Мұқағали лирикасындағы дала образы

5 ақпан 2015 - Құралай Орманова
Мұқағали лирикасындағы дала образы

Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылы,

Сарыжаз орта мектебінің І санатты

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шүкеева Зағира

Ақын лирикасының тақырыбы да сан алуан. Оның ішінде ерекше көзге түсетіні-дала образы. Қаламгердің лирикалық сарындарының қалыптасуына, өркендеуіне негіз болар арналар: біріншісі-туған жер табиғаты, екіншісі-дала көріністерінің тылсымдары, ал үшіншісі-солардың тыныс-тіршілігі. Ақын жырларында табиғат лирикасы мен адамның жандүниесі бірге өрлеп, терең астасып жатады. Әлем құбылысы санымен, көңілімен үндесіп сұлу, сырлы, тіпті кейде ақыл — ойға сыймайтын табиғатпен ұштасады. Оның басты тақырыбы – дала, қаҺарманы – туған жер, сол даланың адамдары. Хас ақын тау туралы толғанысын, не боздаланың кеңдігін жырласын, тіпті көл немесе жазғы таңды, күзгі кешті, егінді, не жер, күн, ай, жайында айтсын, бірінші кезекте өзінің дүние түсінігі – ішкі жан әлемі тұрады.

Аян ғой аймағыңның сыры маған,

Сөйлейсің, сөйлейсің сен Ұлы далам!

Мен сенің көкке ұшырған бозторғайың,

Шырылдап жерге түспей тұрып алам…

Тамылжыған табиғаттың сырларымен сырласқан ақын өзі туып-өскен Қарасазды, Хантәңірі шыңдарын, бусаған кең даласын, тау қойнауындағы тұнық көлін, жасыл желекті кең жайлауларын, жұпар иісті жусанын, бір тал шидің шыбығына дейін шабыттана жыр шуағына бөлейді.

Туған жер табиғатын жырлағанда оны жалаң алмай, өмір құбылыстарымен, адамзат тіршілігімен байланыстыра суреттейді.

Тамаша еді жазғы орман,

Тамашалап мәз болғам.

Қайран Қарасазым-ай,

Үйрек ұшып, қаз қонған.

Ақынның кіндік қаны тамған даласына деген сүйіспеншілігі – табиғат лирикасының негізгі әуені. «Шабындықта», «Біздің көктем», «Біздің жақтың іңірі», «Әй табиғат», «Қабағы таудың қатулы», «Бозқараған», «Бесік көл», «Сонарда», «Күрең күз», «Саржайлау» сынды және тағы басқа да өлеңдерінде дала көріністері мол сырға ие болып жол, көк аспан, бұлт, су, тау-бәріне жан бітіп, тірі әлеммен тілдескендей әсер қалдырады.

Ұйқыға кеткен кең дала,

Шығарып самал тынысын.

Келемін жортып мен ғана,

Кетіріп түннің тынышын, немесе

Қар жамылған кең дала,

Бетінен аяқ сүйеді.

Селдір тартқан ши ғана,

Қатқыл жолдың жиегі.

Даланы өз жырына қоспайтын ақын жоқ. Кімді алмайық, Абай, Мағжан, Ілияс, Қасым да даланы жырына арқау еткен. Мұқағали болса, солардан нәр ала жыр бәйтерегінің заңды жалғасы, бір бұтағы. Табиғатты тану, оны сезімде бейнелікпен тірілту реалистік әдебиетте дана Абайдан басталғаны хақ. Демек, ақын туындыларына ұлы Абайдың орны ерекше. Оны мына шумақ дәлелдей түскендей:

Уа, дала!

Дала толған көл-көсір жыр,

Дала-қобыз, тұтпайды пернесін кір.

Тірі Абайды әлдиле дархан далам,

Өлең сенің өнеріңді тербесін бір.

Дана Абайды дархан даласымен бірге тебірендіріп, дала мен Абай астасып кеткендей әсер қалдырады.

Дала, дала,

Сол дала сеуелеген,

Жырмен ұйықтап, оянған өлеңменен.

Дала деген-күй сандық бір қазаққа,

Абай десе құлағы елеңдеген.

Дала жатыр өн бойы тұнған өлкең,

Абай, міне, жапанда туған емен.

Ата сөзі тербеткен бесігімді,

Ата сөзін өмірде тыңдап өлем.

Кемеңгер, дала ақыны даламен беттестіріп, оған өзі табынады. «Ата сөзін өмірде тыңдап өлем» деп ақын даладан Абай сөзін тыңдайды, сол арқылы бойына күш-жігер, қайрат жинайды.

Қай ақын болмасын, ол өз туған жерінің перзенті. Ендеше, таулы өлке дүние есігін ашқан Мұқағалидың қолына қалам алып, сөз өрнегін тоқи бастағаннан-ақ жырына кірген образ – тау. Ақынның «Мен-таулықпын, таудан мен жаратылғам» немесе «Мен-таулықпын, қыранның балапаны» деп тау туралы толғайды, тауды жыр өзегіне айналдырады. Ақынның медет тұтатыны – тау. Мұқағалидың құдіреттілігі сонда, ол өзінің жанын, тәнін таумен тұтастырып жіберетіндігінде. Ақын жанының нәзіктігі сонша, ол тау болып қуанады, тау болып күңіренеді. Бір нәрсеге көңілі толмаса, бір нәрсені іздесе, оны таудан іздейді. Шыңның көз жетпес құзы жайлы толғағанда, оның көз алдында тұратын әрі оған пірі ретінде сиынатын шыңы – Хантәңірі.

Шыңның мен танымаймын аласасын,

Тиянь-Шанның шашақтаулы найзасындай,

Қайсысың Хантәңірмен жанасасың?

Ақын тауға ғашық, ол оның өшпес махаббаты. Ақын қайда кетпесін, мейлі қыр ассын, тіпті биік құзырды бағындырсын, бәрібір өзінің тауына бас иеді. Таулы өлке табиғатының бояуын дәлдікпен тауып, әрі ақындық пафоста сол мекенді шынайы образбен бедерлеп, оқушысын ойға жетелейді.

Қарағай, шырша, қайыңы жарыса өскен ақбас Елшенбүйрек таулары, айнадай жарқыраған Тұзкөл және Шәлкөде, Шәкірембал, Шибұт, Шолақ, Дардамбы, Шоқанасқан жайлауларын тұмар қып ұстап, өзінің ұшпас мұраларының алтын тіліне айналдырады. Демек, ақын қияларын, сезімнен, өзін қоршаған ортадағы қандай да бір құбылыс қағыс қалмайды.

Ұлы далам, не деген көркем едің,

Жаратқан ғой бағыма сені менің.

Дүбірлетіп әнеки бара жатыр,

Алтын арқан боз керуенің.

Осылайша ақын астықты алқаптың алтын дәнін дүбірлтіп бара жатқан боз керуенге теңейді, теңейді де ары қарай түрлендіреді.

Жалғанның жартысындай жалпақ далам,

Кеудең ырыс, алтын тақ-арқаң маған.

Қозғалсаң қойыныңнан дән саулаған,

Кәусәр далам, бас идім, гауҺар далам.

Ақын даланы суреттеу отырып сағынышпен паш етеді. Дала кеңістігінің құпия тылсым күшінің сырын ашыға ұмтылады.

Кең дүние төсіңді аш, мен келемін,

Алынбаған ақым бар сенде менің.

Бұйрат құмдар бұйығып шөлдегенмін,

Бура бұлттар бусанып терлегенмін.

Ақын жырларында параллелизм бағыты айқын көрініп тұрады. Адам, табиғат, махаббат – бір-бірімен астарласып, үндесіп әдемі гармония туғызады. Мұнда ақын табиғатқа жан бітіріп, оның әрбір көрінісін шеберлікпен бейнелеп, әсірелейді.

Осындай көркем образға айналдырудағы тапқырлығына, сезімінің алғырлығына, жай адам елей бермейтін көріністерді байқағыштығына тәнті боламыз.

Жайлау еді.

Жайлы бір іңір еді,

Жұлдыз тамып кетердей кідіреді.

Өзеніне асыққан өрім бұлақ,

Төмен қарай төскейден жүгіреді.

Таулар да тұр, баяғы бұлақ та бар,

Өзің жоқсың бірақ та сыр қатарар.

Жаз айының тамылжыған бір іңіріндегі әсерлі суреттер, яғни аспанға қарасаң жұлдыз тамып кетердей болғанымен, сәл кідіріп тұрғаны, одан жерге қараса сылдырлап аққан өрім бұлақтың өзен арнасына қарай асығуы бейнелі сурет.

Мына дала, мына өлке жап-жас әлі,

Адамдардың жоғалды сан жағасы.

Бір ұрпаққа – бір ұрпақ жалғасады,

Мына дала, мына өлке- жап-жас әлі, -деп өзінің өмірден өтерін сезссе де, жусанды даласының сол қалпында жап-жасыл болып қалатындығына кәміл сенеді. Иә, бұл ақынның көрегендігі мен әулиелігі шығар.

Бұл жырларды оқи отырып, жаныңа рухани азық, эстетикалық, тәрбиелік әсер алып, ақынның жыр дүлділі екендігіне куә боласың. Мұқағали дала тақырыбына қалтқысыз адал жүрегін, күн нұрындай тәк сезімін арнап, тұщымды-тұщымды дүниелер тудыра білді.

Ақынның жандүниесімен даланың дара болмысын үйлесім тапқаны сонша, Мұқағалидың даланы өрнектеген өлеңдерін оқығанда бойыңда сол далаға деген айырықша сезім, асқақ рух пайда болады.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1072367

Пікірлер (1)

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар