Қазақ отбасындағы бала тәрбиесі

18 сәуір 2016 - Асхат Кусаинов

“ Әке – шеше, ұл, қыз – бәрі қосылып отбсын құрайды. Олар бір үйде тұрып бірге өмір сүреді. Отбасы әр адамға жылы ұядай қадірлі. Ондағы әр адам бір – бірін сыйлайды. Біріне – бірі жәрдемші, қамқоршы, көмекші болады.” – деп партада отырғн бүлдіршіндерге түсіндіріп жатамыз. Шынында, отбасы – адамзат қоғамының ең шағын бейнесі.

"Анаға қарап қыз өсер, әкеге карап ұл өсер" демекші атам қазақ бала тәрбиесіне сонау заманнан бері аса көңіл бөлген. Қазақ халқы да баласын үйлендіріп, қызын ұзатқан соң олардың ендігі тілейтіні бала-шағалы болуы. «Балалы үй — базар, баласыз үй — мазар» демекші, сәбилі жанұя қашанда береке мен қуанышқа толы болады. Тәңірдің берген таптырмас сыйын қазақ халқы қалай тәрбиелейді? Осы жайлы сөз етер болсақ.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өзінің зарыға күткен перзенті дүниеге келгендегі тебіренісі әр адамның ұрпақ сүйгенде бастан кешетін сырлы сезімін бейнелегендей:

Иә, Алла көрдім бе, көрмедім бе?!

Иә, Тәңірім, бердің бе, бермедің бе?!

Шырылдаған үніңнен айналайын,

Шыныменен өмірге келгенің бе?!

Қызым болсаң – қырымда құралайсың,

 Ұлым болсаң – ұлы бір мұрадайсың.

 Естисің бе, есі жоқ, ей, дүние,

 Менен неге сүйінші сұрамайсың?

Иә, ақын толғанғандай, күллі әлем сүйінші сұрайтындай қуаныш қой бұл. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханамен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Аяулы анасы бөбегін әдемі әлдиімен сусындатып, ардақты әженің ертегісін тыңдатып, әкенің қамқорлығына бөленген бала болашақта нағыз халқына қалаулы, еліне елеулі болады деп сенген. Іңгәлап, дүние есігін ашқан соң бала аппақ парақтай пәк болары анық. Ал сол ақ параққа ақпарат берер — ата-ана, қоршаған орта. Сол себепті ұрпақ тәрбиесі – қай кезде де маңызды мәселе.

 «Тәрбие» деген сөз араб тілінен аударғанда, «көктету, өсіру, жетілдіру» деген ұғымды береді. Яғни, сәбидің болашағы осы алған тәрбиесіне тікелей қатысты болары хақ. Осы жөнінде ақын әрі педагог Мағжан Жұмабаев: «Тәрбиеден мақсұт – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса, барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиеден мақсұт – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару» — дейді. Демек, баланы тәрбиелеудегі мақсат – оны жан-жақты кемелдендіріп, қоғамға пайдасы тиетін азамат етіп қалыптастыру. Дана қазақ ұрпаққа тәрбие беру жолында еш аянып қалған емес. Ең алдымен, дүниеге қыз келсін, ұл келсін қуана қарсы алып, сол шаттығымен жақындарын шақырып, ақ дастархан жайып бөліскен. Шілдехана, тұсаукесер, сүндет той сияқты мерекелерді бірінен соң бірін жасап, әдет-ғұрыптарды орындап отырған. Ер баланың тәрбиесін әкесі не үлкен ағалары жауапкершілікке алса, қыз баланың әдепті, иманды, ибалы болып өсуін анасы мен әжесі немесе әпкелері қадағалаған. Оның іс тігіп, тағам дайындай білуін, ұқыпты болуын әрдайым санасына құйып, үйретіп отырған. Ер баланың келешекте нағыз ер азамат болуы, елін қорғап, адал қызмет етуі үшін әкесі жанын салып үйретуге тырысқан. Ат құлағында ойнайтын, қамшы өрудің шебері болатындай етіп тәрбиелеген. Ылғи ұл-қызының санасына кішіпейіл, қанағатшыл, қамқор, ізетті бол деп жалықпай айта берген. Үлкеннің алдынан кесіп өтпеуді ұқтырған. Бұл біздің халқымыздың жазу-сызу әлі дұрыс дами қоймаған дәуірлерден бері келе жатқан даналығы. Өскелең ұрпақтың иманды болуына баса назар аударып, Құдайдың құлы, Пайғамбардың үмбеті екенін есіне салып отырған. Оған бір ғана дәлел, баланың өмірге келгенде арнайылап молдаға азан шақыртып ат қойдыруы. Сонан соң әр жұма сайын мешітке алып барып, Алланың үйін көрсетуі, құлшылық жасатуының өзі тәлім-тәрбиенің қайнар көзі болып саналады. Мұның барлығы ұрпағының болашақта бақытты өмір кешуіне апарар жол деп түсінген. Егер бала отбасында лайықты тәрбие көрсе, келешекте ата-анасын бағып-қағатын, бақытқа бөлейтін, әке-шеше қария болған шағында далада қалдырмайтын парасатты ұл-қыз болатыны ақиқат. Бұл ата-ананың қол жеткізген армандарының бірі болып табылады. «Не ексең, соны орасың» дегендей, отбасы, ошақ қасында сәби қандай тәрбие көрсе, оның алдағы өмірі сондай болмақ.

Осыған ұқсас жазбалар:

Тәрбие жоспарыТәрбиенің тұжырымдамалық негіздері

Ұстаз үнісындарлы оқыту теориясы мен тәрбиенің 12 бағытын ықпалдастыра отырып, адами құндылықтары дамыған оқушы тәрбиелеу

ҰстаздарғаИмандылық-адам көркі

Қосымша пәндер«Құпиясы жоқ болса, өнердің құрметі де жоқ»

БаяндамаОтаншылдық отбасынан басталады

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1096880

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар