Аятжан Ахметжан. ОҚУЛЫҚ ОЛҚЫ БОЛСА, ОҚУШЫ ҚАЙДАН ОҢАДЫ?

1 ақпан 2014 - Аят
Аятжан Ахметжан. ОҚУЛЫҚ ОЛҚЫ БОЛСА, ОҚУШЫ ҚАЙДАН ОҢАДЫ?

Әлемнің екінші ұстазы атанған ұлттың ұлы ғалымы Әбунасыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» — десе, ұлттық танымның ұлы атасы, алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Балаңды ұлша тәрбиелесең, ұл болып өседі, құлша тәрбиелесең, құл болып өседі» — деген екен. Ал “Бiз бүгiн кiмдi тәрбиелеп жүрмiз?” деген сұрақ қазақ азаматы ретiнде менi жиi толғандырады. Толғантып қана қоймайды, ойымды онға, санамды санға бөледi.

Бiлiм мен тәрбиенiң негiзi, қайнар бұлағы мектеп десек, оқулық – сол бiлiмнiң өзегi, тәрбиенiң құралы, ұлттық мәдениеттiң ұраны. Ал бiздiң оқулықтар сол ауыр жүктi көтере алып жүр ме? Мiне, осыған байланысты мен өзiмнiң әр елден көрген-бiлгенiмдi, оқып-түйгенiмдi, отандық оқулықтардағы олқылықтар мен озықтықты сiздермен бөлiскiм келедi, құрметтi оқырман.

 Озықтық – ол отандық бақыт, бұл – мақтаныш. Ал олқылық – ұлттық қауiп, ұрпақтың, нақтырақ айтқанда, ұлттың жауы. Бұдан сақтану керек. Ол үшiн бiзден шыққан оқулықтарды көршi елмен, мәселен Ресеймен, Қытаймен және басқа да елдермен салыстыру керек. ХХI ғасыр техника заманы болғандықтан да, мен математика және жаратылыстану пәнi оқулықтарына тоқталуды жөн көрдiм.

«ХИМИЯ ҚИЫН, АШИДЫ МИЫҢ...»

Бiрiншiден, жеке авторлар жазған бiздiң оқулықтың тiлi – оқушы тiлiнен аулақ, ғылым тiлi. Мысалы, химия, физика оқулықтарын оқу­шы емес, мұғалiмi, яғни сол мамандықтың иесi әзер түсiнедi. Ал оқу­лық тiлiнiң түсiнiктiлiгi – оқушыны баураушы, қызықтырушы. Сондықтан қазiр оқушылар «физика мен химия, кірмейді менің миыма» немесе «химия қиын, ашиды миың»деп, білімді алынбас шыңдай көреді.

Екiншiден, жаратылыстану пәндерi оқулықтарындағы үлкен кемшiлiк – сөздердiң бейберекет қолданылуы. Сөйлем құрылысының түсiнiксiздiгi. Мысалы, оқулықтардағы кейбiр анықтамаларды, есептердi оқып, не айт­қанын түсiну қиын. Қарапа­йым бiр мысал. 5 сыныптың математика оқулығында мынадай сөз есебi жүр: “Жетi картоптың құны – 210 теңге, 5 килограмм картоптың құны неше?” Бұған не дейсiз? Қандай картоп? Мысал iздей берсек өте көп. Оқу-ағарту – мемлекеттiң болашағы, ал оқулық – оқу-ағартудың тiрегi. Онда қателiк кетiруге ешқашан болмайды.

Үшiншiден, бағдарламалы, сан салалы жаттығулардың кем­шiлiгi. Айталық, кез келген параграфтан соң, осы параграфтың мазмұнын ашатын толық жаттығу болу керек. Ол әр деңгейлi, әр бағытта болуы керек. Мысалы, химияда қолданылып жүрген 2 оқулық бар. Мұның бiрiнде ұғым жақсы берiлген, бiрақ жаттығу жоқтың қасы. Ал екiншiсiнде тек есептер ғана берiлген. Ұғым мәнiн ашатын жаттығулар орындап, ұғым­ды игерiп, одан соң есептер шығаруға жетектемесе, тек есептердi шешуге жетелеу – теңiзден кеме­сiз өтуге бағыт­тау­мен бiрдей.

Төртiншiден, мектеп оқулықтарында кешендi материалдар өте кемшiн. Айталық, бар материалдардың өзi тек есептер, әйтпесе тестер. Бұдан оқушы бiлiмiн дамыта алмайды.

Бесiншiден, тәрбие құралы – тәрбиеден, патриоттықтан алыс. Мысалы, бiр иттiң құны –17 рубль, бiр шошқаның құны 51 – рубль, сонда шошқаның құны ит­тiң құнынан неше рубльге артық? (6-сынып математикасы). Бұған не дейiк, өзiмiзде ақшаның бiр­лiгi (теңге) жоқ па, әлде өзге ел­дiң қаңсығы бiзге таңсық па? Шошқа мен итi несi? Басқа да мұсылмандықтың, қазақылықтың нышаны болатын жан-жануардың аты құрып қалып па? Таңғаласың авторға.

Алтыншыдан, жүйесiздiгi. Айталық, математика-жаратылыстану бағытындағы 11-сыныптың химия оқулығындағы 2-тарауда органикалық кiрiспе туралы сөз болады. Ал оқушы ешқандай органикалық заттың атын да бiлмейдi, оны 3-тараудан бастайды, сонда қайдағы реакция? Қайдағы құрлыс теориясы? Ол ол ма, дәл сол оқулықтың бастапқы тарауында жалпы химия реак­ция­ларының типтерi туралы айтады да, ондағы реакция мысалдарын тек органикалық қосылыстардан алады. Сонда бұл кiмге арналған оқулық? Оқушыға ма, әлде ғалымның өзiне керек шимай ма?

ҒАЛЫМ МЕН ПЕДАГОГ, ТІЗЕ ҚОС!

Оқулық олқы болса, оқушы қайдан алсын білімді? Сондықтан оқулықтың сапасын арттыру арқылы оқушы білімінің сапасын арттырып, әлемдік білім деңгейіне көтеру үшін төмендегідей ұсыныстарды білдірер едім:

Алғашқы мәселе — оқулықты жеке автор емес арнайы комиссия жазуы керек. Оқулықтарды талдау және зерттеу иниституты болса... Әрі олар автор емес, құрастырушы болуға тиіс. Себебі, оқулық – авторы бар әңгіме, роман емес, ол диссертациялық жұмыс емес. Ол тек түрлі авторлардың, ғалымдардың жұмысынан алынып, мектеп деңгейіндегі мазмұнға ыңғайлап құрастырылатын, ықшамдалған көшірме. Мысалы, казіргі қолданылып жүген Химия оқулығы сонау 50-жылдары жазылған А.Бірімжановтың Жалпы химиясының ықшамдалған көшірмесі, оны жеке адамның авторлық жұмысы деуге мүлде болмайды.

 

Ал оқулық жазу комиссиясы қандай болуы керек?

Дамыған елдер тәжірибесіне негізделгенде, оқулықты сол мамандықтыңт білгір ғалымы мен сол пәнді балаға оқытатын педагог бірлесіп жазулары керек. Себебі кей ұғымдардың оқушыға қалай түсінікті боларын сол ғылымның педагогы жақсы біледі. Мысалы, бiздiң химия оқулықтарында оқушыға металл, бейметалды ажыратуды үйретпестен бұрын, қышқыл, негiз, тұзды өтедi, мұнда оқушы тұз дегенiмiз қышқыл қалдығы және металдан тұратын қосылыс дейдi, ал металдың не екенiн бiлмесе, қалай тұзды жазады?

Сонымен бiрге, комиссия құрамында тарихшы болу керек, себебi елiмiздiң тарихы, мәде­ниетi кез келген оқулығымызда көрiнiс берiп тұруы керек. Айталық, қаншама кен орындарын ашуға зор үлес қосқан алғашқы химиктермiздiң бiрегейi – Қа­ныш Сәтбаевтың оқулықта есiмi де аталмайды.

Сонымен бiрге, авторларға бiр психолог, бiр қазақ тiлi мен әдебиетiнiң маманы көмектесуi керек, себебi оқулықтағы әр сөйлемнiң мазмұны құрылымы дұрыс па, бұрыс па, тексерiлгенi жөн. 

Келесі мәселе- оқулық құрылымы,әр тараудың соңында тарауға қорытынды жаттығулар болуы керек. Әрі ол жаттығулар тек есептер мен тесттер ғана емес, сан-салалы болса жөн.  Бұл жерде дамыған елдердің тәжірибесін қолдануға болады.

ОЙЛАНАЙЫҚ...

Соңғы ескерер түйін, оқулықтардың тек бағдарламасы емес, күнтізбелік оқыту жоспары да бір орталықтан, мысалы оқулықты құрастырған комиссия тарапынан бірыңғай бекітілуі керек. Себебі, оны әркім әр түрлі, білгенінше жасайды да, күнтізбеліктің сапасы сын көттермей қалатын жайттар жоқ емес.

 

Ұстаздардың басты мақсаты – ұлт болашағы ұрпақты тәрбиелеу. Оқулық – ұстаз бен шәкірттің көмекшісі, сырлас досы. Ол ешқашан да олқы болмау керек, оқулықтың олқылығы опық жегізеді.

Осыған ұқсас жазбалар:

Ұстаз үніАятжан Ахметжан. Басынан шіріген бастауыштық жүйе

БаяндамаҚазақтың Сен – Сұлтанысың

Ұстаз үніЖарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін Елдігіміз Мәңгілік!

Ұстаз үніҰЛТ БОЛАМ ДЕСЕҢ, ҰСТАЗЫҢНЫҢ ХАЛІН БІЛ!

Ұстаз үніБІЛІМ ОРДАСЫНДАҒЫ АЛАЛАУ НЕМЕСЕ ІРІКТЕУ МЕ, ӘЛДЕ ІРІТУ МЕ?

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1096921

Пікірлер (3)
Дауренбек Хурмет # 10 қыркүйек 2014 в 00:44 0
Өте дұрыс айтасыз. өзім химиядан сабақ берем, 10-11 сыныптың оқулықтары өте қиын, ол олдай 2012 жылғы мен 2014 жылғы оқулықтар авторы бір, баспасы бір бірақ не үшін оқулықты қайта қайта шығарады. әлі бір жүйеге келмедік қой
Гулинат Мырзабекова # 22 қазан 2014 в 22:50 0
Менде сізге қосыламын. Кітап мәселесін бір жақты ету керек. Әрине кітаптің көп болғаны өте жақсы. Бірақ сапасына көп мән беру керек сияқты.
Нұрқыз # 28 қараша 2015 в 17:45 0
Керемет! Аятжан сен химиядағы жан айқайымызды дөп бастың, өзіңдей жастың барына ризамын жаным.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар