Ұстаз

22 сәуір 2015 - Нургиза Кульджина

Ұстазға деген шынайы шәкірттік ілтипат

Идеалистік немесе материалистік философияның диалектикалық тарихи заңдарының даму тарихын зерделей оқыған адам болса ежелгі грек философтары Аристотель, Сократ, Демосфен, Страбон тағы басқалары, тіпті иде-материалстік бағытты ұстанған Гегель өз заманында небір әлемді аузына қаратқан билеушілерді, олардың қылышынан қан тамған әскербасыларын фәлсапалық ілімдерімен өздеріне тәнті еткендіктеріне көз жеткізеді. Тарих тамыры бастау алатын Шумерлер, Бабылдықтар, Мысыр перғауындары абызсыз (ұстазсыз) қия баспағандарына көне дәуір жазбалары көз жеткізеді. Бөшкені пана еткен философ Демосфен өзімен сұхбаттасуға келген Ұлы жиһангер Зұлқарнайдың (Александр Македонский) билік құдіретінен жасқанбастан: «Күн жарығын көлегейлемей ауаша тұр»-дегені грек тарихының беттерінде әлі күнге дейін хатталуда. Ал әлемді қатыгездігімен тітіренткен Шыңғысхан шығыс абызы Елюй-Чу-Цайды дүркін-дүркін елші жіберіп келіп қайтуын сұрап, оның келуін тағатсыздана күтуі, Тибет ламасының фәлсапалық ілімдеріне құлақ асуы, ақыр аяғында сұрапыл қырғын соғысты тоқтатып еліне оралуы, осының барлығы Ұлы Ұстаздарға бас ұру, олар меңгерген ілімдерінінің құдіреттілігін мойындап, өздерінен жоғары санаудың айғағы екендігі бесенеден белгілі. Және бұл ақыл – ойы орнықты әрбір пендеге тән көрініс.
Жалпы жаратылыстанудың әлемдік формуласы: «Табиғат-Әке-Ана-Ұстаз»-дегенге саяды және ол ешқандай теоремалық дәлелді керек етпейтін- аксиома. Ұстаз-сөзі кейінгі неологизм терминдерінде «мұғалім» сөзімен алмастырылды. Екеуі синонимдік сөздер. Дегенмен менің пікірім бойынша «ұстаз-мұғалім» сөздерінің арақатынас, айырмашылығы жер мен көктей. Олай дейтінімнің мәнісі мынада.Ұстаз сөзінің орысша аудармасы-Учитель, ал орыс даналығында ұстаздың табиғи ерекше қабілетін мойындап тамсанғанда «Учитель от Бога»-дегенді пайдаланады. Ал мұғалім-оқытушы-преподаватель (орыс.), яғни білім шеңберін оқытқанда арнайы оқулық ауқымы мен оқу бағдарламасынан көп ауытқымайтын маман. Менің оқушылық шағымнан педагогтар жөніндегі ой – тұжырымым осылай қалыптасты.
. «Өмір бермегенді ұстаз береді, ұстаз көрмегенді өмір көреді» – дейді халық даналығы. Мектеп қабырғасында оқи жүріп менің нағыз үлкен әріппен жазылатын Ұстаз атына лайық көретін пірлерім Екінші Дүниежүзілік соғыстың алдында ауылда аштықта өсіп, бастауыш мектептік қана білімі бар немесе бірен-саран мұғалімдік семинария ғана бітірген мұғалімдерден білім алып, одан бес жыл бойы мұз төсеніп, қар жамылып толакрсақтан қан кешіп соғыс қырғынын бастан өткеріп, білім емес, әліппені де ұмытатын жағдайда оқ пен оттың ортасында жүргендерімен білімге деген, ұрпақты оқытып білімді етсем – деген құштарлы қасиетті үміттері алға жетелеп қанаттанған кешегі Ұлы Отан соғысының Ақсуаттық ардагерлері Әшкен Ілиясов, Төлеуғұл Бейсенбин, Құсайын Қалибаев, Мүсілімхан Сембаев, Қабдрахман Оразалин сында ақсақалдар еді. Осы арда тұлғаларынан дара жігер, дарын қасиеттері «менмұндалап» тұратындығы аңғарылатын. Осындай ерекше абыздық қабілет иесін кейіннен Мақаншы ауданында Дәулетхан Қабдолдин ақсақалдың бойынан да байқағаным бар. Бізді оқытып, тәрбиелеген оқытушылардың Ұстаз атына лайық қабілеттері бірден танылатын. Олар жоғары білімді кейінгі дилетант мұғалімдер сияқты білім беру методикасының қыр сырын меңгермесе де оқыту тәсілдерінде адами қасиеттерімен, абыздылықтарымен бірден баурап, білім нәрін бойымызға тамшылата отырып сіңдіріп, санамызға рухани азық ретінде қондыра білетін. Бір қарағанда қабағынан қар жауған ызғарлы адамдай көрінгенімен, негізінен көздерінен мерейлі шуақ ұшқыны төгіліп тұратын жандар болды. Ұстаздардың оқыту, тәрбие беру әдіс-тәсілдерінен далалық көшпенділердің ұрпақ тәрбиелеу менталитетін ұстанатындары, методикалары-ақсақалдық байсалдылық, сабырлылық, қазақи ұлттық әдет ғұрыптарға сүйенген әділдік пен қайсарлықтың үлгісі іспетті болатын. Сондықтан да біз ардагер ұстаздарды құрметтеп, алдарында бас идік. Ардагер ұстаздарымыз бақилық болғанымен артындағы әліп таныған шәкірттері атынан, аруақтары риза болсын деген ниетпен осы естелікті сол ұстаздарға арнау мақсатым да сондықтан.
Ерекше білімділік қасиет иесі ұғымында мектебіміздің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болған ұстазымыз, 1939 жылғы Фин соғысының майдангері, сол заманғы соғыс стратегтері іс жүзінде алынбайтын бекініс деп есептеген Маннергейм қамалын солдат етігімен таптап өтіп, 1940 жылы Бессарабияны азат етуге қатысып, одан Отан қорғауда Бресттен бастап Мәскеу, Сталинград, Курск шайқастарына қатысып, 135 атқыштар дивизиясының құрамында бөлімше командирі жау оғынан 4 мәрте жараланғанынан жасқанбастан қаһармандық танытқаны ерекше бағаланып Жогары Әскери Қолбасшы И.В.Сталиннің 6 мәрте алғыс хатымен марапатталып, «Ерлігі үшін» медалінің иегері болған, сұрапыл шайқаспен Еуропаны жаяу көктей өтіп, гитлеризмнің қанқұйлы Ордасын шаңырағын ортасына түсіріп, Рейхстаг күмбезіне тігілген Жеңіс туын көзімен көріп, жеті жыл дегенде кеудесі орден-медальға толы ардагер туған жеріне жеңіспен, сағынышпен, асығыс жетіп, соғыс алдында Зайсан оқытушылар училищесінің түлегі болған ұстазымыз Әшкен Ілиясұлын ерекше қабілет иесі ретінде бағаладық. Балуызды балауса балалық сезіміміз қателеспеген екен. КСРО тұсында ерен еңбегі ескерілген ұстазымыздың еңбегі еліміздің оқу-ағарту қызметкерлері арасында тұңғыш «Құрмет белгісі» орденімен марапатталғандығы ауылдастарының мәртебесін асырды. Өзге ардагер ұстаздарымыз гуманитарлық бағыттағы пәндерден дәріс берсе Әшкен ақсақал- математик, және математик болғанда білім шеңбері мектеп қабырғасынан әлдеқайда жоғары деңгейдегі табиғатынан білімдар маман екендігі дау туғызбайтын… Бірге қызмет істеген нағашым Сейітқазы Искаков: — «… Әшағаңың интеллектуалдық дарын шеңберімен тайталасатындай маман таяу өлкеде табыла қоймас»-деп шынайы біліктілікке тамсанып отыратын. Расында да ардагер ұстазымыз ғылымның сара соқпағымен жүрген болса, еліміздің ғалым саңлақтарының алдыңғы қатарынан ойып тұрып орын алары даусыз екендігіне ешкім шүбә келтірмейтін еді.
Аудан орталығындағы үш қабатты аралас оқитын мектепте екі орыс сыныбы болды. Біздікі соның біреуі. Ұстазымыз орыс тілін жақсы меңгергенімен, орыс тілді математикалық терминдерге шорқақтық танытатын (қазақ сыныптарына дәріс беретін маман болатын), сөзге сараңдау, керекті есептің «ішек-қарнын» ақтара отырып түсіндіретін- гитик маман болды. Математиканың небір күрделі есептерін ені мен биіктік мөлшері үлкен кілемге жуық болатын сынып тақтасына шығарып, енді біраздан соң тақтаға сыймай қалғанына берілген есептің алдыңғы шығарылған жоғарғы қатарын өшіре жалғастырып, оны бүге-шігесіне дейін анықтап тақта беті толығымен есеп-қисап жалғасына екінші рет толғанда дәлелдеуді толық аяқтап, нүктесін қойып: «что и требовалось доказать»-деп аяқтап, дәлелдігін оқулықтағы дұрыс жауаппен салғастыруды ұсынатын. Шығарылған есептің жауаптары оқулықта берілген жауаптан ешбір ауытқымай дәлме-дәл келіуіне бізге таңғалудан басқа амал жоқ. Ал мұндайда басқа жоғары білімді жас математик мұғалімдер жауаптары оқулықпен бірдей болмай шықса, «это отпечаток»-деп өз білімдерінің дүмбілездіктерін оқулық баспасына қарай итеруден ешбір тайсалмай, қулыққа қарай бейімделіп ауытқып шыға келетін. Елу қырағы көз оқушылардан ештеңке жасыра алмайсың. Біз бәрін байқап, біліп, с езіп, іштей күліп отыратынбыз.
Бірде мектеп қабырғасынан осы жасқа дейін есте қалған мынадай оқиғаны бастан өткергенім (оқушыларда да құдай сүйерлік қылық болған ба) бар. Үшінші тоқсан басталғанда бізге математикадан сабақ беретін жас мұғалім келгенін естіп бір топ оқушы қоңыраудан соң әдейі 5-10 минутқа кешігіп кіріп, оны сынауды ұйғардық. Есіктен кіргеніміз сол еді мұғаліміміз әкіреңдеп қолындағы жазу құралын бізге қарай бастан асыра атып жібергені. Келесі сәтте айқайға басып «бәріңе тоқсандыққа «екі» қоямын»-деуі мұң еді, қасымда тұрғандардың бірі «қоя беріңіз»-деп күңк ете түскені. Ашуға булыққан жас маман сөз иесіне шүйлігіп еді «батырымыз» осалдық танытып «Мен айтқан жоқпын»-деп өз сөзінен танып, жылап жібергені. Оны көрген мұғалім кезекті қыспаққа мені алды. «Қыңыр сөздің иесі мен емеспін»-дегеніме нанбай, қайсарланғандығымның жазасына мені кінәлі деп тауып, тоқсандығыма бадырайтып тұрып «екілікті» журналға қойып жібергені. Бағым бар екен. Тоқсан аяғына таман жас мұғаліміміз ауысып, орнына Ә.Ілиясов ұстазымыз келе қалғаны. Тоқсан толық аяқталмай жатып алдын-ала қойылған «екілікті» көріп істің мән жайын байсалдылықпен сұрастыра бастады. Сыныптастарым болған жайды жамыраса айтып, кінәсіздігімді баяндап мені ақтауға кірісті. Істің анығына толық көз жеткізген ұстазымыз мені тақтаға шығарып қолыма оқулықтан бір есепті ұстата берді. Қорытындысында «кекшіл» мұғалімнің қатесін өз қолымен түзетіп «пәндік баға мінезге емес, білімге қойылады»-деп тоқсандығыма «жақсы» деген баға қойып бергені. Табиғатынан адами қасиеттерінен айнымай, әр істің әділдігін жақтайтын көрегенді ұстаздардың осыншалық әділдігіне, ұрпаққа деген мейірбандығына мен сол кездерден бастап тамсанатын болдым, олардың өз міндеттеріне адалдығы барлық ұрпаққа өмірлік өнеге болғандай. Кейіннен зерделей қарасам ұстазымыздың бойындағы адалдық, әділдік қасиеті әке тәрбиесінен қалған мұра екендігін аңғардым (Бір ұлының есімін Әділ-деп азан шақырып ат қоюы да сондықтан болар).
Әшкен ақсақалдың әкесі марқұм колхоздастыру, одан кейінгі жаппай жазалау тұстарында қолына қағаз ұстап өзінің жеке басы емес, жұрттың қамын ойлайтын жанашыр, өлкенің беделді атқамінерлерінің бірі болған көрінеді. Жазықсыз жапа шеккен, немесе жаланың құрбандығына айналғандар туыстарына тордың арғы жағынан жан ұшыра: «Мұқай бастыққа менің нақақтан қамалғанымды жеткізіңдер, ол кісі арашаға түссе итжекеннен аман қаламын»-деп дұғай сәлем жолдайтын көрінеді. Бұл жайды кейіннен партия-Кеңес органдарында қызмет атқара жүріп сол зобалаңды жылдарда үлкен жүректі сұңғыла ұстазымыздың әкесі қиянатқа жол бермеу себебінен аман қалған адамдардың өз ауыздарынан неше мәрте естіп, қаныққаным бар
Біз оқыған мектеп грекияның Спарта мектептерін елестететіндей жағдайда болатын.Мектеп дирекциясының талабы негізінде оқушылар сабаққа 40-30 минут бұрын мектеп алдына жиналып, жетекші мұғалімдерге ілесе 2-3 шақырым кросс жүгіріп, одан арнайы дене шынықтыру гимнастикаларын жасап, бойларын жазып, тек содан соң ғана сабаққа кіруге рұқсат алатын.Қоңырауға шыққан оқушылар мектеп ауласындағы спорт құралдарына, турниктермен жаттығулар жасауға кезекке тұрып тыным көрмейтін жағдайда болды… Жаттықтырушыларымыз Болат Оразғалиев-еркін күрес, Мұрат Керімбаев-самбо, Зәуре Оразалина – волейбол, Ермек Құрмашұлы – жеңіл атлетика, Елубаев – бокс секцияларын, Алшынғазы Байқадыров – домбыра оркестрін ұйымдастырып, аудан орталығында ашылған музыка мектебі оқушылар арқылы қазақтың ұлт аспаптарының әуенін кең бұқара ортасына енгізе білді.Барлық жетекші мұғалім-тәлімгерлер шынайы еріктерімен өз үйірмелерін жанды түрде ұйымдастырып, жандарын аямай барлық күш жігерлерін сала тер төге кірісетін.Осының барлығын мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болған ұстазымыз жіті бақылауынан жаңыла білмейтін ұйымдастырушы да бола білді.
Ұстаздардың берген тәрбиесі кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалуы — өмір кредосы. Құстар мен жануарлардың да тілін білген даналаларымыз сұңқар мен тұлпар баптап, батыл да батыр ұрпақ өсіріп еліне қорған ете білген. Ақыл тоқтатқан қазіргі жасымда аңдасам, еліміздің ертеңін ойлай білген Ұлы бабаларымыздың киелі қасиеті ұстазымыздың да бойына қонған екен. Шаңырағынан тараған он бір ұрпақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласын арттыруға атсалысқан жоғары білімді өнегелі мамандар болып шықты. Ақ халатты Қарлығаш, Сандуғаш, Гүлмиралардан ем алған науқастар, Әділ, Назар, Нұрлан, Кенже, Гүлмиралардан оқып, тәрбие алған шәкірттер жетекші мамандық иелеріне дән риза болса, құрылыс инженері Еліктің басқаруымен салынған сәулетті ғимараттар өлкеміздің әр түкпірінде көз тартады. Мейірі мен Нұрланы ел құрметіне бөленген малдәрігерлер. Жеті ұлдың барлығы бокстан спорт шеберлері, спорт шеберлігіне кандидаттар, разрядтты боксшылар болып шыққандығының өзі ұстаз әкенің ұлағаттығын аңғартады. Қазіргі күні зиялы қауымның ұсынуымен Тарбағатай ауданының кешенді спорт мектебінде орналастырылған «Жанұялы спортшы Ілиясовтар » атты арнайы стендісі бүгінгі жас ұрпақтарға ауытқымас үлгі өнеге ретінде ұсынылған.
Әкеден аса туған ұл деп Назарды бағалау себебім, ұяда көрген тәрбиесін ұстаз ұрпағы қанат қаққанда байқатып, бокстан спорт шебері туған ауылын елімізге танытып, елімізді әлемге танытқан тарландардың бірі болды. Қаншама жасөспірімдерді өз шеберлігіне баули отырып,өзінің туған ұлдарын да қайсарлыққа шыңдай білді. 2002 жылғы жастар арасында өткен әлем чемпионатында Кубаның астанасы Гавана төрінде бокстан әлем чемпионы тұғырына көтерілген ұстазымыздың немересі Ілиясов Қанат Назарұлының құрметіне еліміздің көбайрағы желбіреп,әнұраны асқақтай төгілгені,2006 жылы Пекин олимпиадасынан кейін 30 мемлекеттің студент жастары арасында бокстан өткен әлемнің ІІІ чемпионатында күміс жүлдегер атанып, марапатты Татарстанның Премьер-министрі Р.Н.Миннихановтың өз қолынан алған ұстазымыздың тағы бір немересі Жақсылық Назарұлының жеңісі Алаш елін, оның сойылмен көкжалды ұрып жығатын ұландарының құрыш білекті жойқын қуатын әлемге паш ету көрінісі болғандығы айқын. Ат тұяғын тай басар-дегендей әкесінің үлкен әріппен жазылатын Ұстаз атты мархабатын Республикаға еңбек сіңірген жаттықтырушы Назар жалғастырып келе жатқандығына оқырман қауым осы «Ұстаз » атты шағын естеліктен аңғарары анық.
Қашанда қонақ аз отырып көп сынайтын халық ұрпағы емеспіз бе.КСРО заманында кадрларды өзінің монополиясы ретінде санаған партиялық цензура тұсында Семей облысына қарасты аудандардың ішкі істер бөлімі бастықтарының ішінде ең бірінші болып полковник атағына ие болған Матымовтың ұлы Құсайын біздің ауданның ет комбинатын басқарған сұңғыла ойлы, аңғарымды, байыпты азамат болды.Сол Құсекең бірде әңгімелесіп отырғанда: «Ақсуат жерінде Әшкен ағадан асатын ұстаз болмаған деп естідім. Сол кісінің өмірі туралы, ұрпақтары жайлы тербеген шебер қаламгер болса «Тамаша адамдар өмірінен» сериясына бір том етіп кітап жазып шығаруға болатындай»-деген ойлы пікірі жадымда сақталыпты. Сөз төркінінде үлкен ақиқат жатқаны даусыз.Ал менің жазбам.үлкен жүректі Ұстазға деген шынайы шәкірттік ілтипат, ақсақалдың өмір ізінің бір парағы ғана.
Тілекқали Сәлімбаев. Семей қаласы.

Осыған ұқсас жазбалар:

Сайт туралыПортал туралы аз сөз

Ұстаз үніБІЛІМ ОРДАСЫНДАҒЫ АЛАЛАУ НЕМЕСЕ ІРІКТЕУ МЕ, ӘЛДЕ ІРІТУ МЕ?

Ұстаз үніҰЛТ БОЛАМ ДЕСЕҢ, ҰСТАЗЫҢНЫҢ ХАЛІН БІЛ!

Ұстаз ұйымдастырушыПедагогикалық шеберлік

ЖаңалықтарОқулық сапасының жыры әлі де жалғасуда

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1096904

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар