М.Мақатаев поэмаларындағы бас кейіпкер образын жасау шеберлігі

17 қаңтар 2015 - Ранай Сансызбаева

Жұмыс жоспары:

I Кіріспе

II М.Мақатаев поэмалары туралы

А)«Райымбек!Райымбек!»поэмасы

Ә) « Аққулар ұйықтағнда» поэмасы

Б) «Шолпан» поэмасы

М. Мақатаев поэмаларының көркемдік ерекшелігі

III Қорытынды

2

Кіріспе

Қу даладағы құйын ба ерсің ойнаған,

Қыран ба дерсің, қылт еткен құсты қоймаған.

Өз атын өзі ұрандап бала келеді,

Қамшы сабына жейдесін туғып байлаған.

(«Райымбек! Райымбек!» поэмасынан)

Қазіргі тәуелсіз қазақ әдебиетін биік бәйтерек деп айтсақ, соның жемісі мол бұтағы – поэзия саласы дер едік.

Поэзия халықпен бірге туып, бірге жасап келе жатқан әдебиетіміздің ең ескі тегі екні баршамызға мәлім. Поэзия жанры ескі де болса жаңа, әр заманға сай өзіндік қуаты бар міәңгілік жас жанр деп айта аламыз. Өлеңінің қай халық тұрмысынан да кең орын алатыны мәлім. Абай атамыз:

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен

Тыңдашы бос қақпай елең-селең -деп өлең құдіретін жырға қосқан. Поэзия түрлі қиындықты басынан өткерсе де, өзінің сәулетті де әсем жай-күйінен таныған емес.

Қазіргі қазақ поэзиясын сөз етсек, өзінде жанрлық жақтан кемелденіп, жетіліп бара жатқанын көруге болады. Дәстүрлі өлеңдердің өзі лирика болып жіктелсе, сол лриканың барлық жанрларын қазақ әдебиетінде қалыптасты деп айтуқа болады. Қазақ поэзиясының ежелден қалыптасқан жанрының бірі-эпикалық дастандар-поэмалар болатын. Батырлық жырлар мен тарихи дастандар арасында қазіргі поэмалармен салыстырғанда аспан мен жердей айырма бар екенін байқау қиын емес.

М. Мақатаев –лирик, прозаик,әрі шебер аудармашы. Әсіресе, солардың ішінде М. Мақатаев поэзиясының басты арнасының бірі –оның әр алуан тақырыпқа жазылған поэмалары болып есептеледі.

Өмірден ерте кеткен адуынды ақын Мұқағали артына өшпес,өлмес мұра қалдырды. Оның асқақ жырлары, көркем аудармалары және әңгімелері жаныңды баурайды.

М.Мақатаев 1931жылы ақпанда Алматы облысы Нарынқол ауданы, Қарасаз деген ауылында дүниеге келеді. Туған жерінің әсем табиғаты бала Мұқағалидың ойын әлдилеп, қиялына қанат бітірген алтын бесігі еді. Бірақ, балалықтың бұлтсыз күндерін қатал тағдырдың өзі қызғанғандай екен. Отан шетіне қанқұйлы жау тиіп, батысты өрт шалғанда әкесі Сүлеймен өз еркімен майданға аттанды. Әкесі Калининград маңайында болған соғыста қаза тауып, қара қағаз келеді. Ақынның шешесі Нағиман 3 ұлымен жесір қалады. Балдай тәтті балалықтың бал шағы жарлы жылдарға дәл келген өз тұстары

3

сияқты Мұқағали да ерте есейді. Арба айдап, соқа салып, тырма тартып, шөп шауып, масақ тереді. Кейін бұл өртеңде өскен өмірбаян өзекті өртер өжет өлең болып өріліп, өрісті өрнек тапты.

Оныншы интернатты бітірген Мұқағали еңбекке ерте араласады. Алдымен ауыл советтің хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметкері, жеті жылдық мектептің мұғалімі болып қызмет істейді. Мұқағалидың әуелгі мектебі осындай…

М. Мақатаев алдымен лирик ақын. Оның жан-дүниеңді тербетіп жүрегіңді елжіретер жырлары кімге болса да ой салары анық. Ол өзі арқылы адамдарды, адамдар арқылы өзін зерттеген. Оның өлеңдерін оқырмандары іздеп жүріп оқитын игілігіне айналдырған. Ол шебер аудармашы да еді. А.Дантеннің «Құдіретті комедиясын», В.Шекспирдің «Сонеттерін», У.Уитемнің жырларын, тағы басқа да атақты ақындардың туындыларын қазақ тіліне қиянатсыз аударды. Мұқағалид проза саласында да аздап қалам тербеген еді. Оның прозалық шығармалары «Қош махаббат» деген атпен әңгімелері мен повестер жеке кітап болып жарық көрді. Ол қай жанрда болса да ұлттық өміірімізге үлкен үлес қосып кетті. Оның жырлары – тіршіліктің тамырындай өміршең, мәңгілік жырлар қатарына жатады.

М. Мақатаев өзінің аз ғана күнгі өмірінде, қазақ әдебиетіне үлес қосып, өзін оқушы қауымға кең танытқан талант. Оның баспадан әр жылдардан жарық көрген кітаптарын атап өтсек орынды болар деп ойлаймыз:

«Иличь» /1964/, «Мавр» /1970/ ,«Дариға жүрек» /1975/, «Аққулар ұйықтағанда» /1974/, «Шуағым менің» /1975/, «Өмір-дастан» /1976/ ,«Өмір-өзен» /1979/, «Бәсіре» /1981/, «Соғады жүрек» 2том /1982/, «Шолпан»/1984/, «Хош махаббат» /1988/, «Жырлайды жүрек» /1989/ атты өлең, поэмалары, толғаулары, әңгімелері повестері жарық көрді. Әрине, бұл жерде ақынның кітаптарының санында емес, біз оның туындыларының адамның жүрегінен жыллы орын теуіп, оқушы қауымды дүр сілкінткен отты жырларын айтпақшымыз.

Мұқағали поэмаларындағы кейіпкерлер қызу қанды, арпалыстағы жігерлі жандар, күрестен қаймықпайтын құштар көңілді жандар болып келеді.

Мұқағалидің поэмаларында лирикаға тән майда лепті сыршылдық та, драмаға тән қиан кескі тартыс, эпикаға тән алымдылық пен қомақтылық, кең құлаштылық бар. Сондай-ақ оның поэмаларының тақырыптары әр алуан, біріне-бірі өрнегі мен идеясы тұрғысынан атымен ұқсамайды. Поэмаларының шиеленіс, шарықтау шегі шешімі, компазиция құрұ тәсілі аяқтау бөлімдерінің ұзын-қысқалығы бірін- бірі қайталамайды.

4

М.Мақатаев поэмаларының негізгі арқауы – халық өмірі, халқымыздың тағдыры, күресі, совет заманыдағы өркені өскен еңбеккер жұртымыздың сыр сипаты болып табылады.

Ақынның туындыларының ішінде тарихи тақырыпқа жазылған «Райымбек! Райымбек!» атты поэмасы ерекше көзге түседі. Себебі ақын бұл поэмасында халқымыздың тарихына ден қойып, келер ұрпаққа халқымыздың тарихын көбісіне сөгілтпей жеткізе білген. Бұдан соң ақынның асқақ шабытпен махаббат тақырыбына арнап жазған «Аққайың әні» деген поэмасында өзінің көркемдік ерекшелігімен баурап алады.Мұқағалидің ана туралы жазған «Ару-ана» деген поэмасы, бір қарт әжейдің айтып берген әңгімесі негізінде жазылған. Поэманы оқып отырып жанды суреттер көз алдында тұрғандай сезінесің. Мұқағали поэмаларының қайсысын айтсақ та көркем, әрі әсерлі болып келеді. Сондықтан біз оның барлық поэмаларының атын атап тізіп отыруды жөн көрмедік.

Біз өзіміздің осы жұмысымызда М.Мақатаевтың үш поэмасына талдау жасамақшымыз. Оларды атап айтсақ: «Райымбек! Райымбек!» ,«Аққулар

ұйықтағанда», «Шолпан» атты поэмалары. Жұмыстың бірінші бөлімінде жоғарыда аталған поэмалардың бас кейіпкерлер образын жасау шеберлігіне тоқталамыз.

Жұмысымыздың екінші бөлімінде ақын шығармаларының көркемдік ерекшелігін сөз ете отырып біз өз пікірімізді баяндауға, дәлелдеуге үнемі ұмтылғанымызды білдіріп отыруға тырысамыз.

Тақырыптың өзектілігі: Мұқағали Мұқатаев поэзиясы бір ғана тақырып төңірегінде топтасқан. Ол – тақырып туған жер, кейіпкері- туған халқы, арманы –адамзаттың бақытты өмірі.

Бұл жұмысымызда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың поэмаларындағы бас кейіпкер жасау шеберлігіне, ақынның сөз саптауына кеңірек тоқталамыз. Халқымыздың басына түскен қиын күндерге өшпестей ескерткішті жырмен жазғандығын талдау, зерделеу, талантына бас ию.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері:Біз жұмысымызда Мұқағали Мақатаевтың поэмаларындағы бас кейіпкерлердің образын жасаудағы ақындық шеберлігін,өзіндік ерекшелігін ашып көрсетуді мақсат еттік.

Сол мақсатты жүзеге асыру үшін мынандай міндеттерді шешуді алға қойдық:

Ақын шығармашылығындағы өзіндік ерекшелігін ашып көрсету;

Поэмаларындағы бас кейіпкер бейнесіне талдау жасау арқылы ақынның көркемдік шеберлігін айқындау;

Аса ірі тарихи тұлғалардың әдеби-көркем бейнесін даралап сомдаудағы өзіндік ерекшелігіне талдау жасау.

Жұмыстың теориялық негіздері: Бұл жұмысымызды жазу барысында біз тарихи тұлғалар өмірін оқып үйрендік. Сонымен қатар әдебиет зерттеушілер

5

Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнері» еңбегін, «Мұқағалитану бастауы» сериясымен шыққан III томдық жинақты, «Мұқағали» журналын басшылыққа алдық.

Жұмыстың жаңашылдығы: М.Мақатаевтың поэмаларындағы бас кейіпкерлерге талдау жасалынып, олардың сындарлы сымбатын, сезім тебіреністерін берудегі ақын шеберлігі айқындалды.Жұмыстың құрылымы: Жұмыс кіріспеден, «Райымбек! Райымбек!» поэмасы «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы, «Шолпан» поэмасы деп аталатын үш бөлімнен және қорытындыдан тұрады.

М.Мақатаев поэмаларындағы бас кейіпкерлер образын жасау шеберлігі.

Алдымен поэма туралы сөз етейік. Әдебиетті ғалымдар поэмаға қандай анықтама беріп, оны қандай жанрға жатқызып, қалайша жіктеп жүргеніне тоқталып өткен орынды.

Белгілі әдебиетші ғалым Қажым Жұмалиев өзінің «Әдебиет теориясы» атты кітабында поэмаға былайша анықтама береді «Поэма- эпостық жанрдың бір түрі. Белгілі бір оқиғаны өлеңмен баяндайтын көркем шығарма. Поэма көбіне сюжетке құрылады. Адамдардың қарым- қатынасын, күйініш- сүйенішін суреттейді», -деп көрсетеді.

Проффессор З.Қабдолов: «Поэма грекше poiema- туынды, өлеңдер, повесть, өмірде болған, не болуға тиіс күрделі құбылыстар мен киелі оқиғаларды алуан-алуан адам тағдыры мен заман шындығын көлемді желілі эпикалық не лирикалық сипаттағы өлеңмен суреттеу».

Сондай-ақ қазақ поэмалрын жанырлық- стильдік жақтан зерттеп, ғылымдық мәні күшті еңбек жазған филология ғылымының докторы Әбділхамит Нарымбетов өзінің «Қазіргі қазақ поэмалары» атты зерттеу еңбегінде поэматуралы былай деді: «Поэма дегеніміз өлеңмен жазылған сюжетті көркем шығарма. Екінші сөзбен айтқанда белгілі бір кейіпкердің басынан кешкен оқиғаны ақынның өлеңмен көркемдеу арқылы бейнелеп суреттеуі».

Қазіргі қазақ әдебиетіндегі поэма жанры табиғатына көңіл аударуында оның үш түрін көрсетеміз. Олар эпикалық поэма, лирикалық поэма және лиросатиралық поэма сондай-ақ лиро-философиялық поэма. Бұл түрлерінен басқа сатиралық поэма, дидактикалық поэма сондай-ақ лиро-философиялық поэма. Және тарихи ппоэма деп те аталатын түрлері бар. Бұл поэма түрлерінің әрқайсысының өзіне тән спецификасы болады. Бұл көбінесе сюжетінен, тақырыптық ерекшеігінен т.б жақтарынан байқалады.

Қазақ әдебиетінде поэманың алғашқы түрлері ертегі және фольклордан көрінеді. Мысалы, «Қобыланды», «Ер тарғын», «Алпамыс», т.б батырлар жырлары; «Айман-Шолпан» Қазақ жазба әдебиетінде ең алғашқы поэмалар ХIХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған болатын. «Қыз Жібек», «Қозы

6

Көрпеш-Баян сұлу» т.б ғашықтық жырларда поэманың белгілері ерекшеліктері атап айтқанда эпикалық поэмалардың белгілері кездеседі. Қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы ұлы ақын Абай Құнанбаевтың «Ескендір», «Масғұт», поэмалары шығыстың классикалық әдебиеті әсерінен

туған туындылар. Ал өзіміздің қазақ халқының өмірі мен тіршілігін тікелей суреттейтін поэмалар ХХ ғасырдың басында жарық көрді.

Қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа жазылған поэмалар өте көп. Олардың әрбірінің келешек ұрпаққа халқымыз тарихын үйретуде зор пайдасын тигізер сөсіз.

Сондай-ақ ақын М.Мақатаевтың «Райымбек! Райфмбек!» поэмасы да тарихи тақырыпқа жазылған. Бұл дастан 1981жылы «Лелиншіл жас» газетінде 26-27-28 қараша күндеріндегі үш санында жарық көрді. Бұл әдебиетіміздің тарихында үлкен оқиға болды. Бұл дастан жанарыңа жас келтіретін, бірде ысытып, бірде мұздатып, жүрегіңді қайрап, болашаққа ерлікпен жетелейтін шығарма.

Раймбек –ХVII ғасырда өмір сүріп, Жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен халық батыры. Поэма болған оқиғаларды құр тізбектейтіндей тым ұзақ емес. Қайта әрбір шумағына сыр көмкеріп, тармағына ой түйген терең дүние.

М.Мақатаев мыңның бірін ғана жаза алатын жайтты өлеңіне өзек еткен. Ақын көздегені- тарих. Тарих болғанда да қазақ халқының жер басып, түтін түтетккен бері өміріндегі ең берекесі кеткен тұсы. Бұл 1723 жылғы Жоңғар шапқыншылығынан кейінгі қазақ халқының «Ақтабан шұбырынды, ала көл сұламаға» ұшыраған сәті. Бұл оқиға қазақ халқының тарихындағы ең ауыр тағдір тауқыметін тартқан кездегі трагедия. Поэма халық мұңынан туған «Елім-айдың» бірінші шумақтарынан басталады.

Мысалы: «Қара таудың басынан көш келеді,

Қара жорға шайқалып бос келеді,

Қара күнді жамылып қара қазақ

Қара түнді басынан кешкен еді.

Қара қайғы көрсетпей ештеңені,

Қара жауы қанатын кескен еді.

Шұлғауболып қыздардың кестелері,

Талай қара шаңырақ өшкен еді» — деп жырлайды. Бұл келтірілген өлең қатарынан бүкіл шығармаға алтын кілт, кірер есіктей. Ел басына түскен түнек жағдайды ақын шебер суреттеген

Немесе: «Қауқары жоқ қайран жұрт, қайран халық,

Сайран салып жатушы ең, жайлау барып.

Опат болып, ақ ордаң ойрандалып,

Қара жауың әкеліп қара қайғы.

Тас уатты-ау төбеңе тайраң қағып.

7

… … … … … … …

Қанжығаға байланған қыз-келіншек,

Бозторғайы шырылдап сайрап кетті.

Хас батырдың көзі еді қара жорға,

Қара жаудың астында ойнап кетті.»

Дұшпан азабына шерлі көкірек бозторғайдай щырылдамай қайтсін? Ер азаматтың қанаты әрі серігі болған жорға ат басқа бір дұшпанның астында ойнап бара жатқанның өзі ең үлкен соққылардың біріндей емес пе?

М.Мақатаев бүкіл халықтың қанқұйлы трагедиясын әрі ащы, әрі дәл жырлай білген. Жау ойран қылып кеткен далада бозторғайларды құзғын құстардан қорғай жүріп, Қабай жырау қан жұтып, шерлі қайғымен қабырғасы сөгіле толғанды. Өз көзіне өзі сенбеген қарт Қабай жырау «Өңім болса, тәңірім тарт жанымды түсім болса ұйқыңнан оятпағын» — деп тәңірге жалбарынды.

Мысалы: « Отәңірім.

Неғылған шаққа айналды?

Бір өзіңе жалынып, жақ байланды,

Түнің тұтып, ақ таңың атпай қалды.

Не қылығы жұртымның жақпай қалды?

Көлім кеуіп,өзенім ақпай қалды,

О, тәңірім

Неғылған шаққа айналды?

Поэманың негізгі кейіпкері Қабай жырау. Қазақтың зарын зарлап, мұңын мұңдап тұрған Қабай жырау сол халықтың жинақталған бейнесі, рухани өкілі сияқты.

Қабай жырау ауыр қайғыдан бармағын шайнап, атының үзеңгісіне аяғын салып, басы ауған жаққа кетіп бара жатады. Сол сәтте жылаған баланың дауысы шыққандай болады.

Қабай жырау тағатсызданып аттың басын бұрса, жұдырықтай бала. Қарт Қабай жыраудың қуанышында шек жоқ. Оның үлкен үмітке жетелеген сөздері қандай керемет.

«- Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың,

Мен де көпке бармаспын, сен қаласың.

Ойран болған орданың орнына кеп,

Отау тігіп оттарын сен жағасың.»

Тарихта Қабай жырау болды ма, болмады ма оны біз білмейміз. Бірақ еліміздің тарихында жауынгер жыраулардың болғаны анық. Поэмада ол жинақты образ.М.Мақатаев Қабай жырау тұлғасына көп міндет жүктеген. Ол поэмада қара қазақтың ақыл – ойы, сана – зердесі ретінде көрінген.

Қабай жырау баланы атқа мінгестіріп, жолда әулиенің зиратына бұрылып, әулиелерге жалбарынып, өкінішін айтады:

8

« Қан сасыған даламның,

Қатын менен баламның,

Кегін қайтіп алармын?

Жебеп жібер әулие!

Елінің есін кіргізер.

Жерінен малын өргізер,

Жауына зауал төнгізер,

Дегеніне сенгізер,

Соңынан жұртын ергізер,

Бар қазақтан – бір қазақ

Тумас па екен әулие?»

Осылайша мұңды қайғымен жол алып кетіп бара жатқан Қабай жырау мен балаға жолда он үш жасар Райымбек жолығады. Ол қарттан жол сұрайды. Қабай қарт өз басының тауқыметін, аңыздағы сыңар қанат құсқа теңеп, тағдырымыз қайда бастары белгісіз деп өкіне жауап береді. Қарт баладан: «Қарағым қара жаумен іргелес ел едіңдер, жау таптап еліңді бүлдірді ме? Мынау азған заманда қайран қазақ бір- бірінің хабарын білуден де қалды ғой»- деп жауап береді.

Сонда бала:

« -Ата, біздің өлкені қара жаулар шаппады,

Жауларына біздің ел сәгүлігін баптады

Қойын сойып,қолдарын қусырды да, сорлылар,

Аяғына бас ұрды, бірі садақ тартпады.

Тартпаған соң олар да әуреленіп жатпады,

Алдыдағы аларын, белімізден аттады.

Батыр емес,қария қатындар бар бұл елде

Беруге әзір барлығын билігі асқан біреуге,

Батырлар жоқ бұл елде,қатындар бар бұл елде,

Әркім қара басының амандығын тілеуде.

… … … … … … … … …

Үні шықпас жалғыздың, шаңы шықпас жаяудың

Мен де қатын болармын, сірә батыр болмаспын» деген кіп-кішкентай баланың сап-салмақты сөзіне Қабай қарт риза болып, көңілі толады. «Балам нешедесің? Кімнің тұқымысың?» деп сұрайды. Райымбек сонда:

— «Хангелдіден тараған бір тұғырдың ұлымын,

Мал соңна сап қойды, ұстатты да құрығын

Жылқы жады әкеме жақпай қалып қылығым.

Жылым барыс, 13 жастан асып барамын.» деп Қабай қартқа өзін таныстырады. Сонда қария Қабай жас балаға көңілі толып:

9

— Өзің бала болсаңда, сөзің дана отты екен.

Ақ күн тусын алдыңнан, басқа айтарым жоқ бөтен

Қалдым сенің ығыңда, мынау екі ғаріпке.

Барар жер мен басар тау, басқа пана жоқ мекен…

Бұл өлең қатарларындағы сөздерден –ақ бала болса да ел қамын жеген, ел басына түскен ауыртпалықты сезіне білген, халық батырының биік тұлғасын танытуда ақын үлкен ой тастады. Мәселен, ақын поэмада даңғой билердің бейнесінде бір ауыз сөзбен суреттеп бере алған. Әлмерек би Райымбекке былайша кейіс білдірді:

Е-е-е, Түкенің ұлы- түлейдің ұлы сен бе едің?

Осы болған ғой түлей әкеңнен көргенің,

Сасықкөкектей өз атыңды өзің ұрандап…

Сырымбет пенен Хангелді сеннен кем бе еді. Осыншама ауыр да ащы сөздерді естіп, көзі қан талап тұрса да сыр бермеген қайсар баланың бейнесін танытады. Бұған ара түскен Қабай қарт тоқтау айтып, баланың көңілін көтереді.

-Оу ағайындар.

Жәбірлемеңдер баланы,

Жәбірлейтіндей қайссыңа тиді залалы?

Бұл да бір асау,құрық көрмеген құлын ғой.

Желісін үзіп, сендерден қайда барады – деп тоқтау айтады. Бала Райымбек Қабай жыраудың бұл сөзін өзіне сүйініш көріп, шетке шыға айтқандағы сөзі еді.

-Дәрменсіз сорлы кедей — кепшікті бұқтыра,

Күшік тазыдай жалмаңдайсыңдар мықтыға.

Ата жауларың арқаңа бәлем, шықты ма,

Әкелеріңнің көріне тықты бәлем, тықтыма? – дейді. Бұл өлең қатарларынан қайсар баланың батылдығын аңғарамыз. Ал, поэманың өн бойынан баланың батырлық тұлғасын танудағы ақынның көркемдегіш құралдарды кеңінен пайдалана отырып, жан-жақты суреттеп көрсетуінде өзіндік ерекшелік қасиетінің басым екендігінің айғағы болып отыр. Мәсклен бірінші кездескенде ел-жұртына наразылық білдіріп, әсем батыр болармын деген бала арманының ұшқын сәулсін көреміз. Ал, екінші кездескенде бәйгеге шауып, оз атын өзі ұрандап,әрекетке көше бастағанын, қайтпас батылдыққа бет бұрған қайсар баланың бейнесін көреміз. Үшінші кездескенде,әкесі дүние салған жасы он сегізге толған, есейіп, ойымен санасы толысқан қайсар жігіттің тұлғасын көреміз. Оның қайсарлығын мына өлең қатарларынан аңғаруымызға болады:

Сырымбет әулиетінен таралғанмын,

Ханкелді қасиетінен нәр алғанмын.

10

Әкемдей мал жанды боп,өріс күйттеп,

Жарамас жабағы үйде қамалғанмын,

Жанымды тұншықтырған бар арманым – деп Қабай жырауға келіп өзінің ішкі ойын білдіреді. Осындай ізгі арманын айтып келген балаға Қабай қарт өзінің аталық ақ батасын береді. «Жауыңа жалғыз шаба алмайсың, ойлан. Өзіңе сенімді қол жина, күндіз тынығып, түнде жорт, биіңнен рұқсат сұра» — деп ақыл кеңесін айтып, жол көрсетеді. Биден рұқсат сұрай келген балаға рұқсат берер бермесін білмей қызыл кеңірдек болады да қалады. Мұқағали халқын сүйген, от кеуделі жалынды ақын емес пе? Сондықтан да ол өз халқының арасынан шыққан дау кестеу қылығына қынжыла отырып жырға қосады. Мысалы:

« Бірі олай тартады, бірі былай,

Бірі өзінше патша, бірі құдай,

Бір сәтте ұйып, бір сәтте іруін-ай

Қазекемнің осы бір ырымын-ай.» — деп суреттей келсе, енді осындағы билердің жағымсыз әрекеттерін былайша суреттеп көрсетеді.

Басын тартпас, «батыр» ғой несі кетсін.

Басын тартса, сөз басқа есі кетсін.

Топ ішінен таңдаған атқа мінсін,

Мына жатқан Ілені кесіп өтсін – деп өзінше осылай байламжасаған бидің бейнесін көреміз. Мұндағы бидің көздегені, егер Райымбек суға кетсе, құны даусыз екендігін ескереді. Ер жігіт тәуеклге бел байлап би айтқан шартты орындауға бел буады. Сондағы баланың ойын ақын былай бейнелеп көрсетеді:

«Болса болсын, тәуекел, шыдап бағам,

Болашағым белгісіз сұрақ маған.

Өлсем өлем, өзіме өз обалым,

Ахиреттен орнымды бір-ақ табам.»

Көктемде су ішкелі еңкейген атты құрдымына жұтып әкететін өзен. Долы қария Іле.Бұл қатыгез, сұм билердің қиыннан қиыстырған қулығы, қатал сыны болумен бірге батырды біржолата өлімге айдап салуы еді. Райымбек қайсар жігіт, шегінбеді.райымбектің қайтпас жүректілігі жеңіп, күреңде Райымбекте арғы бетке жүзіп жетті. Сонда бас бидің айтқан сөзі:

-Дауысы жоқ жан екен, оты жанған,

Ілесіңдер осыған оты барлар

Су жол берген батырға мен жолай бермей,

Қамауда ұстап қыранды отыра алман.

Немесе:

Ханкелдінің сауытын кейгізіңдер,

Қынап алып, қылышын сүйгізіңдер.

11

Сырымбеттің туының алдына әкеліп,

Тәубе еткізіп, басын да игізіңдер – деп би амалсыздан өз сөзінен айни алмағандықтан ерлікті мойындағандықтан ғана батырға жол береді. Қара қазақ қолбасшы батыры Райымбектің қасына жиналып жатты.

Негізінде қазақ басын түскен алапатқа кім кінәлә? Дұшпан жоңғарлар ғана ма? Жоқ. Халықтың «Ақтабан шұбырынды, алакөл сұлама» болуына Қазақтардың өздері кінәлі. «Адам адамға қасқыр заманда бұғып қалған елді ақтау қиынның қиыны. Бірілі- екілі бай – билер өз күнін, өз қамын ойласа, қалың көпшілікке күреске шығу орнын бұқса, бастары бірікпес олар кінәлі емей немене. М.Мақатаев осыншама ащы шындықты дәл айта білгендігін поэманы оқи отырып сезінесің, ойлайсың. Ақын осыншама аяаусыз тапталған халықтың өткендегі тағдырын аянышпен, қинала отырып жырлаған. Құл болуға көну қазақ халқының негізгі қасиеті емес. Қазақ әрине дарынды қайтпас қаһарман халық «Ақтабан шұбырында, алқа көл сұлама» кезінде солай болды. Ақырында қазақ халқы жеңіске жетті.

Райымбектей батыр ұлдары бар халықтың жазуынан жеңіліп құл болып қалуы да мүмкін емес. Мұқағалидың «Райымбек! Райымбек!» поэмасын оқи отырып жанды суреттер көз алдыңа еріксіз елестейді. Ақын поэмасында бас кейіпкерлер образын өте көркем бейнелер арқылы жасаған. Әсіресе 13 жасар Райымбектің бала кезінен-ақ ер жүрек қайсарлығы, сөзін тауып сөйлейтін ақылдылығы, келешекте елін жаудан қорғайтын ер азамат батыр болатындығы біріеші кездескенде- ақ көрінеді. Райымбек образын ақын шеберлікпен нанымды түрде сол кездегі халық басындағы жағдаймен байланыстыра сомдап, поэмадығы әрбір оқиғаны оның атымен өрбітеді. Ақынның поэмада және бір тапқырлық көрсетіп өзін еркін көсілтіп отырғаны, тарихи тақырыпқа бірінші рет қалам тербеткенімен бұндағы Райымбек өмірде болған, Ханкелді батырдың немересі, ақынның өзі де сол Райымбек жасаған, жайлаған аймақта туып- өскен, сондықтан да ол бала күнінен бұл батырлардың ерлік істерін, ол туралы халық аузында сақталған аңыз әігімелерді көп естіген. Поэмадағы Райымбек батыр, Қабай қарт бейнелерінің жүрекке қонымды, шындыққа жақын болуының себебі де осы жағынан болуы мүмкін. Айтып келгенде қазақ әдебиетінің тарихында тарихи тақырыпқа жазылған поэмалардың арасында М.Мақатаевтың бұл шығармасының орны ерекше. Себебі бұл поэмадағы басты кейіпкерлердің шындығын, халық басындағы ауыр қайғыны, әрі халқы үшін жанын қиатын Райымбектей халық перзентінің ерлік істерін көріп сүйсінеміз. Ақынның образ жасаудағы шеберлігі халық қаһарманыдарының ұлттық көзқарасын ашып берудггі терең философиялық толғаныстары, ішкі жан дүниесінің кеңдігімен танытады.

12

«Аққулар ұйықтағанда» поэмасы

М.Мақатаевтың бұл поэмасының негізгі тақырыбы пәктік пен адалдықтың символы аққулар жайында немесе табиғат туралы. Табиғат талақ еткен жанның трагедиясына құрылған. Киелі, қасиетті құс саналатын аққу құсты ғазиз ана баласын өлімнен алып қалдым-ау деген ойда жазым қылады. Поэма оқиғалары шағын-шағын әрі өте тартымды.

Табиғаттың тауы мен тасына дейін қастерлеп өткен ақынның нәзік жаны аққулар жайлы болған оқиға негізінде жыр өрнегін өрген. Поэма былайша басталады:

Өзенде жоқ сыймаған арнасына,

Жылға да жоқ даламен жалғасуға,

Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай.

Қалай біткен мына көл тау басына?!

Мөлдірейді қарайды қарға шыңға,

Жалғыздықтан жамандық бар ма сірә? – деп, осылайша шабытпен тау басындағы көлдің көрінісін оның табиғаттың еңбір сұлу жері, әрі тау басында тамшыдай болып өзендер мен байланыспай неше жүз жылдардан бері қарай құрымай келе жатқанына таңдануы, әрі оған сүйсінуі көркем суреттермен бенеленіп жанды көріністер арқылы беріліп отырады. Поэма осы тау басындағы көлдің жылда өзіне қайтып келетін құстарымен бақытты екенін айта келіп, кейін одан құстардың безіп кетуі, құстардың ішінде әсіресе аққулар келмей кеткендігін ақын жанды бейнемен суреттей білгенін көреміз.

Поэма негізінен үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде ақын сұлу да көркем тілімен жеткізіп болмас табиғаттың көркін, аққумен әсем «Жетім көлді», бұл көлге тірі адам аяқ басып келмейтін, аққуын шошытпайтындығын жырға қосады:

Әлдилеп ақ төсінде, бермей тыным.

Ақ айдын ақ мүсінін тербейтұғын,

Бұл көлге мылтық алған саятшы емес

Тірі жан аяқ басып келмейтұғын.

Аққулар аман-есен қайтқанынша,

Суына «Жетім көлдің» шөлдейтұғын.

Суымен сырқаттарын емдейтұғын.

Немесе:

…Оралмады аққулар осы маңға,

Жылдар өтті, байғұстар шошыған ба?

«Жетім көл» жетімсіреп қала берді.

13

Арман-ай аққуымен қосыларма?! – деп, «Жетім көлдің» аққуынан айырылып, қызығы кеткен кезін өте аянышты қалде суреттейді және бұрынғы құстары бар кездегі шаттық думан күндерін армандап, ол күндердің келмеске кеткенін нәзік сезім мен нанымды көріністер арқылы жыр жолдарына түсіреді.

Поэманың екінші бөлімінде баласы қатты ауырған түн күзетіпотырған ару анамен, еденде қалжырап жатқан әкемен кездесеміз. Тау да байырғы «Жетім көл» де түн құшағына енген. Перзенттің саулығы үшін ананың ойларын әсіресе мыйын жегідей жеп тұрған қатыгез ойларын елестетудің өзі қиын. «Өлімнің сарқытындай жалғыз баласы» төсекте албырап әл үстінде жаптыр. Не істерін білмей дал болған ана жарына былай тіл қатады:

«Мына, күндіз тәуіп шал не деп кетті?!

Әлде өтәрәк әлде шын демеп кетті!..

-Аққуменен баланы аластаңдар.

Деді дағы жәйімен жінеп кетті…»

-Тұрсаңшы, таяу қалды таң атуға,

Неткен жансың санасыз жаратылған?!

Манағы тәуіп шалдың айқан сөзі.

…Айналайын аққудың қанатынан,

Қайтеміз ол да адамға бола туған – деп, аяулы ана жолдасына «Жетім көлге» барып таң атпай тұрып ешкімге білдірмей аққудың біреуін алып кел деп, шарасыз қалін білдіреді.

Оған ілажсыздық білдіріп былай дейді:

«Оқ атам қасиетке қалай ғана?..

Бармаймын, бара алмаймын, қала барам?» — десе, юаласы үшін өлімге қайлі ана ашына келіп, түтігіп, өзін ірке алмаған күйде, өз ойын жалғастырады:

-Жалғыз ұлдан артық па, жалған бәрі!

Балам өлсе бақыттың керегі не?!

Топпан су басып кетсін қалғандарын.

Перзент сұрап несіне армандадың?!

Құрысын онсыз сенің жанған бағың!

Мылтықты әкел

Атты ертте!

Жалған бәрі!..

Осылайша бекінген ана аққу құсты өзі атып келіп, баласын онымен қағып, аман алып қалу ниетімен «Жетім көлге» таң атпастан бұрын аттанады. Осы кезде таң қылаң беріп келе жатқан мезгілде ана көлге жетеді. Перзенті үшін неге болсада бас тігіп, жан ұшыра алас- ұрған ана ұйықтап жатқан құс төресі аққуларға ананың жүрегі тыпыршып, не қыларын біле алмай жабығып ұзақ

14

қарап ойланады. Осы жерде ұйқыларынан оянған аққулар бейнесін нәзік жанды, асқақ сезімді ақын былайша әсерлі де, көркем суреттейді:

Аққулар…

Аққу мойын, сүмбе қанат,

Алаңсыз тарануда күнге қарап.

Айдынның еркелері, білмей тұрмын.

Етермін тағдырымды кімге аманат?!

… Ақ қанатын сабалап асыр салып,

Бірге суға сүңгейді басын малып.

… Ойансаңшы, ойансын ерке құстар,

Тыныштығын олардың қашырмалық – деп, таң алдындағы тыныштық кезіндегі көріністі жанды сурет арқылы, әрі осы тыныштықты бұзатын қауіпті қатердің бар екенін де ескертіп қояды. Адамзатты сұлулықтың символы болған аққу құстты атпауға шақырды. Ерке құстардың осы бір тылсым өзінің ек ойлағанын да, алдағы келер үмітінің неменен тынарын білмей отырған қиын сәтте, аласапыран, ойран болатын минуттың да жақын қалғанын адамның жаны төзбес көріністерімен баян етеді.

Мысалы:

Шошымай шолжаң өскен батырларың.

Ана отырған шыршаға жақындады.

Көзі тұнған бейбағың, топ аққуға,

Білмей қалды мылтықтың атылғанын.

Көздің алды көк түтін, ақыл жарым

Білмей отыр жаңағы тыныштықтың,

Сүт ұйыған тегешін сапырғанын… – деп баян етсе, ендігі жағында көл бетіндегі қан аралас толқын бетіндегі аянышты аққудың тағдырын көз алдыңа елестетеді. Мына бір өлең жолдарыеа үңіліп көрейікші:

Алып аспан астына сыя алмай бір,

Айдын көлін аққулар қия алмай жүр,

Мөлдіреген «Жетім көл» көкке қарап,

Мөлтілдеген көз жасын тия алмай тұр,

Айдын көлін аққулар қия алмай жүр. – деп көлдің сәні аққуынан айрылған «Жетім көл» көз жасын тия алмай, қан жылайды. Мұндағы негізгі нәзік сезімді тебіренте алатын ақындық сарынның басым екендігі байқалып тұрған жоқ па? Барша аққулар қимас мекеніне айналған «Жетім көл» қимай, қоштасып, бетін батысқа бұрып, ұшып кете барады,

Немесе:

Көл бетінде көлбеңдеп, жаралы аққу,

15

Ұша алмайды, ұшпақ боп күш қылады… осы бір екі өлең қатарындағы кішкене ғана нәзік сезім адам баласының тебіренісін тербете алатын ұлы күш екенін аңғарасың. Әрине көл бетіндегі топ аққуға беймезгіл шақта оқ тып тыныштығын бұзған ана бейнесі ше?

...Қасиетке оқ атып, жойған пақыр,

Қалай алып кетерсін біле алмастан,

Сүле – сопа, жағада ойлауда тұр.

Осы бір өлең жолдарын оқыған сәтте сәбиі үшін мылтық асынып, қандай қиыншылық болса да жанын аямайтын қайсар ананың тағдыры жайында еріксіз ойға батасың. Мұндағы шеберлік, көркемдік, нәзік сезім бәрі-бәрі ақын сезімнің тереңдігінде десек болар еді.

Шығарманың үшінші бөлімінде «Жетім көлдің» басында жылқы бағып жүрген жылқышы шалға кездесесің. Таңсәріде көл басында таңғы тыныштықты бұза мылтық атып, берекесін алған кім екен деп таң қалды. Неде болса, мылтық атқан бұл елдің адамы емес шығар, кім болма да қарулы кәзапқа құрықпен күшім келмесе, алыстан тұрып жөн сұрайын деген оймен қыр басына шығады:

«Берекесін бұл жердің кім қашырған?...»

Өңім бе, түсім бе деп таңданады.

Жаулығы желбіреген әйел бейнесін көріп, сырын білмекке асығады.

Ақын кейіпкер жанын жегідей жеген шарасыз сәтті психологиялық тебіреністі ширықтыра суреттеуде өзіндік шеберлік танытқанын байқаймыз.Аққуды атпау атадан балаға жалғасып жеткен жоралғы, жарасымды дәстүр, сұлулықтың нәзік сезімін оята білудегі ең үздік сыр емес пе?

Ақын осындай ірі тұлғалы образды жасауда уөп сөзділікке бармай-ақ, аз сөзбен терең мағына беретін көркемдегіш құралды шеберлікпен қолдана білуінде.Кейіпкердің іс-әрекеті,ішкі көңіл-күйі арқылы оқиға идясымен ұштастыра отырып, терең толғаныспен баяндап көрсетеді. Мысалы: Ақын поэма соңындағы жылқышы қарттың бойынан нұр шашқан сезімдерін, адамгершілігін, ішкі тебіренісін суреттеуден аңғарамыз. Үн – түнсіз егіліп тұрған ана «Жетім көлге» лақтырады. Көзінде жасы, көңілінде қайғысы бар ана болған жайды қпртқа баян етеді.

Атына қайта қонған ана әлденеден үрейлене тітіркеніп, мең-зең, дел-сал болып, үйіне бет алып келеді.

Ана үйіне келсе, жалғыз ұлы өлген. Қаралы көңіл бұл қасіретті аққу құстың қарғысынан, киесінен деп біледі. Көз алдында сұлқ жатқан сәбиін өзі өлтіргендей болады. Бәріне өзі кінәләдей болып, көңілі құлазып, еңіреп, есеңгіреп құлайды. Поэмада ақын ананың азалы үнін былайша жебіріне жеткере суреттейді:

«… Мына жатқан «Жетім көл», мына аққуды.

Өз қолыммен өлтірдім, аттым жаңа…

16

Жоқ!

Мен емес…

Мен атпадым…

Кеше гөр, кешіре гөр, жаратқаным?!»

Ғазиз ана, ербеңдеп екі қолы.

Жиылған жұртқа қарап алақтады.

Немесе:

Бірде ана көкке жайып алақанын:

«Қазір, бота…

Мінеки, таң атады…

Қазір, ботам, аққумен ұшықтаймын…

Жазыласың құлыным...
балапаным»- деп зарлана

есінен айырылып әр нәрсені бір айтып, бірде күліп көке қараған, бірде үнсіз тың тыңдаған ананың ауыр қалін ақын сезімталдықпен тереңнен түсінген қасиетінен ада болған «Жетім көл» бірі өлген, екіншісі жараланған қос аққу, демі үзілген нәресте. Осыншама ауыр, қаралы көріністер ана жүрегін езеді, есінен тандырады. Поэма осындай ауыр да, аянышты трагедиямен аяақталады.

Поэмада екі бірдей сабақтастық идея бар. Оның бірі қасиетке оқ атпау, тәтті тыныштықтың шырқын бұзбау, адамгершілік пен ізгілікті дәріптепі уағыздау болса, екіншісі қоршаған ортаны қорғау, табиғатты қамқорлықпен аялап, сүю. Поэмада ақын ана бейнесін ұлттық әдет – дәстүрге байланысты жағдайда өте көркем, шындыққа сай реал тұрғыда анық ананың типтік характерін жасағандығын көреміз. Қорыта айтар болсақ.ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы қазақ әдебиетіндегі орнаған сұлу да, биік мұнара іспеттес.

«Шолпан поэмасы»

Мұқағалидің асқақ сезім мен мәңгілік өлмейтін махаббат тақырыбына арнап жазған «Шолпан» поэмасының маңызы өте зор. Поэмада ұлттық бояу өте басым. Мысалы: қазақ қызы нәзіктігі мен ұяңдығы, қазақ халқының қонақ жайлылығы нанымды суреттелген.

Поэмада көңілі қаяулы. Ағайын – туысқан бейхабар кеткен жұртына тастап кетіп қалған жырынды Боранбай ауылының үстінен хан баласы Шоқан жолдастарымен өтіп бара жатады. Қаралы арудың қинала зарлаған дауысына мойын бұрып Шоқандар оның үйіне ат басын бұрады. Қаралы ауылдың Шолпан атты қызы жас Шоқанды бір көруден- ақ ұнатып, қалай тілдесудің жолын таппай қиналады.

Ақын қыз қызыққан Шоқан бейнесін сөз кестесімен былай кестелейді:

Бекзаданың бейнесі мүсінінде,

17

Бұл өлкеде болмаған кісі мүлде,

Қос жанары қараса от шашады,

Тәкаппарлық тулап тұр пішінінде.

Жанарын-ай!

Жанары тамаша екен,

Жарқ етіп бір тағы да қараса екен.

Қыран баулып өсірген бала бүркіт,

Қандай ғана қазақтың баласы екен.

Тағыда бір жарқ етіп,қараса екен.

Жас Шоқан қыз қолынан қымыз алды,

Қымыз алды…

Қымсына қыз ұялды.

Аулақ барып отырды бір тізерлеп,

(Қашаннан да қазақтың қызы ұяңды) – деп тамылжытады, құйқылжытып қызды жігітке іңкәр етіп, тек бір қараса екен дегізіп жігіттің сыртқы пішінін, ішкі жан дүниесінде бір шама аз ғана жолда терең сырдың көзін ашып, аңғарған адам бұл жерде үлкен сыр барын аңғартады. Сондай-ақ бұл жерде жас бой жеткен Шолпан қыздың да ішкі көз қарасын жігітті бірден ұнатып қалудың да сырын ашадыәрі қазақ қызының әдепті, ибалы жаны нәзік, пәк көңілді, біреуді ұнатып қалса бірден жан тәнімен құлай сүйгетінін ашықтығын, адалдығын да осы аз ғана қатардан шеберлікпен көрсете алған, сөз шебері екені анық.

Осындай әдемі тұлғалы қазақ баласына Шолпан қыз таңданады, сүйсінеді. Қазақ қызына біткен ұяңдықпен жігітке қысыз ұсынады. Міне, сол уақытта Шоқан Шолпанға көз салады. Осы кездегі Шолпанның нәзік жанын, сұлу көркін, ақын өзі көріп тұрғандай аса шебер бейнелі сөздерімен бере білген:

Қымсынды қыз Шолпан, қиылды,

Қыран көздер қорғанып, бұйығады.

Ай сырғасы қалтырап, дір- дір етіп,

Қаны келіп бетіне құйылады.

Көңілдер…

Көзқарастар тайғанады,

Құпия бірін-бірі аймалайды.

Көзқарастар, тек қана көзқарастар,

Әрі қарай не боларын, ойламады… – деп, екі жастың арасындағы құпия сырды ашады, бірақ екі жастың арасында таулар жатқанын олардың еш уақыт табыспайтынында сыр етіп сақтайды. Осылайша, Шоқан жас ғазиз жүректі жараламай-ақ қояйын деп, жас жүрекке от тастамағанды артық санайды.

18

Кеш. Жолаушылар Шолпан қыздың үйінен сусын ішіп, сыртқа шығады. Айнала ақ- қараға қарамай адастырар таулар. Шолпанның көңілі астан-кестен. «Еліктірген немене от көңілді? Желіктірген немене көкте күнді? Бұған дейінгі өмірі Шолпан- қызға, бес тиынға тұрғысыз боп көрінеді». Қазір кетіп қалады- ау, деп қорқып көңілі алып- ұшып тұрған Шолпан жайы былайша суреттелген:

Шолпан қыз Шоқаннан бюір көз алмайды.

Үнсіз тұр ұятынан оза алмайды.

Қыздың жолын тағдырдың тарылтқаны-ай.

«Қош, аға!» деп қолында соза алмайды, — деп, қыздың жолының қазақ халқында өте нәзік екенін, қандай жағдай да ибалықтан, ар- намыстан асып кете алмайтынын осы жыр жолдары арқылы шебер бейнелеген бұл тек Мұқағалиға тән тапқырлық, ақынның тақырыбына жетік тіл байлығының молдығына әрі ойын жеткізуге келген де ешкімге ұқсамайтынын өзіндік қолтаңбасы барын дәлелдейді… Осы бір мазасы

кеткен сәтті Шоқанның қосшысы жігіті көңілдендіріп жібергендей болады. Ол Шоқанның қарагерін отқа қойып жібереді. Міне, осы сәтте Шолпан жеңгесінің мойнын құшып жылап жібереді…

Ақын поэмада адам сезімі мен табиғат әсемдігін астастыра көркем суреттеген. Жаздың тамаша түнін, мөлдір тұнық таза ауасын, аспандағы сұлу айды, түн еркесі сылдырап аққан бұлақты және даланың белі мен жонын асқан шабытпен жырлаған:

Жаздың түні жауыпты Қарқараны.

Қалғып жатыр маужырап бар тарабы.

Шанағынан төгіліп шарадай ай,

Есі кетіп, есінеп, шалқалады.

Немесе:

Таңға жақын,

Жамбастап ай барады.

Балбыраған ұйқыда аймақ әлі.

Жәйлап қана жеңгесін оятты қыз да,

«Жанып барам, жеңеше, жанып барам,

Қыран көрдім қияда қалықтаған.

Үйірінен адасқан бала қаздай,

Қайда ұшырам белгісіз, қалып барам.

Сырымды айтам, жеңеше жан ұқпаған,

Жанып барам, қайтемін, жанып барам,

Ақылыңды айт, жеңешеңшешімі не,

Мүмкін тағдыр әкелген несібі ме?

Өтер едім армансыз бұл өмірден.

Осы жанның күн болсам есігінен»…

19

«Өзіңді- өзің отқа сап алдау үшін,

Жаралмаған, еркежан, ар- намысың.

Қарапайым қазақтың қара қызы.

Қалған бұйым, қарағым хандар үшін...»

Деген жеңешесінің сөзіне қанағаттанбаған Шолпан оған «Ең болмаса бір рет тілдесейін» — деп өтінеді. Таң алды түнімен ұйқысыз жатқан Шоқанның құлағына әр сөзі құлаққа жағымды,қоңыр ән тал – тал естіледі. Бұл Шолпанның әні еді.Шоқан далаға шықса, таң атқан сәт екен. Ән естілген бұлаққа қарай бет түзеді. Осы кезде қыз жеңгесі екеуін табыстырады. Бірден тіл қата алмаған Шолпан көз жасына ерік береді. Ақын осы бір аз ғана сәттегі сезімді табиғат көрінісімен бірге жандандыра суреттеген.

Мәселен:

Тына қалды тыныштық атырапта,

(Тамашаға табиғат жақын- ақ та)

Қарсы қарап, даярлап алақанын,

Қамданып тұр қалшиып жапырақ та. –деп те.

Немесе:

Айтылар сөз арада айтылғансын,

Енді нені Шолпан қыз айқындасын.

Құлағынан суырып алды-дағы,

Аманат қып тапсырды ай –сырғасын.

Адам психологиясыме табиғаттағы болатын тылсым – тыныштықты, тал жапырақтарына дейін жандандырып екі жастың сырласқан сәтінің куәсі болып қол шапалақтап тұрғандай әсер қалдырды, бұл бір жастық шақтың албырт сәтін ерекше мән- мағынасын беріп, тамаша суреттеген жері.

Поэманың бас кейіпкерлері Шоқан мен Шолпан. Олардың адалдығы, пәктігі қазақтың ер жігіті мен бой жеткеннің типтік бейнесі іспеттес. Себебі Шоқан ибалық сақтап шолпанға адамгершілікті қатынас жасап, хан мен қараның арасындағы болатын ескілік салт, дәстүрлерлді түсіндірген мағынада «Қалқам, сені түсінем… түсінемін» дегеннен аспай-ақ осылайша бір- ақ ауыз сөзімен өзінің адалдығы, хан баласы болсада қыздарды аяқ асты етпей сыйдауы, оның жанының нәзіктігін түсініп тілдесуі жыллы сөзбен қоштасуы бәрі-бәрі жүрегіңе жылы сезім орнатады. Қазақ жігітінің бәрі Шоқандай парасатты да Шолпан қыз жүрегі қалаған, бірақ амалы жоқ, Ғазиз жанға от тастағысы келмеген Шоқан атты жігітпен осылайша қарындастық көңілмен қоштасады. Поэманың негізгі идеясы махаббатты аялай білуге, қазақтың келешек ұрпағына Шоқан сияқты пәк болуға үндейді.

М.Мақатаевтың «Шолпан» атты поэмасы әрі шағын, әрі әсерлі, тартымды. Ақынның туған жер, ана топырақ, өскен ел дегенде жүрегі әр қашан елжіреп

20

тұратынын біз оның «Отан», «Туған жер сағындырды» т.б өлеңдерінен байқадық.

М.Мақатаев поэмаларының көркемдік ерекшеліктері

М.Мақатаев поэмаларының көркемдік ерекшеліктері туралы сөз етсек. Әдебиетіміздегі бүгінгі таңда ешкімге ұқсамайтын қауымның көңілінен орын алған ақынымыздың тіл шеберлігі де, сөз саптауы да өзгеше демекшіміз. Ақын поэмаларының қайсы бірін алсақ та адам баласының нәзік сезімін тербетіп, ой салары сөссіз. Демек ақын поэмасының көркемдік ерекшелігі оқиға желісінде жанды суреттер көз алдыңнан әсем сазбен тізбектеліп өтіп жатады. Ақын өзінің поэмаларына нәр беріп жандандыра түсуінің негізгі мәнісі образды сөйлеуінде. Сөзіміз дәлелді болуы үшін ақын поэмаларынан мысалдар келтіре отырып дәлелдей түскеніміз мақұл болар. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында тау басындағы «Жетім көл» мөп-мөлдір жаңбыр тамшысына теңеліп, жүзікке қас қондырғандай үйлесім тауып тұр.

Өзенде жоқ сыймаған арнасын,

Жылғада жоқ даламен жалғасуға,

Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай

Қалай біткен мына көл тау басына?!

Осындағы аққу құсты атыып, не қыларын білмей тұрған ананың үмітін қайтқан құсқа теңейді.

Бай ұмыт, әлсіз жатқан бала да ұмыт,

Қайтқан құстай алыстап барады үміт,- деп осыған ұқсас теңеулер көптеп кездесе береді. Сол сияқты ақынның «Райымбек! Райымбек!» поэмасында да теңеулердің орнын тауып қолдана білген. Мысалы, «Бүйрегіндей сыйырдың бөлшектенген бұл қазақ, құмалақтай бытырап, қалай ғана тозбасын» — деп жырлайды. Мұндағы Қабай жыраумен Райымбектің кездескен жеріндегі қарттың сөзі. Қазақ халқының сол кездегі хәлін сыйырдың бүйрегіне теңеп тұр. Ақын өз кейіпкерін теңеумен сөйлете білген. Мұндай көркемдік ерекшеліктер көптеп кездесіп отырады. Ақынның «Шолпан» поэмпасында әсем бейне, кестелі ой теңеулер арқылы шебер жасалып отырған. Шолпанның таң алдында жеңгесіне жалынып жылаған жанды суретінен «бала үйірінен адасқан бала қаз» — көз алдыңа елестейді. «Үйірінен адасқан бала қаздай, қайда ұшарым белгісіз қалып барам.

Ақын поэмаларындағы аллитерация және ассонаныстар.

Әдеби теориялық ұғымға анықтама берсек, «өлең құрылысында бір дауыссыз дыбыстың қайталанып келуін аллитерация дейді». Ал, «Ассонанс деп- өлең құрылысында бір дауысты дыбыстың қайталана беруін айтамыз». Мысалы: «Қаусаттың-ау іргемді қара жауым, Қан боп ақсын юасыңа қара жауың». Бұл кілең өлең жолдарындағы «қ» дыбысы қайталанып келсе, «Шекарада» поэмасында:

21

Тіл қатпайды-ау ну орман,

Тіл қатпайды-ау тау маған.

Немесе:

Жорықтан қалу,

Жорықтан қалу – масқара

Жолдас командир,

Жорыққа барам тастама?

Сол сияқты:

Босқындар келді ар жақтан,

Бозарып, өңі сазарып,

Боз сағым тұрды-ау тау жақтан,

Болымсыз күйге аза қып.

Болмаса:

Солдаттардың салған әні!

Сар даланы тербесін.

Сәбилерін жалғап әр!

Солдат болып ер жетсін. Т.б

Осы сияқты көптеген өлеңқатарларындағы бір дыбыстың қайталанып отыруы көрік беріп, ақынның өзіне тән ерекшелігі екенін аңғартады.

Сонымен қатар ақын поэмаларында әсем сөз образдары да көптеп кездеседі. М.Мақатаев өз шығармаларында заттың айрықша белгілерін, қасиктткрін көрсетіп эпиттеті де орынды қолдана білгендігінің куәсі болдық.

Мысалы:

Балауса бел, құба жон, бал құрақтан,

Шәйі самал желпиді балбырақтан.

Бала-бұлақ түн еркесі!

Құлатайын құздардан қарғылатқан.

Немесе:

Салқын қымыз сыздықтап тамағынанғ

Сәуле жұлдыз сығалап жанарынан.

Қарақат аөз қарқара киігіне.

Құз қиядан қарады бал қыран. Т.б

Демек көріп отырғанымыздай ақынның тіл шеберлігі көркемдегіш сөздерді еркін пайдалана білгендігі жыр қатарларынан айқан аңғарылып тұр.Мәселен,Қарақат көз деген айқындауыш сөз арқылы қазақтың әдемі де ұяң қызының бейнесі көз алдымызға келеді!

Қорытынды

Қазақ поэзиясының ақиық ақындарының бірі М.Мақатаев өмірден ерте кетсе де оның өлмес. Өшпес жырлары оқырман қауым жүрегінде мәңгі сақталары анық. Мұқағали туралы М.Қаратаев мынандай ойлы пікір айтқан: «Арамыздан

22

тым ерте тамаша ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың алғашқы қадамынан-ақ оның аяқ алысынан айырықша талант иесі екенін аңғаруға болатын еді. Аңғармаппыз...»

Белгілі қазақ ақыны Әбділда Тәжібаев ақын туралы өзінің пікірінде «М.Мақатаев біздің заманымыздағы ғажайып ақындарының бірі. Мақатаев атты алып ақындық жарқын жүзіне, миллион пікір пайымдаса да, ешбір кіреуке, көлеңке түспей келешекке қарай керуен түзеп, көше бермек.»

М.Мақатаев қазақ әдебиетіндегі әдеби жанрдың поэзиясы саласында елеулі еңбек етіп, поэзияның дамуына, оның жанрлық және стильдік жақтан толығып өркен жаюына өзінің мол үлесін қосты. Біз өзіміздің бұл жұмысымызда М.Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!», «Аққулар ұйықтағанда», «Шолпан» атты поэмаларына талдау жасауды мақсат еттік. Ақыннң поэмаларындағы бас кейіпкерлердің образын жасаудағы шеберлігіне, поэманың тақырыбы мен уөркемдік ерекшелігіне тоқталып, талдау жасадық. Ақынның поэмаларының мазмұны өте бай, тақырыптары сан алуан. Біз ақынның әр поэмасын талдау барысында өзіндік ерекшелігін ескере отырып, талдауды мақұл көрдік.

Ақынның «Райымбек! Райымбек!» поэмасының негізгі тақырыбы тарихи оқиғаға негізделген. Ал, «Аққулар ұйықтағанда» атты поэмасында адамгершілік пен ізгілікті дәріпетп, табиғатты қорғау, сұлулыұты сүю, сақтау идеясын көздейді. Сондай-ақ қазақ жастарының махаббат атты ұлы сезімге деген құрметін, адалдыққа, тұрақтылыққа баулитын туындысы – «Шолпн» атты поэмасы.

Қорыта келгенде, М.Мақатаев поэмаларының әрбір қазақ әдебиетінің елеулі табысы екендігінің ешқашан дау туғызбайтындығы сөссіз. Ақын өз толғауларында бас кейіпкерлер образын жасауда шындықпен ұштастыра отырып шебер суреттеп көрсетеді. Қай поэмасын алсақ та оның келер ұрпаққа көркемдігімен де, тәрбиелігімен де құнды. Сондықтанда әдебиетімізде М.Мақатаев поэмаларының алатын орны ерекше. Поэзия жанрының шоқжұлдызы десек те болар еді.

23

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Қ.Жұмалиев. Әдебиет теориясы. Алматы, 1964ж.

2.З.Қабдолов. Сөз өнері. Алматы, 1983ж. I,II томдары.

3.Ә.Нарымбетов. Қазіргі қазақ поэзиясы

4.Т.Шапаев. Ой түбінде жатқан сөз. Алматы, 1989ж.

5.Б.Сабыралиев. От жүректің өмірдастаны. «Жалын»№4. 1977ж.

6.С.Жанәбілов. Поэзия менімен егіз бе едің? «Жалын»№3.1989ж.

7.Н.Уркімбаева. Дариға жүрек нұрлары. «Парасат» журнал,№3. 1990ж.

8.Қ.Әдібаев. Даланың бояуымен өлең жазған./ М.Мақатаевтың туғанына 50жыл/. «Жұлдыз» журналы,№3.1981ж.

9.А.Нысаеалин. Жауһар жырдың марғасқасы, «Қазақ әдебиеті» газеті. №13 1981ж.

10.М.Мақатаев. Соғады жүрек. I,II томдары.Алматы, 1982.

11.М.Мақатаев. Жырлайды жүрек. Алматы,1989ж.

12.М.Мақатаев. ҚОШ, махаббат. 1988ж.

13.Қ.Алпысбаев.поэма парасаты. «Жұлдыз» журналы №12.1985ж.

14.М.Мақатаев. «Аманат» кітабі.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1124319

Пікірлер (1)
Мария # 5 ақпан 2016 в 11:32 0
Маған мақала ұнады. Толыққанды жазылған. Жалпылама емес, ақынынң шығармалары нақты көрсетілген. Тебіреніп оқып шықтым. Әсерлі. Рахмет. Мен М.Мақатаевтың "Қош, махаббатын" тапсам деп едім. Яғни, оның прозалық шығармаларын оқығым келеді.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар