Шығармалардағы күрделі штрихтармен (қағыстармен) жұмыстану

23 наурыз 2016 - Yerlan Karatayev

Сабактың тақырыбы:   «Шығармалардағы күрделі штрихтармен (қағыстармен) жұмыстану»

Мақсаты: Домбырашылық орындаушылық шеберлігін жан-жақты жетілдіре отырып,  дәстүрлі күйшілік өнердің қыр-сырларын шебер қолдана білу, оның қасиетін түсіндіру. Сабаққа жауапкершілікпен қарауға және ұқыпты болуға үйрету.

Дамытушылық:  Күрделі қағыстарды талдау әдістерімен, орындаушылық  дәстүрдің қырын ашып, түсіндіру.

Сабақтын әдіс – тәсілдері: Түсіндіру, ойнап көрсету, сұрақ – жауап, қолма – қол ескертпелер, оқушының қабылдау қабілетін бақылау.

Оқытудың техникалық құрал – жабдықтары: домбыра, пульт, үнтаспа, ноталар.

Сабақтын барысы:

I. Ұйымдастыру кезеңі:

— Сәлематсың ба?

    Бүгінгі ашық сабақ тақырыбы «Шығармалардағы күрделі штрихтармен (қағыстармен) жұмыстану»

Сабақ   4-сынып оқушысы Аманбай Рахатпен өткізіледі.

II. Техникалық жаттығу кезеңі:.

Ең негізгі бізге белгілі қағыс түрін G – dur гаммасында ойнату.

      III. Үй тапсырмасы: Қ. Ахмедияровтың «Атырау » күйін берілген тапсырма бойынша талдау. Нақышына келтіре орындау. Таза, анық ойнау.

Күй мәтіні толық ойнатылып, оң қол қимылдарына, динамикалық белгілерге, дыбыс күшін үнемдеу жолдарымен жұмыстар жүргізу. Орыстың халық әні « Ах вы сени, мой сени » шығармасын толық орындау. Ондағы оң қол штрихтарына тоқталып өту.

       IV. Жаңа сабақ: Бүгінгі жаңа сабағымыздың тақырыбы: «Шығармалардағы күрделі штрихтармен (қағыстармен) жұмыстану». Біз бұған дейін шағын шығармалар мен күйлерді төмен-жоғары жай қағыстармен, яғни қара қағыспен орындап келдік. Сонымен қатар қағыстың әр өңірге сай көптеген түрлері бар. Шашырама қағыс, шалу, дікең, тіреп, ілме, тұтпа, адай, бапас, бұқтырма, мүкі, іркіп, өкше, сипай, теріс, толқындама, тырнама, бүгілме, түйдек, сілкіме, науша, ұрлық т. б. қағыстар. Олардың өзі топталып былай бөлінеді: Ілме қағысқа: абыл, сүйретпе, ілме қағыс; Төре қағысқа: бапас, науша, төре; Тұтпа қағысқа: бұқтырма, іркіп, бөгеме, тіреп қағыс; Қара қағысқа: біркелкі, алма-кезек, қара қағыс, орама қағыс; Шапқын қағысқа: шапқын, толқындама; Сипай қағысқа: жалаң, сипай, мүкі қағыстар. Енді біз бұл қағыс түрлерінен бұрын, штрих ұғымына тоқталайық.

 Штрих неміс тілінен-дыбыс шығару тәсілдері боп аударылады. Штрихтың жие пайдаланылатын мынадай түрлері бар: пиццикато, тремоло, қос пиццикато, стокатто, т. б. Бұндай перне басу, дыбыс шығару, т. б. әдіс-тәсілдерді фортепианомен қосылып шығармалар орындауға байланысты қолданылады. Қазір біз осы аталып өтілген күрделі қағыстармен штрихтарға қысқаша тоқталып өтеміз. Қағыстың белгілері П және V-болып жазылатынын біз білеміз. Қара қағысқа мысалы: ПVПV, ППVV, ПVV, ППVП т.с.с, жатады. Сонымен бірге қағыстың мынадай түрлері болады. (оң қолдағы домбыра ойнаудағы шартты белгілерінің суреттерін көрсетіп, таныстыру).

Шығармаларда оң қол саусақтарымен ішекті шертіп қағу-пиццикато штрихы деп аталады. Ол екі әдіспен орындалады. 1-бас бармақпен төмен қарай орындау(1-жаттығуды орындау). 2-сұқ саусақпен төмен және жоғары қарай орындау( Этюд Т. Шүкіров үзінді ойнау). Келесі тремоло штрихын меңгереміз. Тремоло (итал.-дірілдеу)-бір немесе бірнеше дыбыстың өте жиі қайталануы. Ол дыбысты ұзақ ұстап тұру үшін немесе әуенді әрлеу үшін қолданынылады. Домбырада тремоло штрихы түрлі әдіспен орындалғанымен, негізінен оның екі түрі қолданылады.1. Жеке сұқ саусақпен орындау. Бұл тремолоны бомбыраның шанақ түбіндегі түйме тұсынан оң қол білегімен қаусыра ұстап, алақанды төмен қаратып орындау керек. 2. Сұқ саусақ пен бармақ арқылы ойналатын тремололар қолдың әр түрлі қимыл қозғалысымен орындалады. Мәселен, тремоло штрихының бірінші түрінде қозғалыс саусаққа берілсе, екіншісінде буынға беріледі. («Елім-ай» қазақтың халық әнін ойнау үзінді). Буынмен ойнауға 3-жаттығу ойнау. Сабақ басында аталған бір-екі күрделі қағыс түрлерімен танысайық:

1. Ілме қағыс. Сұқ саусақпен төмен, бармақ және сұқ саусақпен жоғары қағылатын қағыс ілме қағыс-деп аталады («Адай ілме күйі»  Қазақтың халық күйі  (үзінді)).

2.Тұтпа қағыс. Қағыстан соң немесе қағыстан бұрын ішекті саусақтармен тұтып қағу тұтпа қағыс- деп атаймыз. Оның ішекті саусақтардың сыртымен не ішімен тұтып орындайтын көптеген түрлері кездеседі: а)жеке сұқ саусақпен төмен қағып, сыртымен тұту: «Құстар» Ф. Әміров. ә) жеке сұқ саусақпен жоғары қағып, ішімен тұту: «Секіртпе» Тәттімбет. б) саусақтарды біріктіріп, ішімен тұту: «Бұқтым-бұқтым» Құрманғазы. в) саусақтарды біріктіріп, сыртымен тұту: «Әсем қоңыр» Дина Нұрпейісова.

Қос пиццикато штрихы-бір немесе екі ішекте орындалады: а) сұқ саусақпен-жоғары, бас бармақпен төмен орындалады. «Поэма» Е. Үсенов. ә) гитара пиццикатосы бас бармақпен-төмен, аты жоқ, ортаңғы және сұқ саусақтармен кезектей жоғары қағылады. №1 этюд Х. Тастанов және орыс халық әні «Коробейник». Бүгінгі сабағымызда домбыра аспабында дәстүрлі күй орындауда оң қолмен орындалатын әдіс-тәсілдерді, қағып тарту, шертіп тарту, іліп тарту түрлері және басқа да штрих түрлерімен таныстық.

V.Бағалау:  Сабақ сонында оқушының музыкалық сауаттылығы, зеректігі ескеріліп бағаланады.

VI. Үй тапсырмасы:

1)Қ. Ахмедияровтың «Атырау» күйін орындауда темпін бәсеңдетіп,  таза ойнап, бірнеше рет қайталап алу.

2) Орыс халық әнін  «Ах вы сени, мой сени» шығармасын аяғына дейін толықтай шығарып келу. Әр бөлігін динамикасына қарап, орындалу ерекшеліктерін ескере отырып орындау керек.

3)Жаңа сабақтағы күрделі қағыстар мен штрихтарды меңгеру.

VII. Қорытынды. Оқушы сабақ барысында белсенділік танытып, аспапты ойнауда шеберлігін, дайындығын көрсете білді. Бастауын әріден алған сан салалы күй өнеріміз өзінің дер биігінде, келісті кейпінде. Ал бұрынғы күй дәстүрі аясында дамып, жаңа белес, жаңа үрдіс күй құдіретінің өміршеңдігін дәлелдейді.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1141141

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар