ТӘУЕЛСIЗ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ (1991-2009 ЖЫЛДАР)

29 желтоқсан 2014 - Админ

ТӘУЕЛСIЗ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ (1991-2009 ЖЫЛДАР)

1990 жылғы 25-қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын» қабылдады. Бұл Декларацияда Қазақстан «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқы­ғы бар» егемен мемлекет болып табылатындығы жарияланды. Ұлттық республикаларда тәуелсіздік жарияланған соң Кеңестер Одағының болашағы туралы мәселе көтеріліп, орталық пен ұлттық республикалар арасында келіспеушілік ұлғая түсті.

Сонымен қатар Тамыз бүлігі Кеңестер Одағының ыдырауын жеделдете түсті. Аталған оқиғаны ұйымдастыруға КОКП басшыларының тікелей қатысы бар деп танылып, 23 тамызда Ресей Президенті Б.Н. Ельциннің жарлығымен 1903 жылдан бері өмір сүріп келе жатқан Кеңес Одағы Коммунистік партиясы қызметін тоқтатты. Тамыз бүлігіне байланысты одақтас республикалардың басшылары осыуақытқа дейін жүргізіліп келген келіссөздерді тоқтатып, әр республика шұғыл түрде өзін-өзі нығайту шараларын жүзеге асыра бастады. Украина мен Белоруссия өздерінің тәуелсіздігін жариялады.

Тамыздың аяғынан қазан айына дейінгі аралықта Қазақстан мен Ресейден өзге республикалар,өздерінің мемлекеттік теуелсіздігін жариялап, Мәскеуден бөлініп шықты.

1991 жылы 8-ші желтоқсанда Минск түбінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) кұружөніндегі Беловежск келісіміне қол қойылды. Беловежск келісімі Кеңестер Одағының тарағандығын анықтады.1991 ж. 21желтоқсанда Алматыда 11 тәуелсіз республика — Ресей, Украина, Белорусь,Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайджан, Армения, Түрікменстан, Молдова өкілдері қатысқан кездесу болды. Олар тең қүқыктық жағдайындағы тәуелсіз мемлекеттер достастығының (ТМД) құрылғандығы жөніндегі келісімнің хаттамасына қол қойды.

Осы тұста 1991 жылы 1-ші желтоқсанда Қазакстан тарихында тұңғыш республика Президенті болып Н.Ә. Назарбаев ашық сайланды. Мұның өзі елде және халықаралық деңгейге мемлекеттің көтерілуіне үлкен әсерін тигізді. Көп үзамай Президент өзінің өкімімен вице-президент, премьер-министр мен оның орынбасарлары, мемлекеттік кеңесшілер мен Президент және Министрлер Кабинеті аппаратыныңбасшылары арасындағы міндеттерін бөліп бекітті. Бұл өзгеріс республика басшыларының алдына қойылған міндеттерді атқаруға жағдай жасады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тәуелсiздiгiнiң жариялануы. 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының атауы қабылданды.

1991 ж. 16 желтоқсанда Республика Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында парламент депутаттары "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Заң қабылдады. Заңның бірінші бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. Ол өзінің жеріне, ұлттық табысына түгелдей иелік ету құқығы бар, тәуелсіз сыртқы және ішкі саясатын жүргізеді, басқа шет мемлекеттермен халықаралық құқықтық принциптері негізінде өзара байланыс жасайды деп көрсетілді.

Республикадағы барлық ұлттардың өкілдері жергілікті қазақтармен бірдей Қазақстанның тең құқықты азаматы деп саналады. Олар республикадағы мемлекеттік өкіметтің қайнар көзі және егемендікті бірден-бір қорғаушысы болып табылады.

Заңда республика қарулы күштерін құру жөніндегі құқығы, республика азаматтарының әскери міндетін өтеу, оның тәртіптері мен талаптары жөнінде айтылған. Оған, сондай-ақ республика қарауындағы азаматтарды қорғау, қоғамдық тәртіпті және мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері кірген. Республиканың мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі ұлтаралық болып саналды.

Қоғамдық-саяси, экономика салаларында болған басты өзгерiстер. 1991 жылғы 2-қазанда алғашқы рет қазақ азаматы ғарышқа ұшты. Президенттің нақты тапсырмалары бойынша Т. Әубәкіров ғарыштан қазақ даласының экологиялық жағдайына түрлі бақылаулар жүргізді.

Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ көршілес елдер Ресей, Қытай, Орталық Азия республикаларымен қатар АҚШ, Канада, Германия, Франция т.б. көптеген мемлекеттермен өзара байланыстар жүргізуді нығайтты. 1991 жылғы 5-қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында сөйлеген сөзінде Н.Ә. Назарбаев Азия кеңістігінде Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ) үлгісімен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құруды ұсынды.

1992 жылы Пәкістан астанасы Исламабадта өткен Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының (ЭЫҰ) Министрлер Кеңесінің төтенше отырысында Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ауғанстан басшылары аталмыш ұйымға еркін түрде қосылу туралы ресми құжатқа қол қойды.

Н.Ә. Назарбаевтың іскерлігі арқасында Қазақстан Республикасы 1992 жылғы 2-наурыз күні Біріккен Ұлттар Ұйымының толық құқылы мүшесі атанып, сол сәттен бастап бүкіл дүние жүзі Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін, дербес мемлекеттелігін таныды.

1992 жылғы 7-мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы күштері құрылды. 1998 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанның Қарулы күштері қайта құрылды. 1992 жылғы қыркүйекте Алматыда Дүние жүзі қазақтарының Бірінші құрылтайы, ал желтоқсанда Қазақстан халықтарының форумы болып өтті.

1993 жылғы 5-сәуірде Министрлер Кабинеті жанынан мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізетін орган – Тіл комитетін құру туралы ҚР Президентінің Жарлығы шықты. Тіл жөніндегі комитеттің құрылуы Елбасы мен Үкімет тарапынан бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуінің айғағы. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың 1993 жылғы 12 қарашадағы «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы негізінде 15-ші қарашада енгізілген ұлттық валютамыз – теңге тәуелсіз Қазақстан егемендігінің айрықша нышаны болып табылады. Теңгенің айналымға енгізілген күні Қазақстанда қазіргі уақытта қаржыгерлер күні ретінде аталып өтуде. 1993 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, 1994 жылғы 19 сәуірде қайта сайланған құрамда қызмет атқара бастады.

1994-1995 жылдары мемлекет басшылығына Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі Өкі­летті тұлға институ­тын құру туралы ұсыныс жасалды.

1994 жылы Н.Ә. Назарбаев «Президент Меморандумын» жариялады. Меморандумда мемлекеттегі ақша құнсыздануын, яғни инфляцияны тоқтату, ол үшін банк құрылымдарын қайта құрып, ақша-несие реформасын шұғыл іске асыру және қоғамның тұрақтылығын сақтау мақсатында азаматтық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайту қажеттілігі аталып өтті.

2000 жылғы 10 қазанда Астана қаласында өткен саммит барысында Кедендік одаққа қатысатын республикалар – Қазақстан, Ресей, Белоруссия, Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) құру жөнінде келісім-шарт жасасты.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның ұлттық мәдени орталықтарының жетекшілерімен бас қосу өткізу барысында мемлекетіміздегі этносаралық қатынастарды нығайту мақсатында республикалық деңгейде Президент жанындағы кеңес беруші орган ретінде Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру қажеттілігін атап өтті. 1995 жылғы 1-наурызда ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы кеңес беруші орган – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды.

1995 жылғы 29-сәуірде өткізілген референдум нәтижесінде ҚР азаматтарының 95,4% Н.Ә.Назарбаевтың президеттік өкілеттігін 2000-шы жылдың 1-желтоқсанына дейін ұзарту үшін дауыс берді.

1995 жылғы 15 қыркүйекте ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» Жарлығы шықты. 1995 жылғы 5 желтоқсанда ҚР Парламентінің Сенатына, ал 9 желтоқсанда Парламент Мәжілісіне депутаттар сайланды.

1997 жылы ҚР «Тіл туралы» Заңы қабылданды. Заңның 4-бабында: «Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемле­кет­тің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданыла­тын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүр­гі­зу тілі. 1997 жылғы 11-қазанда Қазақстан халқына «Қазақстан-2030» жолдауы қабылданды. 1997 жылғы 10 қазанда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы Жарлығы шықты. Ал 10 желтоқсанда ҚР Президенті, Премьер-министрі, Парламенттің Сенат жә­не Мәжіліс төрағаларының халыққа жариялаған Үндеуінде еліміздің астанасы Ақмола қаласына көшірілетіні мәлімделді.

1998 жылғы мамырдың 6-сы күні Президент жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді. Қазақстанның ішкі саясатында жұмыскерлердің еңбек және тұрмыс жағ­дайын жақсарту мәселесі маңызды орын алады. 1997 жылғы 25 желтоқсанда Ақмола қаласында ҚР Кәсіподақтар Федерациясы кеңесінің басқосуы өткізілді.

Ел экономикасын өркендетуде жеке кәсіпкерлікті дамыту маңызды рөл атқа­ра­ды. 1998 жылғы 26 қарашада Алматыда Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы болып өтті. Сонымен қатар қаржы саласын дамыту мәселесі де алдыңғы қа­тар­ға қойылған. 1999 жылғы 28 мамырда Қазақстан қаржыгерлерінің бірінші кон­гресі өткізілді. 1998 жылы ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы шықты. Бүгінге дейін оған 8 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, жаңартылды.

1998 жылы «Орталық Азия одағы» ұйымының атауы “Орталық Азия экономикалық қауымдастығы” деп өзгертіліп, оған Тәжікстан Республикасы қосылды. ҚР Президентінің Жарлығымен 1999 жыл Ұрпақтар сабақтастығы мен бір­лігі деп жарияланды. 1999 жылғы 10 қаңтарда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Н.Ә. Назарба­ев ҚР Президенті лауазымына қайта сайланды.

2000 жыл мәдениетті қолдау жылы ретінде аталып өтті. Қазақстанның өнері, әдебиеті саласында көптеген іс-шаралар өткізіліп, мәдениет ғимараттары салынып, қалпына келтірілді. 2000 жылғы 26-28 сәуірде Алматы қаласында «Еуразия-2000» атты халықаралық экономикалық саммитінің өткізілуі Қазақстанның халықаралық экономикалық қоғамдастықққа табысты кірігуінің айқын көрінісі болды. 2001 жыл «Бейбітшілік пен бірліктің он жылы» ұранымен Тәуелсіздіктің 10 жылдығы ретінде аталып өтті.

2002 жылғы 8-9 сәуір аралығында Алматыда Давос аясындағы Еуразиялық экономикалық саммит өткізілді.

2002 жылғы мамырда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев ЕурАзЭҚ Мемлекет­аралық Кеңесінің Төрағасы лауазымына сайланды. 2002 жылғы маусымның 4-і Алматы қаласында 16 ел мүше болған АӨСШК-нің жоғары дәрежелі Бірінші саммиті өткізілді. ШЫҰ аясында 2003 жылы қабылданған Көп жақты сауда-экономикалық ынты­мақтастық бағдарламасы және оны іске асыру жоспарында ең алдымен тауарлар мен капиталдың, қызмет көрсетуі мен технологиялардың еркін қозғалысына әсер ететін 11 сала бойынша 127 жоба жүзеге асырылып отыр.

2004 жылғы маусымда Астана қаласында ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесі­нің кезекті отырысы болды. Онда: қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің Дү­ние­жүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруге деген көзқарастары, шекаралық саясат және ЕурАзЭҚ аясында қабылданған заңдар, су-энергетика қорын тиімді әрі ұтым­ды пайдалану, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдерде темір жол тасымалдауына бірыңғай тарифтер белгілеу мәселелері қарастырылды.

2006 жылы Алматыда тоғыз мемлекеттің басшысы, бір премьер-министрі, жеті Үкімет мүшесі және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қатысқан АӨСШК-нің Екінші саммиті өткізілді.

2005 жылғы қазан айында «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымына (ОАЫҰ) қатысушы мемлекет басшыларының Санкт-Петербургте өткен басқосу­ында ел президенттері ОАЫҰ-ды Еуразиялық Экономика­лық Қоғамдастық­қа қосу арқылы біртұтас интеграциялық бірлестік құру туралы шешім қабылдады. Бұл шешімнің себептерін түсіндіре отырып, Елбасымыз Н.Ә. На­зар­баев оның осы екі ұйымның мүдделеріне жауап беретін шешім екендігін атап өтті.

2006 жылғы 22 желтоқсанда Астанада өткізілген Республикалық саяси «Отан» партиясының кезектен тыс Х съезінде құрамына Қазақстанның азаматтық партиясы мен Қазақстанның аграрлық партиясы және «Асар» партиясы қо­сыл­ған жаңа саяси ұйым – «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы құрылды. 2005 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның Стратегиялық зерттеу­лер институты Фридрих Эберт атындағы қормен бірлесе отырып, Алматы қаласында «Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Орталық Азиядағы қауіп­сіздік мәселелері» тақырыбына халықаралық конференция өткізді. Оның жұмы­сына Қазақстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Өзбекстанның, Ресейдің, ҚХР-дың және Францияның жетекші ғылыми орталықтарынан 70-ке жуық са­рап­шы қатысты.

2007 жылғы мамыр айында елімізді президенттік-парламенттік республика үлгі­сінде дамытудың заңдық негізін қалайтын өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. 2007 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясы атынан 9 адам Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланды.

2007 жылғы 18 қаңтарда Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіл мәселесіне орай арнайы жиын өткізіліп, 2007 жыл – Қазақ тілі жылы деп жарияланды. 2008 жылы Астанада өткізілген «Ортақ әлем: сантүрлілік арқылы прогресс» халықаралық форумында қабылдан­ған тұрақтылықты сақтау туралы шешімде «Мұсылман әлемі және Батыс» пішінінде үнқатысуды жолға қою идеясы айқындалды. 2007 ж. мамырда Қазақстан Республикасында басқарудың президенттік-парламентік түріне Конституциялық өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2008 жылғы Жолдауында мемлекет саясатының басты мақсаты Қазақстан Республикасы азаматтарының әл-ауқатын көтеру болды. Қазақстан халықтары Ассамблеясы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес енгізілген өзгертулер мен толықтырулар (мамыр 2007 ж.) нәтижесінде заң шығарушы билікке қатысу жаңа функцияға қол жеткізді

Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға Төраға болуы республикамыздың әлемдегі беделі мен атқаратын рөлін айқындай түсетіні сөзсіз.

Мемлекеттiк тәуелсiздiк құжаттары мен нышандарының қабылдануы. Қазақстаның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуындағы басты міндеттердің бірі мемлекеттік нышандары мен рәміздерін қабылдау. Бүкілхалықтық талқылаудан кейін 1992 жылғы маусымда Жоғарғы Қеңестің сессиясы Республиканың жаңа мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Ту авторы-суретші Шәкен Ниязбеков, Елтаңба авторлары-сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков, Шот-Аман Уәлиханов. 1992 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасы мемлекеттік Әнұранның мәтіні бекітілді. Мәтінін жазғандар- Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдагалиев, Жадыра Дарибаева. Әуенін жазғандар- Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди (1944 жылы нұсқасы сақталды). 2006 жылдың қаңтарында «Менің Қазақстан» әнімен әнұран алмастырылады. Ән ұран: Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжмединов және Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзгерістер енгізген.

Қазақстан Республикасы Конституциясын қабылдау. 1993 жылғы 28-қаңтаркүні алғашқы рет тәуелсіз де егеменді еліміздің негізгі құжаты – Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Алайда «Еліміздің алғашқы Конституциясы күшіне енген бойда-ақ, кемшіліктерін, әлеуметтік-экономикалық және саяси үдерістің шын ахуалынан аулақ жатқандығын көрсетті. 1993 жылғы Конституция егемен Қазақстанды құрудың күнбе-күнгі қарапайым да ауыр қызметіне құқықтық негіз бола алмайтындығын аңғартты».

Қазақстан Республикасының 1993 ж. Конституциясы жаңа мемлекетте пайда болатын мемлекеттік, экономикалық өмірдің, адам кұкығы мен бостандықтарының мәселелерін толық шеше алмады. Жоғарғы Кеңестің өкілдігіне шек қойылмады. Ал мұның өзі оны Президенттің, Үкіметтің істеріне араласуына әкеліп соқты. Сондықтан қоғамдық өмірдің өзі Конституцияны қайта қарау туралы мәселені алға тартты.

Президент Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен жаңа Конституцияның жобасы әзірленіп, бүкілхалықтық талқыға салу үшін баспасөзде жарияланды. Талқылау барысында жоба бойыншакөптеген ескертулер айтылды. Олардың ең елеулі дегендері ескеріліп, бүкілхалықтық дауыс берудің нәтижесінде 1995 ж. 30-тамызында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы кабылданды. Ол 9бөлімнен (1. Жалпы ережелер; 2. Адам және азамат; 3. Президент; 4.Парламент; 5. Үкімет; 6.Конституциялық кеңес; 7. Соттар жене сот тәртібі; 8. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару; 9. Қорытынды және өтпелі ережелер) және 98 баптан тұрады. Жалпы ережелерде Қазақстан Республикасының президенттік басқару нысанындағы демократиялық, зиялы және біртұтас мемлекет, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық екендігі, мемлекеттік меншік пен жеке меншіктің танылатындығы және бірдей қорғалатындығы, мемлекеттік тіл -казақ тілі, сонымен катар мемлекеттікұйымдарда, жергілікті өзін-өзі баскару орындарында орыс тілі ресми түрде казақ тілімен тең қолданылатындығы көрсетілген.

Конституцияда адамдардың ұлтына қарамай құқықтары мен бостандықтарының тең екендігі баянды етілген. Ұлттардың теңдігі туралы ой Конституцияның барлық қағидаларында лайықты орын алған. Оқуға түсуге, қызметке орналасуға ұлтына қарап шектейтін ешқандай кедергі жок,

Қазақстан Республикасының Конституциясы — мемлекетіміздің негізгі Заңы.

Бақылау сұрақтары:

1.Қазақстанның Егеменді мемлекет ретінде қалыптасуына әсер еткен қандай алғышарттарды атай аласыз?

2.Қазақстан Республикасының ән ұранын мағыналық жағынан талдап, маңызын түсіндіріңіз?

3.Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануының тарихи маңызы қандай?

4.Қазақстан қоғамындағы саяси, экономика салаларында болған басты өзгерiстер жөнінде мәтінді оқып, эссе жазыңыз.

Жобалық- ізденіс жұмысы:

1. «Қазақстандық даму жолы»: даму стратегиясы, тәжірибесі, сабағы. Дайындық және көрсетілім (презентация).

2. Сабақ — конференция. ЕҚЫҰ – Қазақстанның төрағалығы.

Осыған ұқсас жазбалар:

Қазақ әдебиеті"Қасиеттім,қастерлім-Тәуелсіздік! "поэзия кеші

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1129964

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар