Батыр Баян поэмасы бойынша дебат - пікірталас сабағы

24 ақпан 2015 - Райхан Бегалина
Батыр Баян поэмасы бойынша дебат - пікірталас сабағы

Дебат технологиясы – сапалы білім мен саналы тәрбие құралы

Қазіргі таңда қоғамда демократиялық құбылыстар айшықталып, еліміз экономикалық, әлеуметтік және саяси даму жолына қадам басқаны белгілі. Өскелең заман талабына сай білім беруді демократияландыруға, ізгілендіруге мән беріліп, алғашқы нық қадамдар жасалынуда. Бұрын мектептің негізгі міндеті жалпыға бірдей міндетті білім беру стандартына сәйкес білім мен дағдыларын қалыптастыру болды. Ал қазіргі міндет өзгеше, себебі оқушыларға білім мен білік дағдыларын меңгертумен қатар оны ұшқыр ойлы, шығармашылық қабілеті жоғары, өзгермелі өмірге икемді, жан-жақты дамыған жеке тұлға ретінде қалыптастыру, дамыту біздерге, ХХІ ғасыр мұғалімдеріне зор жауапкершілік жүктейді.
Баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыру әлеуметтік жағдайда, оның табиғи қабілеттеріне қоршаған ортаның игі әсер еткенінде жүзеге асатынын ескерсе, сапалы білім мен саналы тәрбие беруде оқытудың инновациялық технологияларын игеру мен іс-тәжірибеге енгізудің маңызы да арта түседі. Баланың әлеуметтік және шығармашылық қабілеттерін ашуға, дамытуға елеулі ықпал ететін инновациялық оқыту технологиясының бірі – дебат бағдарламасы.
Ендеше мектеп мұғалімдерінің иығындағы жүк те біршама ауырлай түспек. Қазір «жаңаша оқыту», «оқытудағы жаңа бетбұрыс» деген сөздер жиі айтылып жүр. Ал оның барлығы бұрынғыны мүлде жоққа шығару емес, бұрынғыға жаңаша көзқарас, жаңаша баға беру деп түсінемін. Осы тұрғыдан алғанда «дебат» — қазақ әдебиеті пәні үшін өте тиімді әдіс. Әрине, мұнан әдебиеттің кез келген сабағында осы әдісті пайдалануға болады деген ой тумауы керек.
К. Поппердің «Дебат бағдарламасы», — жаңа оқыту технологиясы. Ол мына қарым-қатынасқа негізделеді: мұғалім – оқушы бағыты және өте қажеттісі оқушы – оқушы. Бұл оқу әдісінде әр оқушының іс-әрекеті, білімі топтың басқа мүшелеріне біліміне тығыз байланысты. Оқытудың бұл түрі шығармашылық ойды, оқушы мен ұстаз арасындағы қарым – қатынасты қалыптастырады.
Көркем шығарманы екі жаққа (бірінші – жақтаушы, екінші — даттаушы) бөлініп талдау арқылы мұғалім төмендегідей нәтижелерге қол жеткізеді:
• Мәтінді оқушының толық оқып шығуы және өз пікіріне нақты
мысалдармен дәлел іздеуі;
•Сол дәлел мен дәйектемелерге сүйене отырып өз көзқарасын жақтап шығуы;
•Жүйелі сөйлеуі, сайып келгенде мәдениетті сөйлеуі;
•Айтылған нәрселерден өз қажетін ала білуі;
•Шығармаға сын айта білуі;
•Оқушыны ой еркіндігіне жетелеу.
Дебат технологиясының білім сапасына әсерін айтсақ:
1. Дебат сайысына даярлық үлкен көлемді ақпаратты игеруді талап етеді, әрі ол оқу бағдарламасынан әлдеқайда көлемді.
2. Дебатқа қатысушының білімі көлемді ақпарат арқылы ұлғаяды,
зерделейтін материалдың күрделілігі мен тереңдігін түсінеді.
3. Дебатқа дайындық кезеңінде оқушылар өз бетінше ізденіп қана
қоймай, табылған қосымша ақпаратпен топта бөлісіп, өзара оқыту
әдісі жүзеге асырылады.
4. Оқытудың дамытушылық мақсаты оқушылардың танымдық
белсенділігінің артуында, қызығушылықтың дамуында, ойлаудың
зерттеулік әдістерін игеруінде көрініс табады.
Дебат технологиясының тәрбие ісіне әсері:
1. Дайындық кезінде оқушыларға адамгершілік, этика нормалары түсіндіріліп, өзге пікірді сыйлау, сабыр сақтап сөйлеу, қарсыласын сыйлау сияқты қасиеттер бойларына сіңірілу қажет.
2. Дебат ұрыс-керіске, ерегіске, түсінбеушілікке ұласпауы қажет.
3.Дебат қарама-қайшы көзқарастардың қақтығысын қамтамасыз ететін қатаң ережелерге бағынып өткізіледі.
4.Талдау жұмыстарына оқушыларды да қатыстырып, олардың сыни- талдау ойларын қалыптастыру арқылы дебаттың дамытушылық мақсатына қол жеткізу.
5.Өзінің және жолдастарының өызметін жүйелі түрде талдауға
6.қатысқан оқушының бойында турашылдық, батылдық, сын тұрғысында және логикалық ойлау, адамгершілік қасиеттер қалыптасады.
Сабақтың тақырыбы: М. Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасы
Сабақтың мақсаты:
1. Поэманы түсініп оқып, Баян бейнесін екі топ өз көзқарастарында дәлелдеу.
(айғақ пен дәлелдеме арқылы)
2. Сөз астарына үңіліп, мағынасын түсіну, өзекті ойды бөліп ала білу, сыни тұрғыда ой
қорытындысын жасау, өз пікірін қорғай білу, сөйлеу мәнерін қалыптастыру, дағдыларын
дамыту.
3. Поэманың басты кейіпкері Баянның іс-әрекетіне екі түрлі көзқараста баға беру, қызу
пікірталасқа қатыса отырып, әр топ өз пікірлерін өз дәлелдемелеріне сүйене отырып,
бұлтартпас айғақтар келтіру арқылы мақал-мәтел, афоризм сөздерді тірек етіп қоолдана білуге
үйрету.
Сабақтың түрі: дебат – пікірсайыс сабағы
Сабақтың жоспары:
І кезең.
Жақтаушы топтың қарар тақырыбы: «Інісін өлтірген Баянның ісі қылмысқа жатпайды»
Кілт сөздер, аргументтер:
1. Қылмыс — кісіні әдейі қасақана дайындалып өлтіру.
2. Ар намысын, ел намысын қорғау үшін жасалған.
3. Кек – жауға, дұшпанға, сатқынға деген өшпенділік, қастық.
Дәлелдемелер:
1. «Батыр – ел қорғаны»
2. «Жауға жаныңды берсең де, жолдасыңды құтқар»
3. Халқының намысын, ер азаматтың азуына, дұшпанға күлкі болмау үшін жасалған қылмыс – қылмыс
емес.
Айғақтар:
* «Би, Қанай! Аттанбайды хан Абылай, келмесе қандыбалақ батыр Баян»
* Жоқ, әлде, жоқ, жоқ, әлде өлтірдім бе, Інімді алты алаштың намыс үшін?!
* – Апырым-ай, алаш арын жоқтамастан, жөңкіліп бұл кетудің мәні қалай?
Жігіттерімді жинайын, олар кетсе де, мен кетпеспін.
ІІ кезең.
Даттаушы топтың қарар тақырыбы: «Інісін өлтірген Баянның ісі қылмысқа жатады»
Кілт сөздер, аргументтер:
1. Қызғаныш сезімі жайлағаннан кейін өлтірді.
2. Халық кегін, намысын алға тартып өш алды.
3. Туғанын, бауырын, жалпы кісі өлтіру қылмысқа жатады.
Дәлелдемелер:
1. «Ашу-ызамен жасалған істі іске асырушы — Баян»
2. «Кінәсін жуу үшін соғысқа аттанып, қалмақпен соғысады»
3. «Сұлуға деген махаббаты, айырылып қалу күйініші қылмысқа итермелейді»
Айғақтар:
* Ер Баян бір жорықта еліме ойран салып, ата-анамның бауырынан
шырқыратып алып кетті.
* Екі қыршын жастың ажалы: «Жан көке, аға!», «- Баян аға!»
* Баян монологы: «Жейтұғын өз күшігін болдым бөрі,
Ісімді мынау ағат немен жабам?»
Даттаушы топ мүшелерінің жақтаушы топ мүшелеріне қарсы сұрақтары:
1. Ноян сүйгені үшін айыпты ма?
2. Кісі өлтірмей ер, ел намысын қорғауға болмай ма?
3. Әйел үшін інісін өлтіру батырға лайық іс пе?
4. Баян өшін сұм сұлудың сайқалдығынан неге алмады?
Жақтаушы топ мүшелерінің даттаушы топ мүшелеріне қарсы сұрақтары:
1. Елін, жерін, туғанын әйел үшін тастай қашқан Ноян ісі ердің ісі ме?
2. Ағайын арасына от салған, ерді аздырған сұм сұлудың ісін қалай түсіндіресің?
3. Қазақта: «Ер жігіттің бірінші бақыты- Отаны, — дейді». Сонда Ноян сұлу үшін өз бақытынан бас тартып,
қара басының бақытының алға қойған ба?
4. «Жамандықты жазаламаған адам – оның дем берушісі» — деген Леонардо да Винчи. Егер Ноянның
сатқындық, опасыз ісі жазаланбаса дұрыс деп ойлайсың ба? Ертеңдері сол Ноянның қарсы жақтан жау
болып шықпасына кепіл бола аласың ба?
ІІІ кезең.
Жақтаушы топтың пайымдаулары:
1. Адамгершіліктің негізі – әр адамның ұлтын, жерін сүюінде.
2. Өзің үшін ғана еңбек етсең, өзің үшін оттаған хайуанның бірі боларсың, — деген Абай атамыз.
3. Батыр болып туған жігіттің садағының оғы да, қылыштай кесіп түседі, — деген Қорқыт ата.
4. Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып
тумағаны жақсы, — деген Қорқыт ата.
5. Отаныңның перзенті бол, туған жер топырағымен байланысыңды терең сезін, оған перзентше қара,
одан алғаныңды үш еселеп қайтар. 6. Дүние жүзінде біздің елімізден басқа да алуан түрлі мемлекеттер
көп, бірақ адамның туған анасы сияқтыОтаны да біреу ғана, — деген К.Д. Ушинский.
7. Өтелмейтін қылмыс бар, ол – Отанға опасыздық жасау. Опасызда Отан жоқ, — деген Бауыржан
Момышұлы.
8. Жақсыменен дос болсаң, алдыңнан шығар елбектеп, — деген халық мақалында.
9. От басына өрт салма, өзегіне дерт салма, — дегендей барлық кінә сұм сұлуда.
10. Мейірімді болу оңай, әділ болу қиын, — деген В. Гюго.
11. Қорқу, сескену дегеніміз қорқақтық емес. Қорқақтық – ол қиын жерден бас сауғалай шегіну,
қашқақтау, алда тұрғанасыл міндеттерден қара басын жоғары ұстау, — деген Қ. Рысқұлбеков.
Даттаушы топтың пайымдаулары:
1. Махаббатсыз қан салқын. Махаббат құштарлық атаулының ең құдіреттісі. Ол жасты да, жүректі де,
тәнді де түгел баурайды. Вольтер.
2. Сүйген әйелге құштарлық етуден еркектің басы төмендемейді, қайта биіктей түседі. Әйелге қызмет
етудің бір бөлшегі. А. Толстой.
3. Жас жаңылады, үлкен кешіреді. Мақал.
4. Жаугершілік заманда бір батыр өзінің баласын тастап, бауырын қоршаудан алып шыққан. Сондағы
ойы: Өзім аман болсам бала болады, ал туған бауырды қайдан табам? – деген.
5. Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл, — деген Абай.
6. Адасқанның алды жөн, арты соқпақ. Абай.
7. Алтын жығаң болса да, жаға мен жең керек. Асқан батыр болсаң да, ағайын мен ел керек. Мақал.
8. Жүрекке әмір жүрмейді.
9. Бейқамдық сәтсіздікке бастайды, оның аяғы қолайсыздыққа ұрындырады.
ІҮ кезең.
Сыншылар пікірі: Жақтаушы топ сыншысының қорытынды сөзі:
Ісің жақсы ерікті болғанымен,
Батырлығың естелік боп қалғанымен.
Ақылсыздық өлтіргенің ініңді,
Дедің қалай кінәмен кешем күніңді.
Асығыс түбі – өкініш, иә, батыр Баян інісін өлтіргеніне қайғыруда. «Ашу — дұшпан» екенін осы тұста аңғарамыз.
Бірақ: Хандар да бір мін бар:
Қарашасын бірдей көрмейді.
Байларда да бір мін бар:
Есігіне келген кемтарға,
Өзі тұрып орнынан
Қолынан қайыр бермейді.
Жүйрікте де бір мін бар:
Жорғаменен табандасып жүрмейді.
Жорғада да бір мін бар:
Жол құйрығын сүзіп салсаң да,
Бәйгеден озып келмейді.
Әйелде де бір мін бар:
Ажары сұлу болса да,
Ақылы сай келмейді, — дегендей батыр Баянның да бір міні – оның аңғалдығы болар. Халықта: «Аңғал батыр алдырады, аяғынан шалдырады», — дейді. Ноян өлімінен кейінгі батыр Баянның да жағдайы мәз болған жоқ. Көз жасын жұтып, жүрегі қан жылаған батыр «бауырымды қалай өлтірдім» деп іштей арпалысып, ар алдында жауап беруде. Егер ол қызғаныштан өлтірген болса, ол хан алдына сол бетімен бармас еді. Сонымен қоймай ол інісінің өліміне қалмақ қызы кінәлі деп, сол арқылы қалмаққа деген кегі өсіп, інісі үшін және еріксіз жасаған ісі үшін соғысқа аттанып кек алды. Ол өз кінәсін қанмен жуып, алаштың намысы үшін жанын қиды. Алаштың намысы үшін ақтық демі біткенше күрескен батырдың бірі – Баян. Мен адам баласының бәрінде кемшілік болады деп ойлаймын. Ажары сұлу болса да, ақылы сай келмеген қалмақ қызы өзі құрған торға өзі түсті. Бұл өлімге кінәлі әзәзіл қалмақ қызы деп ойымды аяқтаймын.
Даттаушы топ сыншысының қорытынды сөзі:
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», — деген рас екен. Алауыздықтан өрбіген даудан ел ішінің тыныштығы бұзылды, берекесі кетті. Баян Ноянды өлтіріп кінәға батты. Сіздер Ноянның өлімі өзінің шалалығынан болды дейсіздер. Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады деген. Анығын ашып, ақ сөйлей алмасам маған серт. Махаббат атты айдында қол үстасып өтеміз деген Ноян сезімін, пәк махаббатын қалмақ қызы өз мақсатына, бас пайдасына жұмсады. Туған еліне жетуді көздеген сұрқия қыз бейкүнә сезімді саудаға салды. «Кімнің қандай болса пиғылы, оған қарай құдайдың да сыйлығы», — деген сөз тұп-тура екен.
Пиғылына қарай сыйлығын алды.
Бірақ, Нояндай еркенің қанын төктіріп, Баянда айбатты ердің арын дауға салып кетті.
Спикер:
Сонымен түйін шешілді. Баян, Ноян кінәлі емес.
Қарғысымыз ел тыныштығын бұзған қалмақ пен қытай және орыс империясына болсын.
Алтыбақан алауыз қылған сол заман келмеске кетсін.
Бірақ осыдан жастарымыз сабақ алсын. Тәуелсіздігіміз асқақатап, бейбіт елдің құшағында тыныш өмір сүрейік.

Осыған ұқсас жазбалар:

Қазақ әдебиетіСұлтанмахмұт Торайғыров «Бір адамға»

Қазақ әдебиетіБағдарламаның жеті модулін қолдану әдістемесі көрсетілген тізбектелген төрт сабақтың топтамасын орташа мерзімді жоспарлау

Қазақ әдебиетіАхмет Байтұрсынұлы «Ақын ініме»

Қазақ әдебиеті7 - сынып қазақ әдебиетінен М.Әуезов «Көксерек» әңгімесін орташа мерзімді жоспарлау

Қазақ әдебиеті7 «в» сыныбына арналған әдебиет пәнінен қысқа мерзімді жоспары

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1150744

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар