"Конферансье" мамандығына оқыту" бағдарламасы

12 қаңтар 2015 - Askar Naymantaev
"Конферансье" мамандығына оқыту" бағдарламасы

Қазақстан республикасы Білім және Ғылым министрлігі

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы

«Конферанс және ойын-сауық, көпшілік бағдарламаларын жүргізу негіздері»

(оқу бағдарламасы)

Бағдарлама жасаған Асқар Наймантаев.

«Сахна тілі» кафедрасының меңгерушісі, профессор Д.Тұранқұлованың жетекшілігімен.

    1.Түсінік хат.

    «Жүргізуші – бұл – оркестр адам», ол актер,

    ол режиссер, ең бастысы – көрерменге де,

    тыңдаушыға да, ойыншыға да қызықты,

    тартымды адам»

«Конферанс» – эстрадалық жанр – сахнадағы әрекетті жүргізуші, хабарлаушы және осындай әректеттердің мәтіні. (Толковый словарь Ожегова)

Соңғы кезде көптеп ұйымдастырылып жүрген шоу бағдарламаларды, байқаулар мен фестивальдерді, көңіл ашар кештерді көрген сайын осындай үлкен шаралардың жақсы жүзеге асуына жүргізушінің алатын орны үлкен екеніне көзің жете береді.

Шынтуайтына келсек, конферансье емес, жақсы жүргізуші дегенің өзі бізде саусақпен санарлық қана. Егер үлкен іс-шараны ұйымдаструшылардың жүргізуші қояр тағы да кәсіби талаптары болса, онда шынымен кәсібіи жүргізуші, яғни конферансье табу мүлде қиындыққа түседі. Нағыз кәсіби конферанс тек концерттік номерлерді хабарлап қана қоймай, өзі де комедия жанрында жеке өнер көрсете алады.

Қашан де болсын көрермен кез-келген қиын-қыстауда суырылып жол табатын, суырып-салма, әзілкеш, ақын жанды, ширақ қимылды, интеллекті жоғары, сахнадағы өнерпаздың ғана емес, көрерменнің де тамырын дөп басып, көңілін тауып, көксегенін көлденең тарта қоятын жүргізушіге жоғары баға береді.

Бізде жүргізушінің арнайы мектебі жоқ болып келді. Сондықтан осы уақытқа дейін театр актерларына, белгілі өнер иелеріне иек артып келдік. Әрине тілі таза, дауысы, демі қойылған актер үшін жүргізушілік аса қиын емес болып көрінері хақ. Дегенмен бұл өнердің де арнайы көңіл бөліп, ден қойып үйренетін, игеретін қиындықтары жетерлік.

«Конферанс» жанры негізінен «сахна тілі» кафедрасының педагогтары ғана емес, «актер шеберлігі», «сахана қозғалысы» кафедраларының да жұмыла күш қосып даярлайтын бөлімі болуы керек. Дарынды конферансье дегеніңіз – тілге шешен, сөзге бай, тапқыр талант, әннен, музыкадан, биден хабары бар, сахналық өнерді меңгерген шебер ғана емес, өзі түскен ортаның «тілін»меңгеріп, көңілін табатын дипломат,өзі жүргізгелі отырған мерекенің барлық «тарихын» жете білетін білгір, қарттың сүйеніші болып, баланың ермегі бола білер қағылез, ойнатып қана қоймай өзі де ойыншық бола білетін сегіз қырлы, бір сырлы сайыпқыран бола білуі керек.

Біздер білетін Ресейдің көптеген өнер мектептері мен үлкен білім ордаларында «конферанс» жанрының актерын, яғни, «конферансье» – «Көркем сөз шебері» («Мастер художественного слова») деген атаумен оқытылып келді. Бірақ ол, тек біржақты ғана, толық емес оқу бағдарламасы болды. Конферансье – өнер көрсететін орны тек сахна мен экран алдында ғана емес, үлкен алаңдарда, көшеде, түрлі залдарда болады. Оның аудиториясы бірнеше мыңдаған адам болуы мүмкін. Және ол бір кештің өзінде бірнеше жанрда: батырлық-патетикалық, лирико-романтикалық, жеңіл комедиялық немесе өткір сатиралық сөз сөйлеп, бишілердің ортасында билеп, акробаттармен бірге секіріп, жанглерлармен қатар тұрып ойнап, әншілермен бірге ән салуы мүмкін.

Міне сондықтан біздер толыққанды, кәсіби конферанс даярлау мектебінің жаңа бағдарламасын ұсынып отырмыз. Бұл жанрдың сан саланы меңгеретін актерды даярлауы мен көңілді репертуарға, ойын-сауыққа бейімділігінің өзі көпшілікті осы мамандықты меңгеруге ынталандырары сөзсіз. Жан-жақты білімі бар, қызықты репертуарға бай, эрудит, тапқыр конферансьенің алдында көңілсіз көрермен болуы мүмкін емес.

Жүргізуші тек сахналық кейіпкер ғана емес, өзі сахнада жұмыс істей бастаған сәттен бастап, «көшбастаушы» («лидер») болып, жүріп жатқан шараның мәні мен мақсатын өзі де ұғып, өзгеген де жеткізе білуі шарт. Көрерменмен жұмыс істеу саясатын толық меңгеруі керек.

Болашақ конферансье өзінің мамандығын тек қана өнер деп емес, үлкен еңбек екеніне көзі жетіп, үнемі ізденісте болып, өзін-өзі рухани байытып, саяси сауатын жетілдіріп, заман талабы мен қоғам өмірінің ағымына сай азамат болуға ұмтылуы абзал. Бұл бағдарлама төмендегі әдебиеттер мен әдістемелік бағдарламаларды негіге ала отырып жасалған жетілдірілген және жеделдетілген бағдарлама болып табылады. Ол мына төмендегі әдебиеттер мен әдістемелік бағдарламарды негізге ала отырып жасалды:

1.Авторская программа «Великая радость творчества», Л.А.Аракелян, Е.В.Майорова, Н.Г.Желтухина (Сборник программ, М. Всероссийского конкурса авторских программ, 2003г)

2.Авторская программа Силантьевой С.А. «Коферанс и основы массовых мероприятий». Сборник №6 М.2008.

3.Программы общеобразовательных учреждений (Театр 1-11 класы.М.Просвещение,1995).

4.“Мастерство актера. Программа для театральных и музыкальных вузов и институтов искусств по специальности №2210 “Актер музыкальной комедии”. ГИТИС, 1979.

5.Тұранқұлова Д. «Сахна тілі»

Бұл бағдарламаның ерекшелігі оның материалды жеткізу тәсілі мен актер шеберлігі мен сахна тілі пәндерін терең ұштастыра білуде болып отыр. Бағдарлама әр түрлі тақырыпқа бөлініп жасалғанымен, сабақтың спецификасына байланысты, оқытушы кейде сабақтың педагогикалық және творчестволық тұтастығын бұзбай бірнеше тақырыпты қамти алады. Оқыту барысында практикалық және әдістемелік материялдар беріліп отырады. Әрбір тақырыптың теориялық нұсқасы сабақ үстіне беріліп отырады.

Бағдарламаның мақсаты – студенттің бойында болашақ конферанс маманы ретінде жоғарғы дәрежедегі тіл мәдениетінің қалыптасуын (сауатты, салмақты, ойлы сөз саптау өнерін меңгеріп, біртұтас, тұжырымды шешен сөйлемдер құрай білуді, қоршаған ортада өз-өзін ұстай білу, топ алдында тосылмас қағылездікке) тәрбиелеу. Шағын мінбелерден бастап үлкен сахна мен алаңдарда концерттік, әдеби, патриоттық кештерді жүргісу саясатын оқыту.

Оқыту мақсаттары:

·Сахна тілі техникасын меңгеру, таза артикуляция мен дикцияны меңгеру, сауатты, таза, анық сөз саптауды үйрету;

·Шығарманың жанрын, әрекетін, астары мен мақсатын логикалық талдауға үйрету;

·Автордың табиғатын, ұсынып отырған стилі мен қалыбын сақтауды үйрету;

·Сахналық және алаңдық іс-шаралардың ерекшеліктері мен жүргізу шеберліктеріне үйрету;

Дамыту мақсаттары:

·Жастар арасында мерекелік-ойын мәдениетін дамыту;

·Логикалық, терең ойлау қабілетін дамыту;

·Студент бойындағы зейіндік пен зеректігін жетілдіру, фантазия мен ойлау қабілетін арттыру:

·Қоршаған ортаның ерекшеліктерін жылдам зерттеп, дәл суреттеп, адамдардың қимыл-әректі мен қарым-қатынасына баға беру, көз қарасы мен талабына қарай әрекет жасай білу;

·Тілдесу қарым-қатынасын жетілдіру;

·Шығарманың сан қилы орындалу әдістерін меңгеру мен суырып салу қабілетін дамыту;

·Сценарийде берілген жағдайды ой таразысынан өткізіп, негізгі мақстын, шешімін табуды жетілдіру.

Тәрбиелік мақсаттары:

·Көпшілік орындарында өзін-өзі ұстай білуге (сахнада. мәдени-көпшілік шаралардың ортасында, көрермен ретінде) тәрбиелеу;

·Ой-өрістің, дене бітімнің жинақылығына, еңбекқорлыққа тәрбиелеу;

·Ана тілге деген құрмет, оның тазалығы мен тұтастығына, дамуына үлес қосуға тәрбиелеу;

·Жеке басты күйттемей көпшіл болуға, өзгеге қол ұшын беруге асығатын мейірімді болуға тәрбиелеу.

Бағдарлама бағыты – көркем-эстетикалық;

Мамандығы – конферанс.

Оқыту мерзімі – .... жыл.

Оқыту формасы –Тақырыптың талабына қарай топтық, жеке, жұптық болып өткізіледі.

Оқушы саны – конферанс маманын даярлау санына емес.сапасына қарай. Сегіз қырлы, бір сырлы маман жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар таңдағанмен бірдей.

Сабақ өткізу тәртібі – теориялық тақырып треннинг, жаттығулар арқылы практикаға ұштасып отырады, түрлі ұлттық ойындар, этюдттер, аудио, видео сабақтар кезектесіп отырады.

Сабақтың әдістемелік өту тәртібі:

·Теориялық, ауызша тәсілі:

-«Конферанс» жанрының ғылыми анықтамаларын, тарихын, теориялық әдістемелерін талдау.

-Мәтінге анализ жасау, әдеби шығарманы талдау, жанрын, мақсатын айқындау, сценарий жазуды үйрену.

-Ауызша мазмұндама айту, әзіл әнгіме айту, фольклорлық кейіпкерлердің әнгімелерін жаттау, зерттеу.

·Көрнекілік, техникалық тәсілі:

-Видеоматериалдармен жұмыс істеу, иллюстрациялар;

-Орындаушылық (ұстаздарға көрсету), ойын, ұлттық ойын түрлері;

-Аудиосабақтар, микрофонмен жұмыс істеуді үйрету;

·Практикалі тәсілі:

-Треннинг (сахна тілі)

-Дем, артикуляция, дикция жаттығулары,

-Актер шеберлігі треннингтері, репетиция, шығарманың әрекетін анықтау.

Сабақты жүргізу формасы:

-Сабақ — ойын, күлкі терапиясы, конкурс – сабақ, шығармашылық кездесулер, концерт-сабақ, треннингтер.

Көзделген нәтижелері:

Шәкірттің үйренері:

-Актер шеберлігінің негіздері (К.С.Станиславский жүйесі),

-Сахнадағы табиғи шынайылық,

Шәкірттің білері:

-Денесін ұстай білу, сезе білу,

-Ойын жинақтап, қойылған мақсатты орындау,

-Зейіні мен зеректігін жаттықтырып, өмірдегіні сахнаға көркемдеп алып шыға білу,

-Мимикалық массаж және жылдам ойын түрінде тыныс, артикуляция жаттығуларын жасап үлгеру,

-Дауы күшіне арналған жаттығулар,

-Жаңылпаштар мен мақал-мәтелдерді, афоризмдерді, қолданып, тілдесе білу,

-Тілдегі, сөздегі қателіктерді ажырата білу ғана емес, оны жылдам түзете білу, «сөзді жұтып қою», «дыбысты жұтып қою» — деген кемшіліктерді жоя білу,

-Орфоэпиялық заңдылықтардың бұзылмауын қадағалау,

-Сценарийді жазуға, және конферанс ретінде жүргізілетін шараларға әдеби материялдар қоса білу,

-Әр түрлі форматта өтетін көпшілік мерекелерінің сценарилерімен жұмыс істеу,

-Залмен жұмыс істейтін түрлі ойындар, конкурстар өткізу.

Бағдарлама бойынша көзделген ең соңғы нәтиже – шәкірт сахнада «сахна тілі», «актер шеберлігі» пәндерінен алған білімін еркін қолданып, мәтінге талдау жасай алатын, әдеби шығарманы таңдай алатын, стилін, жанрын ажыратып, берілген форматта жұмыс істей алатын, саяси сауатты, ойы ұшқыр, аяқ асты жол тауып кететін суырып салма, фольклорлық әдебиет пен поэзия, сатира салаларынан өзіне сөздік қор жинаған, шешен, әдемілік пен әсемдікке жаны құмар, көптің көңілін тауып, еңбекті бағалай білетін дәрежеге жетуі керек.

Бұл нәтижеге жету үшін, алған білімді қолданғанын тексеру үшін арнайы конкурстар мен концерт, кештерді күтіп жүрмей, жоғарыда атап өткендей сабақтың өту формасына сол әдістерді кіргізіп отырмыз.

2.ОҚУ ӘДІСТЕМЕЛІК ЖОСПАР.

Тақырыптардың аталуы

топ

жұп

жеке

Теория

Практика

Теория

Практика

Теория

Практика

1.Мамандыққа баулу

2

2

-

-

-

-

2.Актершеберлігі негіздері

2

8

4

6

2

18

3.Сахна тілінің негіздері

10

20

10

20

2

18

4.Конферанс және копшілік іс-шараны жүргізу негіздері

6

10

4

16

8

18

5.Конферанстын (жүргізушінің)образын айқындау сатылары

2

10

2

10

2

10

Барлығы бір жылға

72

72

72

Бағдарлама бойынша барлығы

216 сағат

3.БАҒДАРЛАМА МАЗМҰНЫ.

1.Мамандыққа баулу. Теория.

«Конферанс» – сахна өнерінің, эстраданың жеке бір жанры. Конферанс тарихы. Қоғам оміріндегі демалыстар мен мерекелер, саяси іс-шаралар өткізудің маңызы. Көпшілік мерекелері мен алаңдық сахнаның ерекшеліктері. Көрермен залының мәдениеті. Көңіл көтеру бағдарламаларымен көпшілік мерекелерінің формалары. Жүргізушінің алатын орны, маңызы.

Практика.

Көрермен залымен, көше, алаң сахналарымен таныстыру. Мінбелерге, эстрадаға, сахнаға шыға білу. Сахнаға орындық қою, реквизит алып шығу мәдениеті.

Терминдер сөздігі: Актер, Амфитеатр, антракт, арлекин, афиша, бельэтаж, билет, бутафория, декорация, диалог, задник(горизонт), шымылдық, кулиса, марионетка, монолог, премьера, падуга, портал, программка, репетиция, роль, сахна, сахна планшеті, көрермен, хронометраж, фантазия, фойе, мимика, жест, интонация, аудитория, зейін, дауыс күші, дыбыс, эмоция.

2.Актер шеберлігі негіздері. Теория.

К.С.Станиславский. Сахналық зейін, оның тұрлері. Ұсынылған жағдай. Этюдтер. Қарым-қатынас.

Практика.

Зейінге арналған трннингтер мен жаттығулар. Ойындар арқылы қарым-қатынасқа өту. «Төртінше қабырға». Эстрадалық актер мен театр, кино актерының ерекшеліктері. Ойындар:«Амандасу». «Танысу», «Жақсы әдептің түрлері», «Жаман әдептің түрлері».

3.Сахна тілінің негіздері. Теория.

Дыбыс, үн дегеніміз не, оның пайда болуы. Сөйлеу аппараттарының анатомиясы мен физиологиясы. Тыныс алу системасы. Сөйлеу аппараттарының гигиенасы. Дем мен дауыс, дем мен дыбыс. Дикция. Артикуляциялық жаттығудың мәні мен маңызы. Дауысты, дауыссыз дыбыстар. Орфоэпия. Екпін түсіру, сөз астары.

Практика.

Дұрыс дем алу жаттығулары, артикуляциялық жаттығулар, Дикцияға арналған треннингтер топтамасы. Сөз тізбектері, жаңылпаштар, екпін түсіру, үндестік заңын пайдалану. Ойын: «Қызық телефон», «Менің күлкімді қайтала».

4.Конферанс және көпшілік іс-шараларын жүргізу негіздері.

Теория. Конферанс. Концерттердің композициялық құрылым принциптері. Жүргізушінің ролі мен маңызы. Көпшілік іс-шараларының түрлері.( Алаңдық мерекелік сахна, жастар кеші, әдеби, патриоттық кештер, ойындар т.б.) Көрерменмен тікелей байланыс. Жұптасқан конферанс. Сценарий дегеніміз не? Жанр, форма, формат.

Практика.

Сахнада дайындық (репетиция), би, пантомима, вокал сабақтарымен ұштастыру, «Амандасу», «Таныстру», «Хабарлау» түрлері, жанр бойынша мәтінмен жұмыс істеу.

5.Конферанстың (жүргізушінің) образын айқындау сатылары.

Теория және практика.

Алынған тақырып бойынша жүргізушінің образын таңдау және талдау, сценаримен жұмыс және ойынның конструкциясы (көрерменге жеткізу үшін түрлі ойынның технологиясы мен әдістерін таңдау, пайдалана білу) Техникалық құралдар мен реквизиттерді пайдалану, жүргізуші образының пластикалық шешімі, костюм таңдау, грим, көңілді шумақтар (куплетисты), пародия түрлері, частушкалар, қазақтың күлдіргі әндері, жеке репертуар қалыптастыру.

4.ӘДІСТЕМЕЛІК ҚОСЫМША ЖАТТЫҒУЛАР МЕН ОЙЫНДАР.

1.«Сыбыр» театры»

2.«Үнсіз жылау, үнсіз күлу»

3.«Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!»

4.«Қосу – өшіру» — суырып салу (импровизация) ароналға ойын.

5.«Конферанс және көрермен»

6.«Ток шоу»- жүргізуші даярлаған тақырыпқа көрерменмен өтетін тартыс сабағы.

7.«Мылқау концерт»

8.«Мимика»

9.«Қызық телефон»

10. «Зуылдақтар жарысы» — парақтан бірден оқу, жылдам оқу жарысы.

11. «Құттықтаймыз!» — құттықтаулар, конкурс –сабақ.

12. «Мен, мен, мен едім» — өзін-өзі таныстыру, костюм, имидж, стиль таңдау.

5.ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.

1.Запорожец Т.И… «Логика сценической речи» М., Просвещение,1984.

2.Катышева Д.Н. «Литературный монтаж. Искусство звучащего слова» М.., 1983.

3.Кудашева Т.Н. «Руки актера» М., Просвещение,1980.

4.Леокарди Е.Н. «Дикция и орфоэпия» М., Просвещение,1987.

5.Черных Г.П. «Педагогическая технология массового праздника» М., Молодая гвардия,1990.

6.Эльконин Д.Б. «Психология игры» М., Педагогика, 1999.

7.Юрский С. «Кто держит паузу» М., Искусство. 1977.

8.Лутошкин А.Н. «Как вести за собой» М., Просвещение 1981.

9.Богусловская Н.Е., Кунина Н.А. «Веселый этикет» Екатеринбург, 1997.

Осыған ұқсас жазбалар:

Қосымша пәндер"Өлімнің рөлі" немесе жаңа кино. (сатиралық монолог)

Қосымша пәндерАКТЕРЛЫҚҚА ТҮСУ ҮШІН НЕ,ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАУ КЕРЕК?

Ұстаз үніӨнер үйренем деген балаға ала көзбен қарамаңыз.

СценарийАРЫСТАННЫҢ ЕСЕП БЕРУІ

Ұстаз үніХАТ (Асқар Наймантаев. "Мұқағалиға")

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1110017

Пікірлер (2)
Таланттар мектебі # 12 қаңтар 2015 в 18:05 +1
Осыны сурап журген бир агай бар еди гой? Астанада...
Askar Naymantaev # 12 қаңтар 2015 в 20:03 +1
Иә, оларға жібергемін.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар