Молықбайдың нақыл сөдері

22 қараша 2015 - Назгул Блеутаева

Молықбайдың нақыл сөздері

Осы жұрт Молықбайды біле ме екен...

Қолымдағы сарғайған қағаздарды бірінен соң бірін алып оқып отырып, өзіме сұрақ қойдым. «Шынымен де осы біз Молықбайды білеміз бе?, Неге ол жайлы толық мағлұмат жоқ?, Шындығына келсек, күй аталары Қорқыт, Ықылас күйшілердің қатарында тұратын тұлғаның бірі емес пе? деген және т.б. сұрақтар мазадады. Әдебиетте Қорқыттың нақыл сөздерін оқимыз, насихаттаймыз. Өзіміздің Жетісудың күй атасы бола білген Молықбайды неге дәріптемеске. Кезінде осы бір қара шалды дүлділ ақын Ілияс атамыздың өзі дара тұтып, ұлылардан қалғаны сол деп, өзінің өнер тақырыбындағы елеулі туындысы «Күй» дастанын да арнағаны белгілі.

Қолымдағы жазбалар сол Ілияс атамыздың, Молықбайдың көзін көрген, бала кезінде солардың басы — қасында жүрген Ақсу ауданы, Қызылтаң ауылының қоғам қайраткері Қалпендинов Орысбай ақсақалдың қолжазбасы. Бұл жазба Орысбайдың баласы Қалпендинов Ермектің үйінен алынды. Орысбай ақсақал өзінің бала күнінде Молықбай шалдың жүйрік торы атында бәйгеге шауып жүрген шабарман бала болғанын айта келе, өзінің білгені мен түйгенін қағаз бетіне түсірген екен. Бұл жазбада Молықбайдың нақыл сөздері жазылған, сонымен қатар, күйшінің тартқан күйлерінің аттары жазылған.

Молықбайдың нақыл сөздері

Бір мысал айтқан арнап Моқаң алып,

Көңілі түсінгеннің болар жарық.

Баянсыз дүниеге алданбаңдар,

Мысал ет өткендерден өнеге алып.

Неше түрлі болғандар болмай қалды,

Көрге түсіп бәрі де тұрмай қалды.

Айдаһардай ысқырған дәулер қайда,

Ойыңа түсірсеңші сондайларды.

Олар кетіп ал кезек бізге қалды,

Қол қайыр ет адалдан жиған малды.

Мал біткендер бекерге ләпсі ашпай,

Адалдықпен қинаңдар шыбын жанжы.

Нашарға бас берме азуыңды,

Ұмытпа қияметке баруыңды.

Халықты қанау деген озбырлық іс,

Қаншалықты болсаңдар адуынды.

Арналған ыздығың біткеннен соң,

Біліңдер қара жерде қалуыңды.

Қайда кетті бұлбұлдай сайрағандар,

Мықты болып тістерін қайрағандар.

Көзіне топырақ толып көрде жатыр,

Дүниені көп қуып тоймағандар.

Көктен түскен адамдай ызғарланды,

Қаскүнем залымдықты қоймағандар.

Ақыры іске педеннің көзі жетпес,

Болма деп толықсып жүр болмағандар.

Мәз болып нәпсіні көп қуады,

Пиғылы ниеті жаман оңбағандар.

Кейбірі тәуба етіп ойланады,

Алыстан істің түбін шолғағандар.

Қол қылмау нәпсіні тый жан барыңда,

Қол қайыр ет тірлікте мал барында.

Момынның шырылдатып жанын жеме,

Алданып дүниенің жалғанына.

Тірлікте жомарт болып қайыр етсең,

Қолы ашыққа жол да ашық барғаныңда.

Жиған малға таласар қатын балаң,

Сен өліп тұрмастай боп қалғаныңда.

Өмірден ғибрат ал аға – іні,

Жете алмай әркім өткен арманына.

Қанша қызық көрсең де тірлікте,

Өлімнің бір түсесің қармағына.

Заманда құрбы – құрдас бәрі қайда,

Қарашы ой жіберіп жан – жағыңа.

Басында бала болып туғанымыз,

Дүниені ер жеткеннен соң қуғанымыз.

Қызығып ләпсіні көп қуғанменен,

Кәнеки түгел болған тұрманымыз.

Ерінбей еңбек жаса азаматтар,

Әділ боп тірліте тырбаныңыз.

Ойдағы жоқ уақытта ажал келсе,

Ет алмай құлшылықта құр қалармыз.

Топырақ төсек төсеп жатқан жоқ па?

Бай мырза неше түрлі сырбазымыз.

Басында малы жаны шулап тұр ма?

Осыдан майы барлар үлгі алыңыз.

Жатсаң қалар артыңда,

Білгеніңді айт тартынба.

Мың жыл өмір көрсеңде,

Бір өлерсің ақырды.

Дүние кімді алдамас,

Бай болған халық малға мас.

Мас болғанның бәрі де,

Өлім бар деп ойламас.

Ойлалық халық өлімді,

Өлімге ір кім көнімді.

Құлшылық жасап тірлікте,

Түзеп қой байқұс жөніңді.

Қараңғыдан құдай – ау,

Өзің шығар жарыққа.

Түзу жолын бере көр,

Адассақ біздей қаріпқа.

Қондыра көр сол кезде,

Қайырлы бізді қонысқа.

Жаралған орның қара жер,

Жататын орның қара жер.

Жаратқан патша құдай – ау,

Жалғыздыққа жәрдем бер.

Жанды нәрсе өледі,

Жаңа нәрсе тозады.

Адал болған азамат,

Қай күнде де озады.

Уақыт жеткен дүниеде,

Тумағандай болады.

Көшіп барып жалғаннан,

Қараңғы көрге қонады.

Босқа жүрме алқынып,

Еңбек ет адал талпынып.

Байқайсыңдар ма халайық,

Өлім тұр ғой шақырып.

Үстіне жалаң қабат киген бөзі,

Ашылмас аш десең де жұмған көзі.

Сөзімді түсінгендер ескерсін деп,

Молықбай халық үшін айтқан сөзі.

Күні ертеңге жетеді кімнің көзі,

Ақ – қараны аңғарар ойдың тезі.

Кең ойлы кемеңгерлер түсінсін деп,

Қобызшы Молықбайдың айтқан сөзі.

Айтқан Молықбай Байсақ баласы,

Түсінер мұны әр адам данасы.

Жаратушы күшті – ғой,

Келмейді жанның шамасы.

Бөтен көрмей сөзімді,

Өміріді ойлап қарашы.

Жақсыменен нашардың,

Алыс қой жетпес арасы.

Шығарған Байсақов Молықбай қобызшы шал

3 ішекті домбырамен айтатын,

ертеде үйренгенімді айтқан Орысбай Қалпендинов

– әдірісім с.з. Қызыл – Таң, Ақсу районы- деп өз қолымен қағаз бетіне түсіріп қойған екен. Сонымен қатар, ағамыздың қойын дәптерінің арасынан Молықбайдың өмірбаянынан жазып қойған қысқа деректерін де таптым.

Матай елінде Сақай Тұңғат Тоқмағамбеттің әйелінен туған Бұғыбай қарт көрермен айтқыш болыпты. Бұғыбайдың баласы байсақ, байдарқан, жансақ туған дейді. Кіші баласы Байсақ қобызшы болған. Ағайыны Бестөлеге «Қайтатың бар желді қарағайдың асуында 2 қарағай тұр, жоғарғысы ызылдайды, содан маған қобыз шауып бер» депті. Ақтай шауп берген Байсаққа 8 жыл тұрыпты, сонан қасиеті кетіпті.

Байсақтың баласы Молықбайды 30 жасқа келгенде Ырысбай деген әйелді туыстары көмектеп алып берген дейді. Жалшы болып Нүсіпбайдың қойын бағып жүргенде, далада ие буып тасталған. Сонан кейін әкесінің қобызына ие болған. Айтқаны келетін дәу берім ақын- күйші болып қасиет қонған екен. Қобызын Естібай деген ұстаға күмістетіпті. Менің әкемнен 12 жас үлкен, жылы мешін, секпіл сары шұбар оң жақ шекесінде алақандай ақ қалы бар еді. Тілеубек деген жалғыз ұлы болды. Малдан 1 қара қасқа аты, қара інгені болған. Жайлауда бір көште түйе аунап, шаңырағын сындырған. 300-ге жуық қойы болды. Жайлауда Демеубай дегеннің атын сатып алады. Кейінде туыстан ат мінуді ар көріп Қурабай Толғамбаевтің тор құнанын 18 бойдақ қой беріп сатып алған. Сол торы жорға жүйрік болып көпке ұнады. Әр жерде мен шабамын, арамызда Садақты деген Ақ шоқы бар. Сол Ақ шоқының түбінде тамы бар, төменгі түбінде әкем Қалпендінің тамы болды. Матайдың төменгі жағында Маймақ Нұғман Жүністің Әйнек деген қарындасын аларда 1926 жылы үлке той болып ат шапты. Сол тойда бақ қонып Молықбай кұйші шалдың аты бірінші келді. Сол тойда Молықбайдың атында шапқан менғ Орысбай Қалпендинов.

Келер 1927 жылы Сәрметеннің баласы Баймолданың Мария деген ажарлы қызын Талақ – Айнақұл Мырзақұлдың Қожа деген ұлы алмақ болып тойда ат шапты. Күйші шалдың торы аты тағы жеңісті алды. Шабарман бала мен едім.

«Ат баққа бітеді» дейтін, жарайды, ата, ой орнықты енді қобызға жақсы күй айтыңыз» деді раисполком Жылысбаев пен ақ кителді, ақ шәпкілі жас жігіт. Бұл Ілияс ақын екен.

Төбенің басында Молықбай әр түрлі күйлер тартты, ел разы болып «рақмет» айтып тарасты. Ауылға қайттық. Анандай жерге барғанда артымыздан «тоқта» деген айғай шықты. Тұрдық. Нөкербек пен Есенаман екен. «Жылысбаев сізбен ниеттес болам, атымды берем. Маған атын берсін,»- деді деп, жеткізді. Сонда Молықбайдың берген жауабы: «Қартайғанда жанға жайлы ат, көзеріңді тікпе» деп, жүріп кетті. Жорға торы атты бермедің деп 29 жылы 200 пұт бидай салды. Малын, шаруасын салып құтылып еді, сол жылы күзде 300 пұт бидай тағы салды. Төлемедің деп, «қылмысты адам» деп Алматыға айдтып жіберді. Көкесік абақтысында Кенен Әзірбаевпен бірге жатты. Қобызын алдырды. Нәшендік калона әр түрлі күйлер тартықызып магнитопонға түсірген. Қорқып өз атын айтпаған. Мысалы Ықыластың күйі сияқты әр адамның атына жаздырған екен. Түрме нәшендігі бұл жолы 3 күннен кейін шығасыз деп орнына қайтарған екен. Сонда жатып, іші өтіп қайтыс болған. 30 жылдың басында баласы мен әйелі қойып, қобызы мен киімін алып келген.

Әр уақытта күй тартқанда мына күйлерді: «Жезкиік», «Екі желмая», «Ақсақ құлан», «Қазан күйі», «Он санмен Орманбеттің айрылғаны», «Боз жорғаның жорғасы», «Ерәлінің дүлділінің шабысы», «Ықыластың күйі», «Ақ көбік, қара көбік қасқыр екен, оқ өтпес, қылыш кеспес қорқау екен, жылына 1 қыз, 1 жігіт жемек болып келіскен екен. Кезек Жарболға келеген екен ...» сондағы қызыдың жылағаны, күйдің аты «Жарбол», ендігі бір күйінде «Екі құс болған екен, бірінің сол қолы, бірінің оң қолы жоқ, екі қанатын біріктіріп ұшқан екен» деген жолдары бар «Құдіреттің құсы» күйі, «Бағланбайдың бозінгенінің зары, боздағаны» т.б. тартатын.

Сондай ойшыл дархан адамның ұйтқылы есімдері есімде қалды. Қазір де көрген түстей сықылды. Кейбір жазушылар шындықты көрсетпей, ақшаға сатып алмайтын, ойынан шығарған өтірікті дәріптейді жылмас жылпыңдар.

Қолыма түскен осы жазбадағы дүниелермен сіздермен бөліскім келді. Егер өз ойларыңыз не басқа да деректеріңіз болса, бөліссеңіздер разы болар едім.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1124457

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар