Мәңгілік қобыздың сарынын әлемге мәшһүр еткен қыз

23 мамыр 2014 - Несипкул Утебаева

Несіпкүл Өтебаева,

Түркістан қаласы

Мәңгілік қобыздың сарынын әлемге мәшһүр еткен қыз


Әлемдік сахна төрінен көрініп жүрген, сонау ықылым дәуірдегі Қорқыт бабамыздан қалған асыл мұра – қылқобыздың құдіретті, сиқырлы, ғажайып, әуезді үнін қайта жаңғыртып, өнер сүйер қауымға түрлі жанрда шеберлікпен жеткізіп, өз заманының ұраншысы атанып,ұлттық қобыздың құлағында ойнап жүрген жасындай жарқыраған арқалы өнер иесі ол– Ақерке Тәжібаева Жұмаділлақызы. Ол киелі де рухани астанамыз – Түркістан қаласының төл перзенті.

Ақеркенің өнер өлкесіндегі жеткен жетістіктері толағай-теңіз.Ол Германия, Корея,Қытай, Литва, Венгрия, Молдова, Түркия және т.б. шет мемлекеттерде өз өнерін көрсетіп қайтқан.Халықаралық және Республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. «Өнер алды – қызыл тіл» дегендей, ол сөз өнеріне де үлкен мән береді. Тіпті, осыған орай, «Тіл тағдырының өнермен байланысы»тақырыбында ғылыми жұмыс жазып, оны қорғап шыққан.Ол көркемсөз өнерін де жетік меңгерген жан.Ақерке шешендік сөзден түйін түйген ,ұлттық мәдениетіміздің алтын діңгегі – қылқобыздың сарынын биікке көтеріп,әдемілік әлеміне жеткізе білген өнер майталманы. Тіпті, бейнелеу өнері де оған жат емес. Бейнелеу өнері саласы бойынша Түркияда өткен байқауда жүлделі орынды иемденген.Әншілік өнеріне шолу жасасақ, оның әншілік қыры өз алдына бір төбе. Сан қырлы жетістіктері жайында сыр шертуді арғымақ-болашақтың еншісіне қалдырайық. Ұлттық салт-дәстүр,әдет-ғұрпымыздың кәусар бұлағынан нәр алған Ақеркені «сегіз қырлы, бір сырлы жан» десек те болады. Оның осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерінен биік тау тұрғызуға болады.Табиғатында асыл нұрдан жаралған Ақерке рух нұрының шапағын халқына тарата білуде.Оның рухани өсуі тікелей қобызға байланысты.Көкірек көзі ояу,қобыздың сарынын жүрек көзімен ұғынатын Ақерке ақыл көзімен рухани ілімдерді саралап халыққа жеткізіп жүр.Оның рухы күшті,әрі таза болғандықтан, ол, бойына мейірім, ынсап, әділет, ар-намыс, жігер-қайрат деген қасиеттерді бойына сіңірген.Оны өнерді жан тәнімен сүйетін, нағыз рухани ілімді меңгерген кемеңгер жан дерсің.Оны ұлттық ізгі сезімде періштедей пәк еткен — қылқобыз аспабы.VІІІғасырдан қалған қобыздың сыр-сипатын түсініп, онымен тебірентетін күйлер ойнау – Ақеркенің еншісіне бұйырыпты. Ойлап қарасаң, Ақерке мәдени мұраны қазіргі заманға жеткізуші — өнер елшісі іспеттес. Әрине, бұл – Ақеркенің өнердегі тағдыры.Қорқыт атадан қалған асыл мұра – қылқобызды өзіне серік етіп, оның қыр-сырын игерген талдырмаш, лағылдай Ақеркенің жетістігінің сыры — оның өнер жолында жанкештілікпен аянбай еңбек етуінде. Ол – шынайы өнерімен, өзіндік үн, бояу-нақышымен, айқын ұлттық сипатымен жастарымызға саналарының ұлттық бағытта дамуына ықпал етіп, қоғамның даму процесіне өзіндік қолтаңбасымен сүбелі үлес қосып, Елбасымыздың «Мәдени мұра» бағдарламасын насихаттап жүрген ізгі жан…

«Адамның адамшылығы ақыл, таным, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп, Абай атамыз айтқандай, Ақеркенің анасы – Гүлбахрам, әкесі – Жұмаділла жөнінде айтар болсақ, олардың перзенттеріне берген тәлім- тәрбиесі – рухани қазына дер едік. Оның бағы жанып,өнер жолындағы ұстаздары да осал болмады.Атап айтсақ, Алматыдағы А.Жұбанов атындағы мектептегі ұстазы – Ж.Әбдіманап, консерваториядағы ұстазы – профессор Б.Қосбасаров.

Түркістан топырағынан жаралған Ақеркеге: «Сонау ықылым заманнан қалған жәдігеріміз – Қорқыт, Ықылас күйлерін әлемге танытып, асқаралы асуларды бағындырып, жаңа белестерде олжалы болып, биік шыңнан көріне бер! Асыл қазына – қылқобызбен халқыңа қызмет жасап, рухани күшің сарқылмай, абыройың асқақ, мерейің үстем болсын!»демекпіз.

Несіпкүл Өтебаева,

Түркістан қаласы

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1124329

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар