​ЕҢ КЕРЕМЕТ ҰСТАЗ

22 ақпан 2015 - Админ
​ЕҢ КЕРЕМЕТ ҰСТАЗ

Оқу жылының басында алтыншы сыныптың жетекшісі өз шәкірттерінің алдында тұрды. Ол балаларға бір рет көз тастады да, барлығын бірдей жақсы көретінін және оларды көргеніне риза екенін айтты. Бұл, әрине, жалған болатын, өйткені алдыңғы қатарда мұғалім жақсы көрмейтін бір бала бүрісіп отыр еді. Басқа оқушылармен сияқты онымен де былтырғы оқу жылында танысқан. Сол кездің өзінде-ақ ол баланың өз сыныптастарымен ойнамайтынын және киімінің лас екенін, ешқашан жуынбағандай иіс шығатынын бақылаған болатын. Уақыт өткен сайын мұғалімнің бұл оқушыға деген көзқарасы нашарлай түсті. Оның жазба жұмыстарын қызыл қаламмен шимайлап, екі қоятын жағдайға да жетті.

Бір күні мектептің оқу жөніндегі орынбасары алтыншы сынып оқушыларының мінездемесіне талдау жасауды тапсырды, мұғалім сүйкімсіз оқушының мінездемесін ең соңына қалдырды. Ол баланың мінездемесін қолына алған кезде төбесіне мұздай су құйып жібергендей болды.
Бірінші сыныпта оқытқан мұғалім: «Бұл көзі нұр шашқан керемет бала. Үй тапсырмасын таза және ұқыпты орындайды. Оның мұғалімі болу да үлкен мәртебе», — деп жазыпты.
Екінші сынып мұғалімі ол туралы: «Ол ғажап оқушы, оны жолдастары да сыйлайды, алайды отбасында проблема бар: мамасы айықпас дертке шалынды. Шамасы оның үйдегі өмірі өлім мен күреске айналған сияқты», — деген екен.

Үшінші сынып мұғалімі: «Анасының өлімі оған өте ауыр тиді. Бала барынша тырысады, бірақ әкесі оған еш көңіл бөлмейді. Егер бір шара қолданылмаса, оқуы нашарлап кетуі мүмкін», — деп мінездеме беріпті.
Ал төртінші сынып мұғалімі: «Баланың оқуға құлқы жоқ. Достары да жоқ. Сабақ үстінде жиі ұйықтап қалады», — депті.
Мінездемені оқып болған мұғалімнің жүрегі сыздап кетті. Жаңа жылда барлық оқушылар оған жылтырақ қағазбен оралған сыйлықтар әкеліп құттықтап жатқанда, ол бала мыжылған қоңыр қағазға оралған түйіншекті қолына ұстатты. Кейбір балалар күле бастағанда, мұғалім түйіншекті ашып ішінен бір көзі жетпейтін білезік пен түбінде азғантай ғана қалған иіссуды алып шықты да:
— Қандай керемет білезік! – деді де, құтыны ашып, әтірден аздап үстіне септі. Оқушылардың күлкісі сап тыйылды.
Сабақ соңында бала жанына келіп, ақырын ғана:
— Бүгін сізден менің анамның иісі шықты, — деді.
Бала шығып кеткен соң мұғалім ұзақ жылады. Осы күннен бастап ол тек математиканы, әдебиетті оқытып қана қоймай, балаларды мейірімділікке, жанашырлыққа оқыта бастады. Біршама уақыт өткеннен кейін сүйкімсіз оқушысы өмірге орала бастады. Оқу жылының соңында ол үздік оқушылардың біріне айналды. Мұғалім оқушылардың барлығын бірдей жақсы көрем деп айта бергеніне қарамастан, шындығында ол тек қана бір баланы жақсы көретін.
Бір жыл өткеннен кейін ол өз қағаздарының арасынан хат тауып алды. Ашып қараса, бала «Сіз менің өмірімдегі ең керемет ұстазсыз!»,-деп жазған екен.
Тағы да бес жыл зулап өте шықты. Бұл кезде мұғалім басқа сыныпқа ауысқан еді. Сөйтсе бұрынғы оқушысы өзінің ең жақсы ұстазы болып қала беретінін жазған екен.
Тағы да төрт жыл өткеннен кейін мұғалім өз оқушысынан хат алды. Онда өзінің колледжді жақсы бітіріп, университетке түскенін бірітгенін және өміріндегі ең жақсы көретін ұстазын сағынып жүргенін айтыпты.
Уақыт зулап өтіп жатты. Күндердің күнінде мұғалім өз оқушысынан тағы бір хат алды. Оқушысы университетті жақсы бітіргенін, әкесінің екі жыл бұрын қайтыс болғанын және жақсында үйлену тойы болатынын хабарлапты. Бала өзінің сүйікті мұғалімін өз тойында ата-анасы отыратын жерден көргісі келетінін айтты. Әрине, мұғаім қуана келісті.
Той болатын күні ол баяғы бір көзі жоқ білезікті киіп, байғұс баланың есіне түсіретін иіссуды сатып алды. Алдынан жүгіріп шыққан бала мұғалімін құшақтай бергенде, мамасының иісі есіне түсіп:
— Менің осы өмірге керектігімді сезінуге, өз күшіме сенуге мүмкіндік бергеніңіз үшін сізге өте ризамын, — деді даусы дірілдеп.
Мұғалімі көзіне жас алып:
— Қателесесің, керісінше, сен мені бәріне үйреткен. Сенімен жақын танысқанға дейін мен қалай мұғалім болу керек екенін білген жоқпын..., — деді.

.

Мақала Жанат Қажығаиева атты ұстаздың facebook-тегі парақшасынан алынды.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1083509

Пікірлер (7)
Ғалия Жұманқызы # 24 ақпан 2015 в 18:20 0
Айтарға сөзім жетпейді. Жүрегімді бір өкініш пен бір қуаныш кернеді. Көзімнің жасын тоқтата алмадым. Сол баланың бақыты елімізді көркейтеді. Ал ұстаздар қауымы тура осы мұғалімнің орнында болса екен деймін.
Шынар # 25 ақпан 2015 в 21:22 0
Мұғалім ең бірінші алдында отырған оқушының жан дүниесіне үңіле білу керек. Шәкіртінің ішкі үнін тыңдай білу керек.
Майраш # 26 ақпан 2015 в 15:45 0
Мұғалім оқушының жан дүниесіне үңіле білу керек деп жиі айтып жатамыз. Алайда осы жан дүниеге үңілу ұстаздар жағынан кейде аздаааау болып жатады. Бұл ұстаз да оқушының мінездемесімен таныспаса, бұл баланы түсінбеген болар еді, түсінбей жүрді де ғой. Сондықтан ұстаздарға айтарым: балаларды алаламай бәрін бірдей көрейік. Ұстаздар арасында оқушыларды әлеуметтік жағдайына қарай бөлетін және бағаны да солай қоятындар бар ғой. Ол өтірік емес. Сол туралы әңгіме бола қалса, ұстаздар мойындағысы келмейді. "Біз үшін бәрі бірдей" дегенді айтады. Ал бәрін көпшілік, тіпті сол кластағы оқушылар да көріп отыр ғой.
Айнура Жанисбекова # 16 наурыз 2015 в 23:17 0
"Ұстаз" деген қауымды жақсы көремін.
махарбек # 26 наурыз 2015 в 01:26 0
авторға үлкен рахмет әңгімеңіз жүректі сыздатты. бұндай окушылар арамызда бар үлкен ойга калдым
Жұлдыз # 8 маусым 2015 в 19:23 0
Ең керемет ұстаз! Сіздің мақалаңыз жүрегімді тебірентті, көзіме еріксізден жас алдым. Егер дүние Кірпіштерден құралған болса, сол Кірпіштің бірін Сіз қаладыңыз. Сіз аналық мейіріміңізді төктіңіз, Сіз ең керемет ұстазсыз!
Жұлдыз # 10 маусым 2015 в 08:32 0
Жанат! Сіздің мақалаңыз жүрегімді тебірентті, көзіме еріксізден жас алдым. Егер дүние Кірпіштерден құралған болса, сол Кірпіштің бірін мақалаңыздағы Ең керемет ұстаз қалапты. Ол аналық мейірімін төкті, Ол ең керемет ұстаз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар