Аятжан Ахметжан. Білім саласындағы бизнес

16 ақпан 2014 - Аят
Аятжан Ахметжан. Білім саласындағы бизнес

Ел мен елді, ұлт пен ұлтты, адам мен адамды теңестіретін ол – білім!

Мұхтар Әуезов

Иә, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру алдағы мақсат — президент   жүктеген міндет. Мақсатқа жетер жол ұлттың сапасы, ұлт сапасын көтеру, дамыған 30 елдің ішіне енудің бірден-бір жолы. Ұлт сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі – білім.

Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады – деп, білімдіге төрден орын берген дарынды, талай ғасыр талайларды өзімен санастырған, әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидей ғұламаларды ер жеткізген қазақ ұлтының бүгінгі ұрпағының білім деңгейі неге әлем алдына түсуге қауқарсыз...?

Ұстаз деген атты ұстанып, мектеп деген жауапкершілігі мол ортада ұлт ұрпағын тәрбиелеп жүрген соң, осы ортағы оғаштықтарды түзетуге өз әлімізше әсер етуге тырыстық, бұған дейінде оқу-ағарту ісіндегі талай олқылықтарды сын тезінеде алған едік. Бүгін және бір парасын сараптап беруді мақсат тұттық.

 

Білім саласындағы бизнес

 

Білім саласын бизнестің бір түріне айналдыру әлемдік тәжірибеде бар дүние, бірақ біздегі бизнес пен өзгедегі бизнесті салыстыруға келмес, біздегі білім саласына бизнес жасап жүргендер: «қылшығын шығарам деп, былшығын шығарып алып жүргені»-  әрине өкіншті.

Қазақ қоғамында бүгін тендер дегенді бөліп алып, жеңдер деп түсінетіндер өзге салада қанша атой салсада, мейлі, білім саласына аттап баспағаны жақсы еді. Амал не? Бұл күні әр саланы өз құлқынының құлы еткендер білім саласының да былықтырғаны да жасырын әңгіме емес.

Білім саласындағы ірі бизнес – ол білім нысандарын салу, күрделі жөндеу, оқулық жазу, басу, бағдарлама жасау мен жасаған бағдарламасын енгізу. Ал сол үшін тендер дегенді теңімен жұтып, байланыс тауып байып жатқандардың ісі. Байыса байысын-ау, өңгенің ақшасын түгендемек емеспіз, тек сапалы ғимарат, бағдарлама не оқулық шықпайтынына күйінесің де. (Басты мүдде құлқын болса, ұлтын қайдан ойласын қулар) Бұл ірі бинеске болашақта қайта соғармыз, келесіге көшейік.

Білім саласындағы орта бизнес – ол білім мекемелеріндегі (мектеп, университет, бала-бақша) асхана және басқа ақша табуға болатын нысандарды байланыспен алып, өз бизнесін дөңгелетіп жатқандар. Бұларда да шаруамыз болмас еді, егер берген астары алғандарына тұрса. Әйтпесе ас мәзірін жасайтындардың ұлттық тағамдану мен тағам танудың мәні мен мағынасына жүгінсе деп күйінесің. Бұларды есірткен де сол тендер, тендерді ұтып алып, білім ұйымдарына бағынбай, өз әлінше есіретініне қарап, өзінде ұрпақ жоқпа деп күйінесің. Бұл да бір емес бірнеше мақалаға жүк, әрине, бұғанда қайта айналып соғармыз.

Білім саласындағы шағын бизнес – бұл ешкімнен тендер ұтпайтындар, түйені түгімен жұтпайтындар, бірақ, жеке кәсіпкер деген куәлік алып, жеке оқу орталығын ашып алғандар. Бұл оқу орталықтарының басты мақсаты, әрине, кәсіпкерлікті жалпы мақсатымен бірдей – ақша табу.

Сөзімізді кішкенесінен осы шағын бизнестің қыры мен сырына, пайдасы мен зиянына үңіліп көргенбіз, сіз тыңдаңыз, соңынан пікіріңізді айтарсыз, әрине, ойыңыз болса.

 

Жалған көрсеткіштің көлеңкесіндегі дерт

 

Он жыл ойсыз — мұңсыз жыл, соңғы жыл арпалысты шақ — бұл қазіргі біздің мектептердегі күй. Арманның асқарына шығу үшін жалған баға емес, білімнің керектігін тек соңғы жылда ұғатын талай оқушы талапкер атанғанда ғана, аһ ұрып атқа мінетіні де ақиқат. Салыстырмалы үш бағамен бағаланып, бәсекелі дәуірде өмір сүрседе, бәсекесіз ортаға түскен оқушылар, он жыл жалған көрсеткіштің дертіне шалдыққанын, соңғы жыл сезері анық. Атам қазақ мұндайда ауруын жасырғанмен өлімің әшкере демеуші ма еді...?

Сол әшкере боп, беске оқығаны ешке кетпес үшін, бүгінгі талапкерлер он бірінші сыныпқа аяқ басқан күннен бастап, орталықтың есігін жағалайтын күйге түсті. Неге дейсіз ғой, себебін талдап көрелік:

Бірінші: оқушының жеке мүддесі. Иә, бұл мүдде әр оқушының болашақ алдына күтіп тұрған басқыштан өз биігін бағындыру үшін. Құптарлығы да бар, әрине, бірақ, алдыңғы он жыл не оқығанын білмей нөлден бастайтынына қарап қынжыласың. Бірақ, кейбірінің кеш те болса да, ойланғанына қуанасың.

Екінші: ата-ана мүддесі. «Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым»,- дейді, бірақ, он жыл баласының оқуына жүрдім — бардым қарайтын, талай ата-ананың баласының мектеп бітіретін жасқа келіп қалғанын, Ұлттық бірыңғай тесттің иісі сезілгенде, сезетініне таңғаласың, сонымен, баласын сан репитетр жалдап, талай орталықтардың есігін жағалататынына қарап налисың. Он жыл салғырт қарамай, ит тірліктің соңында болса да, баласына бір қарап қойса дегің келеді.

Үшінші: мектеп мүддесі. Бұл бір ауыр мүдде, көбінде мектептердің рейтинигі осы мектеп бітірушілердің көрсеткіші, нақтырақ айтқанда, бұл Ұлттық бірыңғай тесттің балы. Мектептің дәрежесі түспеу керек, екі деген бағаны ешкімнен күтпеу керек – бұл кәдімгі бұл күнгі мектептердің ұраны. Мектепте талай жыл, талай оқушыны қолдан екпінді жасап, тоқсандық бағаны топырлата қойып, пайыз толтырып, келген талайлар соңғы жылда, аяқ астынан, өз талапкерлерін қысады. Талай орталықпен келісім шартқа отырып, өз оқушыларын дайындатады.

Жарайды, кім топқа қосқан бәйгесінің соңында қалғанын қаласын, сол үшін жанын салғаны да. Бірақ, он бір жыл тәрбиелеген ұстаздарының жауапкершілігі қайда? Неге өздері дайындамайды сол сынаққа? Неге, жан шығардағы жанталасқа салады, өз шәкірттерін деп,- күйінесің сол жандарға. Бір күн сабақ берсең де, өз шәкіртіңді өз біліміңмен дайындап, өз қолыңмен тәрбиелей алмасаң, ұстаз деген аттан садаға. (мен ұстаз деген аттан садаға деген сөзді, өзім ұстаз болған соңда, қорықпай айтып тұрмын, құрметті әріптестер, қорланбасаң болғаны).

Бұл мүддеден және бір жайсыздықтың иісі сезіледі. Ол жемқорлықтың иісі. Қалай дейсіз бе, тыңдаңыз, орталықпен келісімге келгенде, талай директорлар өзіне үлес алмайды дегенге, жеменқор деген сөзге, құлағы үйренген бұл жұрт, сенеде қоймас. Мен, мынанша оқушы жіберем, аптасына мынанша сағат оқиды, мынанша ақша төлейді деп, келісім шартқа отырғанда, мынаншасы менің үлесіме дегенді айтпайтын жан, өз мұғалімдеріне -ақ дайындатарына сене беріңіз.

Төртінші: орталықтардың мүддесі, бұл түсінікті мүдде, бұл мүдденің мақсаты — ақша табу, сол үшін жанын салып, мектеп аралап, жарнамасын жасайды-ақ. Бәріне топырақ шашудан аулақпыз, бірақ, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарған», орталықтардың көптігі күйдіреді.

Осы мақаланы жазардан бұрын, бір аз орталықтарды жұмыс іздеген боп аралап, қандай мектептің оқушылары көп келетінін білген едік. Бірақ, қаладағы үздік, алдыңғы бестікте тұрған бірде-бір мектептің оқушысын таппадық, тек сол рейтиниктің соңын түйіндейтін мектептердің оқушыларының жағалап жүргенін көрдік. Мұның өзі, бір аз шындықтың бетін ашса керек.

 

Іздегенге сұраған

 

Бүгінгі күні орталықтардың, жаңбырдан кейінгі, саңырау құлақтай қаптауының басты себебінің астары да мол.

Бірінші: талаптың артуы, сол талапқа мектептердің жауап бере алмауы. Яғни, мектептердегі білім сапасының нашарлығы. «Қолымда серке болса, ешкі сойып нем бар еді» депті,- баяғыда бір кедей байқұс, сол айтпақшы, мектептегі білімі қанағаттандырып тұрса, центр іздеп, сергелдеңге түсіп несі бар. Оған келіп, оқу материалдарының сапасыздығын, заман талабының артқанын қосыңыз. Сол үшін де орталық бүгінгі күні іздегенге сұрағандай келіп тұр.

Екінші:  жоғарыдағы сан мүдденің соңындағы арпалыс. Бәсеке, қысым, пайда. Бірізділенбеген, бақыланбаған, оңай ақша табудың, жолына айналу себебі.

Үшінші: басқа мақсаттағы орталықтардың бар екені де жасырын емес, тек Алла жастарымызды, басқа арнаға бұрып кететін жат пиғылдағылардан сақтасын.

 

Пайдасы һам зияны

 

Бізге бұл сан түрлі атпен (ҰБТ-ға дайындық орталығы, Репитетрлік орталық, ҰБТ, грант, 125 бал т.б.) пайда болған оқу орталықтарының қаншалықты пайдасы не зияны бар? «Атына, заты сай ма еді»,- деген сұрақ, кімді болсын мазалайды.

«Жақсы сөз — жарым ырыс» демеуші ма еді, атам қазақ пайдасын саралайық:

Бірінші: бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін, ұлттың білімін көтеру жолындағы адал бәсеке болса, ұлт үшін ұлы игілік. Ұрпақ бойына ұлағатты білім берсе болғаны да. Білімді ұрпақ қалыптастырудың ол да — бір жолы.

Екінші: ғаламдық үрдісте: жеке меншік, үздік оқу орындары да бастапқы сатысын орталықтан бастаған. Бәлкім, біздікі де бәсекеге қабілетті мектептердің алғашқы сатысы болса деген, арман ғой.

Енді батпан зиянын бағамдап көрелік:

Бірінші: орталықтардың ешқайсысы мемлекет бақылауында емес, ешқайсысы да министрлікке бағынбайды. Сол үшін де олардың мұғалім сапасы қаншалық, тіпті, мұғалімдерінің кім екені де түсініксіз. Сондықтан әр ата-ана сақ болса дегіміз келеді. «Сақтықта қорлық жоқ» демеуші ма еді,- атам қазақ.

Екінші: ұстанған бағытын, қызмет жасауларының ішкі сыры белгісіз. (бұл тек репитетрлік орталықтар үшін емес, әр түрлі тіл үйретеміз деген сылтаумен ашылып алған шетелдік оқу орталықтарына да қатысты). Сол үшін де, сыры мен қыры түсініксіз орталықтарға жастарымызды еш алаңсыз жіберіп қоюымыз, қорқыншты жайт болса керек.

Үшінші: бұл білім заңындағы әр оқу жасындағы ұрпақ тегін, сапалы біліммен қамтамасыз етілуі керек деген заңға қайшы. Себебі: өз еркімен емес, күштеп, орталықтарға жаздыруда бар екенін жоғарыда ескерттік. Оның үстіне ақшалының баласының қолы жетіп, қарапайым отбасының балаларына экономикалық қыспақ, тіпті кейбіріне қолы жетпес арман.

Төртінші: бүгінгі мектептерде қағаз бастылықтан жалыққан ұстаздар сұранысы мол, сағатына қымбат ақша төлейтін (мектептегі сағатқа төленетін ақшадан бес-алты есе жоғары) орталықтарға кете бастады. Тіпті қазір мектептерде өкімет жалақысымен сапалы ұстаз ұстау мүмкін болмай барады, бәрі де жалақысы жоғары, қағазы жоқ, құлағы тыныш орталықтарды аңсап жүр. Кетіп жатқандары, күн санап, көбейіп жатқаны да жасырын емес. Бұл жайт, мектептердегі оқу сапасын одан арман нашарлататыны, тіпті ұстаз сапасын күйрететіні ақиқат. Бұған бұрын да «ұлт болам десең, ұстазыңның халін біл» деп, дабыл қаққан едік.

 

Ойланайық...

 

Орталықтардың оқу сапамызға пайдасын емес, кесірін тигізбес үшін, ойланатын кез жетті.

Сол үшін ең әуелі: оқу орталықтарының жұмысын, арнайы тіркеуден өткізіп, бақылап отыратын, бір органға бағынатын жүйеге келтіру керек. Өз білгенін істетіп, тайраңдауына жол бермеу керек.

Одан соң, әр мектептің оқушыларын ұстаздардың өзі дайындау керек деген, норманы да ұмытпаған жөн секілді.

Бәрін айт та бірін айт, бұның шешуші факторы ол мектептердің сапасын көтеру. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім» — деген еді, мектептің сапасын, мұғалімнің сапасы белгілейді. Сол үшін ұстаз сапасын көтеру үшін, жұмыс жасау — кезек күттірмейтін шаруа.
Ол үшін:

Бірінші: ұстаздың беделін арттыру керек, кешегі дәуірде ұстаздар бір қоғамның зялысы еді, сол деңгейге қоғам болып жұмылып, ел болып ат салысу керек, «жұлдыздарды жұлдыз жасағанша» үздік ұстаздардан жұлдыз жасаса, кейінгі ұрпақ, ұстаздыққа амал жоқтықтан емес, армандап барса деген арман ғой.

Екінші: ұстаздың жалақысы. Ұлттың сапасына тікелей жұмыс жасайтындар, қоғамның ең төменгі жалақысын алуы, аянышты да күлкілі жағдай негізі.

Үшінші: ел боп ойланайық, әрине, айта берсек сөз көп… Мәңгілік ел болам деген біздер үшін.

Осыған ұқсас жазбалар:

Ұстаз үніБІЛІМ ОРДАСЫНДАҒЫ АЛАЛАУ НЕМЕСЕ ІРІКТЕУ МЕ, ӘЛДЕ ІРІТУ МЕ?

Ұстаз үніАятжан Ахметжан. ОҚУЛЫҚ ОЛҚЫ БОЛСА, ОҚУШЫ ҚАЙДАН ОҢАДЫ?

Ұстаз үніАятжан Ахметжан. Басынан шіріген бастауыштық жүйе

БаяндамаҚазақтың Сен – Сұлтанысың

Ұстаз үніҰЛТ БОЛАМ ДЕСЕҢ, ҰСТАЗЫҢНЫҢ ХАЛІН БІЛ!

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1141224

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар