Жыр дүлдүлі Жамбыл

15 шілде 2016 - Samal Zhumina
Жыр дүлдүлі Жамбыл

Самал Жумина Орынбасарқызы

Қаракөл жалпы орта білім беретін мектеп-балабақшасының мұғалімі

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Ақтай-сай ауылы

Тақырыбы: Жыр дүлдүлі Жамбыл/Ж.Жабаев өмірі, шығармашылығы/

Мақсаты:

білімділік–Ж. Жабаевтың өмір жолы, ақындық қызметі, шығармашылығынан мәлімет беру. Ақынның суырыпсалмалық қыры, айтыс өнеріндегі өзіндік өрнегін таныту, толғауларын үлгі ету;

дамытушылық – оқушыларды өзіндік ізденіс жұмыстарына баулу, ой-өрісін, рухани жан дүниесін байыту, еркін сөйлеу дағдыларын жетілдіру,

тәрбиелік – жыр дүлдүлі атанған Ж.Жабаевтың ұлы тұлғасын дәріптеу, «ХХ ғасырдың Гомері»атанған, өмірі мен шығармашылығымен екі ғасырды тұтастырған ұлы жырауды құрметтеуге, елін сүюге тәрбиелеу.Түрі: ғылыми-практикалық конференция. сабақ. Әдісі: зерттеу, ізденіс.Пәнаралық байланыс: тарих, театр.Көрнекілігі: Ж. Жабаев портреті, түрлі фотосуреттер, кітаптар көрмесі, «Аңыз адам»журналы№08-2011жыл, Ж.Жабаев жыр жинағы I, II том «Жазушы»баспасы т.б.Барысы: Жоспар:1. «Жасымнан атым аян Жамбыл едім»Жамбылдың шыққан ортасы.II. «Шежіре»Жамбыл өмірінің хронологиясы. III. «Жамбылдың маржан жырлары»/ Шығармашылығының кезеңдері/ IY. «Өлшеусіз ақындық күш»а/Сатиралық өлеңдері.ә/Патриот ақын.б/Айтыстары.в/Шығармашылық өрлеу жылдары.г/Лиро-эпостық жырларды өзіндік мазмұнмен жырлауы.Y. «Жүз жасаған емен»Естеліктер.YI. Қорытынды. Мұғалімнің кіріспе сөзі: Қазақтың халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабайұлының есімі бүгінде дүние жүзіне мәлім. Ғасыр жасап екі заманның бірдей куәсі болған ақын өз тағдырын туған халқымен тұтастырып, оның бар өмірін биік мұратын, мұң-мүддесін жырына арқау етті, дәстүрлі қазақ жырын жаңа дәуірдің талап-тілектеріне орайластыра, жаңарта, жасарта білді.Асқақ үнді алып ақын, жырау, суырып салма айтыскер Ж.Жабаев 170 жасқа толып отыр. Ол халық поэзиясы мен жазба әдебиетінің арасындағы көпір сияқты болды. Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығы тойланып жатқан күндерде Данияның аса көрнекті жазушысы Мартин Андерсен-Нексенің ақынға жолдаған сәлемінде: «Сіз көшпенділердің өмірінен осы заманғы адамның, еркін азаматтың өміріне мыңдаған жылғы мәдениеттің көпірін салдыңыз», — деп жазуы жай айтыла салған сөз емес. Ол қазақтың суырып салып айтушылығы мен тапқырлығын бүгінгі заманға жеткізіп, шыңдаған, жетілдірген Жамбылдың ақындық өнері халық поэзиясының осы заманғы биік үлгісі екенін көріп, мойындағандықтан айтқан. Ал орыс жазушысы Л. Соболев осы пікірді «Жамбылдың халықтың ақындық дәстүрлерін сақтаушы ретіндегі зор таланты, оның айқын дүниетанымы қазақ әдебиетінің екі бағытын: бұрынғы ауызша поэзия мен қазіргі кәсіби поэзияны біртұтас етіп біріктіреді» деген оймен қорытты. Атақты адамдардың барлығы оған осындай бағаны текке бермеген. Олар Жамбылдың халық поэзиясының шын мағынасындағы алыбы екендігіне көзі жетіп барып айтқан. Жамбыл – шешендігімен, алғырлығымен, бүкілхалықтық эпосты, қазақ поэзиясының образдық құрылымын терең білетіндігімен ерекшеленген адам./Жоспармен таныстыру, 10-сынып оқушыларына ізденіс тапсырмалар берілген/ I.«Жасымнан атым аян Жамбыл едім» Жамбылдың шыққан ортасы.Ұстазы Сүйінбай.Жетісу өңіріне ғана емес, бүкіл қазаққа аты мәшһүр жыр жампозы Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанда қазіргі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы Жамбыл тауының баурайында, Ұлы жүздің ішіндегі шапыраштының екей руынан шыққан Жапа Ыстыбайұлының отбасында дүниеге келген.Қақаған қар аралас соғып боран, Ел үрей, көк найзалы жау торыған.Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын, Жамбыл деп қойылыпты атым содан. – деп өзі айтқандай, ақын жаугершілік заманында туған. Деректерге сүйенсек, ол кезде Қазақстанның оңтүстігі, оның ішінде ақынның туған өлкесі – Жетісу өңірі Қоқан ханына бағынған. Қоқан ханы Құдияр мен оның атарман-шабармандары қазақ ауылына көп салық салып, адам төзгісіз зорлықтар жасалған. Қалың бұқараны қайыршылыққа ұшыратып, тентіретуге дейін барған. Ел қоқандықтарға қарсы майдан ашқанда Жамбылдың атасы Ыстыбай да Қазыбай, Жапа, Жадыра, Мәйке деген төрт ұлын бастап, көтерлісшілер сапына қосылған.Жауды өкшелей қуып соғысып, аттың жалы, түйенің қомында күн кешіп жүрген сәттердің бірінде Жапаның әйелі – Ұлдан ана Жамбылды дүниеге әкелген. Әкесінің аты Жапа болғанымен, ел Жабай деп атап кеткен. Бұның себебін жамбылтанушылар «Ертеректе Жабай деген ержүрек батыр өткен. Жапаның қоқандықтармен соғыстағы ерлігіне тәнті болған ел-жұрт «Тура Жабай сияқтысоғысады екен» деп, содан Жабай атанып кеткен деп түсіндеріреді.Арғы аталары дәулетті кісілер болғанымен, Жамбылдың әкесі Жапа «шоқпыт шапанды көшпелі кедей болған».Он үш жасында байдың қойын бағып жүрген кезінде ұйықтап қалып, түсінен ақын болып оянған Сүйінбай ұстазы сияқты Жамбылға да ақындық түсінде аян беріп қонса керек. Ол туралы ақын: «Бір күні Жетісай жайлауында жылқы бағып жүріп, түс көріппін. Түсімде ақсақалды қария келіп: «Өлең аласың ба, көген аласың ба?» — деген. Мен: «Өлең!» — деппін. Оянып кетсем, түсім екен, көкірегімді бір толқын кернеп, алқымыма тығылғандай, дереу үйге жетіп, домбыраны ала салдым да, оңды-солды төгіп-төгіп жіберіп едім, кеудем ашылып, орта түскендей болды», — деп еске алған.Жүрегіне өлең ұялаған дарынды жас он төрт-он бес жасынан бастап бір жолата ақындық жолына түседі. Естелігінде: «Он беске толғанда мен атақы ақын Сүйінбай тұратын ауылға келдім. Домбырамды ұстап оның үйіне таяп келдім де, әндете бастадым. Өлеңіме риза болған Сүйінбай мені үйіне шақырып алып: «Сенің ақындық дарының бар екен, дауысың да жақсы, ұнайсың, жігітім», — деді. Қарт ақынның тілеуі бойынша мен көптеген әндерді құйқылжыта айтып бердім. Оның біреуін сол үйде отырып шығардым.… Сүйінбай түні бойы ақындық шеберлік жайында әңгімеледі. Сөйтіп, мен оның шәкірті болдым, оның өлеңдерін жұртқа тараттым», — дейді ақын өнер әлеміндегі алғашқы баспалдақтарын еске ала оырып. Сөз өнеріне мейлінше жетік, шыншыл да өткір Жамбылдың өнеріне риза болған Сүйінбай: «Өлеңді тыңдаушының көкейінен кетпейтіндей етіп айт. Сенің өлеңдерін жеке адамдардың емес, бүкіл халқымыздың игілігіне айналатын болсын. Көмеймен емес, жүрекпен жырла. Әрқашан әділ сөйлеп, адал бол». – деп оған ықыласпен бата берген. Жамбыл Сүйінбайды өмір бойы пір тұтып, одан үлгі алған./«Менің өмірім» өлеңі оқылады./Жамбыл Жабаев өмірінің тарихи тізбесі:(хронологиялық тәртіп бойынша)1846 – 28 ақпанда Шу өзенінің солтүстік ағысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген.1860-1861 – Жамбыл 14 жасынан бастап өлең айтып, 15 жасында Сүйінбай ақыннан бата алған.1866-1876 – Жетісу жерінен әншілігімен, ақындығымен әйгілі болған Бұрымға, кейінірек Сара Нұрбекқызына ғашық болады.1890-1891 – Бөлтірік ақынмен, Шыбыл шалмен, Майкөт ақынмен айтысады. Сарыбайдың Кішісаз, Үлкенсаз, Ботасаздағы асында Жамбыл қазақ, қырғыздарға асқан ақындығымен танылады. Атақты әнші-ақын Әсет сияқты серілермен, Сәтбай, Қайрақбай, Қожамберді секілді шешендермен кездеседі. 1895-1897 – Сарыбаспен, Құлмамбетпен айтысады.1907-1909 – Досмағамбетпен, Шашубаймен айтысады.1912 – Сарыарқадан Жетісуға серілікпен келген Балуан Шолақпен кездеседі. Екеуі Алатау өңірін әнмен өлеңге бөлейді. 1913 – Алматының уездік әкімдері Жетісу жеріндегі халық ақындарын жинап алып, Ресей патшасы Романов тұқымының таққа отырғанына 300 жыл толуын құттықтап, өлең айтуға жарлық береді. Жамбыл патшаны мақтаудан бас тартып, «Өстепкеде» деген өлеңін шығарады.1916 – Елді азаттық күреске шақырған «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» деген жалынды өлеңдерін шығарды.1919 – Мамыр айында Алматы қаласында Жетісу ақындарының тұңғыш слеті өтеді. Слетке Жамбыл қатысып, әділқазылардың ұйғарымы бойынша, барлық ақындарды жеңгені үшін бірінші бәйге, бағалы сыйлық алады. 1934 – Алматы қаласында қазақ көркем өнер қайраткерлерінің бірінші слеті басталды. Жамбыл бас бәйгеге ие болды. 1936 – Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен көркемөнерінің бірінші онкүндігіне барады. 1937 – Ш. Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» атты поэмасының 750 жылдық тойына қатысады.1938 – 19 мамыр күні Ленин орденімен марапатталады. Жамбыл Жабаевтың ақындық қызметінің 75 жылдық салтанатты мерекелері бүкілодақтық көлемде аталып өтеді.1938 – Қазақ КСРЖоғары Кеңесіне депутат болып сайланады. 1939 – «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.1941 – Көркем әдебиет саласындағы аса үздік еңбегі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты деген жоғары дәрежелі атақ беріледі.1941 – «Ленинградтық өренім» деген жалынды өлеңі жарық көреді.1943 – Халық ақындарының Республикалық айтысы өтіп, оны Жамбыл ашады.1945 – 22 маусымда жергілікті уақыт бойынша 7 сағат 55 минутта жүрегі соғуын тоқтатады.1946 – 8 шілдеде Жамбылдың мұражайы мен кесенесі ашылады. III.«Жамбылдың маржан жырлары.»Шығармашылығының кезеңдері.1/15жастан-1916жыл аралығы.2/1917-1940жылдар аралығы.3/1941-1945 жылдар аралығы1.15 жастан 1916 жыл аралығында діни оқуды өткір сынауы, би-болыстардың озбырлығын, кедей шаруалардың ауыр тұрмысын жырлауы,1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын жырлауы, қуғындалуы. Айтыстары.2. 1917-1940 жылдар аралығында Ұлы Қазан революциясының жеңісін, ұлы өзгерістерді, Кеңес дәуірін шабыттана жырлады. 3. 1941-1945 жылдар арасы Ұлы Отан соғысына арнаған қаhармандық рухтағы жырлары.IY. «Өлшеусіз ақындық күш»а/Сатиралық өлеңдері.Жамбыл туындыларының мазмұны бай, тақырыбы сан алуан. Соның ішінде ақын дарындылығының ерекше бір қырын танытқан қомақты да көркем саласы – сатиралық өлеңдері. Ондай өлеңдері адам мінез-құлқындағы, қоғамдағы ұнамсыздықты, жағымсыз әрекеттерді мінеген ащы сын, өткір мысқылға толы, ақынның бізге жеткен алғашқы өлеңінен («Шағым») бастап өмірінің соңында шығарған әзіл-сықақ, ажуаларына («Әке әзілі») дейінгі аралықтағы шығармашылығында сатиралық күш бәсеңсіп көрген емес. Ақын назарына іліккен ұнамсыздықтар күлкілі өлеңге айналмай қалмаған. Жамбылдың үлкен сатирашы ақын екенін оның «Кәдірбайдың төбеті», «Кәкімге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Есенәлі мешкейге» сияқты өлеңдерінен-ақ айқын сезіледі. «Кәдірбайдың төбеті» — сюжетке құрылған, композициялық құрылымы бар өлең. Ақын жолаушылап келе жатып, бір жігітке жолығып қалады. Жөн сұраса келе, әлгі жігіт: «Ақын болсаңыз, мына төбенің арғы жағындағы Кәдірбай байдың ауылына барып, байдың итін мақтаған өлең жарысына қатыспайсыз ба?» дейді.Мұндай естіп-көрмеген қызыққа сол маңайдағы ақын біткен тегіс жиналған екен. Жамбыл олардың өлеңдерін тыңдап қараса, байдың бір жақсы иті қарақұрт шағып өліп, ақындар ит иесі байды жер-көкке сыйғызбай мақтап, жұбата алмай әуреге түсіп жатыр екен. Ақыры кезек Жамбылға жетеді. Жамбыл алдымен байдың және оның итінің мақтауын жеткізе алмай шұрылдаған ақындарды мінеп, «Өлеңін сатқан ақын – ақын емес, олда бір – су жүрек қоян, қоқыс пен тәттіге үймелеген шыбында бір» дейді. Содан соң Кәдірбайдың өзіне шүйлігіп састырады: Ал, Кәдірбай, құлақ сал, Жамбыл сөзін тыңдап қал, Итіңді жаман демеймін, Күзетіп жүр малыңды.Көпшілікті бүлдіріп,Ұрлап алғандарыңды…Өлеңдегі күлкінің шарықтаған жері тіптен қызық әдіспен берілген. Иттің қадірі ел үшін Кәдірбайдан артық екенін, ит өлгенше, байдың өзі өлуі дұрыс еді деген ақындық шешім итті мақтау арқылы оның иесі Кәдірбайды келемеж етіп, жанама сықақтау әдістің нағыз үлгісі болып шыққан. Ауылды торлап аңдыған,Қасқырды талап қан қылған, Сенен жұртқа ит жақсы — Күзеткен қотан ауылды.Қайнатып құдай сорыңды, Ит өлмей-ақ сен өлсең, Болар ед тым-ақ орынды, — деп дәулетіне мастанып, асып-тасыған байды масқара етеді. «Кәдірбайдың төбеті» өлеңі – сатираның түрлі әдістері шебер қолданылған, ақынның да, қазақ сатирасының да биік деңгейін көрсете алатын үздік туынды.ә/Жамбыл – патриот ақын.Жамбыл жырларының негізгі тақырыптарының бірі- Отанды сүю.Ленинградты қорғаудың нағыз ауыр күндерінде шығарылған «Ленинградтық өренім» Ұлы Отан соғысы кезіндегі поэзияның ең таңдаулы туындыларының бірі болды. Өлең қаланы қорғаушыларға күш-қуат берді, оларды жеңіске жігерлендірді. «Жамбылдың «Ленинградтық өренім» деген жыры жарияланған кез Ленинград халінің аса бір ауыр шағы еді, — деп жазды ленинградтық ақын Александр Прокофьев. – Бұл шақта немістің қоршауында қалған Ленинградта азық өте аз болды… Үйлеріне кіретін су тоқтатылды, канализация істемеді, отын атымен болмады. Жау атқан снаряд пен бомбалардың салдарынан шынысы қирап, терезе біткен аңырайып ашық тұрды, электр жарығы да нашар жанды, тіпті қаладағы үйлердің көбінде жарық болған жоқ. Қалаға жаудың оғы үздіксіз жауып тұрды. Осындай халде Жамбылдың «Ленинградтық өренім» деген жыры газеттерде жарияланды. Халықтың рухын көтеруде ерекше күшті қызмет атқарған бұл жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқыды. Жыр үлкен әріппен басылып, көшелерде плакат болып ілінді. Сол плакатты үймелесіп оқысып, көздерінен жастары сорғалаған талай адамдарды кездестірдім. Немістердің самолеттері төбеде ұшып, бомба тастап жүргенде тығылудың орнына Жамбылдың жыры басылған газетті алуға көшеде кезекте тұрған адамдарды талай көрдім».Ленинград қаласын қорғаушыларға осындай рухани күш берген Жамбыл жырын зор бағалай келіп, Н. Тихонов: «Жамбыл Ленинградқа келіп, оны қорғаушылардың қатарына тұрды», — деп жазды. Жамбылдың майдандағы жауынгерлермен жазысқан хаттары да елімізді жаудан қорғауда үлкен саяси қызмет атқарды десе де болады. Ақынның ұлы Алғадай майданнан хат жолдап, өз бөлімшесінің атына өлеңмен сәлем жолдауын өтінген. «Сіздің өлеңіңіздің бізге көп жәрдемі тиеді екен», -деп жазған. Осы хаттардың бәріне Жамбыл өлеңмен жауап қайтарған. Жамбылдың соғыс тұсындағы өлеңдері дұшпанға қарсы күресте қуатты құрал болды./«Ленинградтық өренім »өлеңі жатқа оқылады./б/Айтыстары.1897 жылы Ұлы жүз албан елінің жайлауында Шәрипа деген қыздың ұзатылу тойы болады. Соған қырғыз-қазақтан көп қонақ шақырылады, жүздеген ақ үй тігіледі, ұлттық ойындар ойналады. Осы тойда сегіз қанатты екі үйді жалғастырып, Жетісу мен Ыстықкөлден жиналған даңқты ақындардың айтысын өткізеді. Бірінші, екінші күндері тоғыз ақын айтысады, соның барлығы Құлмамбеттен жеңіледі. Содан арнасынан асқан Құлмамбет «енді Жамбылды шақыртыңдар» деп үдеп, асқақтап кетеді. Біреуді Жамбыл деген ел мақтайды, Еркек қойдай құйрығын салмақтайды.Ақын болса, қайда отыр ол немесі, Болар-болмас немесін ардақтайды! – деп сөз бастайды Құлмамбет.Құлмамбет- сесті ақын. Алдына келгенді бірден бүркітше бас салып, самұрық құстай аспанға іліп алып ұшады. Құлмамбет өзінен жеңілген тоғыз ақынды ақын деп атамайды, оларды кемсітіп, «өлеңші» деп мазақтайды. Жамбыл осы жолы Құлмамбетті жеңбесе, онда ақындықпен қоштасатыны рас еді. Ол кезде қазақ даласында айтыста жеңілгені- ақынның өлгені болып саналатын.1937 жылы 22 қазанда «Лениншіл жаста» жарияланған, Жамбылдың өз айтуынан жазылып алынған өмірбаяндық мәліметте: «...Құлмамбет кілем төсеген алты қанат ақ үйде, ақсақалдардың ортасында отыр екен. Құлмамбеттің түрінде мақтаншақтық және өзіне-өзі сенгендік көрініп тұр. Мені көріп, ол күле бастады. Мұнысы маған қатты батты. Айтыс басталды. Құлмамбет өлеңінде өзінің билікті адамдармен жақындығын, достығын, құрметтейтіндігін айтып, мақтана бастады. Одан кейін өлеңді мен айттым. Сүйінбайдың ақылын еске түсірдім: өтірік айтып сатылмадым. Әлгі Құлмамбет санап өткен адамдардың аттарын атап, әрқайсысына халықтың аузында айтылып жүрген бағаларын бердім. Жаңағы өтірік мақталған адамдардың бәріне ұры, алдаушы, кісі өлтіргіш делінген атақтар берілді. Менің сөздерім әрі күлкі, әрі өткір болды. Сондықтан да айнала қоршаған жұрт бұған қатты күлді. Мен өлеңімді үдете түскен сайын айналадағы тыңдаушылар қатты ұнатты. Сөйтіп, мен Құлмамбетті жеңіп, Жетісудағы бірінші ақын болдым», — дейді.Досмағанбет Талдықорған облысының Қаратал ауданында 1883 жылы туып, 1910 жылы 27 жасында қайтыс болған. Ол Түркістан, Бұқара қалаларында медреселерде оқыған, «Иманшарт», «Бәдуам», «Таки Ғажап» секілді кітаптарды жатқа білген. Досмағанбет пен Жамбылдың айтысының қысқаша тарихы мынадай: 1907 жылы қыста жалайыр елінің молда ақыны Досмағанбет Үйсіндегі нағашысы Көбісбайдікіне қонаққа келеді. Көбісбай: — Жиенжан, өзіңді өлеңді жақсы айтатын ақын деп естимін, мына отырған кемпір-шал, қыз-бозбалаларға ән шырқап, көңілдерін көтерсең, — дейді. Досмағанбет көптің тілегін жерге тастамай, қолына домбырасын алып, шырқай жөнеледі. Осы кезде жолаушылап бара жатқан Жамбыл шырқалған әнді естіп, Көбісбайдың үйіне бұрылады. Әзілдеспесе жүре алмайтын Жамбыл келе Досмағанбетті қағыта сөйлейді:- Көбеке, аузы-басы пияздай мына бала қай бала?- Жиен бала, руы – жалайыр, оның ішінде балғалы деен ел болады, нағашыларына сәлем беремін деп келген беті еді, — дейді Көбісбай.Сол күні түнде Жамбыл «Сүйінбай мен Жантайдың айтысын», Қабан, Қарқабат, Бұқар, Кемпірбай жыраулардың өлең-термелерін айтады.Ертеңіне түстен кейін Досмағанбетті айтысқа шақырып, сөзді Жамбыл бастайды. Досмағанбет те өлеңмен ұстаса кетеді. Жамбыл табиғаттың өзіне сыйлаған өлшеусіз ақындық күшін жақсы сезінеді, сондықтан Досмағанбетті елеусіз көреді. Оны қырғи, қаршығадан қорғалақтап, бұта-бұтаның арасында дірілдеп отыратын шымшық торғайларға теңейді. Досмағанбет те осал ақын емес. Ол Жамбылдың сөздерінен сескенбейді. Жамбылды сөзбен жасытып тастау үшін өзінің жастық, жалынды шақтарына мақтанады. Жамбылға: «Жасың алпысқа келді, дәуренің өтті, сондықтан ән де, өлең де сенен алыстап барады», — дейді. Жамбылды жеңу үшін талай айлаға барады. Досмағанбет Жамбылды қорламақ болып, қасақана оның ақындық дарынына, кеудесіндегі асыл бойтұмарына жармасады. Ондағы мақсаты – Жамбылды қайткенде ашуландыру. Кімде-кім айтыс үстінде қызарақтап, қатты ашуланса – онда жеңілуге бет алғаны. Мұндай сын сағаттарда Жамбыл сыр бермеген, сасқанын, абыржығанын ешуақытта аңғартпаған.«Түс көріп жатып ақындармен айтысатын» тау қыраны Жамбылға қарсы келіп, бетпе-бет айтысқа щыққан Сарыбастың шын аты – Тілеулі. Ол өлең айтқанда жалаңбастанып, қызара бөртіп, құлағын бұрап, тау суындай тасқындап, екпіндетіп айтады екен. Сондықтан елі оны Сарыбас деп атап кеткен. Сарыбас өз сөзінің бағасын жақсы білетін: айтысқан адамын өткір тілмен сескендіріп, ықтырып әкететін асау ақын атанған. Ол Ұлы жүздің ішіндегі дулат тайпасының қасқарау руынан. Жамбыл Сарыбасты айтыста жеңген. Жеңгенде анау-мынау өлеңшіні жеңбеген, кәдуілгі азулы, жүйрік ақынды жеңгені белгілі. Сарыбас 1170 тармақты, Жамбыл 1710 тармақты өлеңді дем алмай, тоқтамай, ұзақ айтып тастаған. Бұл – ұлы суырып салмаларға ғана тән қасиет. Атақты ғалым Есмағамбет Ысмайылов «Ақындар» атты монографиясында Жамбылдан: — Жәке, сіздің Сарыбаспен айтысыңыз қазақтың бұрынғы айтыстарына ұқсаңқырамайды, екі ақын да ұзақ жырлап, бір-бір қайырып, тоқтап отырады, мұның мәні қалай? – деп сұрағанда, Жамбыл: — Мұны- желілі айтыс дейміз. Аты айтыс болғанымен, дастан ғой, — дейді.Қазақ поэзиясында «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген сөз бар. Біздің қазақ ақындарыосыны шебер пайдаланған. Кешегі Бұқардың Абылай ханға, Махамбеттің Жәңгір ханға, Шернияз ақынның Баймағанбет сұлтанға, Сүйінбайдың Тезек төреге, Жанақ ақынның Рүстем төреге, Шөже ақынның Тұманбай мен Алшынбайға айтқаны – нағыз отты, жалынды, тіліп түсетін жырлар. Міне, Жамбыл осы дәстүрді берік сақтаған. Ойындағысын айтпай тұра алмаған Жамбыл «Екейдің қисық шалы» атанған. Мұндай дәстүр өзінің ұстазы Сүйінбайдан қалған. Осының барлығы – Жамбылдың қазақ поэзиясына адалдығының белгісі. Жамбыл- қайталанбайтын тұлға./Жамбыл мен Құлманбеттің айтысынан үзінді.Оқушылар жаттап айтысады/в/Шығармашылық өрлеу жылдары.Қазақстанда Кеңес өкіметі орнаған тұста Жамбыл жетпістен асқан қарт еді. Еңбекші елімен бірге өмірдің азапты жолынан өткен ақын сол мезетте «теңдік заманы туды» деп ұқты, байлар мен билеушілерді тежеп, кедейлерді алға ұстаған саясатты мақұлдады. Сондықтан ол революция тудырған өзгерістерді ықыласпен қабылдап, оны жырлауға дайын екендігін білдірді. Негізі, Жамбылдың шығармашылық өрлеу жылдары – 30-жылдар іші. Бұл кезде біздің елімізде жаңа қоғамдық құрылыс – социализм жеңді деп жарияланды, жаңа Конституция қабылданды. Қазақстан автономиялы республикадан одақтық республикаға айналды… Өнер адамдарын идеологияны нығайтуға пайдаланды, оларды жаңа қоғамдық құрылыстың артықтығын суреттеуге, осындай заман орнатқан партия, ел басшыларын жырлауға бағыттады. 1934 жылғы КСРО жазушыларының бірінші съезі осындай ұранмен өтті. Онда ауыз әдебиетін жинау, одан үйрену, халық поэзиясына көңіл бөлу мәселесі де сөз болды. Ақын 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, орден алды. Мәскеуді, Ленин мавзолейін аралады. Осындай жағдайлар қарт ақынның көңіл-күйін көтеріп, оны заманын көтеріңкі пафоспен жырлауға итермеледі. Ол социалистік қоғамды, партияны, оның көсемдерін, халықтар достығын мадақтайтын жырлар шығарды. «Қазақстан тойына», «Замана ағымы», «Халықтың сәлемі», «Дастархан жыры», «Өмір жыры»өлеңдерін шығарды./Өлеңдері мәнерлеп жатқа оқылады./г/Лиро-эпостық жырларды өзіндік мазмұнмен жырлауы.Ұлы ақын Ж.Жабаев «Садыр патша мен Жамбыл патша», «Көрұғлы», «Манас», «Өтеген», «Сұраншы батыр», «Мұңлық-Зарлық», «Шахнама», «Ерназар-Бекет», «Қыз Жібек»секілді лиро-эпостық дастандарды апталап, айлап айтқан.Айтқанда бір-біріне ұқсатпай, төтенше ізбен, соны соқпақ өлеңмен салтанатты сарайлар тұрғызған./Оқушылар дастандардан үзінділер оқиды./Y. «Жүз жасаған емен» Естеліктер.Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бір өзі әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны. Мұхтар Әуезов, жазушыЖамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.Сәкен Сейфуллин, жазушыЖамбыл өз халқының ар-намысы, үні, жүрегі және ақиқат шындығы болды. Ол халық пен поэзия сықылды мәңгі жасай береді.Николай Тихонов, орыс ақыныЖамбыл өмірге жымия қарап, сынай өскен ақын еді. Оның ойлы көздерінің түбінде қашан да бір сықақ ұшқыны тұратын.Ғабит Мүсірепов, жазушыКөшпелі сөз зергері, жыр айтудың көшпелі академиясы Жамбыл туған жерінің тауы мен даласын ұзақ жылдар талмастан кезумен өткізді.Марк Тарловский, орыс ақыныЖамбыл – жүз жасаған адам, соның 85 жылы ақындықпен өтті. Ол әлеуметтік және жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген кісі.Сәбит Мұқанов, жазушыЖамбыл жырлары Бұғымүйіз, Бесмойнақ жайлауларының гүліндей алуан түрлі. Хош иісі күншілік жерден аңқып тұрады. Ақын жырын тыңдаған сайын көк жайлауға шыққандай әсер аласың.Ілияс Жансүгіров, ақынЖамбыл жырлары арқылы қазақ халқы өзі сөйледі. Сондықтан да оның творчествосы мәңгі жасайды.Василий Лебедев-Кумач, орыс ақыныЖүз жыл өмір кешкен ақында неше жүз жылдар өнері мен шеберлігі түйіскен. Мұхтар Әуезов, жазушы.YI.Қорытынды.Мұғалім: Ж.Жабаев М.Әуезов бастағанМосква өнер делегациясын өзінің үйінде қабылдап отырып, сөздің реті келгенде:-Менің түлкі ішегімнің астарына шейін толған өлең, сілкісем өлең түседі,-депті.Рас сөз, Жамбыл 15 жасынан бастап, бір ғасырлық ғұмырында ұшан- теңіз өлең айтқан жыр-дастан! Жыр-ғұмыр 170 жаста! Оқушылардың ғылыми ізденіс жұмыстарына алғыс айту.

Осыған ұқсас жазбалар:

Қазақ әдебиетіАлпамыс батыр жырының кейіпкерлері

Қазақ әдебиетіҚозыкүрең (2сағаты)

Қазақ әдебиетіАйтыс- халық қазынасы

Қазақ әдебиетіС. Дөнентаевтың "Заман кімдікі", «Бозторғай» өлеңі

Қазақ әдебиетіД.Исабеков "Ата үміті" (1 сағаты)

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1147932

Пікірлер (2)
Админ # 26 шілде 2016 в 23:30 0
Емілеге көңіл бөліңіз.
Базаргүл Алтынбекқызы # 29 шілде 2016 в 09:55 0
Қазақтың жыр алыбы- Жамбыл патриот ақын, жыр шумақтары керемет өрілген емес пе!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар