«Мәнерлеп оқу – мағынасыз оқу емес!»

11 сәуір 2015 - Askar Naymantaev
«Мәнерлеп оқу – мағынасыз оқу емес!»

Өзім сабақ беретін Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясынан бұрын, соған дейінгі мектеп, үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Таланттар мектебі» атты жеке мектебімнен бастайын әңгімені. Бұл мектеп болашақта актер болғысы келетіндер үшін «актер шеберлігі» мен әнші болғысы келетін балаларға «эстрадалық вокал» сабақтары ғана оқытылатын қосымша білім беру мектебі. Мұнда алғашқы күннен-ақ ағылып небір «таланттар» келе бастады. Әрине дарынсыз емес, бірақ, көбіне сахналық «тәрбиені» мектептен алып келген балалар келеді. Бастауыш сыныптың балалары бірден тақпақ оқығыш. «Мәнерлеп оқу» тапсырмасына әбден машыққан, «режиссері» тіл-әдебиет пәнінің мұғалімі, әлгі бала тақылдап ала жөнелгенде кейде айғайдан құлағың тұнады. Біреулерінде айғай жоқ, бірақ, әсіре көркемдеу, дауысты құбылту, сезімге «берілу» басым. Сәл жоғарғы сыныпта оқитын оқушылар да аса ерекшеленіп тұрған жоқ, айырмасы олардың біразы айтқанына түсіне бастаған, дауысында жалған патриоттық дыбыстар азайған, өздері тақырып таңдай бастаған балалар. Олардың да «режиссері» сол — тіл-әдебиет пәнінің мұғалімі. «Неге бізге шүйлігіп отыр?» — демеңіздер. Сіздерді айыптайын деп отырғамын жоқ, Сіздер өз білгендеріңіз, көңілге түйгендеріңіз бойынша балаға жаныңызды сала үйретіп, сөйлей алатын, айта алатын дәрежеге жеткіздіңіз. Ол үлкен жұмыс! Кәсіби сахнаға дайындаған жоқсыз, десек те аудандық, қалалық, тіпті Республикалық конкурстарда оқушыларыңыз топтан озып келіп жатыр. Ол дұрыс, Сіздің жеңісіңіз, жемісіңіз! Біз кәсіби сахнаға ұмтылған баланы енді сол «мәнерлеп оқу» шеңберінен шығару үшін, ағымыздан жарылып айтқанда, қатты шаршаймыз! Біздің балалар түгіл үлкендердің өзі сезімге беріле өлең оқып, кейде «тебіреніп», кейде «күңіреніп», кейде «толғанып», көзімізді тарс жұмып, «әсерге бөленіп» жатамыз. Болашақ актерға ғана емес, өзімізге де өлең оқу тәсілін, мәдениетін меңгеріп, айтар ойды жеткізуге, өлеңмен ой бөлісуге, тыңдаушымен сырласуға, көпшілікпен үндесуге дейін жетуіміз керек.

Ұлы Абай «Өлеңді» қалай жіктеп берді бізге? Қане, бір сәт соған үңілейікші:

«Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы»
— деп бастайды. Демек, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиуі» керек қой? Олай болса, неге айғайға басамыз? Жүрекке жылы тиу үшін, жүректі үркітпейтін үн керек екен, оны тіл жеңіл жеткізуі керек екен. Олай болса, айтар сөзді алдымен ұғып алайық, сөзімізді өзіміз танып алмасақ, тыңдаушы тыңдай қоймайды. Театр тілімен айтқанда – «Айтқанңа өзің сенбесең, көрермен сенбейді!» Оны Абай да солай деп отыр:

«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол — ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы»

Мінеки, «надан» айтушы болмау керек дегенді жеткізді Абай, ендеше біз құрақ ұраннан, жалған патетикадан арылайық өлең оқығанда! Мектеп өмірінде неше түрлі мереке көп, соған орай оқылатын небір патриоттық өлең көп. «Отан сүйгіш» баланы көрсету үшін, жалынды сөзді жалаң аттандатып қоямыз. Бұған енді дау айта қояр адам аз болар, кез-келген мереке күні дауысында жалған нотасы бар «шешендер» мен «көсемдер» көрікті сөзді көлдей боратып жатады! Ондайды ести-ести құлақ та жауыр болды!

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?»
— дегенде Абай атамыз «айтар ойыңды таңдап айтпасаң, «іші алтын, сырты күміс сөз сарасы» болмайды деп отыр емес пе?! «Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген!» — деп Мұқағали ақын да патриоттық тәрбие алдыңғы қатарда тұрған дәуірдің өзінде «жалынды сөзді жалақтата берудің» «Отансүйгіштік» емес екенін айтып кеткен. Отанды сүйгеніңді дәлелдеу үшін мереке мен мейрам сайын өлеңді бұрқырата жазатын «ақындардың» өлеңін өңешіңді жырта айтып топ алдына шығу емес екенін шәкірттің көңіліне ұялата білуіміз де керек ендігі жерде. Арзан сөз қуып, мағынасыз өлең ои берудің өзі де жалғандыққа тәрбиелейді. Ал, енді мұндайда хакім Абай не дейді, ден қойыңызшы:

«Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.

Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

Мал үшін тілін безеп, жанып жалдап,
Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап.
Жат елде қайыршылық қылып жүріп,
Өз елін бай деп мақтар құдай қарғап» -
дейді! Деп қана қоймайды, жоғарыда мен атап өткен жалған жалбақтауды сойып салады! Ендеше жөнге көшейік! «Мәнерлеп оқу» — дегенді енді терең ойға, нақылды сөзге, ақылды көзге айырбастайық.

«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» — деген Ұлы Абайдың өсиетіне де ойланатын кез келді. Біз әуелі осы Абайды да жалаң дауыспен оқуды әдеттке айналдыра бастадық. Әйтеуір «Абайды біледі екен» демелікке, «Өлеңді түсінеді екен» демелікке етіміз үйреніп кетті.

Заманауи технологияның жетілгені соншалық ғаламтордың бетінде, қалтамыздағы телефондарда лирикалық музыканың үстіне үздіге сөйлеп, үлбіреп тұрған небір «дарындының» оқыған өлеңі толып кетті. Тіл тазалығы, дауыс ырағы дегенді қозғамайық, жарайды, ол тек кәсіби өнер адамына қойылатын талап болсын, дегенмен соны тыңдап, «өлең оқу осылай екен ғой» — деп еліктеген жас буын барын ойдан шығармайық. Ол үнтаспаға түскеннің бәрі үлгі емес! Одан бойды аулақ ұстайық. Бәрі бірдей жалаң сөз емес, әрине, дегенмен тыңдай білсеңіз өзіңіз де жақсы-жаманын айырасыз ғой.

Біздің қолымызға мейлі мектепке болсын, мейлі өнер академиясына болсын сахнаға ұмтылған санаулы ғана үміткер келеді. Ал, әдебиет пен өлеңге өздеріңіз ғашық еткен ұрпақтың көпшілігі басқа мамандық таңдайды. Бірақ, көкірегінде Сіз ұялатқан өлеңге деген махаббат бар. Сол махаббатты өтіріктен алыс ұстап, Абай аталары айтқандай:

«Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап –
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.
Терең ой, терең ғылым іздемейді,
Өтірік пен өсекті жүндей сабап»
— дейтін ұрпақтың қатарына қосылмайтындай тәрбие берейік.

Көптеген шәкірттерімнің мектептегі мұғалімдері менімен тығыз байланыс жасап отырады. Мереке сайын өтетін кештерінің тақырбына сай шығармалар таңдауға кеңес сұрап, кейде оқушыларды даярлап беруімізді өтініп балаларды бірге тәрбиелеп жатамыз. Кейбір мұғалім бізден бойын алыс ұстауға тырысады. «Өзім үйреттім, мен жеткіздім, менің шәкіртім, менің тәрбием»- дегенді көзімен айтып, үрке қарап, қызғана тартынып тұрады. Мен ешқашан Сіздің балаға бірдеме үйрете қойдым деп айтпаймын, қаласаңыз мен туралы ешкімге тіс жарып жарияламай-ақ қойыңыз! Мен де Сіздің оқушыны «көрдім» демейін. Тек, көпшіліктің алдына тақылдап тақпақтаған баланы емес, ойы жүйрік, көңілі зерек баланы шығаруға бірге кірісейік! Менікі сол ғана.

Сөз соңында тағы да айтамын: Мәнерлеп оқу – мағыналы оқу емес! Оны әлі тереңдету керек.




Осыған ұқсас жазбалар:

СценарийАРЫСТАННЫҢ ЕСЕП БЕРУІ

Ұстаз үніХАТ (Асқар Наймантаев. "Мұқағалиға")

Қосымша пәндер"Өлімнің рөлі" немесе жаңа кино. (сатиралық монолог)

Қосымша пәндер"Конферансье" мамандығына оқыту" бағдарламасы

Ұстаз үніӨнер үйренем деген балаға ала көзбен қарамаңыз.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1072402

Пікірлер (2)

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар