ТҰЛҒАНЫ РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕУДЕ ӘДЕБИ ШЫҒАРМАЛАРДЫҢ РӨЛІ

11 қараша 2014 - Құралай Жұмажанова
ТҰЛҒАНЫ РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕУДЕ ӘДЕБИ ШЫҒАРМАЛАРДЫҢ РӨЛІ

XXI ғасырдың табалдырығын аттаған еліміз әлемнің дамыған елдерінің қауымдастығына кіруге бет алды. Сондықтан еліміздің туын биікке көтерер білімді, білікті, адамгершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу біздің алдымыздағы ең басты міндет. Сондықтан ұрпақ өнегесі, олардың адамдық болмысы жайлы ой толғап, рухани-адамгершілікте білім беруді басты идея етіп ұстау назарымызда болмақ.

         Рухани-адамгершілік тәрбиесіндегі басты мәселе – баланы құрметтеу. Әрбір бала өзін-өзі рухани жетілдіру үшін өзін тәрбиелеуге, өздігінен білім алуға ұмтылуы қажет екенін түсінуі тиіс. Өзінің оқушысын өз бетінше білім мен тәрбие алуға үйретпеген мұғалім қазір түпкі нәтижеге қол жеткізе алмайтыны белгілі. Әдебиет сабақтарында оқушы ықпал ету объектісі емес, ынтымақтаса қызмет ететін тұлға. Оқушылардың айналасындағы адамдарға, табиғатқа, қоршаған ортаға, жан-жануарлар, аңдар мен құстар, өсімдіктер, яғни табиғаттың қай-қайсысында болмасын адамгершілікпен қарым-қатынас жасауды сезіндіруде адамгершілік құндылықтар негізінде білім беру аса маңызды.

        Адамгершілік адамның мінез-құлқы, іс-әрекеті, қарым-қатынасы, көзқарасы арқылы сипатталады, яғни әдептілік, мейірімділік, инабаттылық, қайырымдылық, т.б. Тіпті бүгінгі қоғамның өзі адам тәрбесіне мазмұнмен қарауды талап етеді. Яғни мектепте оқушының жан-жақты дамыған тұлға етіп тәрбиелеу міндеті тұр.

        Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Бізге қоғамдық модернизация және экономикалық қажеттіліктерге сәйкес келетін қазіргі кезеңдегі білім жүйесі қажет»,- деген болатын.[3] Олай болса, адамгершілік-рухани тәрбиенің, жалпы адамдық құндылықтарды білім жүйесіне енгізу қажеттігі күн талабына енді. Оқу-тәрбие процесінде адамгершілік пен ұлттық тәрбиені ақпарат құралдары арқылы пайдалану жан-жақты өріс алды, оның негізгі тәсілдері:

·         Ақпараттарды өңдеу, оны оқу іс-әрекеттеріне теориялық және практикалық тұрғыда пайдалану;

·         Әр түрлі қолданыстағы бағдарламаларды рухани-адамгершілік тәрбие беруде оқып үйрену және оны оқыту процесінде қолдану мүмкіндіктеріне талдау жасау;

·         Ақпаратты рухани-адамгершілік тәрбие беруде қолданудың тиімділігін негіздей және дәлелдей білу.

       Өз заманының ғұламасы Летурно сөзімен айтсақ: «Егер сен тәнді шынықтыру, ерік-жігерді шыңдау, жүректі ізгілендіру, ақыл-ойды жетілдіру және сана-сезімді теңестіру әдістерін білетін болсаң, онда сен нағыз ұстаз, тәрбиешісің.»[5] Ал, Н.Ә.Назарбаев: «Біз тұрғызатын қоғам, арды бағалайтын, белсенді жоғары моральді, әдепті және рухани байлығы мол адамдардан тұруы керек»,- деп, білім саласын болашақ ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесіне көңіл бөлуіне бағыттады. [3]

        Жаңа ғасыр толқыны әкелген жаңалықтарға сәйкес қазіргі заманда адамның тұлғалық дамуына баса назар аударылып, жас жеткіншектерге берілетін білім негіздері олардың жеке-даралық қабілеттерін жетілдіруге қызмет етеді. Әр баланың ішкі мүмкіндігі мен өзіндік қарымын дамытуға әсер ететін рухани-адамгершілік қағидалары — жеке тұлғаны өзін-өзі жүзеге асыруының аса қажетті шарты болып табылады. Сол себепті рухани-адамгершілік білім негіздерінің ықпалдасуына көркем шығарма негіз болып табылады.Көркем шығарма – әдебиеттің мазмұнын құрушы материал.

       Әдебиет – адамзаттың арманы, халқымыздың тарихи ізі, елдік-ерлік дәстүрлері, тұрмыс-тіршілігі, болмыс-бітімі кескінделген көркем шежіре. Ол – халықтың сан ғасырлық сөз өнерін  атамұра, рухани байлық ретінде жеткізетін өмірдің көркем оқулығы. Әдебиетті тегін «өмір оқулығы» демесе керек. Олай болса әдеби көркем шығарманың әр адамға өнеге, үлгі, тәлім-тәрбие беретін қуатының жоғары болуы оның адамгершілік ұстанымын аша түседі. Қазақ халқының ұлағатты өнегесі арқылы адамгершілікті тәрбие төңірегінде қаншама құндылықты ойлар айтылған. Сонау халық педогогикадан бастап, бүгінгі заманауи құндылықтардың бәрі де адам үшін қызмет етеді. Рухани-адамгершілік мазмұндағы әдеби көркем мәтіндердің ішінде Абай мен Шәкәрім шығармаларының алатын орны ерекше. Екеуі де адамзат баласын, адам әлемін сезіне, сүйе білуге шақырып, ізгілік еліне сара жол салады.

        8-сынып оқулығында берілген Абайдың «Он жетінші» қарасөзін оқып түсіну арқылы оқушылар қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің айтысын талдап, олардың адам үшін артықшылығы неде, адамның мәнді де мағыналы өмір сүруі үшін ненің жақсы, ненің жаман екенін қалай ажыратқаны жөн, не нәрсеге мән беріп, нені басшылыққа алғаны дұрыс екенін байыптайды. «Жүрекке билету» деген сөздің мағынасын түсіне отырып, оқушылар тағы қандай қасиеттерді  «жүрекке билетуге» болатыны жөнінде ой толғайды.

        Ал Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын – адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек», — деген нақыл сөзде айтылған адамның жақсы өмір сүруіне негіз бола алатын адами қасиеттердің мәнін   

ұғыну оқушылардың өз бойларындағы адамгершілік қасиеттерді дамытуына ықпал етеді.

 

 
 

 

 

 


 Сүйінбай Аронұлының «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» атты өлеңіне адамгершілік құндылықтар негізінде талдау жасалады. Жақсылық та, жамандық та әркімнің өзіндік сенімінің қаншалықты мықты екендігіне байланысты болғандықтан балалар да қиындықпен бетпе-бет кездесуден қорықпай, жеңіл жол іздемей, сеніміне үміт артып, әрқилы кедергіні де жеңуге ұмтылады. Сөйтіп, оқушылардың ойы адамның өзіне-өзі сенімді болуының басты көрсеткіші болып табылатын батылдық, табандылық, адалдық сияқты қасиеттері айналасына шоғырланады. Осы орайда оқушылардың сенім туралы, оның түрлі қырлары жөніндегі түсініктерін кеңейту мақсатында М.Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» атты өлеңіндегі қайратты, айбынды, көздерінде от бар, сөздерінде жалын бар, арлы, мінезі жұмсақ, жүрегі ақ, иманды және т.б. қасиеттерге сипаттама беріледі.Сонымен бірге Ә.Нұрпейісовтің «Балықшылар» әңгімесіндегі Еламанның, С.Мұратбековтің «Қылау» әңгімесіндегі Сатайдың адами қасиеттерін танып, ізгілікке үйренсе, Қ.Жұмаділовтің «Қаздар қайтып барады» әңгімесін оқи отырып, елжандылық, отансүйгіштікті бойларына дарытады. Адамгершілік қағидаларды көрсететін әдеби көркем мәтіндер оқушының интелектуалды-шығармашылық қабілеттерін, логикалық ойлауын дамытып, елестете алу, қиялдай білу дағдыларын қалыптастырады.

       Сонымен қатар халық педогогикасы – ұлттық тәжірибелер мен тағылымдардан туған бай, өшпес өнеге.[4] Ертегілер, жырлар, аңыздар, жаңылтпаштар, жұмбақтар, салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптар, халықтық ойындар адамгершілік тәлім-тәрбиенің баға жетпес қайнар көзі.

        Рухани-адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылық, қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың да, ата-ананың да болашағы зор болмақ. «Мен үш қасиетімді мақтан тұтам»,- депті Ақан сері. Олар: толғап айтпадым, жақсылықты сатпадым, һәм ешкімнен қызғанбадым. Бұл үш қасиет әркімнің өз құдайы. «Өз құдайынан айырылған адам бос кеуде, өлгенмен тең» деген сөз.[2] Шындығында бұл ақиқат.

       Олай болса, жеке тұлғаны қалыптастыруда олардың жан-дүниесіне сезіммен қарап, әрбір іс-әрекетіне мақсат қоюға, жоспарлауға, оны орындауға, өзіне-өзі талап қоя білуге тәрбиелеу – адамгершілік тәрбиесінің басты мақсаты. Мақсатқа жету үшін сан алуан кедергілер болуы мүмкін. Ондай қасиеттерді бала бойына жас кезінен бастап қалыптастыру жеке тұлғаны қалыптастырудың негізін қалайды.

       Тәуелсіз елімізді әлемге танытатын білімді ұрпақ  яғни, рухани дүниесі бай, талап-талғамы терең, салауатты өмір салтын дұрыс қалыптастырған тұлға болу керек.

       Рухани-адамгершілік тәрбие мына қағидаларды сақтағанда ғана нәтиже беріп тұлғаның модулі қалыптасады:

v  Тәрбие үрдісі оқушылардың рухани-адамгершілік қасиеттерді игеруіне бағытталса;

v  Оқушылар рухани-адамгершілік қалыптастыру мақсатында әрекеттік, іскерлік дағдыларды игерсе;

v  Оқушылар жеке тұлғаның және әлеуметтік мәні бар рухани-адамгершілік қасиеттерді өз  іс-әрекетінде, мінез-құлқы мен тіршілік әрекетінде көрсете алса;

v  Рухани мұралар – әдеби көркем әдебиеттерді ұғына оқыса,

рухани құндылықтарды бойына дарытқан шығармашыл тұлға қалыптасады.

 

 
 

 

 

 


 

 

       
   
 

 

 

 

 

 

 


Әдебиеттер тізімі:

   1.Қазақстан  Республикасы  «Білім туралы» Заңы.

   2.Қазақстан  Республикасында  білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы, 2010 жыл

  3. Қазақстан мектебі, 2009 жыл, №9

  4. Қ.Қадашева  «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі», 2005жыл

 5. Білім – Образавание  ғылыми-педогогикалық журналы, 2010жыл, №4

 6. Қазақ тілі мен әдебиеті журналы. 2009 ,2010 жыл

Осыған ұқсас жазбалар:

Тәрбие жоспарыАдам бойындағы қасиеттер

ҚұжатнамаОқушыларын әдеби шығармаларды оқуға тарту, қызықтыру жұмыстары

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1129919

Пікірлер (3)
Админ # 11 қараша 2014 в 19:03 0
Сайтқа қосқан материалыңыз да әдемі, өзіңіз де сондай әдемісіз.
Құралай Жұмажанова # 11 қараша 2014 в 19:34 0
рахмет
Абида # 16 тамыз 2015 в 16:56 0
Баяндамаңыз ұнады. Рухани құндылықтарды дәріптеу-әдебиетшілердің төл ісі.Ол құндылықтарды ұрпақ бойына дарытуда әрине, біз алғашқылардың біріміз.Табыс тілеймін.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар