БОЛАШАҚ ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГ МАМАНДАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ІС-ӘРЕКЕТІН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

11 қаңтар 2016 - Күлзия Есенқызы

БОЛАШАҚ ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГМАМАНДАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ІС-ӘРЕКЕТІН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Кошенова Жанат Сайдрахмановна

№ 47 орта мектебінің педагог- психологы, өзін- өзі тану

пәні мұғалім, Семей қаласы

 

 

Қазақстанның әлемдік үрдістерге кірігуі, дамыған елдердің стандарттарына деген ұмтылысы еліміздің жаңа сапалық деңгейге жылдам өту қажеттілігін туындатуда. Осыған орай қазіргі кезде жасалып жатқан реформалар даму институттарының қалыптасуына немесе өсуден тұрақты даму кезеңіне өтуге бағытталған. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси бағыттардағы өрлеуіндегі осындай өзгерістер өмірдің барлық саласындағы шығармашыл тұлғаның мәртебесін көтеріп, мерейін үстем етуде.

Көпшілікке психологиялық қызмет көрсету ХVIII ғасырда Батыс Еуропа елдерінде аяқ ала бастады. ХIХ ғасырда психологиялық зерттеулерге қызығушылық кеңінен тарағандықтан АҚШ, Германия, Франция т.б. елдерде әлеуметтік-психологиялық зертханалар ашылып, талапкердің психофизиологиялық ерекшеліктерін бағалап беруге мүмкіндік туды. Осы елдер тәжірибесін зерттеп, жүйеге келтірген ғалымдар В.М.Вульфсон, К.Р.Рональдо, Г.Б.Радионов, И.О.Татурболатын [1].

Өткен ғасырда жасалған көптеген психодиагностикалық әдістемелерді және оларды пайдалану ережелерін қазіргі кездегі психологиялық қызметте, бұрынғы кеңес мектептер тәжірибесінде қолдану жолдарын М.Р.Битянова, И.В.Дубровина, Л.И.Прихожан, Р.С.Немов, т.б. ғалымдар жасады. Олардың еңбектерінде психолог қызметінің мақсаты мен міндеттері, психологиялық қызмет моделі, мектептегі психологиялық қызметтің мазмұны мен зерттеу жүргізу әдістемелері анықталған. Бұл ұсыныстардың негізгі қағидалары мектептегіпсихологиялық қызметте кеңінен қолданылып жүр [2].

Жаңа жағдайда білім беру ұйымдары іс-әрекетінің негізгі нәтижесі тек білім, іскерлік және дағды жүйесі ғана емес, керісінше зиялы, саяси-қоғамдық, коммуникациялық, ақпараттық және басқа салаларындағы мемлекет тапсырыс беріп отырған негізгі құзырлылықтардың жиынтығы болуына назар аударылады.Білім беру қызметкерлерінің біліктілікті арттыру жүйесінің сапалы өзгерістерге қол жеткізуі үшін оларды әдістемелік-ұйымдастырушылық іс-әрекетінен зерттеу-әдістемелік іс-әрекетіне, психолог маманды педагогикалық нақты жағдайларға тез бейімдеу, оның шығармашылық ұмтылыстарын қанағаттандыру ұстанымдарына көшіру өзекті болып отыр.

Психологиялық қызмет қазіргі кезде әлеуметтік ортаның барлық салаларында кеңінен тарап келе жатыр. Білім беру жүйесінде, оның ішінде орта мектепте, осы қызметті ұйымдастырудың өзіне тән қиындықтары мен шешілмеген проблемалары әлі де болса жетерлік. Солардың бірі педагогикалық мекемелердегі педагог-психолог мамандардың шығармашылық іс-әрекетін дамыту мәселесі болып табылады.

«Шығармашылық» ұғымының мазмұны «шығару», «іздену», «жаңаны ойлап табу» деген мағынаны білдіреді. Ол, жаңалық ашатын адамның әрекетінен, адамның мақсатқа бағытталған қызметіндегі ізденімпаздығы мен белсенділігінен, табандылығы мен жігерінен құралып, ақыл-ойы мен сезімінің, креативтілігінің бірегейлігінен туындайды.

Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде шығармашылық проблемасы шығармашылық қабілет пен ақыл-ойдың өзара әрекеттестігі тұрғысынан қарастырылып, дербес фактор немесе дивергенттік ойлаумен тікелей байланысты іс-әрекет түрінде көрсетіледі. Осыған орай біз, зерттеу жұмыстарында  «шығармашылық іс-әрекет», «шығармашылық орта», «шығармашылық қызығушылық» ұғымдарына берілген анықтамаларды жүйеге келтіріп, жан-жақты сипаттама береміз. Сондай-ақ, ес, ойлау, елестету ұғымдарын шығармашылық әрекетінің алғышарттары ретінде сипаттай отырып, «шығармашылық ойлау», «қабілеттілік» ұғымдарына кеңінен талдау жасаймыз. Сөйтіп, шығармашылық іс-әрекет шығармашылық ортада орындалады және оның орындалу нәтижелілігін шығармашылық қабілеттер анықтайды, шығармашылық ортада тұлғаның шығармашылық  қызығушылығы, белсенділігі, танымдық ізденімпаздығы артып, шығармашылық қабілеті дамиды деп ой тұжырымдаймыз [3].

Демек, оқыту үдерісінде  болашақ мамандардың шығармашылық қабілетін дамытуда, біріншіден,  тұлғаның жеке қасиеттерін ескере отырып,  студент тұлғасын сипаттай білуі қажет, екіншіден,  өзі ұйымдастырған шығармашылық әрекеттің дамыту үдерісі мен оның нәтижесіне әсер ететін мынадай маңызды факторларын білуі және ескеруі қажет:

-  шығармашылық белсенділік және шығармашылық іс-әрекетке сұраныс;

-  болашақ мамандардың қабілетін дамыту шарттары;

-  болашақ мамандардың шығармашылық қабілетін ынталандыру көздері;

-  болашақ мамандардың шығармашылық қабілетін дамыту әдістері;

-  болашақ мамандардың шығармашылық қабілетін дамыту құралдары;

-  болашақ мамандардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтары.

Сонымен, осы жоғарыда айтылғанның бәрі, бізге болашақ мамандардыңшығармашылық қабілетін дамытуға кәсіби  даярлау -  білім беру үдерісінің аясында студенттердің кәсіби-педагогикалық қызметке бағдарлануына және педагогикалық шығармашылық тәсілдерді меңгеруіне, білім беру барысында ізденіс танытып, жаңа шығармашылық шешімдер қабылдауына, тұлғаның өзіндік және шығармашылық дамуына қол жеткізуде ұйымдастырушылық формаларды  құру дағдыларын  меңгерулеріне жағдай жасайтын оқу үдерісінің барлық құрылымдық компоненттерінің өзара ықпалдастық байланысын  құруды көздейтін күрделі  үдеріс деп анықтама беруімізге мүмкіндік береді.

Психологиялық, педагогикалық, дидактикалық ұстанымдарды ескере отырып, болашақ педагог-психологтардың шығармашылық қабілетін дамытуға кәсіби даярлауда олардың теориядан практикалық әрекетке көшуін қамтамасыз ететін төмендегі ұстанымдарды негізге алуға болады:

-         жалпы дидактикалық – ғылымилық, жүйелілік, саналық, түсініктілік, теорияны тәжірибемен байланыстыру, ұжымдық біртұтастық, проблемалық, және т.б.;

-         ізгіліктік — іс-әрекеттің сана мен мінез-құлық бірлігін қалыптастыруға бағыттылығы;

-         дамытушылық — педагогикалық үдерістегі іс-әрекеттерді оқушылар тұлғасын дамытудың көкейкесті қажеттілігін ескере отырып ұйымдастыру;

-         жеке тұлғалық — педагогикалық үдерістің жеке тұлғаға бағыттылығы мен құзіреттілікке бағдарланған түрде ұйымдастырылуы;

-         мәденилік — болашақ педагог-психологтардың  шығармашылық қабілетін дамытуы жалпы мәдениеттілік деңгей мен жеке тұлғалық сапаларына сай жүргізілуі; ұстаздардың, оқушылар ұжымының және отбасыларының оқушыларға қоятын талаптарының үйлесімділігі;

-         халықтық — әрбір бала үшін тиімді психологиялық ахуалдың әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықтың талабын ескеру;

-         жекедаралық — оқушы мен ұжымның дамуында жас және дара ерекшелікті, психологиялық, физиологиялық,  ұлттық ерекшеліктерді ескеру;

-         ынтымақтастық — оқу мен тәрбиенің бірлігі, оқу-тәрбие мекемелері мен отбасы, қоғамдық ұйымдар мен еңбек ұжымдарының, балалар мен жастарды тәрбиелеудегі ынтымақтастығы;

-         үздіксіздік — білім беру деңгейлері арасындағы сабақтастық, үздіксіздік пен нақтылықтың ескерілуі, оқушы тұлғасы мен ұжымның дамуындағы жаңа құрылымды үздіксіз бақылау;

-         сәйкестік — оқыту үдерісінде қолданылатын технологиялар мен мазмұнның сәйкестігі [4].

Бізпедагогикалық үдерістің зерттеу проблемасына орай айқындалған заңдар мен заңдылықтарды және ұстанымдарды  ескере отырып,  болашақ педагог-психолог мамандардыңшығармашылық қабілетін дамытуға кәсіби даярлаудың әдіснамалық тұғырлары ретінде шығармашыл тұлғаны қалыптастыру, болашақ мамандардың шығармашылық қабілетін дамыту мәселелерін қарастырамыз.

Педагог-психологтардың шығармашылық әлеуетін дамыту мәселесін психологиялық тұрғыдан талдау аясында адам дамуының интеллектуалдық, тұлғалық, әрекеттік сияқты негізгі бағыттаръга бөліп қарастыруды жөн деп есептейміз. Талдау жұмыстары олардың өзара байланысты екенін, бірақ ұқсас, бірдей еместігін көрсетеді. Бұл жайлы А.В.Петровский Тұлға мен психиканың ұқсас еместігі сияқты, индивидтің жүйелі әлеуметтік сапасы ретіндегі Тұлғаның дамуы да психиканың дамуымен ұқсас емес тек бірлесе алатындығы жайлы пікір айтады.

Бұдан біліктілікті арттыру жұмысы барысында «Өзіндік» философияны тірек ете отырып, педагог-психолог мамандардың шығармашылық іс-әрекетін дамыту үшін төмендегі заңдылықтар сақталуы қажет деген ой туындайды:

— педагог-психолог мамандардың шығармашылық іс-әрекетінің  дамуы оны дәстүрлі жағдайдағыдай мәдени құндылықтарды тек қабылдаушы ретінде қарамай, оның субъектілігін мойындау арқылы нәтижелі болады;

-  іс-әрекет мазмұны, құралдары мен технологиялары оның ішкі психикалық құрылымдарының даму  заңдылықтарына  сәйкестендірілгенде  педагог-психолог мамандардың шығармашылық іс-әрекетінің  дамуы қарқынды жүреді;

— бұл үрдіс педагог-психолог мамандардың әлі ашылмаған мүмкіндіктерін өзі жетілдіретіндей кезеңдерден түзілуі — мәселені шешудің нақты жолдарының бірі.

Педагог-психолог мамандардың шығармашылық іс-әрекетінің  дамуы әртүрлі ішкі (объективті) және сыртқа (субъективті) факторлардың әсерінен болатын ұзақ үрдіс. Ол факторлар жиынтығы әрекет субъектісінің позициясынан қарағанда үрдісті ішкі және сыртқы ұйымдастыру деңгейлерінде ұйымдастыруды талап етеді. Сыртқы ұйымдастыру педагог-психолог мамандардың шығармашылық әрекетінің мазмұнына объективті факторлардың (ішкі формалар мен кұралдардың) әсері нәтижесінде институционалдық; тұлғааралық; тұлғалардың бірлесуідеңгейлерінде жүреді. Институционалдық деңгей — үздіксіз білім жүйесіндегі әкімшілік баскаруға сәйкес келеді. Ондай басқарудың сыртқы көрінісі тұлғаның мәртебелік рөлін көрсететін біліктілік нормалары, стандарттар. Тұлғааралық деңгей — педагог-психолог мамандардың  біліктілікті арттыру мекемелерінің оқытушыларымен, жақын әлеуметтік ортамен өзара қарым-қатынасы. Тұлғалардың бірлесу деңгейі — адамның сырттан қабылдаған ортасы.

Сыртқы факторлар объектінің қалыпты жұмыс жасаудан ауытқымауын әлемді түсінуін, ойлауын, әрекетін детерминалдандырады. Өйткені сыртқы ортадан болған кез келген ауытқушылық жүйенің тіршілік әрекетінің бұзылуына әкеледі де қарсылық, қозғалыс, күрес тудырады.

Жүйенің белсенділігі мен одан туындайтын дамуды оның қоршаған әлеммен әрекеттесуі деп түсіну қажет. Демек, педагог-психолог мамандардың шығармашылық әрекетінде өзгеріп жатқан қоршаған ортаға бейімделу — педагогикалық шығармашылық әлеміне енудің негізі деп түсінген жөн.

Мектеп психологы  қызметінің негізгі психикалық негізгі этикалық принциптеріне сүйене отырып, мектеп психологының кәсіби өзін-өзі қалай ұсауы керек екендігін елестету оңай.

Психологиялық қызмет өзінің алда тұрған мақсаты мен міндеттерін толық орындауға негіз болатын құжат – психолог жұмысының жоспары. Психологиялық қызмет барлық талаптарға сай жүргізілу үшін оны жоспарлау барысында психологиялық қызмет моделін жасап алу қажет. Психолог жұмысы барлық талаптарға сай жоспарланған болса, оның іс-әрекеттерінің барлығы жүйелі ұйымдастырылады және нәтижесі сапалы болады. Жұмысты осылай ұйымдастыруға кепіл болатын құжат – психолог жоспары [5].

Жоспар жасау үлгісі Н.Р.Битянованың «Практическая психология» деген еңбегінде үлгі ретінде берілген. Дегенмен ұсынылған үлгіде жылдық жоспар апталарға бөлініп жасалған. Тәжірибе көрсеткендей апталық жоспарда психолог жұмысының ең күрделі кезеңдерін анықтап алып, оны оқу жылының тоқсандарына бөліп көрсету өте қиын болды. Сондықтан психолог қызметінің мазмұнын анықтауға арналған көптеген талаптарды зерттеу нәтижесінде оның мақсат-міндеттерін анықтап алып, сол мақсатқа сай жоспар түзіп алу қажет.

Жоспарда барлық мектеп ұжымында кездесетін психологиялық проблемалар анықталып, сонымен қатар, оқушылардан, ата-аналардан, педагогтардан түскен өтініштерді ескере отырып, психодиагностикалық, психологиялық кеңес беру, психологиялық түзету, дамыту жұмыстарының мазмұны барынша толық анықталуы қажет.

Психолог өз жұмысын ұйымдастыру барысында баланың жан-жақты және үйлесімді дамуына жағдай жасауды көздейді. Оқушылар мен оқытушыларды психологиялық жетелеу барысында психолог өз жұмысын медициналық, дефектологиялық қызмет түрлерімен тығыз байланысты ұйымдастырады. Олардың негізгі бағыттарын анықтау негіздерін И.В.Дубровина, Л.И.Прихожан жасап шығарған. Олардың «Положение о школьной психологической службе», И.В.Дубровинаның «Настольная книга практического психолога», М.Р.Битянованың «Практическая  психология»  еңбектерінде жан-жақты көрсетілген.

Адамның шығармашыл болуы мәселесі барлық уақыттарда гуманитарлық ғылымдардың, әсіресе психологияның өзекті мәселесі болып келді. Дегенмен қазіргідей әр адамның өз тағдыры мен кәсіби және жеке бағыттағы жетістіктері үшін өз жауапкершілігі артып отырған уақытта ішкі резервтерді іздеу, тәжірибе мен білімді тиімді қолдана білу үшін Бұл мәселені зерттеу, талдау ғана емес дамытудың маңыздылығы арта түседі.

 

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.  Битянова М.Р. Практическая психология. — М., 1997.

2.  Дубровина И.В., Прихожан Л.И. Положение о школьной психологической службе. -М:1995, 138с.

3.  Р.Омарова.   Шығармашылық   дербестікті   қалыптастыру.   Қазақстан мектебі, 5/2006.-23б.

4.  Оспанова Б.А. Педагогические основы формирования креативности будущего специалиста в системе университетского образования.Автореф. дисс.… д-ра пед.наук. –Туркестан, 2006. -44 с.

5.  Л.К.Көмекбаева "Психологиялық қызметті ұйымдастыру". -  Алматы, 2001.

 

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1124396

Пікірлер (1)
Нургиза Кульджина # 26 сәуір 2016 в 12:02 0
Педагог-психолог мамандардың атқаратын жұмысы мен олардың маңыздылығы, мақсаты туралы өздерінен басқа өзге жұрт түсінбей жатқан тәрізді. Мектептегі психолог мамандардың не істеп жүргендері көбінесе басқа мұғалімдерге жұмбақ.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар