Ахмет Байтұрсынов- ұлт көсемі

14 наурыз 2016 - Күлзия Есенқызы

Баяхметбаева Күнімбала Ізтөлеуқызы

Астана қаласы № 56 мектеп –лицейінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі

 

 Конференцияның  тақырыбы: Ахмет Байтұрсынов- ұлт көсемі.

 Конференцияның мақсаты: 1.Ахмет Байтұрсыновтың  өміріндегі  деректер арқылы, шығармалары арқылы қазақ халқының  ұлт ретінде қалыптасуына қосқан еңбегін таныту, ұлтына барша өмірін арнаған, ұлт мүддесін қара басының қамынан артық қойған ұлтжандылық сипатын ашу, Тіл ғылымына, баспасөзді дамытуға қосқан еңбегін таныту.

2. А. Байтұрсыновтың ұлылығы неде, оның әлемдік азаттық қозғалысына қосқан үлесі қандай, ұлт тарихына, ұлт тағдырына жасаған ықпалы қандай екенін таныту.

 Конференцияның тәрбиелік мақсаты: А. Байтұрсыновтың халық үшін, туған жер үшін өмір сүріп, еңбек еткендігін үлгі ету.

 Конференцияда пайдаланылатын көрнекіліктер:

                                                  көрме, слайд, газеттер, плакатқа жазылған сөздер.

«Ахмет Байтұрсыновтың  қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын.»

                                                               М. Әуезов.                     

Егерде сен жанбасаң,

Жанартау боп атылып,

Егерде ол жанбаса,

Аруақты шақырып.

Егерде біз жанбасақ ,

Замананы сапырып,

Басар сонда барша әлемді

Түнек пенен қапырық.

                               Назым Хикмет

Мен бұқтым, жаттым,

Сен бұқтың, жаттың,

Кім істейді қызмет?!

                        Ахмет Байтұрсыновтың нақыл сөздері көрнекі етіп жазылып ілінді..                                                                                   

* Адамнан туып, адам ісін етпей,

 Ұялмай не бетіммен көрге барам?!

* Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын.

* Баланы ұлша тәрбиелесең ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең құл болмақшы.

* Ұл туып, ұлы жолда қызмет етсе, онан зор ұлтқа бар ма ырыс?

*  Қазақ халқы жұрт қалпында ғұмыр кешуге басқалармен теңелсе екен.          

 

Конференция залда жиналған қатысушыларға «Зымыран» сұрақтар қоюдан басталды.

І кезең    

1. А. Байтұрсыновтың өмір сүрген жылдары. /1872-1937/

2.1891-1895 жылдары қай мектепте оқыды? /Орынбор/

3. Ақынның отбасының қуғынға ұшырауына себепші болған кім? /Полковник Яковлев/

4. «Қырық мысал» кітабы қашан шықты?  /1909ж. Петербург/                                     

5. А. Байтұрсынов ашқан тұңғыш газет қалай аталады, қай жылдары шықты?   /«Қазақ» газеті 1913-1918/

6. «Адамнан туып, адам ісін етпей,

 Ұялмай не бетіммен көрге барам?!» Ақынның қай өлеңінен үзінді?  

/ «Анама хат»/

ІІ  кезең

1.Торғай қаласындағы 2 сыныптық мектепте оқыған жылдары? /1886-1891/

2.« Маса» жинағы қашан, қайда шықты? /1911ж. Орынбор/

3. Абай туралы мақаласы қалай аталады, қай газетке, қашан шықты? ?   /«Қазақ» газеті 1913 ж./

4. Алғаш тұтқынға қай жылы алынды, қай қалаға жер аударылды?   /1909 ж. 1 шілде Орынборға/

5. А. Байтұрсыновтың тұңғыш қазақы теориялық кітабы? 10                                    / «Әдебиет танытқыш»/

6. Қазақ тілін пән ретінде оқытатын оқулықтары қандай?

/ «Тіл құралы» үш кітап 1914-1916ж. «Тіл жұмсар» 1928ж./

 1-жүргізуші:

Қазақ даласының екі ғасырдай отарлық езгіде болуы халық мойнындағы бұғалықты тарылта түсті.

Қазақ халқының алдында дербес ел ретінде жойылып кететіндей айла-шарғыны Ресей патшалығы әлдеқашан жүзеге асырып қойған еді. Дала уалаятын билеудің үш дүркін реформасы елді бүтіндіктен, тұтастықтан жұрдай қылған-ды. Құнарлы жерлерден әлдеқешан айрылған еді. Қазақтар өз жерінде өздері азшылыққа айналып бара жатты.

 Мұндай жағдайда ең болмаса, сойылатын тоқтының тұяқ серіпкеніндей бір қарсылық боларын әркім –ақ ұғар еді.

2-жүргізуші: Бұл жолы бұрынғыдай қиқулап атқа мініп, зеңбірекке қарсы шауып, қанға бөккенннен мән шықпайтынын ұғынған, ұрымтал кезде жан-жақтықамдастырылған жүйелі күреспен қарсы тұру керектігін түсінетін кемел тұлғалардың кенеттен қалай табылғаны?

Ұлттық төл элита әлі қалыптасып үлгермеген еді. Оқығандар шашыранды жұрттан шыққандықтан бас қосып, күш біріктіругет құлықты емес еді.Мұндай жағдайда әлгіндей тәуекелге бел байламақ түгілі ол жайында ойлаудың өзі ақылға сыймайтын батылдық еді.

 Соған айдаладағы ауыл мұғалімінің қалай жүрегі тұрғанына қалай таңғалмассың?                                                                                                                 

      Бұл жағынан келгенде А. Байтұрсынов –ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға. Неліктен ол мұншалықты жанкештілікке барып, ұлт мүддесін арқасына көтерді?

Бұның жауабын арман мен арпалысқа толы өмірінің шынайы шежіресі — өлеңдерінен іздейікші.

 1 –жүргізуші: Неліктен ол мұншалықты жанкештілікке барып, ұлт мүддесін арқасына көтерді? Мақтанғандықтан ба?

1-оқушы: Жоқ, А. Байтұрсынов Ұлт үшін істеген еңбегіне мақтанған емес. Егер ол мақтанса,

              Әзірге қолдан келген осы барым,

                Қомсынып, қоңыраймай құрбыларым.

                Бабы жоқ жұмыстағы мен бір арық,

                Күн қайда үздік шығар топты жарып.

Бар болса сондай жүйрік, қызар деймін,

Естілсе құлағына дүбір барып.

Әйтпесе арық шауып оңдырар ма

Жүргенде қамыт басып, қажып-талып- деп қаймыға қайғырар ма еді?

 2-жүргізуші: — Ендеше ақын масаттанғандықтан ұлт мүддесін мойнына артты ма?

2-оқушы: Жоқ, мына бір өлең жолдарынан ақынның масаттанған кейпін емес, қайта ауыр күйзелістегі қалпын көрер едік.

        Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,

       Теңізде жүрміз қалқып кешпесі жоқ.

         Жел соқса, құйын соқса жылжи беру,          

Болғандай табан тіреу ешнәрсе жоқ.

       Бұл күнге бүгін емес көптен кірдік,

        Алды-артын аңдамаған бетпен кірдік.

        Жат жақты жаратқанға күзеттіріп,

        Жақынмен ырылдастық, иттей үрдік.

Білдірдік елдің сырын, ердің құнын,

Еліріп ерегеске екі-үш күндік.

 Кіреді тентек есі түстен кейін,

Мүшкілін халіміздің енді білдік.

1-жүргізуші:  - Әлде, ақынға атақ, даңқ керек болды ма?

3- оқушы: Бұл мүмкін емес, даңққұмарлықтан дейін десеңіз, «Жауға түскен жан сөзі» өлеңін тыңдап көрейік. Оқушы өлеңді жатқа оқиды да: -Осылай айтқаны рас болса, кімге сеніп атақ іздейді, кімнен даңқ дәметеді?

 2-жүргізуші :: — Сонда мұншама сарп болып сарсылуда не мән бар?

4- оқушы:  Не мән бар екенін ақынның «Адамдық диханшысы» өлеңінен білуге болады. Өлеңді жатқа оқиды да: -«Нағыз азаматты ел мүддесі, ұлт мүддесін арқалауға әкелген «ертеңге деген сенім, келешек алдындағы жауапкершілік » — деп ойлаймын.

 ІІІ кезең.

1-жүргізуші:  

Конференция барысында «Ізденіс» бағытында  берілген  баяндамаларға кезек берейік.

1. Арыстанбекова Тоғжан 9 «Ә» сынып оқушысы

«Ұлтын сүйетін шын ұлтшыл»

Ахмет Байтұрсыновтың ұлылығын  танытатын  еңбектеріне тоқталады.

2-жүргізуші:  

2. Жылқыбек Н. 10 «Ә» сынып оқушысы

«Ахмет Байтұрсынов – ұлт азаттық көтерілісінің рухани көсемі»

  А. Байтұрсыновты қазақ зиялыларының рухани көсемі санатына шығарған қандай жағдай екендігіне тоқталады

  Ахмет Байтұрсынов қазақ зиялыларының рухани көсемі санатына шығарған 1913 жылы ұлттық биресмилік  «Қазақ» газетін шығаруы деп ойлаймын. «Құрметті оқушылар» атты кіріспе мақаласында Ахаң «жалаң аяқ, жалаң бас, жеңдеріміз қиюсыз, етектеріміз жиюсыз ашылып, шашылып қамсыз жатқан» қазақтың «алдына түсіп, жол сілтеп, басшылық етуді » мақсат тұтқанын жазды. 

1-жүргізуші:  

3. Жанатбек Д.  10«Ә» сынып оқушысы

«Ахмет Байтұрсынов- ХХ ғасырдың ұлы реформаторы»

А. Байтұрсынов -ұлы ойшыл тұлға. Ол феодалдық болмысқа, ескілікке қарсы тұрды. Билік, халық билігі, сезім, сана, бостандық, адамгершілік, өркениет, мәдениет, дін, ғылым, ел бірлігі, Отан, ел, халық, т.б. философиялық категорияларға көзқарасы Ақынның биік рухтың адамы екендігін көрсетеді. Әділдікті, теңдікті, ұлт бостандығын жақтаған, бүкіл болмысымен «өз діні, тілі, жазуы сақталу» үшін адамдық диханшысы болып, ұлт үмітін ақтаған, қасиетті ұлт ұстазын қазақ қазақ болып тұрғанда есінде мәңгі сақтайды .

 2-жүргізуші:  

4. Сабдалин Ж. 11 «Ә» сынып оқушысы

«Ахмет -қазақ баспасөзінің негізін салушы»

Ахмет  «Қазақ» газетін шығару мақсатын «Газет- халықтың көзі, құлағы һәм  тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды» -деп көрсетті.

 

 

1-жүргізуші:  

5. Рахым Р. 11 «Ә» сынып оқушысы

«Ахмет Байтұрсынов –қазақ тілін зертеуші»

  А.Байтұрсыновтың қазақ тілінің дамуына, тіл тазалығына қосқан үлесін айтпай кетуіміз мүмкін емес.  

  А. Байтұрсынов -өнердің ішінде сөз өнерінің аса құдіретті екенін айтқан. Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай әдемі ән-күй болсын- сөзбен сөйлеп, суреттеп көрсетуге, танытуға болады. Қазақ тіл білімінің негізін қалап, оқулықтар, ғылыми еңбектер жазған А. Байтұрсынов әдеби тілдің мәселелеріне келгенде  өте жүйрік. «Тіл қасиеті», «Тіл әуезділігі» сияқты көлемді еңбектері көркем сөздің құпия сырларын түсіндіруге арналған. Тіл тазалығын қатаң сақтауды талап етеді. «Тіл тазалығы дейтініміз- ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау»- деп, оған ерекше мән берген.

 А. Байтұрсыновтың  мына бір пікірі тіл тазалығын сақтаудың аса маңыздылығын күні бүгін де ескертіп тұрғандай: «Жалғыз-ақ қашатынымыз – жат сөзділік. Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ басқа сөздермен араластыра берсе, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, ана тілінен айрылып қалуы әбден мүмкін.»

А. Байтұрсынов қазақ тіл білімінің негізгі терминдерін жасағаны белгілі.

2-жүргізуші:  

6. Тұрарова Меруерт  11 «Ә» сынып оқушысы

« А.Байтұрсыновтың  қазақ әдебиетіндегі алатын орны»

 

1-жүргізуші:  

 «Азаттық асылы мәдениетте, мәдениет күшеюінің тетігі оқу мен әдебиетте» деп білген А. Байтұрсынов қоғам өміріндегі әдебиеттің алатын орнына айрықша мән берген. Егер дәл бүгінгі таңда А. Байтұрсынов ортамызға келе қалса, көк аспандағы көлеңдей желпілдеген туымызға көзі түсіп сүйсінер. Өздері жете алмай кеткен тарихи дәуірге біздің жеткенімізге еміренер де тебіренер.

2-жүргізуші:  

Бір кезде «Қазақ» газетіне берген батасын ұрпағына, бізге берер:

« Төңірекке қарасаң, түнерген бұлттар әлі бар… Түбі қандай болады деп қобалжымалық… Дауылды жауын ету қолымыздан келмесе де, үйімізді үй етіп, шашылмай қалудың қамын желік ...                                                           

Дүниенің төріне ұмтылғандар төрден орын алып жатыр. Ұмтылмағандар есікте қалып жатыр. Қалмайық десек, қарап жатпалық. Көп ісіне көп болып  жабылайық.Ұлтына қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылады. Ұлы іс ұсақтан ұлғаяды. Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына үлес қосу қазақ баласына міндет.

Елін қорғайтын ер болайық,

Ерін қолдайтын ел болайық! -дер.

Қай ісіміздің де құдай сәтін салғай! «Әумин» деп қол жайып, «Әуп» деп күш қосып, «Алла»- деп іске кіріселік» — дер.

 

 

 

 

 

 

 

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1103571

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар