Семей қаласы туралы

4 мамыр 2014 - Нургиза Кульджина

ШҚО Семей Н.Б. Кульджина

Тақырыбы:

Семей қаласы аумағындағы көне ескерткіштер тарихы

Жоспары

Кіріспе _______________________________________________________2 б

І. БӨЛІМ. Қола дәуірден бастау алған Ертіс жағалауының тарихы.

1.1 Мұнартқан таулар атауы өшпес көне ескерткіш. Семей өлкесіндегі сак,ғұн тайпаларының іздері 3-4 б

1.2. Семей аумағындағы тарих таңбалары. _________________5-7б

ІІ БӨЛІМ. Семьпалаттан Семейге дейін. Тарих соқпақтары

2.1. «Жеті шатыр» сауда жолының бекеті.Семей мұражайы – аймақ тарихы ________________8-9 б

2.2. Ұлылар мен жайсаңдардан қалған сонар ___________________10-12б

Қорытынды _______________________________________________13-14 б

Пайдаланылған әдебиеттер ___________________________________15б

Кіріспе

Өзектілігі: Түрлі әлеуметтік-тарихи формацияларда өлкеде орын алған тарихи процестер мен олардан қалған дереккөздер — ескерткіштер, тарихи орындар, жазбалар т.б. синтездік құндылықтардың Семей өңіріндегі ерекшелігі.

Зеттеу мақсаты: Семей қаласы аумағындағы көне ескеркіштер тарихын ғылыми дерек көздері арқылы анықтау және оларды «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес әлемдік тарихи қатынастармен байланыстыра талдау.

Түрлі әлеуметтік-тарихи формацияларда Семей ғаламдық маңызды дүниелердің орын Оның шынайы мәнісі төмендегідей. Семей қаласының табиғи орналасу аумағын аңдасақ, географиялық ендігі мен бойлығы- шығыс пен батысты, оңтүстік пен солтүстікті байланыстыратын маңызды магистраль немесе жалпақ тілмен айтқанда тоғыз жолдың торабы екендігі аян. Гринвичтен 500 ендік және 800 бойлық сызықтары қиылысында Семей қаласынан батысқа қарай 40 км. Дегелең тауында Евразия супер — құрылығының Географиялық орталығы анықталған. Абыралы көкжиегінен бастау алатын бүгінгі Семей, жер көлемі жағынан әлемдегі ең үлкен қалалар қатарында саналады. Көне замандардан Ежелгі әлем (Еуразия құрылығын осылай да атайды) елдерінің арасындағы орасан маңызды тарихи процестердің Ұлы Даладан, оның ішінде Алтай, Тарбағатай тауларының екі арасында қазығы қағылған қазіргі Семей қаласы орналасқан Сарыарқа жазирасы мен Ертіс өзеніне соқпай аттап кете алмасы түсінікті құбылыс. Оны ешбір методологиялық абберация тәсілдерімен теріске шығара алмасымыз да анық. Түрік қағандығының ұлы жорықтары, ғұндардың әлемге әйгілі ( б.д.д. ІІ ғасыр басында) Мүде, б.д. 441-453 жылдары Еділ тәңірқұттары, ХІІ ғасырдағы моңғол шапқыншылығы заманында Шыңғысхан, Сайын (Бату ханды қазақ елі осылай атаған) хандардың Дербент қақпасы мен Орал дәлізін асып, батыс елдеріне жасаған жаһангерлік жорықтарының жаңғырығы біздің өңірде тарихи өшпес мұра іспеттес көнекөз ескерткіш таңбаларының айшықты ізі көптеп сақталған. Өңіріміздің құла дүзде мұнартқан тауларының, сарқырай аққан өзендерінің, елді мекендердің жер-су аттарына мән беріп тарихын дұрыс зерделей алсақ талай тылсым жұмбақ дүниенің сыры ашылмақ.Республикамыздың егемендік алған уақытынан бергі мерзімде еліміздің түкпір-түкпірінде халқымыздың көнеден төл тілімен аталған елді мекендер атауы лингвистикалық жолмен бұрынғы қалпына келтірілуде.Халқымыздың төл тарихы мен көне ескерткіштерін қалпына келтіруде атқарылған бұл шара игілікті істің басты буындарының маңыздысы.

І-бөлім. Қола дәуірден бастау алған Ертіс жағалауының тарихы.

1.1 Мұнартқан таулар атауы өшпес көне ескерткіш. Семей өлкесіндегі сак,ғұн, тайпаларының іздері.

Зейін қойып қараған адам қаланың тарихи атауы «Семей»-сөзінің Семь палат (Жеті шатыр) сөзіне ешқандай қатысы жоқ екендігін атап айтар болсақ ақиқатқа жасалған қиянат бола қоймас. Зерттеуші лингвист ғалымдардың топшылауынша қаланың тарихи атауы қала маңындағы Семей тауының атауына байланысты қойылған. Олардың алға тартар басты дәлелінің негізі: «Семей» — көне түрік сөзі дегенге саяды. Яғни Түрік қағанатының бесігі болған алтынды тау Алтай деп аталса, біздің тіліміз алтай тілдер тобына жататындығын ескере отырып, ұсақ шоқылы қазақ даласындағы тау да түрік сөзімен аталғандығы даусыз заңдылық және еш дәлелді қажет етпейтін-аксиома деуге негіз бола алады. Семей-сөзінің дыбыстық құрамы мен сырт тұлғасы да түрік терминологиясынан шыққандығын анық көрсетіп тұр.Екіншіден: Еуразия құрлығында алып мемлекеттердің пайда болу негізін қалаған Шыңғыс ханның Ертіс өңірінде болғандығын айғақтайтын айшықты із ретінде «Ұлылар мекені» деп танылған Абай жеріндегі Шыңғыстау тауының атауы да тарих қойнауынан үн қатқан көне ескерткіш екендігі даусыз дүние.

Археологиялық қазба нәтижелері анықтағандай бүгінгі қала орны ерте заманнан ежелгі сақ, түрік тайпаларының мекені болған. Ғалым С.Руденко 1924-1927 жылдары Алтай, Ертіс жағалауларында жүргізген зерттеулері нәтижесінде тек қана архологиялық ізденістерден басқа этнографиялық, антропологиялық, географиялық, тағы басқадай мол мәліметтер жинақтап, Алтай өңірінде б.д.д. ҮІІ-ҮІ ғасырларда скиф мәдениеті өмір сүргендігін дәлелдеген. Шығыс Қазақстан жерінің Алтай тауларының аймағы, Семей өңірімен астасып, Шыңғыстау жоталарына ұласып жатқан Тарбағатай сілемдері бағзы замандардан-ақ ғажайып ескерткіштері көп өлке. Еңбек және тұрмыс құрал-жабдықтарының ұқсастығы, шаруашылығымен діни сенімдері, жерлеу құрылыстарының дамуындағы ерекшеліктер мен ортақ белгілер қола, ерте темір дәуірі, тіпті түркі кезеңі мәдениеттерінің түбірі бір, өзара жалғастарының тамыры терең екендігін көрсетеді. Шілікті өңірінде мекендеген ерте сақ мәдениетінің қола дәуірінде өмір кешкен тайпалардың заңды тікелей жалғасы екендігін дәлелдейді. Олардан қола дәуірі кезеңдерінің өзара байланыстары мен жүйелі хронологиялық дамуы жақсы көрінеді.Түрік тайпасына жататын автохтондарының Семей жеріндегі ізі сол замандардан бері таңбаланған. Оның бұлтартпас айғағы Абай, Абыралы, Ақсуат, Мақаншы аудандарынын таулы аймағынан, Семей өңірінен көнеден қалған таңбалы тастар. Академик В.Виноградов: «археологиялық олжалардың ішінде осыдан кем дегенде екі мың жыл бұрын қолданылған қос ішекті аспаптың бейнесіне ерекше назар аударады. Бұған бүгінгі күні бұған ең тектес, ең жақын аспап ретінде қазақтың домбырасын жатқызуға болады»-дегенді айтады. Дегелең тауы алқабында ҮІ-ҮІІІ ғасырға жататын көне қылқобыз тас мүсін бейнесі қиып түсірілген. Мұндай мысалдарды ондап келтіруге болады. Ал сақ, үйсін тайпаларының көне қорымдары, Ертіс өзенінің жағалауларынан көне орны табылған Абылайкит, Қола-Балғасын, Тұзқала, Қарақала т.б. көне шаһарлар, таңғұт тілінде жазылған кітаптар мен қолжазбалар, ғажайып суреттер еліміздің Шығыс өңірі қола дәуір заманынан бері өркениет ошағы болғандығын айғақтайтын бірден-бір дәлел.

«Жеті шатыр» қабырғасында сақталып, сырттан келген бөгде елдің зерттеушілерінің назарына іліккен таңғұт жазуларының бірқатарын 1718 жылы ғимараттарды зерттеуші подполковник Бухгольц орыстың патшасы І-ші Петрге сыйға тартқандығы, ал І-ші Петр ол жазулардың мазмұнын айыру үшін Париж академиясына жібергендігі жөніндегі құнды деректер тарих беттеріне қатталмай, осы күнге дейін көлеңкеде қалып келе жатқандығы ақылға сыймас олқылық деп баға бергенді жөн санадым. Дегенмен кейбір дерек көздерінің жеткізуі бойынша таңғұт жазбалары әлі күнге дейін Франция астанасының тарихи мұражайында сақтаулы көрінеді.

Ғылыми жұмыстың негізгі тақырыбы өлкеміздің көне ескерткіштер тарихына байланысты болғандықтан мынадай мәселені де ғалымдар таразысына тартқан дұрыс болар. Шырмауы күрделі, жұмбаққа толы ұлтымыздың күнгүрт ықылым замандарында ат көліктер мен өгіздерге тиелген саф алтындарды Алтай тауынан Хуанхэ өзені жағасына айырбас сауда-саттық жүргізуге тартылған алтын тасу жолының бір тармағы Ертіс өзені бойындағы қазіргі Семей қаласы орналасқан жерден өткендігі отандық тарихшылар алқасында талқыланғандығымен, әлі күнге дейін тарих беттері жабулы қазан күйін кешуде. Уақыт өте келе осы Алтын Жолының соқпағымен ғасырымыздың басында Қытайдан Солтүстікке Жібек Жолы Семей жерінен өткендігі, сол замандардан бастап Соғды, Бұқар, Хиуа саудагерлерімен Қытай мен Орта Азияның әйгілі жәрмеңкелеріне жол таппаған осы топырақтың автохтондары (негізгі тұрғылықты халық), орыс, моңғол, жоңғар, Сібір халықтары Ертіс өзенінің қолайлы жағалауын сауда саттық жәрмеңкесіне айналдырған. Оңтүстіктен Сібірге дейінгі сауда жолы қазақ даласында Ямышево, Семей, Железинск қамал кезеңдері арқылы жүрді. «Жеті шатыр» сәулет ғимаратының пайда болу себебі осындай нарықтық қарым қатынастың салдарынан туындаса керек. Түрік, Швед соғысында қаржылық дағдарысқа түскен Ресейдің І-ші Петр патшасы да жоғарыда баяндалған жағдайларға қанық болып Ертіс өзенімен құрамында орыстың Зырян атты минералды тастар іздеу маманы бар арнайы экспедиция жасақтап, алтын алуға Алтай тауына жіберуінің тарихи себебі де осы. Экспедиция адамдары алғашқы жолы Ертістің бір сағасына жататын Үлбі өзені жағасында қалмақтардың шабуылынан сәтсіздікке ұшырап кейін шегіне отырып Ямышев көлінің жағасынан бекініс салуы бүгінгі ғылыми тақырыптың негізгі болды.

1.2 Семей аумағындағы тарих таңбалары.

Семейдің ХҮІІ ғасырдағы атауы Жеті шатыр – Доржыкент-Тас мешіт, Ертістің оң жағалауында қазіргі қала орнынан 20 шақырым жерде Ямышев көлінің жағасында дөңестеу алқапқа орналасқан. Жеті шатыр сарайлары орыс патшасының ресми құжаттарында «Тас мешіт» деген айдармен ХҮІІ ғасырдың басынан әйгілі болған. Профессор Г.Ф. Миллер бұл туралы 1616 жылы жазылған бір ресми хатты Тюмень қаласының архивінен тапқан. Осы дерек бойынша «Жеті шатыр» 1600 жылдары тұрғызылған болуы керек деген болжам жасалған. Ресейдің І-ші Петр патшасының тапсырмасымен Ертісті өрлеп шыққан әскер басыларының хабарларында бұл қоныс «Гудские (немісше жақсы, әсем деген мағынада) каменные палаты», «Семь палат» деп аталған. Олай аталу себебі, қалада ерекше көзге түсетін жеті сарай болған. Семей қаласының бастау көзіне айналған тарихи жұмбағы көп «Жеті шатыр» ғимраттарын зерттеушілердің суреттемесіне назар аударайық.

1) Миллердіңжеті шатыр қалдықтарын суреттеуі: (1616 ж)

Бірінші- үлкен сарай, оның жобасы тік бұрышты, іргесін таспен қалап, жоғарғы жағын кірпішпен көтерген;

Екінші– зәулім қамал. Оның төрт бұрышында қарауыл қарайтын берік төрт мұнарасы болған. Барлық төртбұрышынан көлбеу бағана жүргізілген, күйдірілмеген кірпіштен салынған.

Үшінші– Жеті шатырдың ең биігі болған. Оның жобасы дөңгелек, төбесі күмбезделген. (Миллер көргенде бұл құрылыс берік қалпында тұрған);

ТөртіншіҮш үй құрылысынан тұрады. Құлап біткен.

⌂⌂Бесінші- алтыншы шатырлар.Екі құрылыс үй. Араларын қабырға бөліп тұрған. Құлап біткен.

Жетіншібасқа құрылыстардан бөлектеу, жарты шақырымдай алыста. Өзінің көлемі жағынан, мықтылығы жағынан басқалардан берік. Мұнараға ұқсайды. Мұны күзет бақылау адамдарын ұстауға арнайы салынған деп топшылауға болады.

Жеті шатыр сарайындағы ең бағалы көне ескерткіш қазынаның бірі – қабырғадағы суреттер, ағаштан ойып жасалған зәулім діңгек мүсіндер. Сондай ағаш мүсіннің біреуін Г.Ф. Миллер Петербургтегі ғылым академиясына тапсырған.

1653 жылы Қытайдағы орыс елшісі Ф.Н. Байков «Жеті шатырдың» тарихын қытай елінің жазбаларынан оқи отырып, ондағы сарай әкімдерімен сұхбаттаса келе қорытындысында ғимаратты бұхарлықтар салған екен» — дегенді жазып қалдырған. Меніңше жанды пікірдің арғы жағында орнықты абсолюттік негіз бар. Олай дейтінім жергілікті тайпалардың халықтары номадтық (көшпенділік) өмір салтын сақтап негізінен саудаға мал басы мен мал өнімдерін ғана салумен, батырлары сауда керуендеріне қарақшылардан қорғайтын күзет қызметін көрсетумен ғана шектелген болса, Қытайдың Ұлы қорғанынан бергі жерлерде Жібек жолының бойында тауар айналысымен негізінен соғдылықтар мен бұқарлықтар кәсіп жасаған. Этнограф ғалым Шоқан Уалихановтың Семей жерінде жүргізген жазбаларында саудамен айналысқан өзбектерді жергілікті халық «сарт»- деп атаған деген анықтама қалдырған. Бұған қосымша сол замандарда құдіреті күшті Ақсақ Темір өз империясының бетке ұстарларына Алаш далаласында ислам дінін уағыздай отырып әсем ғимараттар тұрғызу жөнінде бұйрық бергендігі және сәулет өнерінің шеберлері мұсылман дініндегі бұқарлықтар бұл іске құлшына кіріскендігі жөніндегі деректер тарихтан белгілі. Жанды сөз жүйесін табады — дегендей елші Ф.Байковтың жазбасымен толық келіспеуге шара жоқ.

Енді Жеті шатыр ішінен табылған таңғұт жазбаларының пайда болу жайына келер болсақ. «Таңғұттар Х ғасырдың соңында Қытайдың батыс бөлігінде өзіндік жазуы, мәдениеті бар, Си Ся мемлекетін құрған тибет-бирма тобындағы халық. Монғол шапқыншылары 1227 жылы мемлекетін талқандағаннан кейін таңғұттар монғолдар мен қытайларға сіңісіп кеткен». Монғол ішіндегі таңғұттардың көбі будда дінін таратушы діни адамдар (ламалар) болған. Осыған қарағанда бұхарлықтар салған «Жеті сарай» біраз уақыт қалмақтардың иелігінде болса керек. Өйткені зерттеуші Г.П. Спасский қаладағы құба қалмақтарының аузынан «бұл сарайларды Асма тархан Доржи деген кісі тұрғызған, өзі де сонда тұрған, сондықтан Доржынкит болып атанды» — деген аңызды жазып алыпты. АлНиколай Абрамов «Князь Матвей Петрович Гагарин» (1734ж) деген зерттеу еңбегінде «Жеті шатырды» қалмақтар өз тілінде «Зордшинкид» деп атағанын жазды. Олай аталуы жеті шатырды жобалап салушы лама Дорган Зордшкид осы құрылыстың өзінде тұрған. Сол себептен соның есімімен атапты деп жазады. Яғни бұл зерттеуші алдыңғы Г.Спасскийдің естіген аңызына сүйене отырып топшыласа керек. Семей қаласының Доржынкиттен бұрынғы атын ешкім білмейді. Доржынкит жеті шатырының пайда болу тарихын зерттеуші Г.Ф.Миллер. Н.Абрамовтар да ғимараттарды қалмақтардың тастан қаланған жеті шатыры екен деген байлам жасауына да ойраттардың аңызы әсер еткен болу керек.

Дәл осы жерде біраз аялдап, кезекті тарихи дедукция амалдарын пайдалана отырып «Жеті шатыр» құрылысының салыну мақсатына ойша сараптамажасап көрейік. Доржынкит атауы қалмақ тілі екендігі даусыз, яғни қалмақтар бұқарлық сәулетшілерді жалдап салғызған құрылыс деген байламға тоқтау жасауға болар еді. Алайда қалмақ хандығының бой көтеруі 1635 жыл екендігіне назар аударар болсақ жоғарыдағы ғалымдардың тұжырымдары теріске шығады. Тағы бір ескерерлік жай — қалмақтар будда дініне табынған халық.Тас құдайларын арбаға салып тасып жүретін ойраттардың «Жеті шатыр» ішінде құдіретті буддаларынан қалған із жөнінде зерттеушілер еш дерек келтірмеген. Олай болса орыс дерегінде көрсетілген «тас мешітке» олардың қатысы қандай, ал құрылыс стилі бұқарлық сәулетшілер өнері екендігін ескерсек, оған қоса қабырғалырындағы суреттерде пұтқа табынған түрік дәстүрлерінің іздері байқалса, табылған жауаптан гөрі күмәнді сұрақтардың тізбегі көбейе түсуі диалектикалық заңдылық. Ғимарат құрылысының салыну стильіне психологиялық негізде «Жеті шатыр»- «Жеті күмбез»- «Жеті үй»схемасы бойынша анализ жасар болсақ мынадай жайды аңғарамыз. Христиан дініндегі шатыр келбеті олардың психологисяна орай жатаған, тік бұрыштыболып келеді, будда дініндегі елдердің (Қытай, Жапон, Корей шатырларын қараңыз) шатырлары қайқыланып тұратындығы атамзаманнан белгілі. Түрік перзенттерінің Алаш ұрпағына күмбезді шатыр- тән тағылым. Оны қазақ киіз үйлерінің келбетінен анық аңғаруға болады. «Жеті шатыр» күмбезді архитектурасын салушылар осыны басшылыққа алса керекті. Яғни қаламыздың ата тарихын айқындауда әлі де көптеген ғылыми ізденістер қажет етіледі.

Ақиқатқа көз жеткізу үшін тағы да дерекнамаларға кезек беріп көрейік. 1718 жылы Семей қамалын тұрғызуға жіберілген Чередов пен Бухгольц Жеті шатырдың тас сарайларының биіктігі мен әшекейлеріне таң тамаша болады. Чередовтың айтуынша, Жеті шатырдың құрылыстары бұхар мазарларының стилімен салынған. Онда ғажап суреттер, таңғұт тілінде жазылған кітаптар, қолжазбалар болған. Ғылыми жұмыстың басында баяндалғандай, анықталған археологиялық зерттеулер бойынша қазіргі Семейдің тұрған жері ерте заманнан ежелгі тайпаларға тұрақ болған. Олардың ең ескісі қола дәуіріне жатады. Одан кейінгі дәуірлерде бұл арада ежелгі ғұндар, түрік қағандығы, қыпшақ, керей, найман ұлыстары тіршілік еткені байқалады. 1733жылы профессор Миллер мен оның қасына ерген суретші Люрсениус келгенде сарайлар қабырғасы әлі мықты берік екен. Ғалым Ертіс өзені алқабымен қоса «Жеті шатыр» сарайларын суретке түсірген. Оның айтуынша, «Жеті шатыр» сарайлары мен үйлері кірпіштен және тастан салынған. Үйлердің жобасы әртүрлі: тік бұрышты, шаршы, кейде шеңбер тәрізді. Барлық сарайлардың төбесін ағаштан қиып жапқан. Кейбір үйлерді күмбездеп салған. «Жеті шатыр» мекенінің маңында оны әр мезгілде мекендеген тайпалардың тұрақтары, Ертістен тартылған каналдар арқылы суғарылатын егіс алқаптары, бақилықтарды жерлеу қорымдары (обалар) болған. Бірақ Миллер келгенге дейін ол қорымдардың көбі қазылып, ішіндегі бағалы дүниелері талауға түсіп кеткен. «Жеті шатыр» қаласының қалдығын қазушылар өткен ғасырда көп болған. Оған 1858 ж Ф.М. Достоевский мен А.Е. Врангель де қатысқан. Әсіресе В.В. Радлов, И.А. Арметронг, Ф.Н. Педашенко, ағайынды Белослюдовтар, кейінірек С.С. Черников терең зерттеп, бағалы материал жинаған. Бұлардың зерттеулері үш дәуірдің тұрмысын сипаттайды: қола дәуірі, тайпалар одағының кезі, феодализм дәуірі. Осы үш дәуірдің мәдениет, өнер, салт-сана дәстүрлерін сипаттайтын белгілер, қару-жарақтар өте көп кездеседі. Бұл арада феодализм дәуірі деп соңғы көшпелі ғасырлар, ал «тайпалар одағының кезі» деп, 6-12 ғасырлар аралығы көрсетіліп тұр. Өйткені әрі қарай табылған заттар ішінде балға жабысқан ара, құс, балық суреті бар. Бұлар-түрік қағандығы кезеңіндегі жер-суға табынудың айғағы. Бұлармен қоса сол кездегі жазулар мен мүсіндер кездеседі. Бұл заттар «Жеті шатыр» құрылыс мәдениетінің өте ерте заманнан басталғанын байқатады. Яғни дедуктивті тәсіл бойынша, қамал Ақсақ темір заманында салынғандығына көз жеткізетіндей.

ІІ БӨЛІМ. Семьпалаттан Семейге дейін. Тарих соқпақтары.

2.1 «Жеті шатыр» сауда жолының бекеті.Семей мұражайы – аймақ тарихы.

1718 жылы Ямышев көлі жанынан салынған Ямышев бекінісі бой көтерген уақыттан бастап Семей қаласының дүниеге келген күні деп есептелінеді.Ямышев қақпасы — XVIII ғасырдағы сәулет ескерткіші. Бүгінге дейін тек батыс Ямышев қақпалары сақталған. 1773 жылы қақпа және қорған қабырғалары инженер-капитан И.Г Андреевтің басшылығымен оның жобасымен салынды. Қақпалар тау тақталары мен күйдірілген кірпіштен төбесі күмбез тәрізді және кенересінде қарапайым сурет бар көлемді арка болып келеді. Ескінің көзі болып бізге дейін сақталған қамал гербі 5 шілде 1878 жылы қабылданған. Жылына 3000 — ға дейін өтетін түйе керуендерінің белгісі ретінде қала таңбасында керуен түйесі, мұсылмандық белгісі ретінде-шалқасынан жатқан жарты ай мен сүмбіле жұлдыз, ал жоғарғы басында бодандық белгісі ақ патшаның тәжі бейнеленген. Сауда керуендері туралы сөз қозғағанда, негізгі тақырыптан біраз ауытқи отырып мынадай қызықты тарихи деректерді келтіре кетпегенде қаламыздың Еуразиялық қатынастағы саяси-әлеуметтік маңызы толығымен ашыла қоймас деп ойлаймын. Семейдің сауда керуендері дәстүрлі Мәскеу-Орта Азия-Қытай жәрмеңкелерінен өзге Константинополь көпестерімен де сауда қатынасы болды деген мұрағат деректері сақталған (ЦГИА СССР.ф.13, оп. 2, д.1074, л.95). Ал 1814 жылы Семейден жол түзген грузия дворяны Семен Мадатов сауда керуенімен Құлжа, Кашқар, Жаркент, Тибет, Кашмирге дейін барып, кейін қайтқанда Түмен, Қазан, Мәскеуде сауда жасап, қаланың өзге көпестеріне сауданың тың жолын көрсеткен.

1776 жылы форпост орталығы қазіргі Семей жеріне көшірілген заманнан, көненің көзіндей ескерткіш болып Ертістің оң жағалауы Абай көшесінің бойында сол заманның отты қаруы екі бұрышына орналасқан Ямышев қақпасының бірі орын тепкен. Ямышев қақпасы — XVIII ғасырдағы сәулет ескерткіші. Көшпенділердің тосын шабуылынан қорғануға арналған қамал қақпасының жеке өлшемі бекіністің қаншалықты берік болғандығын айқындай отырып көрермендерге таңдай қақтырады. Ұшқан құстан басқа қабырғасына ешкім шыға алмайтын дөңеске орналасқан қамалдың қақпа өлшемі былай көрсетілген. Жуандығы екі метрлік арка қабырғаларының тереңдігі он метр. Жоғары жағы дөңгеленіп, олар кішігірім туннель болады. Қақпалардың биіктігі 7,27 метр, ені — 7,79 метр, максимальды биіктігі 7,43 метр. Барлығы 203 текше метр кірпіш салынған. Өлкетану мұражайында осы қақпаның 2 пұттық гирге ұқсас құлпы сақтаулы, оның салмағы 7 кг. 800 гр.1782 жылы Семей қала статусына ие болған.

Өлкетану мұражайының жәдігерлерлері жөнінде сөз басталған соң төмендегілерді айта кетпеске де болмайды.Музей экспонаттарына қарай отырып Семей өлкесінің небір көне тарих беттері үнсіз тіл қататындығын аңғаруға болады. Көне геологиялық кезеңдерде Ертіс өзені жағалауында өмір сүрген динозаврдың жұмыртқа қабыршағынан бастап, тасқа айналған тасбақа, мамонт, бизон, мүйізтұмсық, үңгір аюы т.б. жануарлардың мүше сүйектерін көруге болады. Ал осы өңірде тірлік еткен көне сақ, ғұн, қаңлы т.б.көптеген тайпа халықтарының заман қойнауынан сақталған тылсым дүниелері көз алдыға келгенде сұхбаттасқан күйге енгізіп сезім еркін селт еткізеді. Мұнда ел қорғаған батырлар мен елім деп өзегі талған даналардың, білім мен ғылым көзін ашқан абыздардың, алтын қолды шеберлердің қолынан шыққан өнер туындылары, т.б, небір ғажап дүниелерді кездестіруге болады. Мысалға айта кетуге болатын жайдың бірі, сонау ҮІІІ-ІХ ғасырлардағы Қорқыт атадан кейінгі мың жыл бойында тілін тістеген үнсіздікте болып, тек ХІХ ғасырда қайта тірілгендей ұлы Ықыластың қолында киелі үні дала төскейін жаңғырықтыратын қыл қобызды осыннан көруге болады, немесе ақын Садуақас Берденовтың «Бекжан батыр-Ақбикеш» атты кітабының, жерлес тарихшы Тілекқали Сәлімбевтың «Алғадай» дастанының басты кейіпкері Найман руының ХҮІІІ ғасырдағы ел қорғаған жанкешті батыры Бекжанныңі 21 жасында дұшпан қолынан шейіт болған кезінде үстінен шешіп алынып екі жарым ғасыр бойы ұрпақтары қолында сақталған ақ сауыты мен бес қаруы мұражай төрінен орын алғандығы көне дүние тарихын көз алдыға тартқан тарих айғағы. Мұражай үйінің қалыптасу тағдырын талқылай келсек оның өзі жеке тарих. 1892 жылы сол кездегі өлшем бойынша қала халқын елең еткізген орталықтағы үлкен құрылыс жұмысы қолға алынған.Кейііннен белгілі болғандай, Большевладимир (қазіргі Абай көшесі) көшесі бойында бой көтерген, қала Губернаторының резиденциясы, әсем де сәулетті бір қабатты құрылыс үйіне тең келетін Сібір өлкесінде бір де ғимарат болмаған. Бұл үйде әр жылдарда 8 губернатор қызмет атқарған. Ең соңғысы Федор Чернцов-1917 жылы тастап қашуға мәжбүр болған. Одан соңғы жылдарда Бостандық Үйі аталған ғимаратта облыстық Кеңестің бірінші съезі өтеді. Шаруалар корпусының Саяси бөлімі, ВКП(б) облыстық комитеті, Саяси үй (Дом политпросвещения), марксизм-ленинизм университеті, «Білім» қоғамы, саяси кітапхана сияқты маңызды мемлекеттік мекемелер де осында жұмыс атқарған жылдары болған. Кеңес Одағы заманында Мәскеулік ірі саяси басшылардан С.Киров, М.Калининдер де ғимарат табалдырығын аттаған.

Патша өкіметі тұсында саяси жер аударылғандар қатарында Е.Михаэлис, кейіннен А.Блэк, А. Леонтьев, П.Лобановский Ертіс өлкесінің небір тарихқа бай құнды дүниелері ескерусіз қалып келе жатқандығына жанашырлық танытып өлкетану мұражайын ашу қажет екендігіне мұрындық болады. Осындай білікті ықпалдың күшімен ең алғашқы Семей өлкетану мұражайы қалалық Статистика комитетінің екі бөлмесіне орналастырылады. Ол кездегі Статистика комитеті өлкеміздің тұңғыш ғылым мен мәдениет ошағы және оны ұйымдастырушылардың бірі және жауапты хатшысы ұлы Абайдың сырлас досы, оқымысты Евгений Петрович Михаэлис болатын. 1883 жылы білімдар зиялы қауымның пәрменділігімен өлкетану мұражайы жеке шаңырақ болып өз есігін халық игілігіне айқара ашады.

Қоғамның қай тұсында болмасын, мәдени ошақтарды қаржыландыру бюджет қалдығынан құралатындығы белгілі.Қаржы қиындығына тірелген шақта тарихи оқиғаның әсері көмектескен уақыттар болған. Қытай мемлекеті тарапынан 1887 жылы Зайсанда Ресей бодандарына келтірген зиянға төленген өтемақы мұражай үйін қалыптастыруға көп көмегін тигізеді. 1975 жылдан бастап бұрынғы губернатор үйі мұражай ретінде ашылып қала халқын қабылдай бастайды. Бүгінде Семей мұрағатында өлкемізге қатысты 106 мыңға жуық тарихи экспонаттар сақтаулы.

19 мамыр 1854 жылы көлемі мен шектері белгіленіп, орталығы Семей қаласы болып, Семей облысы құрылды. Облыстың ең жоғарғы басқару органы бастапқысында шағын үйлерді жалға алып пайдаланғанымен, мемлекет бюджетінен арнайы бөлінген қаржы есебінен 1863 жылы қалада тұңғыш салынған үш қабатты, қазіргі таңда экология коитеті орналасқан, ғимаратқа кіреді.

2.2 Ұлылар мен жайсаңдардан қалған сонар.

Ұлтымыздың киесі мен данасы, данышпан Абай мен ғұлама Шәкәрім, Мұхтарларға байланысты қаламыздың төңірегіндегі тау мен даласы, әрбір көшесі мен үйлері сыр шерткендей. Абай қалаға келгенде аунап-қунап жататын мемлекеттікбанкідетілмаш болып қызмет атқаратын, оқыған қазақ Әнияр Молдабаев сынды сыйласқан адамның үй жайы, Ахмет Риза медресесі дананың ізі қалған ғимарат ретінде бүгінгі күні Абай мұражайы. Сондай-ақ Ертістің түйемойнақ аралы, зиялы көпестер қауымының паромдар мен су көліктері халыққа қызмет еткенде келіп тоқтайтын «Қайық ауызы» деп аталатын су бекеті дана тұлғалар Абай, Мұхтар, Шәкәрімдерді, этнограф-ғалым Шоқанның өмірлерінен сыр шертетін тарихи орындар. Ертіс жағасында орналасқан «Старая мельница» атты қазіргі сауықхана мен кафе үйі бір кездері көпестердің халық игілігіне арнап салғызған өндіріс орны болатын. Тарихи ескерткіштің естелігін қозғаған Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында: « Дәл өзеннің жағасында үлкенді – кішілі көп үйлер көзге түседі. Солардың арасында,әсіресе қайықтың қарсы алдында аппақ, көп қабатты бу диірмені көрінеді. Оның қызыл кірпіш мұржасы бар. Атақты татар байы Мусиннің диірмені, қазақтар атандырған «қызыл барабайы» осы.

Содан арырақ биікше алаңда окружной соттың екі қабат, ақ тасболат үйі көлденеңдейді. Бұған жалғасырақ өзенді қуалай салынған Плещеев шіркеуі және бірнеше аққа боялған екі қабаттас үйлер, көк шатырлы асты-үстілі ағаш үйлер бойлап көрінеді »-деп жазған.

М.Ауезов 1909-1910 жылдарда оқып білім алатын қалалық бес кластық училище және қалалық семинария, мәдениет ошағы ретінде бой көтерген Народный дом (Халық уйі) деп аталған сәулет өнерінің үлгісі, негізінен мемлекеттік бюджет есебінен салынған ғимараттар.

Семей қаласындағы қос мұнаралы мешіттң құрылысы 1858 жылы Сүлейменов,Әбдешов, Рафихов, Халитов, Мусин деген атақты көпестердің қаражатымен басталып, 1862 жылы салынып біткен.Завалишин қалада жеті мешіт, екі шіркеу болғанын жазып келтіреді.Осылардың ішінен қаланың сол жағалауында кейінгі кездерге дейін топографиялық колледж орналасқан ғимаратта «миссия» деп аталатын шіркеудің ұстанған бағыты ойға қалдырары сөзсіз. Өзін миссионер деп санаған епископ Андриан осы қазақтар көп орналасқан Ертістің сол жағалауындағы «миссия» шіркеуінде тұрып,қазақтың жетім балаларын шоқындыру әрекетінде болған. «Абай жолы» эпопеясының 3-ші кітабында бұл жайлардың беті ыждағаттылықпен көрсетілген.

Кейінгі жылдарда Жаңа Семей атауына ие болған Ертістің сол жағалауындағы елді мекеннің өркендеуіне уақ руынан шыққан екінші гильдия категориясына жатқызылған миллионер көпес Тыныбай Кәукеновтың сіңірген еңбегі орасан зор. Ол замандарда «Тыныбай слободкасы» аталған ауылдағы баспаналардың басым көпшілігін өз қаржысына салдырған көпестің көзіндей болып бізге жеткен мұра ағаштан салынған сол үйлер мен мұсылман қауымының тәңірге табыну орны «Тыныбай мешіті».

Қазіргі орталық «Дана» сауда үйі орналасқан жерде бірінші гильдиялы көпес С.Нигматулиннің екі қабатты сауда дүкені болған. Оның ауласындағы бір ғимаратта «Ярдам» атты баспахана жұмыс істеген. Ғұлама Шәкәрімнің шығармалары осында жарық көрген. 1850 жылы ашылған баспахана Семей көпестері А.Плещеев, Б.Еспаев, Н.Масленников, Ф.Афонин, С.Мусиндердің қаржысымен салынған. Шоқан Уалихановпен Қашғар экспедициясына қатысқан қазақ көпесі Бұршақ Еспаевтың Нижний Новгород қаласынан жеткізен қалайы мен мыс табақшаларға ұрып оюлап жазатын шрифт шегесі әлі күнге полиграфия мұражайында сақтаулы. Бірінші гильдиялы көпес Қаражан Үкібаев тұңғыш АҚШ-тан сатып алған 100 нөмірлі телефон стансасын қалаға орнату арқылы байланыс-коммуникация тарихында есімі сақталған. Бұл телефон жабдықтарының жұрнақтары жөнінде байланыс мұражайы сыр шертеді.

Ақ Ертіс бойын жағалай орналасқан тарихи объектілер, ХХІ ғасырдағы нарық заманында алдыңғы қатарлы кәсіпкерлердің кәдесіне жараған сәулетті ғимараттар осыдан екі ғасыр бұрын қаншалықты сапалы беріктілікпен тұрғызылғандығы бүгінгі қала тұрғындарын, сырттан келген қонақтарды таңдай қақтыратын болса, келер ұрпақты әлі де неше ғасыр бойы таңдандыраты анық. ХІХ ғасыр ширегінде Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына ерен еңбек сіңірген көпестер Б.Еспаев, Сүлейменов, Плещеев, Афонин, Хазипов, Булатов, Кәукенов, Мусиндердің коммерциялық объектілері, зауыттар мен фабрикалары, диірмендері, Затон аймағындағы Сұлтан Нығматуллиннің тон тігетін және сабын қайнатып шығаратын зауыттары жайсаңдардан қалған тарихи мұра, көне көз құндылықтар қатарына жататын дүние екендігі аян. Жалпы ХІХ ғасыр аясында Семей көпестерінің қолымен ұйымдастырылған ірілі-ұсақты 63 өндіріс орындары жұмыс атқарған. Оның ішінде 15 тері өңдеу, 9 сабын қайнату, 2 шарап жасау,1 сыра қайнату, 5 май айыру, т.б. кәсіпорындары болды.

Қ о р ы т ы н д ы.

Тарихты тарихшылардай бұрмалаған ешкім жоқ-деген тарихшы ғалым Лев Гумилев. Мағыналы сөздің артында ашты шындықтың бар екендігі ақиқат. Әлем тарихын айтпағанның өзінде, кешегі КСРО заманында Қазақстан тарихы орынсыз бұрмаланып, бүркемеленіп келгендігін еліміздің егемендікке қолы жеткенше көріп өскен ұрпақпыз. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «еліміздің шынайы тарихын әлемдік деңгейге жеткізу »-жөніндегі тапсырмасы тарихшы қауымның алдында тұрған асқаралы міндет. Отан тарихын зерттеп,қалпына келтіру туып өскен өлкеден бастау алары сөзсіз. Бүгінгі ғылыми конференцияның қойылған тақырыбы Семей қаласы аумағындағы көне ескерткіштер тарихын талқылау жөніндегі өзекті мәселе де осының айғағы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құтты Жарлығымен 2007 жылдың 21 маусымында қаламыз бұрынғы Семипалатинск атын жойып төл түрік атауы Семей қаласы болып қайта өзгертілді. Алаш тілді атауы өз топырағында әділдікпен орнығуы рухани астанамыздың Ұлы тұлғалары Абай, Шәкәрім, Мұхтардың аруағына тағзым, ұрпаққа ұлағат екендігі барша жұртка мәлім.

Қаламыздың көне ескерткіштер тарихы жөніндегі мағлұматтарды тырнақтай іздестіре отырып, табылған жауаптардан гөрі, ақтаңдақ болып ашылмай, сұрақ күйінде қалған тұстары орын алғандығына қынжылған кездер көбірек орын алды.Өткен ғасырдың 70-шы жылдары еліміздің археологтары Ертіс бойының көне кешендерінде біздің дәуірімізге дейінгі ҮІІІ-ҮІІ ғасырларға жататын ескерткіштерді табуы бұл өңірде қола дәуірінен ерте көшпенділер дәуіріне дейін өтпелі кезеңі болғанын нақтылап берді.Дегенмен тарихи деректерге бай өлкеміздің одан ары жүйелі зерттеу кенде қалып, сырлы сандық ашылмаған жұмбақ күйінде қала берген. Бұл бағытта тарих ғылымынан дараланып шыққан жерлесіміз академик тарихшы-археолог Әбдеш Төлеубаев сақ,ғүн,үйсін замандарынан сыр шертетін ауқымды құндылықтардың бетін ашып әлем ғалымдарының назарын шығысқа аудара білді.Егеменді ел болған тұсымызда Елбасымыздың қазақ тарихына терең мән беруі арқасында, кейінгі жылдары ғалымдардың ғылыми дәурлеуімізге жаңаша серпін бере бастағаны ерекше аңғарылды.Семей қаласы аумағындағы көне ескерткіштер тарихын қазіргі таңда ғалымдарға тереңірек зерттеуге бұрынғы бодандық құрсауының кесірі орны толмас зиян келтіргені ақиқат.

Өткен ғасырдың 70-ші жылдары өлкемізді зерттеуші Г.Ф.Миллер келгенше «Жеті шатыр» ғимаратының маңындағы көне қорымдар қопарылып, ішндегі алтын, күміс т.б. қымбат құндылықтарды жатжұрттық келімсектер тонап әкеткен. «Тоналған алтын бұйымдарды балқытып, саф алтын ретінде тасып әкеткендерді өз көзіммен талай көрдім.Бұл жерде б.д. ҮІ ғасырында, мүмкін одан да бұрын көне қала болған болуы керек»- дегенді ғалым қынжыла отырып жазып қалдырған.

1714 жылы І-ші Петр патшаның жарлығымен Петербор қаласында өте сирек ұшырасатын өнер туындыларын сақтайтын музей етіп ашқан Кунсткамерада Сібір, Қазақстан, Карпат тауларына дейінгі ұлы Даладан жеткізілген небір зерделі алтын, күмістен жасалған құндылылықтар арасында Семей жерінен барымталанған құнды бұйымдар болуы даусыз мәселе. Алтынды Алтай баурайында 1929, 1947 ж.ж. ашылған Пазырық қорғанынан шыққан құндылықтар, 2003-2004 ж, Шілікті қорғанынан шыққан «Алтын адам» соның айғағы. Қазірде Еуропа елдеріндегі бірлі жарым бұйым болмаса, ең бай ғажайып дүниелер сақтар қолынан шыққан коллекция Эрмитажда жинақталған, оларды Ресей үкіметі әлемнің әр түкпіріне мақтаныш ретінде көрме түрінде көрсетуді әдетке айналдырған.Сақ даласының алтын мен жақұт бұйымдарына көздері тұнған Еуропалық Юманите баспасы: «Скифтердің таңғажайып асыл қазынасы арамызда»-деп жар салса, «Пипл» газеті «Өткен жексенбіде алтын тасқыны Лос-Анджелеске келіп кірді»-дегенді жазып Америка алпауыттарын тамсандырған. Орайы келген соң айтуға тура келген мәселенің бірі мынадай. «Тас мешіт» қабырғасынан табылған таңғұт жазбалары патша қолына жеткізілгенін біле отырып, Семей жерінен тоналған қазыналы құндылықтар патша сарайын басып қалғандығын анық аңғаруға болады. Кең байтақ еліміздің бір бұрышынан бұрын соңды өнер әлемінде болмаған теңдессіз көне өнер туындыларының жат қолында кеткендігіне қарынымыз аша қоймас, дегенмен оның соңында орны толмас өлкеміздің төл тарихы, оны анықтаушы айғақ деректер келмеске кеткендігі өзекті өртейтіндігі табиғи заңдылық.

Өткенге өкінгеннен пайда болмасы анық.Дерек көздері айшықталған, ізінен ілік табылатын айғақтың бірі-таңғұт жазбалары. Менің пікірімше Отанымыздың өткенін зерттеп, болашағын ойлайтын қаламыздың зерделі ғалымдары мен тарих жанашырлары Парижде сақталған осы жазбаларға қол жеткізіп, Астанамыздағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық универститетке Орхон жағалауынан жеткізілген Күлтегін жазуының көшірмесі сияқты, Семей қалалық мұражайға көшірмесін орналастырар болса тарихқа да, елімізге де, өлкемізге де үлкен мәртебе, саналы ұрпаққа қалдырар құнды мұра болары анық. Елбасымыз белгілеген «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде оқып, білім алып шыққан өрендеріміздің арасынан дания ғалымы Томсендей біреу шықпасына, таңғұт жазуын оқып, талдамасына кім кепілдік береді. Кұлтегін жазуын оқыған Томсен Еуропа ғалымы, ал біздің ғалымдар жергілікті Алаш білімдарлары, таңғұт жазуының кілті де қол созым жер — Қытайда. Өлкеміздің танымал тарихшы-архелогы, Шілікті «Алтын адамының» қорымын тапқан академик Ә.Төлеубаев, кейінгі жылдары өлкемізді зерттеуші танымал тарихшы-археолог,ғылымдар А. Исин, Е.Сайлаубаевтардың ізбасарлары өлкеміздің төрт бұрышынан сыры ашылмаған таңғажайып түріктің көне әлемінен әлі де ондаған дереккөздеріне қол жеткізетіндеріне сенім мол.

Еліміздің кешегісі мен ертеңгісіне зейін қоя отырып бүгінгі Шәкәрім атындағы университет қабырғасында өтіп отырған ғылыми конференция аудиториясының тыңдаушылар назарын мынадай келелі мәселелерге аударғанды жөн көрудемін.Әлемнің алып мемлекеттері ғылыми білім көздерін тауып, оны терең зерттеудің жолдарын қарастыру мақсатында «тарихшылар қоғамын» ұйымдастырып құруды ерте кезден орнықтарған.Жоғарғы оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамынан құралатын мұндай ұйымдар қазірде біздің елде де қалыптаса бастады.Ал ұрпақтың білім бесігі болып табылатын біздің жалпы орта білім беру саласында осы «тарихшылар қоғамы» іспеттес жалпықалалық оқушылардан тұратын қоғамдық ұйым құрылуын қарастырса-деген ұсыныс айтпақпын. Осы оқушылардан құралған қоғамдық ұйым арқылы өлкеміздің көне тарихи ескерткіштері жөнінде деректер қала мектептерінің бірінде жинақталып, сақталса, оған білікті тарих мұғалімдері қоса тартылса өлке тарихын қалыптастыруға тигізер пайдасы сөзсіз. Өйткені оқушылардың құрамдық саны көп және өлкеміздің тау-тасы мен даласының тарихи айғақ көздерін жергілікті перзенттер зерттеушілерден кем білмейтіні анық.Осымен қатар жоғары оқу орындарының зерттеуші ұстаздарымен байланыса отырып жазғы каникул кездерінде жоғарғы сынып оқушыларын жетекші ұстазбен бірге археологиялық зерттеу жұмыстарына тарта білсек, сондай-ақ мектептерде түрік,қытай, араб, парсы т.б. елдердің көне жазбаларын оқитын танымдық кружок ашуды қолға алатын болсақ, өлкеміздің көне тарихын зерттеуді қалыптастыруға әсері мол болары даусыз.Осылайша оқушылардың тарих іліміне қызығушылықтарын арттырарымыз, Алаштың рухани астанасы Семей жерінде болашақта сапалы ғалымдар қатарын толықтырудың берік негізін қалауға және «Мәдени мұра» бағдарламасына қосар үлесіміздің мол боларына кепілдік беруге болады. Шынайы жанашырлықпен кірісер ғалымға біздің аймақтың қойнауында ғасырлар шаңы басып ашылмай жатқан қалалар мен тарихи орындар, ескерусіз қалып келген басқадай құндылықтар өлкемізде жетерлік.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақ Совет энциклопедиясы. 10 том. Алматы. 1977. 114-115 б

2. Қарасаев Ғ. Қазақстанның шығыс және Алтай өлкесі ХІХ-ХХ ғасырдың басында. Алматы. 2007. 47б

3. Қалиақпаров Ш. Адольф Янушкевичтің ізімен. Семей. 2008.

4. Омаров А. Семей көне қала орны. // Семей таңы. 1991. тамыз

5. Сағындықұлы Е. Семей өңірінің тарихи деректері. Алматы. 1996

6. Серия: История городов Казахстана: Семипалатинск. Алма-ата. 1984

7. Слямов А. Өзгеріп, өңейген қала. // Семей таңы. 1988. 9 қыркүйек

8. Төлебаев Т. Қалалар тарихы: жаңа деректер тың көзқарас// 7 дней. 2002. 24 мамыр

Осыған ұқсас жазбалар:

ЖаңалықтарСемейлік жасөспірім әлемдегі ең үздік оқушылардың бірі атанды

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1072409

Пікірлер (1)

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар