артылады, табыстарымыз толағай. «Адамдықтың рәмізі − шүкіршілік» дейді хадис шәріп. Шүкір. Алайда, тап осы қанағатқа келгенде көбірек күрсінесің. Көз алдымызға азайып кеткен айналайын қарлығаш елестейді. Қанағат пен қарлығаш егіз-қатар сияқты сезіледі. Әнебір әсіреңкі, әулекі, жылпос һәм жауыз, жыртқыш құс – сұрқоңыр, алақанат, аяр, алаяқ торғай көбейіп, қайран қарлығаш неліктен кеміп барады?! «Сұрторғай, неткен сұмторғай» деп Қайнар Олжай шырыл қақты. Тынымбай Нұрмағамбетов пен Жүсіпбек Қорғасбек «жүрек суылдатты». Мына біз де біраз-біраз бипаздаған боламыз. Бәрібір, қарлығашыңыз бен нәуірзегіңіздің иман ұялаған ұяларын ұят-аятсыз алақанат жекешелендіріп тартып алып, ән-әуездерін де иемденіп, рөлдерін алаяқтықпен атқарып жүр.
Қарлығашпен қатар қанағатыңыздың да қанаты қайырылып, нәуірзегіңізді нәпсі қырып-жоятын жағдайлар жоқ дей алмайсыз! Ауылда тұрдық. Үйімізге қарлығаш ұя салатын. Ауданда тұрдық. Өзгелерді таңырқатып, босағамыздың биігінде қарлығаш әндететін. Шымкентіңізге көштік. Бес қабатты бетон үйдегі пәтеріміздің есігі үстіне қарлығаш үйірсектеп, ұя салды. Подъезд бойынша бізде ғана бартұғын. Оншақты жыл болды, сол қарлығаштар қайда кетті екен?! Қайда-қайда-қайдалап, іздейсің. Сұмторғай ғана ма кінәлі? Әлде мына біздің де қанағатымыз қаңғалақ қаға бастады ма? Деп те қорқасың. Алла тағала кешіргей.
Айналайын Абай-ай… Қанағатты қалай-қалай қасиеттеген?! Ғылым тұрғысынан да таразылап, тазалыққа, адалдыққа, имандылыққа, жәуанмәртлікке жетелегісі келіп, өлеңімен де жетеңізге жеткізе жырлайды-ақ.
Абайыңыз өлеңінде де, қара сөзінде де қанағатсыз байлар туралы тіліп-тіліп айта білген. «Мен боламын демеңдер; Аяқты алшаң басқанға. Екі көзің аларып; Құр қарайсың аспанға». Бұл – өлеңінде. Ал енді қара сөзі мынадай: «Көңілдері көкте, көздері аспанда. Адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім – ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, Құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Соның діні, Құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны – бәрі мал».
Айналып қайта, оралып тағы Абайыңыздағы әді¬летті, ізгілікті іздейді: «Бәлки ғадаләт – барша ізгіліктің анасы дүр. Ынсап, ұят – бұл ғадаләттән шығады».
Қандай қоғамыңызда да, адамыңызда да әді¬лет¬тің басымырақ болғанына не жетсін-ай, не жетсін...
5. Рақым
«Алладан – рақым, Пайғамбардан – шапағат» дейміз. Абайыңыз бес асыл істің ең түпкі түйінінде рақымыңызды нұсқап отыр. Иә, баршаңызға рақым Жаратушы Иемізден болғай. Рақым дегеніңіз − Алла тағаламыздың нұрлы, айрықша сипаттарының бірі, әрі құдіреті күшті Құдайымыздың бір есімі. Махшарда есеп алғанда да адам баласынан рақымдық риясыз қылықтар қаттырақ сұралады әрі қалтқысыз қысапқа тіркеледі.
Бес асыл істі бәдіздеп, бедерлеп беріп кеткен ұлы ақыныңыз ғылымды, рақымды, әділетті өзгеше өрелеп, өзгеше өрнектеп көрсетеді. Абай¬танушылар асқақтата айрықшалап, тіпті Мекемтас Мырзахметұлы сынды мінәйі мінезді, шынайы ниетті ғұламаңыз Ясауи мен Баласағұннан бастау¬латып, Құнанбайұлымен қайнарлатып, ыждаһат, адамгершілік, жәуанмәртлік ұғымдарын ізгілікті іргетас ете отырып, түркі дүниесінің тектілік тағылымын, моральдық кодексін кескіндеп-кешендеуге болатынын бәтуалай байыптап, қайта-қайта ұсыныс жасап жүргені де бекерден-бекер болмасқа керек.
Адамзатыңыздың асыл кітабы Құран Кәрімде де, Мұхаммед пайғамбарымыздың хадис шәрібінде де «Ең көркем жаратылыс − адам» делінеді. Көркем жаратылыстың көркемдігі ең әуелі мейір¬бандығынан, яки Абайыңыз айтып отырған бесінші асыл іс – рақымынан білінер. Жиірек жазатынымыз рас: осы күнгі адамдарыңыздың жандүниесі, қарым-қатынасы қатыгезденіп, мейірімі, яки рақымы азайған үстіне азайып барады деп. Махаббат пен зұлымдық адамзат жаралғалы арпалыста ғой, алайда, тап қазіргі заманда атышулы арпалыста неліктен аярлық пен алаяқтық, қатыгездік пен қараулық, құнығушылық пен жандайшаптық, жемқорлық пен парақорлық, бәлеқорлық пен жалақорлық жеңіп кете береді деп. «Ақша-Құдайға» табынушылық адамдарды да, қоғамдарды да билеп-илеп алды деп. Жә, жарайды. Қара суды қаптатып, мынау ғажап дүниеге қара бояуды қалыңдатып жаға бермейік.
Мейірім, қайырым, рақым сияқты сапалар, қадірі зор қасиеттер кез келген пенденің болмысына біте бермес. «Әр адамның Құдайы – өзінің ары» дегенді данышпандардың талай-талайы айтыпты. Айыптың зоры, әрине. Бірақ бұл қағиданың құлаққа қонатын астарын аңғару айып емес секілді. Ар-ұжданыңызды аударсаңыз, араб тілінен тәржімелесеңіз, табу деген ұғым екен. Ар-ұждан − өзіңнің шынайы табиғатыңды табуға, Алла тағаланы тануға саятын сапалық сипат. Имамдардың имамы Ғазали ұждан, ар, рақым хақында небір-небір пайымдар қалдырыпты. Ар-ұжданның, Абай айтқан жүректің «ишарасын» сезбей, «айтқанын» аңғармай, құлақ қойып үлгермей қалатындығымыздан, көбіміз мейірімнен мақұрымданады екенбіз.
Бәрібір, көркем мінез, қайырымдылық, мейірім, рақым – мәңгілік. Себебі, олар ең әуелі Жаратқан Иемізге тән. Жаратқан Ие Жер-Анаңызды, күллі ғарышты негізінен мейірбан, адал, қарапайым, алдау қоспай еңбектенетін абзалдар, ізгілікпен ізденетін ғалымдар, Хақтың хақ жолындағы хакімдер үшін ұстап тұрыпты. Сақтап келе жатыпты.
«Тірі адамның жүректен аяулы жері бар ма? Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса еді демек, бұлар – жүрек ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады», дейді Абай. Қайрат, ақыл және жүректі таластырғанда да Абайыңыз айналып келгенде жүрек шіркінді жақтап шығады. Жүрекке жеңдіреді. Мейірбандығыңызды меңзеп, рақымыңызды риясыздайды. Ғылымды көкке көтеріп кестелейтін, үш өлеңінің бірінде ғылым дейтұғын ғажайыпқа оралып отыратын, қара сөздерінің де көпшілігіне ғылымды арқау ететін Абай кенет: «Мұңдасып шер тарқатар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік», деп аспандағы әспетін жерге бір-ақ ұрады. Бұл орайда да кісідегі жүректі, жүректегі жылуарлықты, риясыз рақымды көксеу көрініп тұр.
«Талап, еңбек, терең ой; Қанағат, рақым, ойлап қой. Бес асыл іс, көнсеңіз». Неліктен осы бесеуін «сөз» деп жазбай, «іс» деп мәнерлеген? Мәнісі неде? Әрине, Адамзаттың Абайы алашын, қазағын нақтылы іске шақырды. Оқиық Абайды. Орындайық айтқанын. Іспен.
 
 
Бес дұшпан
1.Өсек
«Бес нәрседен қашық бол» деген данышпаны¬ңыз¬дың бес дұшпанын бес саусақтай білмек жөн. Олар: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ.
Қазағыңыздың қаны таза, тегі асыл, шынайы¬лы¬ғы басым, уәдеге берік, сөзі мен ісінің арасында алшақтыққа жол бермейтін өзгеше жұрт екенін, басқаларды былай қойғанда, он жетінші ғасырыңыздағы орыс-орман зерттеушілері де зерделей келе мойындауға мәжбүрленген. Қыр¬ғыз-қайсақ, қара қырғыз, өзбек және сарт дей¬тұғын жұрттарды салыстыра отырып сипаттама бергендердің талдамалары осылай ой қорытады.
Таңғаласыз тіпті. Сонда Абайыңызды азапқа буған кесел-кесепаттар қайдан пайда болды? Дерттер қалай дендеген? Әрине, басқыншылықтың, отаршылықтың ойрандары, алпауыттардың аярлық саясаты, аз ұлттарды бір-біріне айдап салып, бірін-бірі жойып жіберуін көздеген, ұлттық уыздарға у құйып, жүз-жүздердің, ру-рулардың, тайпа-тайпалардың арасына іріткі сеуіп, өзді-өзін іштен кеміріп жеп тынуына жетпек мақсаттағы тынымсыз жымысқылығы мен тіміскілігі қайран қазағыңыздың да қадірдан қасиеттерін жүндей түтіп жұқартқан. Орыс ойрандап, қалмақ қағынып, қоқан қоқаңдап, қаншама жыл билеген. Жағымпаздық, жандайшаптық, опасыздық, сатқындық, арызқойлық аурулары обадайын ойсыратқан.
Осылайша өсек дейтұғын індет те ішіңізге кеулей кіріп, індете жайлаған. Жағымпаздық пен жандайшаптық және сатқындық үшін де өсек дегеніңіз өзгеше құрал еді. Қайсақ, қассақ – қазақтың қан тазалығы, тектілігі сақтала тұра құлық-қылықтары мен мінез-машықтары мұқым-мүлде сансыраған сипаттарға көшіп үлгерді. Сөзінің де, өзінің де қадірі кете бастады. Сөзі мен ісінің арасы алшақтап, сана сапасындағы қара дақтар қабынды. Өсек өршіді. Ғайбат қағынды.
Адамзаттың Абайы өсек дейтұғын дұшпаны¬ңыз¬дың әбден басынып, басқа шығып тайраңдаған тұстарында өмір кешті. Адамдықты ту етіп көтеріп, надандықты ашық әшкерелемек мақсаттағы, ұлтын ұлағаттандырмақты мұрат тұтқан хакіміңізді көре алмаған, бақкүндес болған жанындағы жақын надандар да, алыс адамдар да өсекті қару ретінде қараулықпен қолданды. Абайыңызға қарсы. «Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, егер сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады», дейді Абай. Көңілі мен көзі алаңдап, сөзіңізді түгел тыңдап тұра алмайтындарға кенет өсек соғыңызшы. Қалай құлақ қоймас екен?! «Өзі пәле шығаруға пысық, я сондайлардың сөзін «естігенім», «білгенім» деп елге жайып жүріп, ырбаңдауға пысық өнерлілерге қосылғандай көрінеді», дейді Абайыңыз. Өсекті – өнер деп ұғатындарды әшкерелей отырып, ырбаңшылдар мен ыржаңшылдарды қайталай жазуында, қара сөздерінде ғана емес, өлеңдерінде де: «Тасыса өсек; Ысқырта кесек – Құмардан әбден шыққаны» дегендейін жолдардың еселенуінде мәніс көп.
Алаш ардақтысы, рухани реңімізді үнемі кіргізіп тұратын титан тұлғамыз Ахмет Байтұр¬сын¬ұлы да кезінде осы өсек пен ғайбаттан күйіп жүріп бүй деген: «Қинамайды абақтыға жапқаны; Қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен; Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны». Өсек «өнері» өршіген, өршелене үр¬ген, ұлтты үрегейлендірген отаршылдық жүз¬жыл¬дықтары, тоталитарлық жетпісжылдық, әдейі жасалған ашаршылықтар, репрессиялық-саяси қуғын-сүргіндер, өзге де запыранды зоба¬лаң¬дар артта қалды. Дейміз. Алайда, Абай айт¬қан дұшпанды дос тұтып, өсекке өзегімізді суы¬рып берерліктей болатұғынымыз, ешқашан ажы¬рағымыз келмейтұғыны неліктен екен?! Бүкіл болмысынан, әрбір әрекетінен Алаш мұраткерлерінің ерендіктері анық-айқын аңғарылатұғын Асанбай Асқаровыңызды да қорқау қоғамыңыздың қарау ниеттілері өсек-ғайбат пен өтірік арыздың құрбанына айналдыра қорлап, төрт жарым жыл түрмеге қаматып қойды.
Өсекті өнерге балайтын, өсектен өзгені тыңдағысы келмейтін, өсек іздеп «не көңілі, не көзі алаңдап отыратын» кесел-кесепат келешекті кесетінін, кесе-көлденеңдейтінін сезе тұра сезінбейтініміз һәм нөмірі бірінші дұшпаннан безінбейтініміз қалай?! «Сағындым, жаным, мен сені! Көркіңді жүрген қуаныш қылып, мендей ме екен бар ағаң? Шын інім болсаң, бас бұрма, жаным, өсек-ғайбатқа бораған», деп шырқырай шарқ ұрды-ау қазақ поэзиясы теңізінің ақ шағаласы Айбергенов Төлеген. Апырай, дейсің аң-таңдана. Айбергеновтейін ақжүрек ақыныңыздың айналасында да өсек-ғайбат борапты-ау. «Мына менде дос жоқ», деп жазды қазақ қарасөзіндегі қайталанбас шайырыңыз, көркемдіктің кербұғысы Оралхан Бөкейіңіз. Ойпыр-ай, дейсің опынып. Төлеген-таланттың төңірегінде бораған өсек-ғайбат адамсүйгіштігі һәм алашсүйгіштігі алабөтен аймүйіздіңіз Оралханды да орағанын қараңызшы. Айтпақшы, «Ақында адамзаттан дос болмайды» дегенді алашшыл асылыңыз, ерен есіліңіз Мағжан Жұмабаев та айтып кеткен.
Мына бүгініңізде ел өзгерген. Жетілген. Өскен. Көп-көп жақтарынан. Қазағыңыз мұндай мерейлі мемлекеттік белестерге шығып көрмеген. Биік беделдерді иемденбеген. Сонда да өсек-ғайбат етектен тартады-ай.
2. Өтірік
Біздің бір апатайымыз болды. Марқұм қызық кісі еді. Адамдарды бір-бірімен жақындастырып, ұрысқандарды татуластырып жүретін. Сол апай: «Зияны жоқ, залалы тимейтін өтірікті сықпыртып соға беріңдер, кешіріледі», дейтін. Өзі өтіріктің зиянсыздарын заулатып, жиі-жиі қайталай беретіндіктен, кейбіреулерін шындай көріп, сеніп қалып, әжептеуір әлекке түсіп әуреленетін.
Бүгінде сумақай суайттар көбейген. Өтіріктері зиянсыз болса, мейлі ғой. Жалғаншылдық, жыл¬пос¬тықтары жаман. Көріп-біле тұра кешіріммен қарауға мәжбүрсіз. Мұхаммед пайғамбарыңыздың (с.ғ.с) хадистерінде: «Кешіре бер, кешірімді бол. Кещелер кешірмесе де, кешіре біл» дегендейін аманат¬тар аз емес. Қазіргі қаптаған өтірікшілерге де осы тұрғыдан қарамаққа ұмтыласыз, әрине. Алайда, аурулары алқынғыш-ақ. Бықсық пен бы¬лапытқа оранған өтірік өртше өршиді. Бықсықтар өтіріктің өзіне айналып алады. «Өтірік-өсек» дейтұғын ЖШС құрып, соның сойылын соғатындай сезіледі.
Бықсыма-былапыт өтіріктер белең алған жерлерде жақсыларыңыз бен жайсаңдарыңызға жала жабылып, адалдарыңыз бен абзалдарыңызға күйе жағылады. Бықсыған өтірік, қаулаған қауесет, жалған ақпарат жасап шығарудың жымысқы жолдары өте көп. Бықсыған өтіріктер мен өсектер бықсыма пиғылдан быжынайды. Бықсық адамдарда, сусыма суайттарда бықыған бәле-бәтірлер көп болады. Олар әңгімелеріне де, әрекеттеріне де алдау қоспай, аярлық араластырмай, бықсытпай жүре алмайды. Өмір салттары солай. Өтірікті өзгеше пайдаланып, табыс табады, бизнеске айналдырады. Ондайлар шындықты, адалдықты, абзалдықты, ізгілікті, әділдікті жақтырмайды, тіпті жек көреді. Шын таланттылар мен дара дарындыларды көре алмайды. Жау тұтып, жауыздық жасайтыны да осы себептен шығар.
Оны айтасыз, бүкіл байтағыңыздың, ел-жұртыңыздың, мемлекетіңіздің жасампаз да жарқын жақтары өтірікпен өреленген бықсымаларға онша ұнай қоймайды. Іштерін үнемі қызғаныштың қызыл иті тырналайды. Елдің бақ-берекесін де, біреудің байлығын да, барлығын да, білім-білігін де, еңбекпен қол жеткізген жеңістері мен жемістерін де қызғанады. «Өзгенің қуанышына өз қуанышыңдай қуану – адамның ең қымбат қасиеті» деген ниеті мөлдір қаламгер Немат Келімбетовтің қағидасына жымысқы жалғаншылар жауыға қарайды. Жасырмайды және оларын. Қуанса да өтірік қуанғансиды. Жалған жымияды. Өтірік жылайды. Өтірік құттықтайды.
Көп-көп жағдайда жалғыз ғана жалғаншыңыз, бір ғана бықсыма өтірікшіңіз бүкіл бір отбасын, бүкіл бір әулетті, ұжымды немесе ұйымды ғана емес, айнала-ауылыңызды, көше-көлеміңізді, тұтас аймағыңызды, тіпті түгел өңіріңізді бықпырт тигендей бүлдіріп, былғауы бек бәлкім. Бықсыта берсе. Өтірікті өрістете өжеңдетсе. Себебі сол, өтірік пен өсекке, бықсыма былжыраққа иланатындар көбейген. Жалғандыққа жаппай құлақ қоятындар еселенген. Өтіріктің өңмеңдеу өзгешелігін, жылпостықтың жандайшаптана шапшуын кей-кейде кәсібиліктің, кәсіпкерліктің көріністеріндей, осы заманғы пысықтықтың белгілеріндей бағалаушылық жиі кездеседі. «Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай» етіп бағатындарды, алаяқтарды, пайданы ғана көздейтін пысықайларды көре тұра, біле тұра «бәледен аулақ», «бетпақтан жырақ», «машайықтан қашайық» дейтіндеріңіз де ып-рас. Беттеріне басуға бетпақтығыңыз жетпес. Шындықты шыжғырмаққа жүрек шіркініңіз шыдамас. Сондықтан өзіңізді де өтірік алдайсыз. Ашық кетпектің орнына жалғаншы жылпосқа, бықпыртшы бықсымаға басыңызды шұлғымаққа мәжбүрсіз. Шылғи өтірікке шыдай-шыдай етіңіз өледі. Шырқырай-шырқырай жүрегіңіз де көнеді.
Өршелең-өжең өтірік, бықсыма мен бықпырт, жалғаншы жандайшаптық жеке адам-надан түрінде ғана емес, алуан-алуан ақпарат көздері, мәтбұғаттық басылымдар, қымбат қағаздарды қор еткен қалың-қалың кітаптар, тасқа басылған басқа да безбүйрек бірдеңелер, тасжүрек туындысымақтар түрінде де, сондай-ақ өз жеріңіздің ғана емес, өзге жұрттардың да тарапынан шығатын БАҚ және ЭБАҚ арқылы да ақыл-ойларды жаулап, сана-сезімдерді буып жатыпты. Зиянсыз, залалсыз өтірікпен, қазақы қы¬рық өтіріктің рухымен жылап көрісесіз қазір. Өті¬рік, яки «өтекең» де көп реттерде қатерлі ісік¬тейін кеу¬леп кетіп барады-ай.
Абайыңыз осынау екінші нөмірлі дұшпаныңызға қарата: «Өтірік арыз көп берсе...», «Өтірік, өсек, мақтанға; Ағып тұрса бейне су», «Терең ой, терең ғылым іздемейді; Өтірік пен өсекті жүндей сабап», «Өтірік шағым толды ғой; Өкінер уақытың болды ғой», деп әшкере әйгілеген. Өлеңдерінде. Ал енді қырқыншы қара сөзінде: «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай тынбайтыны қалай?» деп қапаланады.
Қазір қандаймыз осы?
3. Мақтаншақ
Әр көкейде кетпей жүрер сұрақтар болады. Мәселенки, әрқайсымыз да: «Кенет Абай қазіргі қазақ ішіне қайта оралып келсе, қайран жұрты туралы не дер еді?» дегенді жиі-жиі ойлаңқырап қоятынымыз рас. Естіп, байқап, өз ішіңізге һәм үңіліп жүрсіз. Біразырақ бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде осы тақылеттес тақырып қозғалды. Сұхбатқа қатысқан ақеділ академик Сейіт Қасқабасов та, белсенді саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов те, айтулы абайтанушы Жабал Шойынбет те, өткірдің жүзіндей шынайы журналист Қасым Аманжол да терең ойларға беріліп тебіренген. «Қандай кемшіліктерді көрер еді?» дегенге байланысты төртеуі де негізінен жағымпаздық, мақтаншақтық, кеудемсоқтық, сатқындық сияқты мінез-құлықтарға баса назар жыққан. Шектен тыс мақтангөйлік пен жандайшаптана мақтаушылық мазасыздандыратын танымал тұлғаларымыздың бәрі дерлік қазекеңнің сапасы артқанына, ұлттың ұлағаттанғанына, Тәуелсіздік тұсындағы табыстарға Абайыңыз айтарлықтай-ақ қуанар еді деген пікірді де дәйектей дәлелдейді.
Біздің бұрынырақтан байқайтын бір жағдаятымыз бар. Ғажабы сол, адамзатыңыздың Абайын терең-терең зерттеп, ерен-ерен еңбектер жазып, жұмбағына бойлаңқыраған кім-кіміңіз де ешқашан бос мақтанға, мақтаншақтыққа бой алдырмайды. Данышпан ойшылдың, Хақ тағаланы тебірене толғайтын хакімнің парасат мұхитында талмай жүзген жауһарларыңыз Абайға тереңдеу арқылы шектен тыс мақтанға, өлшеусіз мақтаншақтыққа бой алдырмайтын абзал қасиетті қандарына қалтқысыздықпен құйып, сүйектеріне сүйіспеншілікпен сіңіріп алатындай-ау. Бағамдап, байыптап байқаңызшы. Бәр-бәрін түгендемей-ақ, бірнешеуін ғана тізімдегеннің өзінде дәлелденіп тұрыпты.
Абайтану ғылымының алыбы, теңдесі жоқ титаныңыз Мұхтар Әуезовті алыңыз. Қайран қадірдан ағамыз Қайым Мұқаметхановты еске түсіріңіз. Жәуанмәртлік жөнінде талдама терген Мекемтас Мырзахметұлын зерлеңіз. Абай сыншылдығы мен шыншылдығындағы жаңашылдықты қаншама қырларынан қайымдаған Сейіт Қасқабасовқа қараңыз. Абайтануға һәм құнанбайтануға және алаштануға қайталанбас қарқын қосқан, тың да тосын ағыстар арналаған Тұрсын Жұртбайды тыңдаңыз. «Ғашықтық, құмарлық пен ол – екі жол» әуезіне ән жазып әуелеткен, өзі де анық Абайыңызға ашық ғашық болған, қаншама жұртты данышпаныңызға ынтық еткен Тұрсынжан Шапайға үңіліңіз… Қайсыбірін айтайық-ай. Құдайға шүкір, Құнанбайұлын зерттеушілер, яки абайтанушылар аз емес. Солардың бірде-біреуі мақтаншақ емес. Мұхтар Әуезовтейін әлемдік деңгейдегі кемеңгеріңізден бастап. Мың мәртебе масайрайтындай тірлік тындыра тұра Әуезовіңіз Абай айтқан мақтаншақ дейтұғын дұшпанға бой алдырған жоқ. Мақтаннан аулақ боп өтті. Қайым аға да қарапайымдылығынан танбаған. Мекем көкеміз де, ойпыр-ай, мінәйі мінезінен титтей ауытқымайды. Қасқабасовыңыз қасқа тісін көрсетіп, ұяла күлімсірейді. Мақтанғандағысы сол ғана. Тұрсыныңыз түнере түйіледі ылғи. Шапайдың да шаттанар шағы шамалы.
Мақтаншақ дегенді Абай бес дұшпанның қақ ортасына қойған. «Өңкей жалған мақтанмен; Шынның бетін бояйды. Бұл сөзімде жалған жоқ; Айтылмай сөзім қалған жоқ». «Мақтау – жел сөз жанға қас; Қошеметшіл шығарған. Бір мақтаса, тоқтамас; Ел табылса, құмарлан». «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы; Боқтан сасық боласың өлсең тағы. Мені мен сен тең бе деп мақтанасың; Білімсіздік белгісі – ол баяғы».
Осылай жалғаса берер. Айналайын Абайдың туындыларына терең ой жібермекке тырыссаңыз, өлеңдеріндегі өрнектерді дамытар дарын айрықшалығын қырық бес қара сөзінен аңғара алсаңыз, анық Абайыңыздың өз болмысында да бір түйір бос мақтан, яки мақтаншақтық жоқ екендігіне көзіңіз жетеді.
Жалған дүниеде жалпы адами затыңыз мақтағанды және мақтанғанды шеккі көрмес. Әсіресе, ақындарыңыз бен жазушыларыңыз, журналистеріңіз, актер-режиссерларыңыз, композиторларыңыз, әнші-күйшілеріңіз, ғалымдарыңыз, спортшыларыңыз, тағысын-тағыларыңыз мақтағанды да, марапаттағанды да айрықша жарататыны аян-дүр. Шабыттандырмаққа, қанаттандырмаққа, ынталандырмаққа қажет-ақ шығар. Сондықтан да ардақ тұтып алқалап, арқадан қағып, сый-сияпаттар жасап, қошемет-құрмет көрсетіп, мерейтойларын өткізіп, мерейлерін тасыту – елдіктің белгісі. Десеміз. Қазіргідей қым-қуыттанған, адамдардың жаны, қарым-қатынасы қатыгезденген заманда жылы сөзге, шынайы пейілге, ыстық ықыласқа кім-кіміңіз де зәру. «Жақсы сөз – жарым ырыс», дейміз. Қашаннан-ақ қазекем өнер адамдарына өзгеше қараған.
Қай-қандай салаларда да жеңістерді, жетістіктерді, озықтарды бағалай білгенге, бағасын бере білгенге, көкжиекті кеңейтушілерді көре білгенге, бір-біріңе марқайып, бір-біріңді марқайтып, бір-біріңді бауыр тартқанға, біріңді-бірің батыр дескенге не жетсін-ай, не жетсін. Абайыңыз: «Біріңді, қазақ, бірің дос; Көрмесең, істің бәрі бос», деп түйген ғой.
Бірақ, бос мақтан, бәрібір, біздің қазақты жақсылыққа апармас. Көл-көсір көлгірлік, көкезулене кеуек көпіру керек пе? Өтірік мақтау, шексіз мақтангөйлік, даңғойлық қайда, қай қиырға соқтырар? Пендеміз. Бәріміз. Өсектен де, өтіріктен де, мақтаншақтықтан да сау емеспіз. Бірақ, бәріне де өлшеу болмағы ләзім. Өлшеуінен, мөлшерінен асса, Абайыңыз абайлағандай-ақ, «боғы шығады».Мақтаншақтық пен мақтамақтың миын шығарып жіберген жақтарымыз жоқ емес-ау, ағайын.
4. Еріншек
Абайыңыздың айтуында есірген еріншектіктен өткен кесепатты кесел жоқ. «Сабырсыз, арсыз, еріншек; Көрсеқызар жалмауыз. Сорлы қазақ сол үшін; Алты бақан алауыз», деген де, «Еріншек ездігінен көпке көнбекті» үкімдеген де хакіміңіз. Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсенің қатарында да Абай еріншектікті ерекше келтіреді. «Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық; жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады». «Керекті уақытында ойламай, керекті уақытында қылмай, керекті уақытында айтпай, дәйім уақытынан кеш қалып, «әй, әттеген-ай!» үйтуім екен, бүйтуім екен деп, өмір бойы ғафил болып-ақ отырғаның».
Осы жолдарды қайталап оқып, ойға түсесің. Кенет терлеп қоя бересің-ау. «Әй, әттеген-ай!» деп, бармақ тістейсің. Еріншектікті мойынға мінгізіп, марғауланып, талай тауларға шыға алмай қалғаныңа күйініп күрсінесің. Біздің аймақта, бұрынғы Бүйрекбастау, кеңес кезіндегі Жаңаталап ауылында туып-өскен, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ауыр жараланып оралған, ауылдарды өрге сүйрескен, кейіннен ел ағасына айналған Ережеп дейтұғын көкеміз болушы еді. Ауылда жүріп-ақ Алматыдан келетін академиктеріңізбен иығы теңесіп көрінер кемел кісі-тұғын. Сол ағамыз ауылдардың, ауданның талай-талай көген көздерін тәлімдеп-тәрбиеледі, сөзімен де, ісімен де, отбасы арқылы да, әулетінің әуезімен де өнеге мектебі бола білді. Айтып отырушы еді: «Ешқашан еріншектікті мойынға мінгізбеңдер. Түсуі қиын болады», деп. «Бүгін бітетін істі ешуақытта да ертеңге қалдырмаңдар», деп. Ұрпақтарын да, айнала-төңірегін де еңбекке, ерінбеуге, білім іздемекке баулыды. Ұл-қыздарын, жақын-жуықтарын ғана емес, басқа жұртты да кетпен-күректен ерінбеуге үгіттеп, қара жұмысқа жұмылдыра жүріп, асарларды басқарып, ағалық жасар еді. Соның өзінде, сонау алпысыншы жылдардың ортасында-ақ: «Білім – басты капитал» дегенді жиі айтатын.
«Ерінбей істей беру керек қой. Бір-екі қара тапса, малға бөге қалған кісімсіп, «маған мал жоқ па?» дегендей қылық, еріншектік, салқау-салғырттыққа, кербездікке салынады», дейді Абай еріншектік туралы ежелей, ережелей түсіндірмекке тырысып.
Еріншектік есігінен төріне дейін жайлап алған жалқау отбасылар ауылдарда да, қалаларда да аз болмай тұрыпты. Тап қазіргі заманыңызда. Қарбаласқан қоғамыңызда. Жаппай ұмтылыс пен құлшыныс басымданған еліңізде де еріншектік есер дұшпандығынан жаңылған жоқ. Бір ауылды алайықшы. Елу шақты үйінің бейнетқорларында жиырмашақты жылқы тай-құлындарымен, оншақты ірі қарасы тана-торпақтарымен, жетпіс-сексен қой-ешкісі үй берекесін кіргізулі. Бала-шағасын оқытып, бірқаншасына ауданнан, қаладан, тіпті Астанаңыздан үй-жай әперіп, тойларын жасап, келіндерінің құрсақ шашулары мен шілдеханаларына дейін өткізіп, құда-жекжаттарының ынтымағын нығайтып, тату-тәтті тіршілік кешіп жатыпты. Орташалары да жаман емес. Олар – отыз үйден асады. Ал енді «кербез кедейлерінде» береке жоқ. Олар – оншақты. Тас бүркеніп ұйқы соғу. Арзан араққа құнығу. Карта ойынымен осылу. Әктелмейтін, тазаланбайтын, иіс-қоңыстан арылмайтын үйлер. Қираған қора-қопсы, қисайған шарбақ. Қара сора мен шоңайна басқан үйіргелік телімдер. Жерден жүгеріпаяның қурайын көтеруге ерінер егделер. Қалаға қашып, онда да түк таппай, қылмысқа ұрынып, сотқа тартылған сотқар бозбалалар. Әлдекімдердің арбауына алданып, құрсақтарын томпайтып қайта оралған қыздар.
Еріншектіктің есерлігі күрделіленіп кеткендей. Тер төкпестен, маңдай терлетпестен, жан қинамастан, ұят-аятсыз ақшалы болмаққа жанталасу, алаяқтық, алдап-арбау, ұрлау, бопсалау, тіпті тілемсектік пен сұрамсақтық, құйтырқылығы қағынған қайыршылыққа дейін – бәр-бәрі Абай ежелеген еріншектіктен күшіктеген кежік-кекірлер.
Еріншектік туралы ойлағанда, айтыңқырағанда көбінесе қара жұмыс жағын, «екі қолға бір күрек» жағдаяттарын елестетеміз ғой. Шынтуайтында, «ең үлкен кесір − еріншектік» қай салада да сананы сансыратады, сапаны төмендетеді. «Жан қуаты басында кішкене болады, ескермесе жоғалып та кетеді, ескерсе, күтіп айналдырса зораяды. Жан қуатымен адам хасыл қылған өнерлері де күнде тексерсең, күнде асады. Көп заман тексермесең, тау¬ып алған өнеріңнің жоғалғандығын және өзіңнің ол мезгілдегіден бір басқа адам боп кеткеніңді білмей қаласың», дейді данышпан. Ойпыр-ай десеңізші, «өнерін жоғалтқан», «басқа адам боп кеткен» атақтыларыңыз аз ба? Басқаларымыз ше?!
Ай, айналайын Абай-ай.
5. Бекер мал шашпақ
Айналайын Абай кенет тіріліп келсе, бүгінгі адамды, бүгінгі қазақты көрсе, қайтер еді? Не айтар еді? Деп қоятынымыз рас. Мұны жоғарыда да жайбағыстаған едік. Бесінші нөмірлі бас дұшпан бекер мал шашпаққа байланысты әдейі қайталап отырыппыз.
Иә, егер Абай тіріліп келсе, бұдан бұрын да меңзегеніміздей, қазағының жетілгеніне, елдігінің артқанына, көсегесінің көгергеніне қатты-қатты қуанар еді. Әрине, қуанып-қуанып алып, қатты-қатты ренжіп, «бетті бастым, тұра қаштым» демесе де, ойып-ойып ойларын ортаға тастар еді. Бекер мал шашпақтың асқынып кеткеніне күйініп: «Кеселді түйін шешілсе; Кердең мойын кесілсе, Келмей кетпес кезіне. Ол да – Құдай пендесі; Түспей кетер деймісің; Тәңірдің құрған тезіне», дер ме еді?
Осыншалықты орасан зор, толағай табыстардың тасасындағы құныққан құлқын, кердең мойын жемқорлар мен парақорлардың соншалықты ардан безгендігі қалай? Қайран қазақтың несібесінен миллиардтаған долларларды жымқырғандардың шет жұрттарға жылыстап кетіп, жайбарақаттанатыны қалай? Қанағатсыздықтың, құнығушылықтың, тойымсыз тоғышарлықтың, қулық-сұмдықтың, сатқындықтың, сыбайласқан жемқорлықтың үйреншікті жағдайға айналғаны қалай? Тәуелсіздікке зорға қол жеткізген қазағым, қайран жұртым! Жемқорлықтан ісініп екі ұртың, ашкөздіктен айланып мұрын-мұртың; Кетірдің ғой еліңнің сиық-сұрқын. Мұның қалай?!». Дер ме еді? Қара сөздеріндегі «қалай-қалай-қалайлап» қояр сансыз сауалдарын қайталай қаһарланып алып: «Арамдықтан жамандық көрмей қалмас; Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек» дер ме еді?
Бекер мал шашпаққа байланысты баяғы заманда Абайыңыз бүй депті: «Ел қағынды; Мал сабылды. Ұрлық, өтірік гу де гу. Байы – баспақ; Биі саспақ; Әулекі аспақ сыпыра қу». Алаш ардақтысы, адам ахлағы мен ұлт мінезі хақында үнемі уайым шеккен шебер қаламгеріңіз Жүсіпбек Аймауытов қазақтың «жоққа сенгіш, жатқа жем, өзінен шыққан жақсыны сыйламайтын бақкүндес, бөспе-бәсекешіл, айран көз, айтқанды ұқпас ақпақұлақ» екенін аяусыз шенеп-сынаған. Бекер мал шашпақтан шығады ғой, қайбір жылы халық жазушысы, ұлтының сүйікті суреткері, көркемсөзіңіз көшбасшыларының бірегейі, қазақ журналистикасының қолбасшысы атанған Шерхан Мұртазаны шымкенттік бір байшыкеш той ашқызбаққа Тараздан шақыртып алдырыпты. «Шераға, той ашарда не демексіз?» дедік қарап отырмай. «Не айтам?! Алла аузыма не салса, соны айтам!» деді ашуланып. Той басталды. Сөйледі. Шерағаң. «Адамдық пен надандық арпалысқан заманда Алла сендерді надандықтан сақтасын! Тектілік пен тексіздік текетірескен қоғамда Тәңірі сендерді тексіздіктен сақтасын! Көргенділік пен көргенсіздік кескілескен кезеңде Құдай сендерді көргенсіздіктен сақтасын!» деп, жеті-сегіз минөттей мақамдап, Мұртазаңыз алты жүзден асатын жұртты сілтідей тындырды. «Аға, тамаша шықты! Ғажап болды! Біз неге өстіп айта алмаймыз?» дедік. Шерағаң мұртынан мырс етіп: «Алла ауыз таңдамайды деп кім айтты саған?» деді. Той иесі байшыкештен сұрадық. «Анау шетелдік екі әншіге қаншадан бересіз?». «Жиырма мың доллардан». «Алматыдан алдырған, алты ән шырқаған атақты қарындасымызға ше?». «Алты мың доллар». «Ал, Шерағаңа ше?» дедік. «Немене, ол кісіге де ақша беру керек пе? Шапан жаптық қой», деді бағланыңыз. Әнекиіңіз, солай. Жүсекеңнің «жатқа жем, өзінен шыққан жақсыны сыйламайтын бақкүндес, айран көз, ақпақұлақ» дегенді неліктен күйініп тізгеніне түсіне түсесіз. Әлгіндей әулекілікті көргенде.
Бесінші дұшпаныңыз – бекер мал шашпақты Абай «Болыс болдым мінекиінде», «Мәз болады болысыңында»» «Партия жиып, мал сойсасында», «Шашты малында», «Сегіз аяғында», «Заманақыр жастарында», қысқасы, бес өлеңінің бірінде және қара сөздерінің көпшілігінде мәністеген. Қазіргі құбылыстарда да, бүгінгі сайлауларда да, күнделікті тұрмыс-тіршілікте де, қырда да, ойда да, тойда да сол сырқаттар сүйек сырқыратады.
Тәуелсіздікке тәубе дей отырып, көп-көп кілтипандарға, күбірткелерге күрсіне кіртиесіз. Данышпан хакімнің иманигүлін, жәуанмәртлігін, ғаделет пен Тәңірінің тезі хақындағы үкімін үкілей уһілейсіз. Абай әспеттеген Сократыңыз да: «Әр адам өз ісімен адал айналысқанда ғана әділ қоғам орнайды» деп армандаған екен. «Ел бұзылса, табады шайтан өрнек; Періште төменшіктеп, қайғы жемек» дегенді өрнектеген Абайыңыздың алаштан, қазақтан шыққанына мың да бір шүкір.
Бес асыл ісін алға шығарып, біраз-біраз бипаздадық. Бес дұшпанын аздап-аздап «азаптаған» болдық. Азаткер Абайды оқып, орындайық демекті аңғартпақтағы азғантай ғана айтпағымыз осы еді, ағайын. Артық кетіп, кем шықсақ, айып көрмегейсіз.
Мархабат БАЙҒҰТ.

 

Осыған ұқсас жазбалар:

Қазақ әдебиетіАбайтану 10-сынып "Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай"

ҚұжатнамаАбайтану кабинетінің жоспары

Қазақ әдебиетіАБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ НАЗИРАГӨЙЛІК ДӘСТҮРДІҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ

Қазақ әдебиетіАбайтану

ҚұжатнамаАбайтану курсының бағдарламасы

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1084966

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар