Жүсіп Баласағұни "Құтты білік" дастаны

16 мамыр 2015 - Алия Сидагалиева
Жүсіп Баласағұни "Құтты білік" дастаны

Атырау облысы Атырау қаласы

№31 жалпы орта білім беретін мектеп

Сидагалиева А.М.

жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті

пәні мұғалімі

Сабақтың тақырыбы: Жүсіп Баласағұни "Құтты білік" дастаны

Сабақтың мақсаты:

Білімділік мақсаты:Жүсіп Баласағұни өмірі мен шығармашылығы, «Құтты білік» кітабының негізгі тақырыбы, идеясы, мемлекеттің, адамның кемелдену жолдарының қағидалары туралы Ахмет Иасауи, Абай шығармаларымен үндестігін түсіндіру;

Дамытушылық мақсаты:сұрақтар, тапсырмалар, ізденістерге негізделген жұмыс түрлерін өз бетімен орындауға дағдыландыру, бірін-бірі тыңдау, сыпайы және сенімді, әдеби тілде сөйлеуге үйрету.

Тәрбиелік мақсаты: оқушыларды адамгершілікке, саналы білім алуға, имандылыққа, әділ, қанағатшыл болуға тәрбиелеу;

Сабақтың түрі: жаңа білім беру сабағы.

Әдісі: түсіндіру, сұрақ-жауап, топтық жұмыс, ой толғау, салыстыру, Т кестесі

Көрнекілігі: бейнесюжеттер, суреттер, сызба кестелер

Сабақтың барысы.

І. Ұйымдастыру кезеңі

II. Үй тапсырмасын тексеру

  1. Ахмет Йасауи кім? Өмірі туралы не білесіңдер?
  2. А.Йасауи нені жырлады? Нені насихаттады?
  3. А.Йасауидің өмірлік мақсат-мұраты қандай?
  4. Ақынның имандылық туралы ойлары.
  5. Ақын хикметтерінің бүгінгі күні маңызы қандай?

Жаңа сабақ:

Жүсіп Баласағұни – XI ғасырдың аса көрнекті ақыны, есімі күллі шығыс елдеріне белгілі болған аса көрнекті ойшыл, энциклопедист ғалым, белгілі қоғам қайраткері. Ол Баласағұн қаласында туып өскен. Баласағұн–көрікті тас қала деген ұғымды білдіреді. Қарахан мемлекетінің астанасы, әкімшілік және сауда – саттық орталығы болған. Жүсіптің әкесі өнер иесі, күйші екен. Ол Қарахан мемлекетінің қожасы Боғраханға қызмет еткен. Жүсіп те талантты әкенің тәрбиесін алып өскен, жасынан зеректігімен көзге түсіп, сарай қожаларының көңілін өзіне аударады. Сол кезде Шығыс Түркістан, Жетісу, Қашқар, Баласағұн өлкелерін билеп тұрған Боғрахан Жүсіптен зор үміт күтіп, оны тәрбиелеп, баулыған. Жүсіп кезінде атақты деген білім ордаларында болып, көп тілдерді үйреніп, тез жетілген. Өз кезінің білімді адамы саналған, жасынан оқып, түркі тілдеріне қоса парсы, араб, қытай тілдерін жақсы білген.

    ·Жүсіп Баласағұни өмірі туралы бейнесюжет көрсету. (3 минут)

    ·«Құтты білік»дастаны туралы бейнесюжет (1 минут)

«Құтты білік» деген кең көлемді дидактикалық «өсиет-өнеге» кітабын 54 жасында 18 ай жазып, ол еңбегін Боғраханға тарту еткені үшін « Хас Хажып» атағын алған. ( Хас –Хажып –сарай минстрі деген ұғымды білдіреді)

«Құтты білік» барлық халықтарының ортақ орта ғасырлық туынды.

Ол85 тараудан, 65 бәйіттен, яғни 13 мың жолдан тұрады.

«Құтты біліктің» негізгі тақырыбы –Адам, оның кемелдену жолдары.

Кітапқа негіз болған 4 асыл қасиетер.

Күнтуды –Әділет, Айтолды –Бақыт, Өгділмүш –Ақыл, Өдғұрмыш –Қанағат

Поэма диологқа құрылған, әңгіме осы төрт кейіпкердің сұрақ–жауаптары арқылы дамиды. Сонымен қатар, кемел мемлекеттің сипаты баяндалады. Кемел мемлекетте өмір сүретін адам да кемелдену жолын іздеуі керек.

Жүргізілетін жұмыстар

    1.Оқулықпен жұмыс. «Құтты білік» дастанынан үзінді оқу

    2.Дастан мазмұны бойынша кейіпкерлердің қасиеттері туралы әңгімелеу

    3.Оқулықтағы үзінділерді оқу, тақырып қою, идеясын табу.

Топтық жұмыс. І топ.

Жүрсін бектер бес нәрседен алыстап,
Есі болса, жұрнақ болса намыстан.
Ұшқалақтық — біір, екіншісі — сараңдық,
Үшіншісі — ашу, оған егіз надандық.
Қырсығың – сор, бетті жер ғып жүргізер,
Бесіншісі — өтірік, жерге кіргізер.
Бек бесеуден бойын аулақ ұстасын,
Білсін сонда басынан құс ұшпасын.
Ең қорлығы – өзімшілдік, залымдық,
Олар жұқса, азғаны тек қаныңның.

Тапсырма.Үзіндіден адам бойындағы ақын көрсеткен азғындық жолға түсірер жағымсыз қылықтарды топтастыр. Ғұламаның айтпақ ойы қандай, түсіндір. А.Құнанбаевтың өлеңімен салыстыр.

А.Құнанбаев «Ғылым таппай мақтанба»

Ж.Баласағұни «Құтты білік»

ұшқалақтық

сараңдық

ашу

надандық

өтірік

ІІ. Топ.

Екі түрлі достықтың бар есебі,
Сол үшін жұрт табысады, сенеді.
Бір достық бар Тәңірді алған араға,
Болмайды онда қалтарыс та, нала да.
Тағы бірі тек пайда үшін достасар
Мұнда адамдық болмас түбі қоштасар.
Достасыңдар Тәңірді алып ортаға,
Жүгін бөліс, ашуланба, шаршама.
Бұл дүниеде тілеме одан еш пайда,
Алда Құдай берер, кетпес ешқайда.
Егер пайда үшін дос боп табысса,
Қатынаспа, түйінін шеш қатысса.
Ақ жүректі туыс, жолдас, бауыр тұт,
Соларға сен, болмас қайғы, ауырлық.
Дос, туыс сол қуанышта қуанар,
Қайғы келсе, қасында боп уатар.

Тапсырма. Төмендегі үзіндіден адал достық пен амал достықтың сипаттарын анықтап, түсіндір. Ақыл, нақыл, өсиет сөздерін жинақтап, «Шын дос кім?» тақырыбына ойтолғау.

Шешендік сөзден мысал келтіру.

Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бірде оның замандастары:
— Достық нешеу? – деп сұрақ қояды. Сонда Әйтімбет тұрып:
— Достықтықтың екі түрі болады. Бірі – адал достық, екіншісі – амал достық.
«Енді оны қалай ажырата аламыз» дегендерге:
— Адал достық өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өмірі қысқа болады, – деп жауап береді.

Абай Құнанбаев.«Жаман дос — көлеңке: басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың.»

ІІІ топ.

Ақыл, білім, тілмашы – тіл, бұл кепіл,
Жарық төгіп, елжіретер тіл деп біл.
Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,
Қор қылар тіл, кететұғын бас болар.
Тіл — арыстан есік баққан ашулы,
Сақ болмасаң, жұтар ерім, басыңды!
Не дейді ұққын, тілден жапа шеккен ер
Құлақ салып, амал қылып, есті елер.
«Тілімнен көп жапа шектім, есебім,
Бас кесілмес үшін тілді кесемін.
Сөзіңді бақ, басың кесіп алмасын,
Тіліңді бақ, тісің сынып қалмасын!»

Тапсырма. Т кестесі арқылы тілдің пайдасы мен зияны туралы мақал-мәтелдерді жазу.

Тілдің пайдасы

Тілдің зияны

Тілсіз жерде тіршілік жоқ

Өнер алды-қызыл тіл.

Тәрбие тілден басталады.

Адамға келген он пәленің тоғызы-тілден

Адам көңілден азады, тілінен жазады.

Бал тамған тілден у да тамар.

Тіл-қылыштан өткір.

Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады

Басқа пәле тілден

Тіл атағыңды өсірер де өшірер

«Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды!»Н.Ә.Назарбаев

Сабақты қорытындылау. Ойшыл ғалымның айтуынша, егер адамда ізгілікке қарсы тұратын белгілерді жеңетін күш жоқ болса, онда ұнамды сапалар жойылады, жоғалып кетеді. Бұл құндылықтар мен олардың қарама — қарсылықтарының халықтық түсіндірмесі мыналар:
• біріншісі – ақыл, оны ашулану, өшігу күңгірттендіреді;
• екіншісі — бақыт, ал оны қызғаншақтық бүлдіреді.
• үшіншісі — ұят, оны тойымсыздық, ашкөздік жояды;
• төртіншісі — жақсы тәрбие; оған нашар орта әсер етуі мүмкін;
• бесіншісі — достық, оны күншілдік бұзады;

Бекіту сұрақтары

    1.Жүсіп Баласағұни кім?

    2.“Құтты білік” дастаны қанша бәйіттен тұрады?

    Дастанда қанша өлең жолы бар? Неше тарауға бөлініп берілген?

    3.“Құтты біліктің” негізгі айтар ойы не? (адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, мықты, құтты ету).
    4. Дастанның басты идеясы неше принципке негізделген? Біріншісі, әділ заңның болуы, екіншісі, бақ — дәулет, үшіншісі, ақыл — парасат, төртіншісі, қанағат — ынсап мәселесі.

Білімдерін бағалау.

Үй тапсырмасы:

Ж.Баласағұни шығармашылығы туралы қосымша оқу.

Үзінділерден ұнаған шумақтарын жаттау.

Осыған ұқсас жазбалар:

Қазақ әдебиетіТуысым – түп-тамырым, қазығым. Тәрбие сағаты.

ГеографияАфрика материгі. Географиялық орны. Жағалауындағы мұхиттар мен теңіздер. Зерттелу тарихы.

Қазақ әдебиетіАбайды оқы, ерінбе!..

Орыс тіліПовторение по составу слова

ГеографияГеография пәніне қысқа мерзімді жоспар

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1084876

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар