Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек!» поэмасындағы азаматтық рух

5 ақпан 2015 - Құралай Орманова
Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек!» поэмасындағы азаматтық рух

Алматы облысы, Райымбек ауданы

Сарыжаз орта мектебі.

Қазақ әдебиеті пәнінің 1-санатты мұғалімі

Шүкеава Зағира

Мұқағали поэзиясы – азаматтық пен адамгершілік симфониясы.

Фариза Оңғарсынова

Мұқағали сынды асқақ руқты ақынның шығармаларын оқи отырып, заманымыздың аса көрнекті жазушысы Сәбит Мұқановтың «Ақын болу шарт емес, азамат болу шартың» деген ұлағатты сөздері еріксіз есіме түседі. Бірақ заманымыздың заңғар ақыны Мұқағали есімі осы екі атауға да, ақындыққа да, даналыққа сай деп есептеймін.

«Кең дұние есігіңді аш мен келемін,

Алынбаған ақым бар сенде менің… –

деген өлең тармақтарына қараңызшы, өмірде тоят таппаған қырандай шүйіліп, дүние тарлық еткендей құшағын жая қарманған ақынның ұлы даласына үн қату да ұлылық. Осындай асқақ рухты ақын поэзиясында азаматтық пафостың айырықша орын алуы да тегін емес.

Мұқағали азамат ақын, елінің елдігін, ерлігін ту етіп көтерген биік намыстың ақыны. Олай болса ақын поэзиясының биік белестерінің бірі

«Райымбек, Райымбек» поэмасының жазылуы да ақын азаматтығының бір көрінісі. Жүрегі шер мен зарға толы қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығындағы азапты өмір, басына қара күн, қара түн, қара қайғы орнаған елінің мұңы – ақын ақын мұңы.

Қара таудың басынан көш келеді,

Қара жорға шайқалып, бос келеді.

Қара күнді жамылып, қара қазақ

Қара түнді түнді басынан кешкен еді.

Қазағының басынан өткен қара қайғыны батыр Райымбек түсінді, намысын жанып, атқа қонуы жас батырдың қиядан шолар қырандай қабағын таныған Қабай жырау сындарлы сұрақ қояды:

    -Қара жауың қайтадан шапса еліңді не етер едің?

    -Хас батырын бауыздап, қанын судай етер ем.

    Қатын болып күн кешкенше қырқысып,

    Қатын болып күн кешіп жүргеннен де, қырқысып,

    Қылша мойын талша боп, қанжығада кетер ем!- деп тайсалмай, тоқтамай жауап берді батыр.

    Міне, жалаң қылышын жау қанымен суарған бала қыран батырлықтың ұлы жолына осылай түскен еді.

    Тұғырынан босанған қыран қиялай ұшып, көк семсері жарқылдап, жауына жай отындай тиді Райымбек есімі халқына осылай танылды. Бабасының атын танытып, оған өлмес ескетткіш орнатқан оның ұрпағы – МҰқағали.

    Ақын мүддесінен қашанда халық мүддесі жоғары. Туған халқының өткенін еске түсіріп, өшкенін жандыруы да осының айғағы.

    АҺ ұруды доғарып аттан қазақ

    Алты жасар ұлыңды майданға алып,-

    поэманың ой-түйініне сай келетін нағыз азаматтың сөзі емес пе бұл!

    Ақын поэмасындағы асқақ рух та осы сөзде жатыр. Елінің елдігін, батырларының ерлігін қашан да жоғары қоятын намысты қазақ ұлының

    Сөзі әрі қарай жалғасады.

    Ордаң опат, айырыл елдігіңнен,

    Босамасын басың бір шерлі күннен,

    Тоз-тоз болып ұрпағың әр қиянда,

    Билігіңнен айырыл, теңдігіңнен!

    Қандай қайсарлы сөз, намыс отын лапылдата жағып, қазағын нық тұрғызатын бұдан өткір сөз қылышы болмас. Ақын аузынан төгілген уытты сөз, найзағай отындай жарқылдап, намыс туын, ерлік туын жоғары көтертті.

    Кезінде ақ семсерлі Махамбет

    «Ереуіл атқа ер салмай

    Егеулі найза қолға алмай,

    Ерлердің ісі бітер ме?!-

    деп, шамырқанса, бүгін жыр дауылпазы Мұқағали бұған жалынды үн қосып отыр.

    Поэманың тәрбиелік сипаты, кейінгі ұрпаққа берер тағылымы да осында.

    Атадан ұл туса игі,

    Ата жолын қуса игі

    Өзіне келер ұятын,

    Өзі біліп тұрса игі,- деп әйгілі шешен Төле би атамыз айтқандай, халқымыз ел билейтін көсем де, сөз бастайтын шешен де, қол бастайтын батыр да туғызған халық.

    Сондай дүл-дүл шешен, жампоз ақын Мұқағали болса, қол бастаған, ел қорғаған хас батырымыз – Райымбек. Өмірде бірін-бірі толықтырып тұратын ұлы бейнелер баршылық. Меніңше, солардың қатарында Мұқағали мен Райымбек те бар деп есептеймін.

    Мұқағали рухы жансызға жан бітірер мәңгі өлмес рух.Осылай дейтініміз бүгінгі егеменді елдің алдында заманымыздың көшін бастар болашағымыз жастардың бағытына осындай азаматтықтың, елдік пен ерліктің нәрін себу басты міндетіміз. Елін сүймеген азаматтың ертеңі жоқ десек, Отансыз адам – бақытсыз. Батырлық та тек еліне, жеріне деген ұлы махаббаттан тұрады. Осындай ізгілікті сезімді жыр ететін қаншама патша көңіл ақындар өтті арамыздан. Кезінде Сәкен «Жас қазақ марселезасын» бүкіл қазағына бостандық гимініндей таратқан болса, «Қазақ елінің» қамын жеген Ахмет, Мағжан сынды сөз құдіреттері де болашақты жастарға танытады, жастарға сенеді. Ал, Шәкәрім болса,

    Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,

    Жалыналық Абайға жүр баралық!-

    деп бекер дауыс көтермесе керек. Өйткені бар ұлылық Абайда емес пе!

    Яғни, ұлылар салған ірілік жол- бүгінге мұра. Мұқағали мұрасы да Абай мұрасының ізін жалғастырушы мұра. Бұл ұланғайыр адамдықтың, адамзаттың жолы. Осы жолда жазылған Мұқағалидың бұл шығармасы — бір кезеңнің баяны емес, күллі адамзатқа тән азаттық пен теңдіктің өшпейтін ұраны.

    Мұқағали – сонысымен мәңгілік.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1110049

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар