"Өлімнің рөлі" немесе жаңа кино. (сатиралық монолог)

14 қаңтар 2015 - Askar Naymantaev
"Өлімнің рөлі" немесе жаңа кино. (сатиралық монолог)

«Тозақфильм» киностудиясында елді елең еткізбесе де, селк еткізетін жаңа кинау түсіріліп жатыр. Осыған дейінгі түсірген жеті фильмі есте қалмай түске кіретін, талантты, дарынды режиссер Қияли Дөптимесов сценариін өзі жазып, түсіретін орынды өзі қазып, қаңтар айында, «Жаңа адым» ауылында тұратын бөлесі Жапсарбайдың төргі бөлмесінде премьерасы болатынын аттандап айтып жатыр. Бұл жап-жаңа фильм «Біз осында тұрамыз» — деп аталады. Оқиға белгісіз қаланың адам көргісіз моргінде өтеді екен. Режиссердің өзі қолмен қазған түсіру алаңында алты адам, кешіріңіздер, алты «өлік» тырайып жатыр. «Өліктің» бәрі орын тапқан соң, «Үнимания, матор!» — деген дауыс шаңқ етті, іле шала режиссердің шапалағы шарт етті!

-Ыстоп! Әй, тірі өлік, сен неменеңе мәз болып жатырсың?! Өлдің бе, өлдің! Енді ыржимай жат!

Ол «тірі өліктің» жаны бар екен:

-Мүмкін мен «тозақтан» кетіп, «жұмаққа» баратынма қуанып өлген адам шығармын? Сондықтан езу тартып «өліп жатырмын» — деді. Өзіне қарсы сөйлеген актерді өшіре салғысы келетін күллі есі дұрыс режиссер қауымының өкілі түтеп кетті:

-Ақымақ, мынандай тәтті өмірді қалай ыржиып қиып кетесің? Сөзді тоқтат та, «өл»! Өлгенде де түнеріп «өл»! Псио! Нашали, үнмания, матор!

-Кешіріңізші, режисор мырза, мен кредит төлей алмай ұшып өлген адаммын. Мен қалай «өліп жатқаным» дұрыс?- деп жіңішке актер шәңк етті.

-Как, қалай? Солай! Ұшып өлген адам сияқты, тырайып жата бер! Матор!

-Маған да қуанып «өлуге» болмай ма сонда?- деп, жіңішке актер жылап жібере жаздады, — оу, ағайын, өзім түгіл үрім-бұтағым өтей алмайтын «АқырЗаманБанктің» несиесінен қашып өлген адамның жүзінде меніңше, қатя бы, ризашылық белгісі болмауы мүмкін емес. Сценариді кім жазған өзі?!

-Соны айтам, — деп әп-әдемі «өліп» жатқан актриса атып тұрды. – Мен мысалы, сценарий бойынша, доқтырдың қателігінен шиқаннан «өліп» кеткен келіншек екенмін. Неге мен сұлудың образында «өліп жатуым» керек? Мен анау дипломды сатып алған дәрігердің жағасынан алғым келіп, тістеніп өліп кетуім мүмкін ғой?

-Ал, мен ше? – деп, қартаң актер қырылдап басын көтерді. – Ал, мен ше? Сенәри бойынша, менің кейіпкерім балалары үйден қуып, қарттар үйіне де жете алмай, көшеде қатып өлген екен. Оу, осы азаптан құтқарып келген ажалды неге мен күліп қарсы алмасқа?

Режиссер түтігіп, аптариқаты шашылып, өзі асылып қала жаздап тұр.

-Мен қалай жаздым, солай «өлесіңдер!» Бітті! Матор!

-Меніңше, — деп, маңғаз актер табыттан басын шығарды, — меніңше, мен дұрыс «өліп» жатқам жоқ!

Қияли жынданып кетуге аз қалды.

-Енді сеніңше қалай «өліп жату» керек?!

-Сіздің дарынды режиссер, талантты сценарист екеніңізде дау жоқ. Мен Сіздің осының алдындағы жеті фильміңізде де басты рольдерді сомдағанымды өзіме мақтан тұтам. Бірақ, осы жолғы сценарий бойынша, менің кейіпкерім үкімет мүшесі, шіріген бай, кеше ғана қосылған бесінші жас тоқалының үстінде жатып көз жұмыпты. Оу, соншама байлықты, биік мансапты, жас тоқалды қалай қиып кетемін?! Түрімде қайғы болса болар еді… Ал, сценарий бойынша, «ләзатқа шомылып жан тапсырып жатыр» депсіз…

Қияли Дөптимесов орнынан атып тұрып, шашын жұлып, түсіру алаңын кезіп кетті.

-Әй, көкми! Осы өмірде үкімет мүшесі, шіріген байдың қамығып өлгенін көргемін жоқ. Олардың моласының өзіне күн сайын той өткізсе болады! Мына жаныңда жатқан «өліктерден» сенің өлігің артық! Ұқтың ба?! Тәк, ышто, кайфабайт етіп өл де жат! Матор!!!

-Минутөшку, — деді, көнекөз актриса, — минутөшку, режиссор бала, мен көшедегі қақтығыста оқтан өлген ананың рөлінде екенмін. Атқан адам да, атқызған да белгісіз. Артымда ұрпағым аңырап қалды. Сценариде оқ менің басымнан тиіпті, ал мұнда ол оқтың орнын неге гриммен жасамаған. Сүп-сүйкімді етіп, тойған қозыдай томпитып жатқызып қойыпсыңдар. Оқтың орны қайда? Бұл шындыққа жанаспай тұр ғой…

-Мына актрисаға неге сценаридің кейінгі нұсқасын бермегенсіңдер?!.. Қадірлі, Зүлпиқа Дәлмедәловна, ақылшы ағаларымыздың өтінішімен сценарий біраз өзгеріске ұщыраған, пәкә біз Сіздің неден өлгеніңізді әлі анықтағамыз жоқ. Сондықтан просты «өле» тұрыңызшы? Келістік пе?

-Тезірек «өліңіздерші!» Қарным ашты, мені үйде анам күтіп отыр! – деп, төр жақта, сценарий бойынша «Мерседесс 600» қығып өлтіріп, мойындамай кеткен байдың баласының арқасында осында тап болған баланың ролінде «өліп» жатқан 9 жасар боқмұрынның жыларман даусы шықты.

-Режиссер аға, маған осы «өлгенімнің» ақшасын біткен соң беріңізші, анам нан ала кел деп еді, — деп, бала қайтадын «өле» салды.

Өздерінің «өліміне» риза болмай жатқан актерлардың бәрі осы баланың сөзінен кейін жым болды. Мұның бәрі уақытша тірлік екенін, түсіру біткен соң барлығы қайтадан күнделікті күйбең тірлікке кететіні естеріне түсіп, қалың ойға беріліп кетті. Әрқайсысы өзінің шешілмей жатқан шытырман оқиғасын ойлап, бір сәт өлі тыныштыққа беріліп, қимылсыз қалды. Бәрінің келесі күннің тірлігін көз алдарын елестетіп жатқан түрлері өліктен де сұсты болып кетті. Режиссер жәй ғана сыбырлап «Матор!» — деді.

«Біз осында тұрамыз!» Жақында премьера!

Осыған ұқсас жазбалар:

Қосымша пәндерАКТЕРЛЫҚҚА ТҮСУ ҮШІН НЕ,ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАУ КЕРЕК?

СценарийАРЫСТАННЫҢ ЕСЕП БЕРУІ

Қосымша пәндер"Конферансье" мамандығына оқыту" бағдарламасы

Ұстаз үніӨнер үйренем деген балаға ала көзбен қарамаңыз.

Ұстаз үніХАТ (Асқар Наймантаев. "Мұқағалиға")

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1141115

Пікірлер (1)
Таланттар мектебі # 14 қаңтар 2015 в 23:26 +1
Жақында бір студенттің оқығанын естіп едім осыны )))

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар