Жүз жыл жырлаған жүрек

Пәні:Қазақ әдебиеті

Сыныбы:8, 9 « В »сыныптары

Сабақтың тақырыбы :«Жүз жыл жырлаған жүрек»

Мақсаты:

1)оқушыларды іздендіре отырып, ақын туралы білімдерін кеңейту, толықтыру;

2)Ж.Жабаевтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өлеңдерін оқи отырып, оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал ету, ойлау шеберлігін, сөйлеу мәдениетін дамыту;

3)Оқушылардың бойына өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру, отан сүйгіштікке тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін ояту;

Көрнекілігі:интербелсенді тақта

Қатысушылар:8 «В», 9 «В» сынып оқушылары, Ұлы Отан соғысы ардагері,қонақтар;

Жоспар:

1.Кіріспе сөз «Жүз жыл жырлаған жүрек»

2. Жамбыл туралы мен айтсам…

3. Ұлы Отан соғысы туралы не білемін?

4.Жамбыл өлеңдерін сөйлетсек…

5.Менің өз пікірім

6.Қорытынды

І.Кіріспе сөз «Жүз жыл жырлаған жүрек»

Жабаев Жамбыл (1846 — 1945) – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы.Жамбыл — әрі эпик, әрі айтыс ақыны; абыз жырау әрі жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігі — мен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты. Жамбыл – ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі интернационалист ақын. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» — деген еді Сәкен Сейфуллин. Жамбыл — жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді.

— Балалар, Отанға, халыққа деген сүйіспеншілік, ынтымақ, бірлік – Жамбыл шығармаларының негізгі арқауы. Ақынның көптеген өлеңдері еліміздің бейбітшілік саясатына арналған. Жамбыл Отан қорғау тақырыбын жырлағанда есімдері елімізге кеңінен танымал халық батырларының бейнелерін көз алдымызға қайта елестетіп, кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде ұсынады. «Ленинградтық өренім» (1941ж.), «Мәскеу», «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» атты өлеңдері, «Ұлы көш» толғауы майданның алғы шебіндегі кеңес жауынгерлерін ерлік күреске рухтандырған ұран болды, сол кезде олар ауыздан ауызға таралып жатты.

— Біздің бүгінгі дөңгелек үстеліміздің де негізгі тақырыбы Жамбыл атамыздың соғыс жырларындағы жырларының тақырыбы арқау болмақ.

Балалар, олай болса, Жамбыл атамыздың мұражайына саяхат жасайық.

ІІ. Жамбыл туралы мен айтсам.......

Диана:Жамбыл Жабаев 28ақпанда қазіргі Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде туған.Жасында оқи алмай қалған зерек бала көп нәрсені көзімен көріп, көңіліне түйіп өсті.Әуелі Қоқан хандығының, кейін Ресей патшалығының отаршылдық саясатының қыспағында және ел арасында бай, манаптардың қанауында жапа шеккен халықтың ауыр өмірін бастан кешіріп, жүрекпен сезінді.Әлеумет өміріндегі қайшылықтарды,әділетсіздіктерді ерте және терең таныды.Ол ұзақ өмірінде ел аралап,үлкенді кішілі ақындармен айтысқа түсіп, өлең терме, жыр шығарады.Оның ақындық атағы өткен ғасырдың өзінде ақ бүкіл Жетісу мен қырғыз еліне мәлім болған.15жасында ақындық өнер жолына түскен ол өмір бойы туған елін әнмен, жырмен кенелткен.Ауыл арасындағы кішігірім айтыстарға қатысып, ақындық өнерін шыңдай білген.Жетісудың әйгілі ақиық ақыны Сүйінбайды өзіне пір тұтқан.

Арайлым: Жабаев Жамбыл – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы.Жамбыл — әрі эпик, әрі айтыс ақыны; абыз жырау әрі жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігі — мен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды.Жамбыл – ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі интернационалист ақын.

Жанель:«Өлең сөздің даңғылы» атанған Жамбыл ақындар айтысына да қатысып бірде-бір рет жеңіліп көрмеген дара жүйрік болған.Оның қазақ жерін,қазақелін жырға қосқан өлең жырлары кең тараған.Сурыпсалма ақынның жас ұрпақты отаншылдыққа, еркіндікке, ерлікке шақырған даусы Ұлы Отан соғысы жылдарында ерекше естілген. Ол-халық ауыз әдебиетін, ескі жыр-дастандарды жақсы білген және жадында жаңғыртып жырлап отырған.Өзі де елге әйгілі батырлар туралы жанынан дастандар да шығарды.

ІІІ. Ұлы Отан соғысының зардаптары туралы не білесің?

Қаныш:1941жылы фашистік Германиямен соғыс басталғанда Жамбыл Отан қорғауға шақырған өлеңдерін шығарды. Ленинград қаласы қоршауда қалған кезінде Жамбылдың «Ленинградтық өренім» өлеңін көше-көшеге іліпқойды.Ақынның оқ тескен өлеңдері қаза тапқан жауынгерлердің қалтасынанан табылған.Сүйікті ұлы – Алғадайды Днепрпетровск түбінде қаза тапты.Ұлының қайғысы жүрегін тілгілесе де, елдің бүтіндігіне шүкіршілік етті.Жамбылдың «Алғадайды жоқтауы» -оның парасатты жан екендігін дәлелі. Жамбыл жақсылықты жырға қосты, жамандықпен күресті. Өз заманының қуаныш-қайғысын, ауыр тағдырын терең сезінді.Жамбыл қазақ халқының рухани мәдениетіне зор үлес қосты.

Әсел: «Жеңістің үндері бар жырларымда»

Көз тіксем сонау селді өткеліме-

Сұстанам от сұрапыл шеккен күнге, —

Ерлермен майдан зілін сілкідім бір,

Масайрап сол күн Жеңіс көктемінде.

Жеңістің өр дауысы бар жырларымда,

Сол үн бар шаттық шақтыі гүл бағында.

Жеңістің өрен дауысы жаңғырықты,

Еңбектің дүбірінде, ырғағында.

Жеңіс бар табыстардың іздерінде,

Маржандай дән тізілген түз белінде,

Көркі бар сол көктемнің-халқымыздың

Игілік істерінде, жүздерінде.

Жайна, күн, бейбітшілік әлемінде!

Дәурен бар таң-тамаша кең елімде,

Достарым, жырла бірге шаттық жырын,

Жеңістің үндері бар өлеңімде.

Айсұлу: «Атамның құрдастары»

Сөйлегенде ақылды, данасыңдар,

Шежіре бұлаңы болып ағасыңдар.

Асыл тастай санаулы қазынада,

Күннен-күнге азайып барасыңдар.

Өр мінезді, сабырлы, алып түлға,

Күннен –күнге азайып жолықтыңдар.

Балдақ даусын естісем оқта-текте

Жалт қараймын жанарым толып мұңға.

Қайтара алмай үмәттә келеміз бе

Айтпайсыңдар көп сырды неге бізге

Фашистердің оғының жарықшағы

Кейбірінің әлі жүр денеңізде.

Сендер жайлы қаншама жазар дастан,

Қариялар өңінен ажар қашқан.

Біз қырық жыл қарыздар болдық сізге

Өз орнының тыртығын жаза алмастан.

Өтер уақыт, мәңгіге тұрмас бәрі,

Сендер Отан тарихы сырластары.

Ескерткішке айналып барасыңдар,

Қайран менің атамның құрдастары.

ІҮ. Жамбыл өлеңдерін сөйлетсек.....

Динара:Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде-ақ Жамбыл айбынды жырларымен мадандағы жауынгерлердің, тылдағы еңбеккерлерінің ерлік рухын айбынды жырларымен көтеруге ат салысты. «Ата жаумен шайқастық» өлеңінде:

Асқар таудай еліме,

Байтақ жатқан жеріме

Шапты фашист дегенде,

Ашуменен аралас

Жыр да келді көмейге,-дейді ақын.

Өлең, негізінен, екі бөлімнен тұрады.Бірінші бөлімде халықтың батырлық образы жасалады.Қаhарман халықтың батырлық жауға деген ыза кегін суреттейді. «Жау тиді деп саспастан, аяқтарын нық басқан» халық, тастай түйіліп, жау сазайын беруге аттанғанын айтады.

Қаhар қаулап денемде,

Көз жібердім мен де елге;

Сонда елімнің түрінен

Тастай болып түйілген

Қаhармандық аңғардым.

Жау тиді деп саспастан,

Аяқтарын нық басқан,

Айбатынан көресің,

Аспанмен күші астасқан…

Ақын «аспанмен күші астасқан» елді ешқандай жау жеңе алмайды деген тұжырым жасайды. Өлеңдегі «асқар таудай еліме», «байтақ жатқан жеріме», «аспанмен күші астасқан» деген образдар алып елдің бейнесін елестетеді.Міне, осындай елдің күшіне деген сенімді:

...Құйған құрыш тәрізді,

Тұлғасында күшті ызғар,

Батырлықпен ұштасқан,- деп бекіте түседі.

Шыңғыс:Осындай елге жау шапты.Өлеңнің бірінші бөлімінде елдің қандай жауға болса да, төтеп беретін қаhарман бейнесін жасаған ақын, екінші бөлімде жауды жаншып тастауға ұран тастайды.

Ата жаумен айқастық,

Майдандасқан алаңда!..

… Олар – фашист – сұр жылан –

Уын шашқан адамға!

Денеге уын дарытпай,

Жаныштап басын жыланның,

Салайық, халқым, табанға,- дейді.

Жау қанша қатерлі болса да, ақын оны жеңіп шығатын күш елде бар екенін бірінші бөлімде айтып, рухтандырып алған соң, екінші бөлімде жауды жайпап, талқан етуге шақырады.

… Жайпайық деп жауларды

Жар салды жырау жаранға,- дейді.Сөйтіп, ақын не айтса да, сендіріп айтатын шеберлігімен елінің жауды жеңіп шыңатынына сендіреді.

Айдос:Жамбылдың «Ленинградтық өренім» өлеңі соғыс жылдары поэзиясындағы ерекше көркемдік құбылыс болды.Ақын онда халық поэзиясының барлық бейнелеу мүмкіншіліктерін сарқа пайдаланып, отаншылдық рухы керемет әсерлі өлең өрнектерін жасады. Мұнда ақын жалпы қазақтың ерлік дәстүрі нақты жағдайға байланыстыра жалғастырып, жағарта дамытқан.Өлең қолма-қол орыс тіліне аударылып, майдан мен тылға кеңінен тарады, сол кездегі кеңес елінде ең көп жатталған өлеңдердің біріне айналды. Жырау Ленинград ұғымын Отан ұғымымен біртұтас көрсетеді. Жау шеңгелі ақын жанына қатты батады, бұл сезім Отан үшін шайқасып жатқан барлық халық жүрегіне орнайтындай етіп жырлайды.Нева өзенін қаланы қорғаушылар өздерінің туып өскен жеріндегі бұлақтай көреді дей келіп, олардың отаншылдық сезімдерін күшейтеді.

Динара: Туған елге, туған жерге деген біртұтас сүйіспеншілік сезімін ақын шебер оятады.Сөйтіп,қарт ақын қаhарлы сөздер тудырып, елінің жауға деген өшпенділігін арттыра түседі.Отан ортақ, Ленинград ортақ деп, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін оята келіп, енді осы Отанды қорғауда үлгі болыңдар дейді:

Ақынның «өрнек»дегені мұнда «Отанның үлгілі етіп өсірген ұл-қыздары» деген мағына береді. Ақын Ленинградты қорғауға, жауды жеңуге, бүкіл кеңес халқы сияқты Қазақстан да аянбай аттанған.

Жауды жеңбей тынбайтын халқына деген зор сенім оята келіп, ақын қаланы қорғаушыларға жалынды салем жолдап, мына жолдармен өлеңін аяқтайды:

Сап-cап болыпқол барар,

Жанышталар айдаhар…

Жата алмайтын төсекте…

Қайтіп ұйқы көремін…

Жетсін деймін сендерге

Жыл құсындай өлеңім. Сол сұрапыл соғыста, Ленинград ұаласын жаудан қорғаған ұрыс кезінде, Жамбылдың суреті басылып, «Ленинградттық өренім» өлеңі орыс тіліне аударылып,үлкен әріптермен жазылып, плакат болып қаланың көшелерінде, тақталарға жапсырылып қойылды, радиодан оқылды, майдандарға жеткізілді.

Бексұлтан:Ленинград үшін шайқас 1941жылғы 8 қыркүйекте басталып, 1943 жылдың қаңтарына дейін созылды. Қалаға жеңіс толығымен 1944 жылдың 27 қаңтарында ғана келді.Яғни, қала осы уақытқа шейін жау қоршауында болды.Ленинград халқы тұп-тура 900 күн қасірет шекті. Осынау теңдессіз 900 күннің жыры да, сыры да ешқашан таусылмақ емес. Өліспей беріспеуді серт еткен ленинградтықтар жауға тізе бүкпей шайқасып,өшпес ерлік өнегесін көрсетті. Ұлы жырау Жамбыл Жабаев атамыздың «Ленинградтық өренім» деп тебірене, толғана жырлайтын тұсы да сол кез.

Айдос: «Ленинградтық өрендерім»

Ленинградтық өренім,

Мақтанышым сен едің

Нева өзенін сүйкімді

Бұлағымдай көремін.

Көпіріне қарасам,

Көмкерген су көремін.

Өркеш-өркеш жарасқан

Шоқылардай дер едім.

Сапырылған көк теңіз,

Шомылдырған кемерін!

Шамы күндей жайнаған

Аспанға үйлер бойлаған…

Арқа тұтып алыста

Айбыным деп ойлағам!

Шамы Күндей жайнаған,

Аспанға үйлер бойлаған…

Арқа тұтып алыста,

Айбыным деп ойлағам!

Жабықпағын Ленинград!

Отан әмір берген шақ.

Сап-сап қол барар

Қорғап сені ол қалар.

Жанышталар айдаһар!

Жата алмаймын төсекте,

Жаным қалай жайланар?

Құс ұйқылы көнемін,

Қайтып ұйқы көремін,

Жетсін деймін сендерге,

Жыл құсындай өлеңім,

Қаласында Лениннің,

Сайып қыран өренім.

Қаныш:Соғыс жылдарындағы Жамбылдың аса бір әсерлі өлеңдері – баласы алғадайды майданға аттандырғанда және Алғадайды майданға аттандырғанда және Алғадай ерлікпен қаза тапқанда айтқандары.

Түне күнгі кеткеннен

Ғали жаңа келдің бе?

Алғадайдың мүрдесін

Жол-жөнекей көрдің бе?

Топырағың торқа боп,

Тыныш ұйқта дедің бе?

—Қалай қыйып қалдырдың

Қарт әкеңді еліңде?

Елжірейді өзегім,

Ауырады белім де…

Қаза болып көзелім,

Халім қыйын менің де.

II

Алатауды айналсам,

Алғадайды табам ба?

Сары-Арқаны сандалсам,

Саңлағымды табам ба?

Өлім деген у екен,

Мендей кәріп адамға.

Күнде үйімде күңренем

Көзіме жас алам да.

III

Құр сүлдерім, есім жоқ,

Жүріп тұрған десім жоқ.

Деп қараймын сәбиге:

«Игіліктің кеші жоқ!»

Бала қалды жетім боп,

Келін қалды жесір боп,

Біздей кәріп кісіге

Көз салыңдар есіркеп.

IV

Темір өзек пенде жоқ,

Өлмес адам елде жоқ,

«Орынсыз деп өлімі»,

Ондай ойлау менде жоқ.

Көп жайланған жабының

Жал-құйрығы сұйылар…

Сол сыяқты Жамбылдың,

Жұқарыңқы түрі бар.

Көңілі бос — кәрінің,

Көкейлерің ұғынар,

Көтермей жан жалынын,

Көзден жасы құйылар.

Диана: «Аттандыру»

Атаңнан бата ал, балам

Алшайып атқа мін, балам.

Ақ сақалым желбіреп

Артыңнан қарап мен қалам.

Құлағыңда құлыным,

Дауысым жүрсін жырлаған:

Алғадайым арлы едің,

Ата сөзін сыйлаған;

Перзентімнің алды едің

Көңілімді қыймаған.

Аттандырдым майданға,

Аман-есен жүр балам!

Абыройға ие бол,

Ағат баспа бір қадам.

Атақ берген атаңа

Ел қадірін біл балам!

Ел ерлігі, ел бірлігі

Сынға түскен бұл заман!

Саған айтқан сөзімнен

Сабақ алсын тыңдаған.

Айтылған сөз деп ұқсын,

Аңғарлы жан «бұл маған!»

Хош, хош балам! Хош айттым,

Қолымды міне, шошайттым!

Ү.Менің өз пікірім

Нұрбек:Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды.Жамбыл-ақыл-ойдың алғыры,өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс.Жамбыл-жүз жасаған адам, соның 85жылы ақындықпен өтті.Ол әлеуметтік және жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген кісі.

Жасұлан:Жамбыл өмірге жымия қарап, сынай өскен аөын еді.Оның ойлы көздерінің түбінде қашан да бір ұшқын тұратын.жамбыл жырлары арқылы қазақ халөы өзі сөйледі.Сондықтан да оның творчествосы мәңгі жасайды.

ҮІ.Қорытынды бөлім

Олжас:Ақын жүзге қараған шағында дүние салды. Ұлы ақынның денесі Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылында жерленген.Басына үлкен кесене тұрғызылып, ауыл ортасында ақынға арналған мұражай ашылған.Жамбыл есімі қазақ халқы үшін, қазақ поэзиясы үшін аса қымбат.Ақын шығармаларының толық жинақтары бірнеше рет басылып шыққан, ол туралы зерттеу кітаптары жазылған, кинофильмдер түсірілген.Жамбыл атымен облыс, елді мекендер, көшелер аталады.Ақынның туғанына жүз елу жыл толуын ЮНЕСКО-ның ұйғарымымен күллі Қазақстан жұртшылығы, бүкіл дүниежүзі үлкен мереке ретінде атап өтті.

Мұғалім:Дөңгелек үстелімізді қортындылай келе Н.Назарбаевтың «Егер біз Жамбыл даналығын тәу етіп, ұлылығын ұлағат тұтып жатсақ, оның басты себебі Жамбыл арманның адамзаттық арман аңсарымен ұласып жатқандығында.Сондықтан да қазақтың Жамбылына адамзаттың Жамбылы ретінде құрмет көрсетіп,өлмес рухының алдында басымызды иеміз» деген сөзімен аяқтағым келеді.

ҮІІ.Соғыс ардагеріне сөз беру.

ҮІІІ. Оқушылардың соғыс ардагерлеріне сұрақтары.

ІХ.Мектеп әкімшілігінің құттықтау сөзі.

Х.Ән: «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқтау.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1103650

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар