Дене тәрбие сабағындағы ұлттық ойындардың алатын орны

20 ақпан 2016 - Газиза Бекишева

Дене тәрбие сабағындағы ұлттық ойындардың алатын орны

Азыханов Нурлан Талгатович

дене тәрбиесі пәні мұғалімі

ҚазҰӨУ дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат

 

             ХХІ – ғасыр білімділер ғасыры болғандықтан бүгінгі таңда заманымызға сай зерделі, ой — өрісі жоғары, жан – жақты дамыған ұрпақ қалыптастыру мемлекетіміздің алға қойған аса маңызды міндеті болып тұр. Тәрбие мен білімнің алғашқы дәні – мектепке дейінгі тәрбие ошағында беріледі. Бала денсаулығының мықты болып, қозғалыс, дене құрылысының дұрыс жетілуі мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады.

             Ұлттық ойындар – қазақ халқының ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын — сауықтардың бір түрі. Оның бастауы алғашқы қауымдық қоғамда шыққан. Ұлттық ойындар негізінде әр халық түрлі – түрлі жаттығулар жасау жолымен дене шынықтыру ісінің негізін салды. Бертін келе шынайы спорт ойындарының шығуына түрткі болды. Оның адам денсаулығына жақсартуда пайдалы аса күшті екені қилы.
              Ұлттық ойындар – ата – бабаларымыздан бізге байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан, үйренудің күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, ұштаса береді.
                В.А. Сухомлинскийдің сөзімен айтқанда: Ойынсыз ақын – ойдың қаншалықты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жастықшақ өмірімен ұштастырып, өзін қоршаған, дүние туралы түсінік алады.
Ойын дегеніміз – ұшқын, білімге құмарлық пен еліктеудің маздай жасаған оты. Міне, ойын дегеніміз- тынысын кең алысқа меңзейтін, ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиялмен қанат беретін осындай ғажап нәрсе ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы.
        Дене тәрбиесі іс -әрекеті мазмұны негізінен қимылды, ұлттық ойындардан тұрады. Ойын кезінде жасалатын қимыл-қозғалыстар балалардың ептілік, шапшаңдық, күштілік, батылдық, төзімділік қабілеттерін дамытады. Денсаулығын нығайтып, ақыл – ойын өсіреді. Ойын барысында балалар бір-бірімен жақын араласып, тату, ұйымшыл болып өседі.

Сонымен бірге ойын ойнау негізінде бала:
— көңілді болып жақсы демалады;
— денесі қимылдап, бойы сергейді, миы тынығады;
— ойынға қатысушылар бір-бірін тез түсінеді, ұйымшылдыққа үйренеді.

Ойынды ойнату мен үйретудің мақсаты:
— ұлттық ойындар дене шынықтыру іс-әрекетінде кең қолдана отырып, балалардың дене тәрбиесін дұрыс жолға қою, спорттық шеберліктерін, мүмкіндіктерін арттыру;
— қазақ халқының ерлік-жауынгерлік тарихын ұрпаққа ерліктің өшпес үлгісін қалдырған хас батырлардың өмір өнегесімен таныстыру, өз жерін, өз елін қорғай алатын ел жанды, ұлттық намысы мол жігерлі бүлдіршіндерді тәрбиелеу;
— жас ұрпақты өздігінен білім деңгейін көтеруге үйретіп өзін-өзі тәрбиелеуге дағдыландыру.


Ұлттық ойын ойнатудың негізгі мақсаты :
    балалардың денсаулығын нығайту;
    денені шынықтыру;
    мәдениетін қалыптастыру;
    өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі жетілдіру.

Ойынды ойнату мен үйретудің міндеттері:

    қажетті дене қозғалыс дағдыларын, танымдық-қозғалыс белсенділігін арттыру;
    қалыптастыратын дене жаттығуларының негізгі түрлерімен балаларды таныстыру;
    денсаулықты нығайтуға бағытталған қозғалыс әрекеттерімен дене жаттығуларының негізгі түрлерін балаларға меңгерту;
    қызығушылығын қалыптастырып дамыту;

      Оқу іс-әрекеттерінде бағдарламаның мазмұнына қарай сергіту жаттығулары ретінде қолдануға болады.
Ойын – баланың, бүкіл балалар коллективінің дамуында басты роль атқарады. Балаларға ұлттық ойындар арқылы халқымыздың тарихын, мәдениетін таныстыру қолға алынғанОйынның шығу тарихына шолу жасауда көңіл аударатынымыз ол еңбекпен, өнермен, қоршаған ортамен тығыз байланыста дамыған, яғни ойынды өмірден ажыратып қарай алмаймыз. Балалар тек ойнап қана қоймайды, сонымен бірге ойлайды, аңғарады, көп нәрсені білуге, зерттеуге талпынады. Яғни, қазіргі заман ағымына қарай белсене қатысады. Аса көрнекті үздік педагог Н.К.Крупская қимылды ойын жөнінде былай деп толғанады: «Ойын – өсіп келе жатқан бала организмінің қажеті. Ойында баланың дене күші артады, қолы қатайып, денесі шыңдала түседі, көзі қырағыланады, зеректілігі, тапқырлығы, ынтасы артып жетіле түседі. Ойында балалардың ұйымдастырушылық дағдылары қалыптасып шыңдалады». Ұлттық ойындарымыз балаларға тәрбиелік мәнімен, дене бітімінің әсем де сымбатты болып бітуге пайдасы зор. Бір-ақ мысал келтіріп кетейін: «Қуыр-қуыр, қуырмаш» ойыны балалардың саусақ маторикасын дамытуға, тіл байлығын жетілдіруге, көңілін көтеруге қолдануға болады. Балаларды қазақ халқының ұлттық ойындарымен, ойната отырып жан-жақты тәрбиелейміз. Сонымен қатар бірнеше ұлттық ойындарды шартымен ұсынамын:

Арқан тарту.

Бұл екі топқа бөлінген балалармен немесе екі баламен ойналады. Арқанның екі жағынан екі бала немесе екі топқа бөлінген балалар тартысады. Қай топ арқанды өз жағына тартып, алып, кесе сол топ жеңіске жетеді. Екі бала тартысқанда қай бала өзіне қарай арқанды тартып екінші баланы құлатса, құламаған бала жеңіске жетеді.

Орамал тастамақ

Балалар шеңбер жасап тұрады. Бастаушы(тәрбиеші) балаларды айнала жүріп бір баланың артына орамал тастап каетеді. Артына орамалды тастағанын сезген бала менің артымда деп жауап береді. Артына орамалдың тасталғанын сезбесе ол өлең, тақпақ айтып немесе билеп беруі керек. Балалар шеңбер бойында көздерін жұмып тұруы керек. Ойын осылай жалғаса береді.

Ақсерек-көксерек.

Бұл ойынды ойнау үшін балалар екі топқа бөлінеді,қолдарынан ұстап тұрады. Ара қашықтық 20-30 қадам.
1-ші топ. Ойынды бастайды: Ақсерек-ау ақ серек
Бізден сізге кім керек.
2-ші топ Ақсерек –ау ақ серек
Жаман-жаман бала аты (бала аты) керек
Аты аталған бала келесі топқа дейін жүгіріп барып ортасынан ұстасқан қолдарды ажыратып кету керек. Егер өтіп кетсе сол топтан бір баланы тобына алып қайтады,өте алмаса сол топта қалады. Ойын осылай жалғаса береді.

Қыз –қуу

Балалар арасынан бір ер бала, бір қызды(ағаш атпен) қуады. Бала қызға жетіп қолынан ұстаса ол жеңіске жеткені. Кейде қызды 2 бала да қуады қай бала бұрын жетіп қыз қолын ұстаса сол бала жеңіске жетеді.

Түйілген орамал.

Ойын жүргізуші ойынды өзі бастайды. Ең алдымен балаларды айналасына жинап алады да «1,2,3» — деп дауыстайды. Осы кезде балалар жан-жаққа бытырай қашады. Ал ойын жүргізушісі қолында түйілген орамалы бар баланы қуалайды. Ол орамалды басқа біреуге лақтырады қағып алған бала қаша жөнеледі. Осылайша ойын жүргізіледі, түйулі орамалды алғанша қуалай береді. Ұсталған ойыншы көпшілік ұйғарымымен ортада тұрып өнер көрсетеді. Одан кейін ойын жүргізуші ауыстырылады. Ойын ойнап болған соң балалар шеңбер жасап тұрады.

Соқыр теке.

Балалар дөңгелене тұрады. Бір баланың көзі байланып қойылады.
Балалар: Бота, бұзау, қозы, лақ
Қайда кеткен құлыншақ
Соқыртеке бақ-бақ
Мені ізден тап-тап
Деп тақпақтайды.
Содан кейін Соқыртеке (баланың көзі байлаулы) балаларды қуалайды немесе балалар оның жанына келіп түртіп қашады. Соқыр теке ұстап алған баланың көзі байланады да ол «Соқыр теке» ролін атқарады. Ойын осылай жалғаса береді.

Сақина жасыру

Ойынды өткізуші және сақина жасырушы бала белгіленеді. Қалған ойыншылар жерге отырып тізілерінің үстіне алақандарын жаяды. Бастаушы жабулы қолын әрбір ойыншының алақанына салысымен, ол бала алақанын жаба қояды.Бастаушы бір баланың алақанына сақина салысымен, ойыншылардың біреуінен-«Сақина кімде»-деп сұрайды. Ол сақинаның кімде екенін білсе сол баламен орнын ауыстырады. Ал білмесе ол өз өнерін көрсетеді. Ойын басқарушы ойынды осылай жалғастыра береді.

Хан талапай.

Бұл отырып ойналатын, негізінен қыз балаларға арналған ойын.Оған төрт-бес үміткерден қатысады.Ойын үшін он асық таңдап алынады.Он бірінші асықтардан ерекше өзге түске (қызыл, не көк) боялған болуы шарт бір-бірден асық үйірусіудің қорытындысы бойынша ойыншылар кезектерін бөліседі.Бұдан соң алғашқы ойыншы қос уыстай ұстаған бар асықты ортаға үйіруі керек.Қалған ойыншылар аңдысын аңдап өзге асықтардан ерекшеленген «ханға» қадалады.Себебі, хан алшы түссе, барлығы тарпа бас салып, ортадағы асықтарды, хан талапай жасауы тиіс.Хан кімнің қолында кетсе, келесі үйірі кезегі соған беріледі екен, хан мен бірге қолына ілінген асықтардың санына қарай ұпай жазылады. Хан алшы түспеген жағдайда үйірген ойыншы шашылған асықтардың бүгі мен бүгін, шігі мен шігін, алшысымен-алшысын тәйкесімен мен тәйкесін бір-біріне соғып, кенейлер бір-біріне тимей қалғанша ұпай жинайды.Көздеген асығы үшінші бір асыққа тиіп кетсе, немесе бөгде асықты қозғап қалса да, ойынның бұзылғаны.Онда кезек келесі ойыншыға беріледі.Осы ретпен әр ойыншы жинаған асығының санына қарай ұпай жинайды. Межелі ұпай санын (100 не 50 немесе 80-40) ойын жүргізуші алдын ала белгілейді.Межеге бұрын жеткен ойыншы жеңімпаз болып саналады. Ескерту: Асықтарды бір-біріне тигізу кезінде қолмен сүйретіп апаруға, орыннан қозғап түзетуге бол майды.Ойынның соңына дейін ханға бірде- бір асық тимеуі керек.Себебі ол –хан.


Әдебиеттер.

    Кел, балалар, ойнайық! – Алматы «Арда» 2006 ж.

    Қазақтың ұлттық ойындары – Алматы «Рауан» 1991 ж.

    «Балбөбек» бағдарламасы бойынша педагогикалық жұмыстарды ұйымдастырудың ерекшеліктері – Алматы «Арда» 2006 ж.

    Ақ сандық, көк сандық – Алматы «Жазушы» 1988 ж.

Осыған ұқсас жазбалар:

Қазақ тіліҰлттық ойындар атты ашық сабақтың жоспары

Іс-шара мәліметтеріҰлттық ойындар сауық кеші

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1115522

Пікірлер (2)
Нургиза Кульджина # 22 ақпан 2016 в 09:35 0
Ұлттық ойындардың ішінде дене шынықтыру сабақтарында арқан тарту ойыны көбінесе ойналады. Әрі жеңіл, әрі қызықты.
Баяндамаңыз жақсы.
Базаргүл Алтынбекқызы # 27 ақпан 2016 в 10:51 0
Қазақтың ұлттық ойындарын жас ұрпақтың бойына дарыту міндетіміз. Бірнеше ұлттық ойын түрлері берілген екен, денсаулыққа пайдалы, рахмет!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар