қалалық семинар

28 желтоқсан 2014 - Несипкул Утебаева
қалалық семинар

Қалалық семинар

Түркістан қаласындағы Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік пән бірлестігінің “Қазақ тілін өзге тілді сыныптарда меңгертудің еуропалық стандарты негізінде оқыту”тақырыбында қалалық семинары өткізілді. Семинардың басты мақсаты – мұғалімдердің кәсіби білімі мен біліктерін арттыру; педагогикалық шеберліктері мен шығармашылықтарын шыңдау; шығармашыл мұғалімдердің озық тәжірибесін кеңінен насихаттау; тәжірибе алмасу; оқыту сапасын арттыру; оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау болды.Мектеп басшысы Ж.Ә.Орынбаеваның бұйрығымен І жарты жылдық бойынша бұл үшінші кезектегі семинар болды.Бұның алдында орыс тілі мен әдебиет, технология пәндері бойынша қалалық семинарлар өткізілген болатын.Ұжымның тынымсыз еңбектері толастар емес. “Ақылды басшың болса, елдің алды боларсың”дегендей, №9мектеп-гимназияның директоры Жаңыл Әнішқызы Орынбаева өзінің оптимистік қабілетімен қалалық семинардың жоғары деңгейде өткізілуіне ұйытқы болды.Мектеп басшысы дайындық барысында бұл семинардың өзектілігін айтып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің ылғи да алғы шептен көріну керектігін, гуманистік жүйенің иегерлері екенін, тіл жанашырларының біліммен қатар, жалпы қоғамдағы бет-бейнелерінің (киіну мәдениеті), сөйлеу мен қарым-қатынас мәдениеттерінің аса жоғары болу қажеттігін шегелеп айтып пысықтады. Жоспар бойынша түзілген қалалық семинарды өз деңгейінде өткізу оқу ісінің орынбасарлары Г.М.Мұратова, Г.Т.Халилова, Г.О.Божбанбаева, бейінді оқу ісінің орынбасары Г.А.Михайлинаға жүктелді. Олар өздеріне жүктелген бұйрықты жауапкершілікпен атқарды.

Қалалық семинардың бағдарламасын дайындау, бекіту, ашық сабақтар өтетін мұғалімдерге әдістемелік көмек беру мектеп әкімшілігімен қатар, қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет әдіскері, филология ғылымдарының кандидаты – Рахила Үрімоваға да жүктелген болатын.Ол мұғалімдерге ыждаһаттылықпен ғылыми-әдістемелік кеңес беріп, жоғары кәсіби және мәдени деңгейге жету үшін үздіксіз білімді мөлшер, жаңалықтың серпілісіндей ”Қазақ тілінің”жаңа білім мазмұнын меңгерудің функционалдық-семантикалық және коммуникативтік әрекеттік аспектілерін күшейтудің қажет екендігін түсіндіріп, ұғындырды.

Семинардың бағдарламасы қонақтарды қарсы алудан басталды.Мектеп директоры Ж.Ә.Орынбаева 70мектептен келген педагогтардың еңбектеріне шығармашылық табыс тілеп семинарды салтанатты түрде ашық деп, жариялады. Семинар “Оқушы шығармашылығы көрмесі” атты жасақталған кабинеттен бастау алды.Көрме бірнеше бөліктерден тұрды.”Ұлттық атаулар – халық мұрасы”екенін ескерсек,ұлттық тәрбиенің бір ұшы қазақ қоғамының даму тарихына, тыныс-тіршілігіне, салт-дәстүріне, шаруашылығына,ұлттық бұйымдарға қатысты атауларды толық меңгеруге байланысты екен.Өйткені, бұл атауларда қазақ халқының ұлттық мәдениеті, тарихы, даналығы, тұрмыс салты,әдет-ғұрпы, тыныс-тіршілігі жатыр.Халық мұрасының танымдық мәні ұлан-ғайыр дүние.Осы тұрғыда сол дүниені таныту мақсатында семинардағы көрменің орны ерекше болды. Пән мұғалімі Ж.Кеутешова “Ұлттық кітаптар көрмесін” ұйымдастырды. 8сынып оқушысы Загидуллина Юлиана қазақ жазушыларының құнды кітаптары жөнінде толыққанды, қызықты мәліметтер келтірді.Келген қонақтар З.Елдиярованың дайындаған “Сурет көрмесін де” тамашалады. Оқушылар Тәуелсіздік,Қазақстан туралы салған суреттерінің терең мазмұнын ашып айтып, көрсете білді.

Пән мұғалімі Ж.Маханбетжанова ұйымдастырған “Қол өнер көрмесі де”көз тартарлықтай болды. “Тіл халық жанын таңдаудың кілті”атты облыстық байқаудың жүлдегері 6”E”сынып оқушысы Н.Григорьева ұлттық нақыштағы бұйымдардың атауы және қолданылуы жөнінде айтып берді. Символ ретінде қолданылатын “Қазақтың шаңырағы да” көрменің төрінен орын алды. Мұны ұлттық нақышта безендіріп,үй жиһаздарын әсем жабдықтаған пән мұғалімі Г.Ахметова. Адалбақан, алаша, асадал, кебеже,құрақ көрпе т.б. үй мүліктері көздің жауын алды.Бұл аталған мүліктерге де түсініктеме берілді.
Пән мұғалімі Р.Мутанова талғаммен киіну – адамның өзіне сенімді болуының кепілі екендігін “Қазақтың ұлттық киімдері”атты тақырыпта ашық көрсете білді.Киім киюді оқушылар мәдениетпен ұштастыра білді.

Ш.Абдулханова, М.Шахманова сынды мұғалімдер дайындаған “Қазақ халқының ұлттық аспаптары” көрмесі аспаптар туралы өнер биігін көрсете білді.Ұлттық аспаптар: домбыра,қобыз,қылқобыз, шаңқобыз, асатаяқ т.б. аспаптардың шығу тарихы жайында 7”A”сынып оқушысы А.Қожамберді тәптіштеп айтып берді.Осы аталған аспаптармен Н.Айтмұханбет, Ш.Бәкір, Н.Бәкір, Н.Саухым, А.Жұмаділлә, А.Қалдыбайқызы, А.Паттеева, М.Құдайберген сынды оқушылар өз өнерлерін ортаға салды.Халқымыздың тарихи әлеуметтік, тұрмыстық жағдайындағы ерекше қымбат дәстүрі қонақжайлылық. Қазақ халқында келген қонақты құрметпен қарсы алып, мал сойып қонақасы беру – жомарттықтың, елдіктің, азаматтықтың үлкен белгісі.Қазақ үйіне қонақ түскенді мәртебе, бақыт санаған.Келген қонақтың ырыздығы, несібесі бар деген ұғым қалыптасқан.Осындай терең де тағылымы бар қонаққа қонақасы дәстүрін Ж.Атабалаева, А.Шарафиева, А.Қалмурзаева сынды мұғалімдеріміз өз шәкірттерімен бірге “Қазақтың ұлттық тағамдары”тақырыбында кең дархан қазақтың дастарханын ибалықпен көрсете білді.Қонақкәденің шығуы көңілді отырудың, қонақ өнерін сынаудан шыққан мәдениеттіліктің белгісі.Сондықтан да болар бұрынғы адамдар жастарды өнерге, айтысқа,қол өнерге, шешендікке,өлеңге, домбыра үйренуге баулыған.Бұрынғы жастардың “сегіз қырлы, бір сырлы”өнерпаз болуының түп қазығы осында жатыр екен. Осыған орай, орыс сыныптарындағы сан түрлі ұлт өкілінен құралған оқушылар “Қонақкәде” ретінде қазақы болмысқа салып, би билеп, ән шырқап, күй де тартты.

Мұғалімдердің іс-тәжірибелері бойынша жиған-терген еңбектерінен де көрме ұйымдастырылды.Яғни,үздік мұғалімдердің құрмет тақтасы мен портфолиолары да қыздың жиған жүгіндей әсер қалдырды. Портфолио –мұғалімнің жыл бойы жасаған жұмыстары және жетістіктерінің айғағы мен дәлелі. Портфолионың міндетті бөлімдері мен рубрикалары мұғалімнің өзі туралы, пәннің теориялық мазмұны, жұмыс үлгілері, жетістіктер, ой-толғаныс сияқты бөлімдерден тұрды.Семинарға қатысушылар портфолиоларды оқыту процесінде мұғалімнің жиынтық жұмысы ретінде қарап шықты.Бұл маңызды құжаттардың жиынтығына пән мұғалімдері М.Оралова, Б.Мырзахмедовалар жауапты болды.Семинарға қатысушылар құжаттарды қызығушылықпен қарап шықты.

Негізгі бөлімде шығармашыл мұғалімдер ашық сабақ көрсетуге кірісіп кетті.А.Шаметова 10”Б”сыныбында “Орынбек Ахметұлы Жәутіков”тақырыбында ашық сабағын көрсетті.Оқушылар тіл білімі орталығы, тест орталығы, зерттеу орталығы болып үш топқа бөлінді.Білім,іскерлік пен дағдыны жетілдіру сабағында оқушылар жеке және топпен бірлесе тақырып бойынша жұмысты ізденіп талдап, жинақтады.Сабақта: американ психологі Дейл Карнегидің ережесін тақтаға іліп қойды.Ережеге сүйенген оқушылар сабақ барысында берілген тапсырмаларды шапшаң орындады. Сабақ Елбасымыздың”Мәңгілік ел ”идеясын іске асыру үшін ертеңгі күнге сеніммен қарау қажеттігімен бекітілді.

А.Берістемова 11”Б”сыныбында “Қазақтың ұлттық тағамдары”тақырыбында сабақ берді. Практикалық дағдыны қалыптастыру үшін ынтымақтастық және топтағы бірлескен жұмыс, АКТ, СТО, оқудағы басқару, және көшбасшылық, Блум таксономиясы сияқты әдіс-тәсілдерді шеберлікпен қолдана алды.Сабақ үй жұмысын сұрау, жаңа сабақты дайындау,қызығушылықты ояту, жаңа сабақты меңгерту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерінен құралды. Әсіресе, интерактивті тақтадан бейне үзік бойынша оқушылардың өз білгендерін айтуы –оқушылардың еркіндігін, азат ойдың кемелдігін, тіл байлығын көрсетті. Үйге“Қазақтың ұлттық тағамдары”тақырыбында эссе жазып келу тапсырылды.

М.Аймұратова 7”Е”сыныбында “Ас – адамның арқауы”тақырыбында сабақ өтті.Ол “cыни ойлауға үйрету, ОҮБ және ОБ, АКТ, талантты және дарынды балаларды оқыту, жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту сынды модульдерді” тиімді қолданды.”Кімнің жадысы мықты? ойыны, өрмекшінің өрмегі, кластер, синквейн, Эдвард де Бононың алты ойлау қалпағы,қар көшкіні, смайлик арқылы және критерий арқылы бағалау”атты стратегиялық іс-әрекеттерді оқушыларға қалыптастырып ,қолдана білуге дағдыландырды.Бұл сабақта оқушылар тақырыпты терең меңгеріп, ойларын ортаға ашық айтып, жан-жақты сыни тұрғыдан ойлауға үйренді.

“Абайдың 38-ші қара сөзі”атты үлгілі ашық сабақты қазақ әдебиеті пәнінен В.Батырқұлова 7 модульді негізге ала отырып өткізді.Ол оқушыларға Абайдың 38-ші қара сөзінің мәні мен мағынасын терең түсіндіре отырып, өз бетінше ой қорыта білуге үйретіп, балалардың рухани жан дүниелерінің қалыптасуына ықпал жасады.Сабақ барысында аудио жазба тыңдалды, топпен жұмыс арқылы постер жасалды, смайлик пен басбармақ әдісі арқылы жұмыстары бағаланды.Психологиялық тренингтен басталған сабақтың соңында оқушылар сабақтан алған әсерлері туралы жазып,өз ойларын рефлексия плакатына жапсырды.

М.Татенова қазақ тілінен 8”В”сыныбында “Есімше”тақырыбында оқушылармен ұжымдық түрде бірлесіп, білім алу сабағын өткізді.Есімшенің жасалу жолдарын слайдтарда көрсетілген тапсырмалар арқылы ұғындырды.Слайдтар: “Альпинистер; Тақырып және мақсаты.Ауызша сызба-тірек арқылы түсіндіру; Шыңды бағындыру жоспары;Құрал-сайман.Ойлы болсаң, озып көр; Тау етегінде.Тапқырлар талғамы; Штаб.Бірлік болмай, тірлік болмас; Тыйым сөздер; Бірінші биіктік.Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады; Екінші биіктік, Сергіту сәті; Білім шыңы.Білімнің басы бейнет, соңы зейнет; Ту. Ауызша; Сабақты қорыту;Үйге тапсырма; Бағалау.”кезеңдерінен тұрды.Сабақты Н.Ә.Назарбаевтың “Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол — бірлік”деген сөзімен түйіндеді.

Ж.Әкімханова 3”В “сыныбында “Мен Қазақстанда тұрамын”тақырыбында көңілге қонымды сабақ берді. Оқушылар “Қазақстан, Бәйтерек, Астана”атты үш топқа бөлінді.Сабақтың мақсаты: Отан туралы түсініктерін кеңейтіп, лексикалық тақырып бойынша сөйлеу дағдысын қалыптастыру және септік жалғауларын қайталау, орынды қолдануға баулу.Сабақ барысы әңгімелесуге, білімді бірге игеруге, оқушылардың шығармашылығын оятуға бағытталды.Шәкірттің кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өлтіресің дегендей, баланың кемшілігін емес, жеңісін іздеуді ниет еткен мұғалім Қазақстан туралы кең мағлұмат беріп, оқушыларды туған жеріне, еліне деген сүйіспеншіліктерін арттырып, сөздік қорларын молайтуды көздеп, ойларын еркін жеткізуге баулыды.

Сыныптан тыс іс-шараларды кітапханада, шығармашылық шеберханаларда өткізді.”Дана халықтың дара Абайы”атты әдеби-сазды кешті Г.Ашенова мен А.Берентаева сынды мұғалімдер 10сыныпта өткізді.Оқушылар Абайдың поэмасын, аударма өлеңдерін, қара сөздерін нәшініне келтіріп оқи білді.Абайдың таңғажайып туындыларын жаттап, көңілге тоқығандарын іркілмей ортаға салды.Ән де шырқалды, көрініс те қойылды.”Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе”деп, С.Торайғыров жырлағандай, оқушыларға Абайды оқу өсиет -деп, сабақты қорытындылады.

Пән мұғалімдері С.Турабаева мен М.Құрмановалар “Қайсар рухты, ер тұлғалы Махамбет” тақырыбында танымдық сабақтарын көрсетті.Өр рухты — Махамбеттің қызыл оттай қызулы,қылыштай өткір сөздері арқылы оқушылар бойларына намысты, адалдықты, еркіндікті, ерлікті ұялата білді.Баяндау, мәнерлеп оқу әдістері бойынша оқушылар Махамбеттің поэзиясынан сусындаған оқушылар, оны сахнада өрлікпен көркем шығармаларға экспрессивтік реңк пен бояу беріп айта білді.Яғни, оқушылар дауыс ырғағын мазмұнға сай құбылта білді.Осындай қасиеттерді іске асырған С.Аминжанов, Г.Мамбетова, Ә.Үкібай, А.Мухамедрасулов, Р.Абдухадиева, Ш.Насырова, М.Қален Б.Салхожа сынды оқушылар сабақты жандандырды.Махамбет Өтемісұлының өлеңдерінің мәңгі жасайтынын тағы да бір екшелеп, дәріптеді.

Блумның сыни тұрғыда ойлауды талап ететін сұрақтарының стратегиясы бойынша бүгінгі заман талабына сай, жаңа ағымға қабілетті,өзі шешім қабылдай алатын, өздігінен білім алуға ынталы тұлғаны қалыптастыру негізінде пән мұғалімі Г.Өскенбаева келген қонақтармен коучинг өткізді.Коучингте “Айтылым.Жазылым.Оқылым. Тыңдалым”топтарына бөлінді.Блум таксономиясы бойынша сұрақ қою моделін қолданып, бейнежазба бойынша сұрақтар қойылды.Әр топқа әртүрлі тақырыпта постер жасау,қорғау тапсырылды. Г.Өскенбаева коучингке қатысушыларды Блум таксономиясы бойынша білімді түсіндіріп,қолдандырып, талдап, синтез жасатты. Г.Өскенбаеваның жетекшілігімен қатысушылар импрозивациялық шығармашылықтарын еркін көрсете білді.

Қазақ тілі мен әдебиет пәні бірлестігінің жетекшісі Ш.Тайтенова Озық іс-тәжірибе тарату мақсатында “Мәтінмен жұмыс”тақырыбында баяндамасын ортаға салды.Ұсынып отырған әдістемесі орыс тілді сыныптарда қазақша сөйлеуді үйрету мақсатында мәтінмен жұмыс жасау жолдарын қамтыған.Мәтін – ішкі күрделі құрылымға ие жүйе.Мәтін құрамындағы сөйлемдердің өзара байланысы оны құрауға негізделеді.Сөз тіркесі мәтін ішіндегі құрылымдық-семантикалық байланыстылығы жағынан тек бір сөйлемнің ішінде қалып қоймайды.Бір сөйлемнің мағынасының кіші бөлшегі бола отырып, келесі сөйлемге мағыналық жағынан тізбектеледі.Мәтінмен жұмыс кезеңінде лексикалық, грамматикалық, тілдік жаттығуларды міндетті түрде орындату қажет.Міне, Ш.Тайтенова осылай мәтін құрудың қыр-сырын айтып, тілдік құралдар мен тілдік тәсілдерді пайдалануды көрсете білді.

Семинар соңы “Ғасырлар тоғысында”атты әдеби-сазды кешке ұласты. Іс-шара өтетін ғимараттың ішін эстетикалық талғамға сай, тақырыпқа сай әсем безендіруді пән мұғалімі Б.Бұлдырықова қолға алды. Бұл кешті Р.Бердиярова, Б.Мұстафаева, А.Мырзағалиева, З.Сыздыкова сынды мұғалімдер ұйымдастырды. Тоныкөктен бастау алған кеш көз алдымызға Қазақстанның тарихына кезең-кезеңімен сүңгігендей, ой кештірді. Әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған мектеп оқушылары өнерлерін сахна төрінде дүйім жұртқа көрсете білді.”Өнерлі бала көрікті” дегендей, балалар өнерді біліммен қатар сүйреп келеді.Жалпы өнер сұлулыққа, сыпайылыққа негізделеді.Шешендік өнер, ғұламалар жайында көріністер,ән-күйлер, би мәдениеті барлығы да осы кеште қамтылған. Ш.Бәкір, А.Жақсыбек, Ә.Советова, Х.Таджиметов, А.Тойлыбек, Ә.Мырзахмет, Б.Келісбек, Н.Тінебай, Н.Давранбекова, Д.Арипжанов, А.Паттеева, М.Шакирова, Б.Исмаил сынды оқушылар өздерінің ғажайып туынды өнерлерімен тәнті етті. Музыка пәнінің мұғалімі А.Сұлтанбекова да өз шәкірттерімен бірге ұлттық аспаптармен күй ойнап, көңілді көктем етті.Әсіресе, қаламызға танымал бола бастаған 8сынып оқушысы Елнұр Душанов әдемі қоңыр даусымен эстрадалық әндерді өте шебер орындай білді.Көпұлтты мемлекетіміздің билері де орындалды.Интерактивті тақтадан әр көрсетілімге сай тақырып бойынша бейнероликтер көрсетілді.Салтанатты кеш Н.Назарбаевтың “Мәңгілік ел” бейнеролигінің көрсетілімімен, “ Көк тудың желбірегені”әнімен аяқталды.

Семинар өз мәресіне жетті. Семинарға қорытынды жасалып, берілген әрбір сабақ пен іс-шара талданып, сарапталды. Семинар сабақтары тәжірибе, білік, дағды, абстрактылық, логикалық және сыни ойлау қабілеттерін бірлесе жұмыс жасау дағдыларын жетілдіру, машықтарды қалыптастыруға бағытталды.Әсіресе, “Оқушы шығармашылығы көрмесі”мұғалімдерге тың жаңалық екендерін жасырмай айтты.Үнемі мылқау көрме тамашалайтын едік, ал, бұл мектепте “Тірі көрмені”, сөйлейтін көрмені тамашаладық деп, ағынан жарылды келген қонақтар.Бұл тәжірибені өз мектептерінде енді қолданысқа енгізетіндігін айтты.Ашық сабақ берген мұғалімдердің еңбектері туралы аз айтылған жоқ. Ашық сабақ берген барлық мұғалімдерді қалалық білім бөлімінің “Мақтау грамотасына”, А.Берістемова мен Ш.Тайтеновалардың іс-тәжірибелерін қала көлемінде таратуды бірауыздан ұсынды. Нәтижесінде, қалалық білім бөлімінің әдіскері Рахила Үрімова Кенжебекқызы келген мұғалімдер тарапынан айтылған ой-пікірлерді ескеріп, қалалық семинардың жоғары деңгейде өткізілгенін айтты.Оқушылардың өнерлерін, білімдерін бағалап, семинарға атсалысқан мұғалімдерге және мектеп әкімшілігіне ақжарма алғысын жаудырды. Позитивтік, конструктивистік(жағымды) көзқарасты ұстанған әдіскер – Р.Үрімова алдағы күндерде мұғалімдерге ақпараттық коммуникациялардың жаңа формаларын батыл енгізу қажеттілігін айтып өтті.Яғни,әрбір ұстаз компьютерді, интернетті, интерактивті тақтаны жедел үйреніп,интернеттегі мәліметтерді өз сабағында ешкімге жалтақтамай қолдану мүмкіншілігіне ие болуды ескертті. Мемлекеттік білім стандартының өзектілігін, оның орындалу барысына мән берді. Деңгейлік бағдарламалар бойынша қайта даярлау курсынан өткендердің бағыт-бағдарларына өзіндік көзқарас білдірді. Кембридждік бағдарламадағы стратегиялық әдіс-тәсілдерді қолданамыз деп, өзіміздің ұлттық ұстанымымыз бен қағидамыздан алшақтап кетпеуді ескертті.Ұлт ретінде сабақтар құнсызданбау қажет деді.Барлық мектептер бойынша әлі де оқушылардың мәнерлеп оқуларына көңіл бөлу керектігін түсіндірді.”Күн сайын жаттап оқып, айында бір рет пайымда”деп, Шәкәрім айтқандай, жаттау мен мәнерлеп оқудың өзіндік орны бар.Өлеңді оқығанда оқушының Отаншылдық асқақ рухы сезіліп тұру керек-деді.Оймақтай ойымен сыр бөліскен Р.Үрімова қалалық семинарды оң бағалады.Кембридждік бағдарлама бойынша деңгейлік курста оқып келген және ашық сабақтар көрсеткен А.Берістемова, В.Батырқұлова, М.Аймұратова, Г.Өскенбаеваларға сұрақтар қойылды.Олар жаңа Кембирдждік бағдарламаның 7 модуль технологиясы әдістерінің тиімділігі жайында ой-пікірлерін бүкпесіз ашық айтты.Семинарда келелі мәселелер көтеріліп, жаңа форматтағы біліктілік арттырудағы оқытудың барлық деңгейі бойынша үздіксіз білім жүйесіндегі білім беру ісін жаңаша ұйымдастыру көзделді. Осы семинардың орындалуына бақылау мен басшылық жасаған оқу ісінің орынбасары Г.Мұратова келген қонақтарға тәжірибе алмасудағы пікірлерін талқылап, жылы лебізбен жақсы бағалағандары үшін ризашылығын білдірді.

Шығармашылық бір орында тұрмайды, ол – шексіз.Ендеше жаңа жолдар күтіп тұр деуге болады.Сол жолдарда сәттіліктер болсын!

Несіпкүл Өтебаева,

Түркістан қаласы

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1083431

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар