«Құпиясы жоқ болса, өнердің құрметі де жоқ»

12 наурыз 2015 - Askar Naymantaev
«Құпиясы жоқ болса, өнердің құрметі де жоқ»

Қазіргі өнерпазда жасырын, жабық ешнәрсе қалмады. Бәрі жұрттың көз алдында, тіпті алақанында айқара ашық жатыр. Алақанда емей не енді, қалта телефонын ашып қалса ғаламтор жақын, ғаламторды ашып қалса саңлақтарың самсып тұр! Ішкен, жегені де, біреуге бірдеме дегені де, кеткені де келгені де, біреуге бергені де…

Біздер өнер жолын қуып, Алматыға келгенде кино мен театрдан, концерт залдарынан көретін артистер бір қол жетпейтін асылдай болатын. Театр және көркемсурет институтында (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы) оқып жүріп жасыратын несі бар, асаба болып күн кештік. Сол заманда тойға барып ән айту деген белгілі әншілер үшін масқараның көкесі болатын. Бірді-екілі тойда кездесіп қалғандары бізді оңаша алып шығып, «көрдік» — деп айтпайтынымызды он рет қайталатып, ант-суымызды ішкізіп алушы еді. Өнерге қатысы жоқ адамдарға қарағанда танымал тұлғаларға бір адым жақын жүрген біздер үшін де оларды көріп қалу, дәлізде қарсы кездесіп, сасқалақтап амандасып қалудың өзі зор мәртебе еді. Институт қабырғасында жиі көріп жүрген Асқар Тоқпанов, Нұрмұқан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шарипова, Шолпан Жандарбекова, Маман Байсеркеұлы сияқты нарқасқаларды сабақ арасында кездестіріп қалсақ демімізді ішімізге тартып, денені тік ұстап, «Мен де осындай болсам-ау!» — деген арманыңды көзіңнен жасыра алмай,қобалжып, олар сенің сәлеміңе бас изеп өтсе қуанып, көз қиығын тастаса төбең көкке жеткендей болушы еді. Өзімнің ұстазым, КСРО халық артисі Хадиша Бөкеева мен Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұловтардың жарты жылдай бетіне тіке қарап сөйлей алмай жүрдім. Кінәлі болғаннан емес, ондай ұстазға сөйлейтін сөздік қорым жоқ еді, айтар әңгімем, қозғар тақырыбым жоқ еді. Тек тыңдаушы ғана болатынмын.Туылған, өскен ортам театр болса да өнер, сахна, актер шеберлігі жайлы олардың әрбір айтқан сөзі мен үшін күнде бір жаңалық болатын.

Біздер студент болып жүрген кезде театр өнерінде жас толқын болып, жаңа аты шығып жүрген Бауыржан Қаптағаев, Болат Әбділманов, Бақтияр Қожа, Омар Қиқымов сияқты актерларды, Мақпал Жүнісова, Сембек Жұмағалиев сынды әншілерді кездейсоқ кездестіріп қалсақ жанына жалпаңдап жетіп бару былай тұрсын, алыстан қарап тұрғаныңды білдіріп алмай, жүріс-тұрысын зерттеп, өзіңді сондай әлетке жеткізудің жолында не істесем екен деген арманның жетегіне еріп кетуші едік. Ал, қазір…

Құпиясы болмаса құрметі де қалмайды екен өнердің! Сіздер мен біздер бүгін соның күәсі болып жүрміз ғой. Әлеуметтік желілерде «жұлдызбен» қатар түскен сурет мақтан болған кез өтіп кетті. Қазір ол «жұлдызды» байқатпай суретке түсіріп алып, «қылмысын» ашқандай болып масаттана салып қойғандары былай тұрсын, өнерпазымыздың өзі де отырғанын тұрғанын ғана емес, төсекте жатқанын да жұртқа паш ете бастады. Артистің өнері ғана емес, төсенішінің түр-түсі, шашының жуылмағаны, әйелінің қылығы да сөзуарлардың сүзгісінен күнде өтіп жатыр. Танымал әнші ағамыздың әйелінің киімі мен бояуы да, анау актердың біріші әйелінің қылығы екіншісінен асып түсетіндігі де, анау інішектің «тоқал» алатыны да, қойшы әйтеуір, бәрі-бәрі көзден таса қалмайтын болды. Өнерпаздың өзі де өлетін жерін білмей, өресіне қарап сөйлемей, «деп» қойғаны да, бүкіл елдің көзінше бірдеме «жеп» қойғаны да дереу бүкілхалықтық нысанаға айналады. Олардың бәрі аз болғандай тойда жүріп неше түрлі ерсі қылығымен, тойдан кейінгі бүлдірген былығымен де көпшіліктің «көзайымына» айналып жатқандары қаншама!?

Заман талабы солай екен, жарайды, тойға барма демейміз, бара ғой. Бірақ, артист деген атқа лайық болып қала ғой! Оқылып, қызығы кеткен кітап сияқты болып, бір бұрышта жатқан өзіңе ұнайтын болса, мейлің. Бірақ, қайдам, елеусіз болуға ұмтылатын өнерпаз көргемін жоқ. Ал, елеулі болғың келсе айқара ашыла бермеген дұрыс ау.

Иә, келісемін, кейбіреуміз «халыққа қарапайым, өз баласы» болып көрінгіміз келеді. Тіпті ол мінезі жасанды емес, тәңірдің берген мінезімен сондай болып жүргендеріміз де аз емес. Айналып кетейіндер, баяғы Әнуар Молдабеков, бүгінгі Досқан Жолжақсынов ағаларымыз халықтың басынан секіріп кеткен жоқ! Өздерін белгілі шеңберде ұстай білді, қазан-ошағын, көрпе-жастығын көпшілікке ашып көрсетпесе де елдің құрметіне ие, «қарапайым, халықтың баласы!» -деген атаққа да ие солар!

Күнде тыр жалаңаш суретіңді елдің көзіне тықпаламасаң халық сені ұмытып кетер деп ойлайсың ба? Дөрекі есепке жүгінсек, 15 миллион қазақтың 5 миллионы қазақша телевизор көрмейді, тағы 5 миллионы қазақша түсінбейді. Қалған 5 миллионның жартысы сені танымайды! Ал, енді 2,5 миллион қазақтың есінде адам болып қалу үшін ақылдан безіп не керек? Өзіңнің ішек-қарныңды өзге біреу жуылмаған қолымен ақтарып отырғаны саған несімен ұнайды?

Егер бұл әсіре жариялылық жастардың ғана ісі болса «жастық қой»- деп, қол сілтеуге болар еді. Амалдың жоғы, менің замандастарым да, бізден сәл үлкен буын да осы дерке шалдығып жатыр.

Әріптестер, кейбіреуміз танымалдықтың тауына шығып, жоғарыдан қарап тұрған сәттеміз. Өзіміз шәкірт тәрбиелеп жүрміз. Оларға қандай тәрбие береміз? Менің ұстазым Тұңғышбай Жаманқұлов «Сахнадағы актер көрерменнен бір саты жоғары тұруы керек!» — деп ақыл айтатын. Біздер соған сену үшін ол өзін солай ұстады! Сонысы үлгі болды!

Сахнаға шыққан, экраннан көрінген әрбір сәті жұртқа үлкен мереке сыйлап жүрген Бекжан Тұрыстың да әлеуметтік желіде болсын, өмірде болсын қылығы өсек болып, жүрісі «кесек» болып жатқан жоқ. Ел алдында сөз алса көргенді көсемдігін көрсетіп, шешендігін білдіріп жатады. Айналайын әріптестер, дәл солай болып жүрсеңдер тақтарыңнан түсіп қалмайсыңдар ғой енді!?

Әлеуметтік желідегі ырбың-жырбың мен ғаламтордағы жыртың-тыртыңдарың тек қазақтың көзіне түсіп тұрған жоқ, «үй сыртында кісі бар», өзгелер де соны қарап, өздерінің бағасын беріп жүр ау деп ойланайықшы бір?!

Жоғарыда айтқан 2,5 миллионның жанында өсіп келе жатқан тағы да 2,5 миллионы бар. Соларға қазақ өнеріне қызмет етудің сауатты, салиқалы, мәдениетті жолын көрсетейік ағайын! Бұл Сіз бен біздің міндетіміз!

Қазастанның еңбек сіңірген қайраткері, Асқар Наймантаев.

Осыған ұқсас жазбалар:

Ұстаз үнісындарлы оқыту теориясы мен тәрбиенің 12 бағытын ықпалдастыра отырып, адами құндылықтары дамыған оқушы тәрбиелеу

Қазақ тіліТеатырға саяхат

Тәрбие жоспарыТәрбиенің тұжырымдамалық негіздері

БаяндамаОтаншылдық отбасынан басталады

Өзін өзі тануҚБТУ-де Асқар Наймантаевпен кездесу өтті.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1152281

Пікірлер (5)
Таланттар мектебі # 12 наурыз 2015 в 19:54 +1
""
Сурет кішірейтілген. Түпнұсқада көру үшін шертіңіз.
Нургиза Кульджина # 18 наурыз 2015 в 11:52 0
Сіз айтып отырған жағдайларды ешкім де айтып тоқтата алмайды, бірақ ондай өсектерден қазір адамдар шаршаған, ондайды оқығысы келмейді, солай біртіндеп өзінен өзі жоғалар деген ойдамын.
Айман Жексенбаева # 18 наурыз 2015 в 21:10 0
Рахмет, сіздің мақалаңыз тек әртіс тәрбиелеу ғана емес, ұғынғанға адамзаттарды тәрбиелеуге әбден болады деп ойлаймын. Ісіңіз оңға бассын.
Базаргул Агимбекова # 28 маусым 2015 в 23:06 0
Мақалаңыз орынды, болашақ өнер адамдарына керегі болар, өнеріңіз өрге бассын, биіктерден көріне беріңіз.
Базаргүл Алтынбекқызы # 18 сәуір 2016 в 21:11 0
Қазақ жастарына өнердің сан қырларын меңгертуге құмар екенсіз, айтқан пікірлеріңіз орынды деп ойлаймын.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар