Бекжан батыр (сыныптан тыс сабақ)

24 сәуір 2014 - Нургиза Кульджина

Кульджина Нургиза

Семей қалалық № 13 орта мектеп мұғалімі.

Тақырыбы:Найманның құбаша ұлы- Бекжан батыр.

Мақсаты: Оқушыларды туған өлкенің тарихында орын алған шынайы оқиғалармен таныстыру, еркін ойлау қабілетін дамыту, сөйлеу мәдениетін арттыру. Отансүйгіштікке тәрбиелеу, ерлік дәстүрлерге баулу.

Қолданылатын әдіс: Сұрақ-жауап, баяндау, щығармалардан үзінді келтіру.

Пәнаралық байланыс: Тарих,әдебиет, география.

Көрнекіліктер :Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жастарды патриотизмге тәрбиелеу туралы шығарған қаулысы. Бекжан батыр туралы жазылған шығармалар, дерек көздері, түрлі тусті слайдтар, қалалық өлкетану мұражайында сақталған мұрағаттардың көшірмелері, фотосуреттер т.б

Сабақтың барысы: Сабақ ХҮІІІ ғасырда қазақ-қалмақ соғысында Ертіс өңірінен шыққан айтулы батырлар Қабанбай, Би Боранбай, Шақантай Жауғашар, Жәнібектер қол бастап Алтайдан бет түзеген жауға қарсы шеп құрған қазақ батырларын дәріптеуден басталады.

Кіріспе бөлім. Сабақтың күн тәртібіне негізге алынған Бекжан батыр Семей өңірі Шар өзені бойындағы Кіші Қарасу ауылында 1709 жылы дүниеге келіп 21 жасында, яғни 1731 жылы жаудың жансызының жасырын атқан жебесінен қаза тапқан. Руы Найман ішінде Матай.

Жүргізуші: Бекжан батыр туралы не білеміз?

1-оқушы: Бекжан Қаракерей Қабанбай батырдың қарындасынан туған жиені және оны «Найманның құбаша ұлы» атандырған Дарабоз батырдың өзі деген дерек көздері бар. Батырдың жаумен айқасарда киетін болат сымнан есілген сауытының аты «Ақбикеш» -бүгінгі күні Семей қаласының өлкетану мұражайында сақтаулы. Ол туралы 1965 жылы музейдің ғылыми қызметкері Нүрбану Жолдыбаева Семей таңы газетіне «Ақбикеш» мұражайда атты мақала жазған.

2-оқушы : Бекжан батыр туралы өз заманында ақын Дүйке жырлаған, кейіннен Семей мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Ержан Сағындықов ғылыми очерк, Қарасу ауылының суырыпсалма ақыны Садуақас Берденов «Бекжан батыр-Ақбикеш» атты кітабын, Ақсуат ауылының тумасы, тарихшы Сәлімбаев Тілекқали Кеңесқалиұлы «Алғадай» атты дастанын жазған.

3-оқушы: «Алғадай» дастанының желісмен жазылған Бекжан батыр туралы ғылыми жұмысын қорғап сыныптасымыз Қызаева Саина колледждер мен мектеп оқушыларының Ү халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында, қарсыластарын шаңында қалдырып І-ші дәрежелі дипломмен, ал ғылыми жетекшісі Мақтау Грамотасымен марапатталды.

Көрініс: «Алғадай» дастанынан үзінді көрініс беріліп, екі оқушының бірі Бекжан батыр, екіншісі қалмақтың Делбе батыры болып ойнайды.Қазақ қызын зорлықпен алып кетем деген қалмақ ноянының жолын кескен жас батырларға Делбе:

Жолымды бөгейтіндей сендер кімдер,

Алдарыңда кім тұрғанын білмейсіңдер.

Бойларыңда жандарыңды қалдырамын,

Аманыңда сауға сұрап жол берсеңдер.

Ашуыма тисеңдер басыңды алам,

Одан соң кейін қайтіп еліңді шабам,

Жоңғардың бетке ұстар бекзадасы,

Сайыпқыран Делбе ноян мен боламын.

Бекжан :

Ей жоңғар, сенің қазір сөзің бекер,

Қазақ жоқ құқайыңнан шошып кетер.

Босат қызды, жөніңмен Делбе кет-ей,

Болмаса бұл көкжалдар түбіңе жетер.

Батыр емес мынау қылығы ұрының,

Ұнамайды ұры ит мына қылығың.

Делбе:

Ей, жас күшік жақ пен тілге сүйенген,

Сай саламен жасырынып бас бұққан,

Тіршілігің сенің бүйткен құрысын.

Батырмысың жоқ әлде… кім біледі,

Мақтаған қыз тойында бүлдіреді.

Білек күшін сынаспай даурыққаның,

Батырды емес баланы да күлдіреді.

Дала заңын қозғайтындай сен кім ең.

Ажалынан он күн бұрын өлетін,

Сорлы бала молаға қарай жүгірген.

Батырларың біткен бе жасы кексе,

Жекпе жекке шығу бала саған ерте.

Шашбаулы шөпжелкені қызғанам деп,

Қанжығамда басың кетер бекер текке.

Бала ақылы қашан да болар келте.

Ноянды ала берме босқа беттен.

Тайға мініп жүретін кекілдісің,

Аузыңнан ана сүті жаңа кепкен.

Бекжан:

Батыр болсаң қызды босат шырылдатпай,

Жекпе-жекке шық бері қару сайлай.

Қалмаққа мен елімді басынтпаймын,

Айқасам жаным барда серттен таймай.

Тұрақсыз қаңбақтай боп ұшқан желмен,

Ойратқа батыр болу қайдан келген.

Жоңғардың жер шегіне қазақ емес,

Қазақтың жер шегіне ойрат енген.

Кең алап жатқан емес иен тегін,

Қазақтар қорғай білген сүйем жерін.

Ел шетіне жерленген бабаларым,

Жер шебін білдіретін осы белгі.

Бұл далада қоныстанған Керей, Найман,

Қандыбалақ жоңғар келдің мұнда қайдан.

Алты Алаштың туы саған мүлде бөтен,

Аллаға бас ұрмайтын тегің сайтан.

Түріктің екі ұрпағы моңғол, татар,

Моңғолдан тараған ғой ойрат-жоңғар.

Шыңғыс хан үшке бөліп бар әскерін,

Ойратқа сенген шебі еді-зүнгәр.

Алдаған Шыңғыс хан мен Сайын ханды,

Қу ойрат бар жорықтан кейін қалды.

Күшігендей өлексені азық қылар,

Ертістің жағасына жатып алды.

Көшпендінің намысын бөліп жарған,

Шығыс, батыс жорығына қазақ барған.

Дайын асқа қолын созған арамтамақ,

Жоңғарға батыр болу немді алған.

Делбе :

Қазағым деп мақтанасың құр бостан,

Ата бабаң қашып шыққан Ордостан.

Қытайлықтар қырып жойып қуғанда,

Жоңғар тауын паналап аман қалған.

Қытай қуып Тарабаған тау асып қашқан,

Біле білсең ол да сенің ата бабаң.

Жоңғар батыр болған емесдеген сөзің,

Астарың байқап көрсем неткен жаман.

Ойратта батыр жоқ деп айттың қайдан,

Мысым басым батырлықты мойындатам.

Ат тұяғы даланы жаңғыртатын,

Эрдене- Батыр қонтайшы менің бабам.

Ойраттар бабасынан батыр болған,

Шығыста батырлықпен ойран салған.

Тоған хан, Есен ханның құрыш қолы,

Қытайдың боғдыханын тұтқынға алған.

Әбілқайыр аты мәшһұр арыстаның,

Жеріне ие болған Ақ Орданың.

Өз Темір Сығнақты еркін шауып,

Тізесін бүктірген ғой хандарыңның.

Хара-Хұла, Байбағыс тайшы батыр,

Іздері Ертіс бойын алып жатыр.

Ойраттың ойран салған жорық жолын,

Көреді су қараңғы көзі соқыр.

Ойратқа қарсы тұру неңді алған,

Сен тұрмақ Наурыз ханың жасқанған.

Жалғанды жалмайтұғын йәжүждер»-деп,

Жоңғардың жеңімпаздығын мойындаған.

Аты әйгілі Қалдан Башық, Цебан Рабтан,

Қашқар, моғол хандықтарынталай шапқан

Қазақтың Іле бойын Сыр асырып,

«Ақ табан шұбұрындыға» ұрындырған.

Осы сөзім ұға білсең саған жетер,

Ойратқа әлің келмес, бәрі бекер.

Жекпе жекке мен сені қорашсынам,

Обалың абайсызда менде кетер.

Бекжан:

Бұл айтқан сөздеріңнің бәрі бопса,

Тұтқиыл елді шабу мақтан боп па.

Еліңнің мақтан етер кіндік кескен,

Ордасы белгіленген нақты жоқ па?

Мықты болсаң өз жеріңде қалмадың ба,

Бұл жерде қандай енші алмағың бар.

Аң інін паналайтын сарала қазды,

Туыңа тамғаетіп алмадың ба….

Мақтаған хойт, хошүт, дербіт, шорастарың,

Жерін тастап қашып шыққан орыстардан.

Бабаңнан қалған жоңғардың тау даласын,

Маңшыңның қалың қолы басып алған….

...Қорыққан батыр болмас қас жауынан,

Үркетін көрінгеннің жасқауынан.

Қазақтың жүрек жұтқан батырлығы,

Дарыған ақ сүтімен анасынын.

Бөтенге қор етпейміз елімізді,

Біз қорғасақ қорғаймыз жерімізді.

Жанымыз ар-намыстың садақасы,

Зұлымдарға жібермейміз кегімізді.

Зұлқарнайын бұл даладан ажал тапқан,

Парсылар да жеңілгеннен кейін қайтқан.

Бұл елді басып алып басқарам деп,

Жоғалған жер бетінен қара қидан.

Керей хан,Әз Жәнібек, Бұрындық,Қасым,

Қазақтың құра білген қақ Ордасын.

Хақназар, Салқам Жәңгір, Есім хандар,

Ойраттың талай үзген омыртқасын.

Алакөл, Балхаш көлі жағасында,

Тянь Шань мен Тарбағатай даласында.

Қабанбай теңдесі жоқ хас батырым,

Қалмақты қырып салған, аясын ба.

Мұрын, Мәмбет елдері саған кекті,

«Жер шегіне Делбе енді келсін» -депті.

Барымталап малға шапқан жырындының,

Үкімі әзір екен, шыққан көптің.

Мұрын елі ешбір жауға қоныс бермес,

Батырына батыр жоқ келер теңдес.

Қабанбай, Боранбайдай батырларды,

Қалмақтың бар нояны ешбір жеңбес.

Найман елінің бір шебі Бөрітостаған,

Тәңір өзі межелеп әдейі сонда тастаған.

Пенделікпен өтіп кетсең өлдім дей бер,

Би Боранбай жау өтінде қол бастаған.

Боранбаймен Ерасыл асыл текті,

Екеуі де хас шебері жекпе жектің.

Мен пір тұтқан сол батырлар ұланымын,

Батырлар мен батасын алған көптің.

Ақуаңды болдыңба Делбе шұнақ,

Қазақпен айқасқа шық күшің сынап.

Жан алып, жан беріспей жекпе жекте,

Алаштар еш көрмеген сауға сұрап….

4-оқушы: Бекжан батыр мен Делбе ноян екеуінің жекпе-жек айқасында қалмақ батыры жер құшады. Дала мизамы бойынша жау болсада адамның соңғы өсиетін орындау тіріге парыз екен. Дастанда Делбенің өсиеті былай айтылады: Бұл дүниенің ашпаспын енді есігін,

Батырлықпен сертіңді бер кесіміңді.

Бақилыққа аттанар осы жермен,

Қоңыр тауға қалдыр менің есімімді

Сол замандардан бастап Шар қаласы маңындағы қоңыр тау мен елді мекен әлі күнге дейін Делбегетей (Делбе кет-ей) атын сақтаған.

5-оқушы. Бекжан батырдың туғанына 300 жыл толуына орай ұрпақтары «Айша Бибі» қалалық Қазақ Мәдени Орталық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айман Ыбырайқызының ұйымдастыруымен ас беріп,қатым шығарды.

Жүргізуші: Қазақ халқының кең даласы батыр бабаларымыздың білек күшімен қорғалып, сақталған. Өкініштісі, сол қорғаушы қаһармандарымыздың ерлік істерінің, есімдерінің басым көпшілігі ұмыт болған. Еліміз бойынша әр өлкеде батырларымыздың ерлік тарихын зерттеп, дәріптеу әр азаматтың абыройлы міндеті-деп ұғынуымыз керек. Өйткені біз киелі ұлттың, қасиетті халықтың, қазақ батырларының ұрпағымыз.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1130018

Пікірлер (1)
Бекжан # 6 қазан 2016 в 15:15 0
Өте керемет. өзім аттас батыр адам бар деп ойламаппын. рахмет сіздерге көптеген мағұлматтар алдым.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар