«БАЯҒЫДА ....» немесе, «Гүлденген әлем!»

22 қаңтар 2015 - Askar Naymantaev
«БАЯҒЫДА ....» немесе, «Гүлденген әлем!»

Баяғыда… Баяғыда қыздарға хат жазғанда «Гүлденген әлем» деп бастаушы едік қой. Сол гүлденген әлем баяғыда емес, енді, қазір келді ау деймін. Қазір гүлденген әлем ғана емес, түрленген әлем! Жан-жағың жайнап тұр, компьютер қайнап тұр, сотовый телефоның сайрап тұр. Кезінде біз қыздарға барғанда ысқырып есіміз танатын, қазір ауылда екінің бірінде сотка, ысқырып әуре болмайды. «Мен келдім, шық» — дейді, бітті шаруа.

Біз не көрмедік. Қызы бар үйдің есігінің алдында ысқырап тұрғанда сол үйдің кемпірінің галошы келіп басыңа «сақ» ете түсетін. Күндіз көзі көрмейтін кемпірлер түнде басыңа тошно тигізеді ғой. Не көрсетпеді бұл кемпірлер. Олардың қыздарын вечерге шақыру азап болатын. «Ысқырмаңдар! Ысқырсаң апам жібермей қояды!» — дейді. Ысқырмай қайтып келесің оған. «Амалын тауып келгеніңді білдір»- дейді. Ал. Сосын сыртта төрт*бес жігіт азапқа түсіп амал іздейсің. Ары ойлап, бері ойлап, ақыры бір «данышпан» табады: «О, қораларыңа бөтен қой кірмеді ма?»- деп кіріп барайық» — дейді. Дәл солай кіріп барасың, қыздың аңқау әкесі, ойында түк жоқ, қорадағы қойды санайды, сен болсаң өзің барған «бөтен қойға» қарап қоясың. Ол «бөтен қой» түсінеді. Сәлден соң портішкеден шығып тұрады.

Ол кезде үстіңдегі киімнің ең крутойы «купәйке» ғой! Қазіргі замандағы «адидас», «армани» жоқ қой. Бұтта советский қара трико, тізесі бір метр алдыңда озып жүреді, ауызда қара сағыз! «Орбит» деген қазір көрінген бұрышта сатылады. Қазіргі балалардың арманы жоқ. Ал, қара сағызды столбыдан қырып аласың. Соның өзінде қыздар «Сағызыңнан берші?»- деп сұрап жүреді.

Баяғыда тауда қой бағып жүрген қойшылар бір-біріне алыстан айғайлап «О-о-оу, насыбайың бар ма?»- десе, анау «жоқ» деуге ерініп езуін «шырт» еткізетін. Қазір сол тауда жүрген қойшыңда да сотовый! Ешкімді менсінбей қой бағып жүреді қолында сотовый. Кенет телефоны «шыр» ете қалады. Қойлардың бәрі жалт қарайды. Қойшы маңғазданып «Сендерге емес, маған!»- деп сөйлесе береді. Жайылымды дүрбімен қарауды қойған, әр төбенің басына видеокамера қойып қойған, үйінде шай ішіп отырып «шайт» деп қояды!

Бітті шаруа!

Апырмай қазір «джиппен» көкпар тартады ғой олар!

Несін айтасыз «Гүлденген әлем» деп міне осыны айт! Осындай керемет, байлығы тасқан жерге ие болып отырған қазекең бақытты ғой. Бұл жерді баяғыда Жаратқан ием адамзат баласын Жер-жерге бөліп орналастып жатқанда Қазекең құдалықта жүріп естімей қалыпты. Екі күннен кейін келсе, жердің бәрін жаратқан ием таратып жіберген екен. «Қайда жүрсің? Жер қалған жоқ!» — дейді оған. «Қайда жүргені несі, Баяғы елдің қамы ғой біздікі. Әйелімнің туған нағашысының, бөлесінің құдасы бар емес пе? Соның құдағиының ортаншы қызының тойында машинесін батпақтан итеріп шығарған жігіттің бажасының қарындасы күйеуге шығып… қол тимей… қысқасы жер беріңіз!» — дейді. Жаратқан ием «Жер жоқ» дейді. Қазекем оның есігінің алдында үш күн жатып алады. Ақыры бұдан оңай құтылмасын білген жаратқан, ақырын қазақтың құлағына сыбырлапты «Әй, қазақ, мына жерді мен өзім үшін алып қойып едім, саған бұйырған екен. Ал. Ешкімге айтпа!»- деп. Бүгінгі таңда Сіздер мен Біздер мекендеп отырған ұлан-асыр, байтақ ел Қазақстанға ие болыппыз ағайын!

Не десеңдерде, Гүлденген әлем деген осы ғой!

Осыған ұқсас жазбалар:

Сценарий«Үздік қаржыгер» интелектуалдық ойынының жоспары

Қосымша пәндерҚайын жұртқа ат қою

СценарийСоңғы қоңырау кешіне арналған сценарий

Тәрбие сағатыТәуелсіз елім - Қазақстаным

Сценарий​«Қарттарым – асыл қазынам» қарттар күніне кездесу кешінің сценарийі

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1110003

Пікірлер (1)
Таланттар мектебі # 22 қаңтар 2015 в 22:55 +1
Бәрекелді!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар