Мәңгілік білім алу – ел мұраты

24 қыркүйек 2014 - Несипкул Утебаева
Мәңгілік білім алу – ел мұраты

Мәңгілік білім алу – ел мұраты

“Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой...” деп, Мағжан ақын жырлағандай, бүгінгі Түркістанның келбеті жылдан-жылға, күннен күнге көк құрақтай түрленгенінің куәсі болып жүрміз.Естеріңізде болса, тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін Елбасымыз көрегенділік танытып, парасат пен даналығының арқасында қаламызды:”Түркістан – рухани астанамыз ”деп атаған болатын.Соның белгісі ретінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 1991 жылы 6 маусымда Президент Жарлығымен құрылды. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында орналасқан. Алғашында Йасауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті болып аталған бұл оқу орны 1992 жылы 31 қазанда Қазақстан мен Түркия Республикаларының арасындағы келісім негізінде Халықаралық қазақ-түрік университеті болып қайта құрылды. 1992 жылы 31 қазанда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Түркия Республикасының Экс-Президенті Сүлеймен Демирел Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ғимаратының алтын қазығын қағып, тұсауын кескен болатын. Университет – ең алғаш ашылған халықаралық жоғары оқу орны және түркі тілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болған жалғыз білім-ғылым ордасы. Мұнда алғашында әлемнің 15 елінен келген жастар, 29 ұлттың өкілі білім алды.Шын мәнінде ақ түйенің қарны жарылып, бөркімізді аспанға лақтырған күндер туып,қаламызға бақ қонып, қыдыр дарыған еді. Бүгінде абаттанған, көрікті қаламызға сән мен мән, несібе берген ХҚТУ-дың әлемдік абыройы мен беделін көріп шаттанып жүрміз. Алматыдан бір топ өресі биік, парасатты, зиялы өкілдер қауымы Түркістанымызға үдере көшіп келіп, қоныс аударып, тұрғылықты мекен етуге бел буды.Таратып айтсақ, тақыр жерден театрдың уығын шаншыған Қазақстан мен Қырғызстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері,Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік және Жастар сыйлықтарының лауреаты, профессор Райымбек Сейтметов, Филология ғылымдарының докторы, тыңнан сүрлеу салған профессор – Жұмабай Әбілов,Қазақстан Республикасының Ұлттық ҒА-ның корреспондент мүшесі, Филолология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ғалым-сыншы – Рахманқұл Бердібаев, Қазақстан Республикасының айтулы ғалымы, ХҚТУ-дың тұңғыш президенті – Мұрат Жұрынов, Филолология ғылымдарының докторы, профессор, оқу бөлімінің тұңғыш проректоры – Болат Байтанаев,Қазақстан Республикасының көрнекті ғалымы, Ф.ғ.д., профессор, сыншы, жазушы-журналист – Құлбек Ергөбек, Қазақстан Мәдениет қайраткері,Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, өнертану доценті, әнші композитор – Сауранбек Елеуов, заң ғылымдарының кандидаты, доцент, Түркістан қаласының құрметті азаматы –Мырзабек Роллан, ХҚТУ-ға 2002ж. келген дүниежүзілік жас түрік жазушылары одағының Қазақстандағы өкілі, халықаралық қатынастар бөлімінің бастығы, “Өнер мектебі” директоры, айтыскер ақын – Бекарыс Шойбеков т.б.сынды ел ағалары. Шоғырланған шоқтығы биік тұлғалар Түркістанның қадірін арттырып, мерейін үстем етті.Елімізде жүріп жатқан саясаттың тамырын дөп басқандай, әрқайсысысының орны бір төбе – арыстар жаңару үрдісіне мол қазына алып келді. Келген азаматтар — Түркістанның мәдени еңсесін көтеріп, шуағын шашып, шапағаттарын төгіп, халыққа шарапаттарын тигізді.ХҚТУ-дың іргетасын қалаушылардың жанкешті еңбектерінің алдында тағзым жасап, білім тұғырындағы мәуелі жемісін берген еңбектерін мойындауымыз қажет. Әлем мойындаған халықаралық деңгейдегі білім ордасы– қазақ елінің ризығына айналып отыр.Университет қалашығында ботаника бағы, оқытушы-профессорлар құрамына арналған тұрғын үйлер, оқу корпусы, т.б. ғимараттар орналасқан, Еуропалық үлгідегі мәдениет сарайы мен қонақ үй, 80 пәтерлік 10 коттеджі бар. Бүгінде керегесі кеңіп жанынан жанға дауа – диагностикалық клиника ашылып, ел игілігіне қызмет етуде. Университет жанынан бой көтерген ғимараттар көңілімізге қуаныш ұялатады.Сезімді шуаққа бөлеген игіліктердің нышандары ұшан-теңіз.Түркістанның мәдениетін жоғары деңгейге көтеру үшін тағы да қаншама саңлақтарымыз бас-көз болып, мәңгілік ел мұратын жандандыру мақсатында тынбай еңбек етуде.Мұны айтып отыруыма негіз болған – түпсіз терең тұңғиықтағы білім көкжиегінің туын желбіреткен жандардың халқына адалдық танытып, ежелгі Түркістанның қайта түлеуіне ықпал жасап, қара халықтың қамын ойлап, Күндей шуақ шашып, білімнің нұрын айналасына төккендері жан тебірентерлік жайт.Енді халықаралық деңгейдегі Университетті осы уақытқа дейін басқарған тұлғаларға шолу жасайық.Білім ордасы Қазақстан мен Түркия Республикалары тарапынан құрылған 10 мүшеден тұратын Үкіметаралық Өкілетті Кеңес арқылы басқарылды. Үкіметаралық Өкілетті Кеңестің бірінші төрағасы Намық Кемал Зейбек 1993-2006 жылдар аралығында университеттің өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосты. 2006-2008 жылдарда Четин Доған, 2008 жылдан бастап Өкілетті Кеңес төрағасы болып профессор Осман Хората тағайындалды.Университеттің алғашқы президенті, х.ғ.д., профессор Мұрат Жұрынұлы Жұрынов 1991-2001 жылдар аралығында университет президенті қызметін атқарды. 2001-2003 жылдар аралығында э.ғ.д., профессор Оразалы Сәбден, 2003-2007 жылдары п.ғ.д., профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиев басқарды. 2008 жылдың қаңтар айынан бастап, 2013 жылдың мамыр айына дейін техника ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Лесбек Тәшімұлы Тәшімов басқарды. 2013 жылдың мамыр айынан бастап Әбдібеков Уәлихан Сейділдәұлы басқарып келеді. Бүгінде университет ұжымы “Терең тарихтан – жарқын болашаққа“ұранымен ғылым мен білім шыңына өрлеп бара жатыр.Университет шетелдік серіктес ЖОО-мен 34 келісім-шарт жасасқан және Халықаралық университеттер ассоцияциясы мен Халықаралық университет президенттерінің ассоцияциясына мүше. Түркияның алдыңғы қатарлы университеттерімен “Мәулана” академиялық ауысу халықаралық бағдарламасы аясында (Хажеттепе, Гази, Эржиес, Стамбул т.б.) университет студенттері бір семестр бойы түрік, ағылшын тілдерінде білім алуда.“Өрлеу” біліктілікті арттыру бағдарламасы жұмыс атқаруда. Жоғары оқу орындарына арналған әлемдік деңгейдегі оқу бағдарламалары “Болашақ”, “Темпус ІV”, “Эрасмус+” еуропалық деңгейдегі жоғары білім алуға үлкен мүмкіндік беретін бағдарламаларға қатысады. Осы бағдарламалар аясында студенттер мен оқытушылар Түркия, Ұлыбритания, Англия, Австрия, Польша, Кувейт, Қытай Халық Республикасы, Швейцария, Европа мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында біліктілігін жетілдірумен қатар білім алуда. Мәңгілік білім алу- ел мұраты екенін айқындайтын осындай еңсесі биік іргелі білім ошақтары елдігімізді көрсетіп,қоғамның дамып кемелденуіне зор ықпал ететін қозғаушы күш болып табылады. Тарихы терең, тағлымы мәңгілік өшпейтін білім ордасының қабырғасынан шыққан біліммен сусындаған жандар елімізде күн санап қаулап өсіп, көбейіп, жасампаз еңбектерімен танымал тұлғалар қатарына еніп қоғамымызда тарих қойнауына кірпіш болып қалануда… Енді үздіксіз, толассыз білім алудың көкжиегінің шексіздігін ата-бабаларымыз асыл мұра етіп қалдырғаны жөнінде сөз қозғасақ. Сол кезеңдегі білімге байланысты пәлсапалық аңыз- әңгімелердің біріне ой жүгіртіп, жүгініп көрелік. “Білім артық па, байлық артық па?” VII ғасырда өмір сүрген, мұсылмандардың алғашқы төрт халифасының бірі Әзірет Әлидің (Әли ибн Әби Талиб) ел ішінде “Ілімнің қақпасы” аталып кеткендігінің рас-өтірігін сынау мақсатында жерлестері оған он адамды кезекпен жібермекші болған. Олардың бәрі Әзірет Әліге бір ғана сұрақ: “Білім артық па, байлық артық па?” деп сұрайтын болып келіскен. Егер осы сұраққа он түрлі жауап берсе ғана халифаны шын мойындамақ болыпты. Сонда Әзірет Әли әр адам қойған бір сұраққа түрлі дәйектемелермен былай деп жауап берген екен:1. Білім артық, өйткені, ол — пайғамбарлардан қалған мирас, байлық — бақылдардан қалған мұра.2. Білім артық, білімдінің жанында адал достар көп болады, ал бай адамның қасында амал достар көп болады.3. Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды арттырады.4. Білім артық, оны қанша жұмсағанмен азаймайды. Байлықты жұмсай берсең, бір күні түгесіледі.5. Білім артық, оны ұры-қарыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді сырт көздерден қорғаштаумен өтесің.6. Білімің көп болса ел саған қызығады, байлығың көп болса ел сені қызғанады, білімнің артық болатыны сол.7. Білім артық, білімің көп болғанмен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.8. Білім қанша көп болса да іріп-шіріп кетпейді, дүние-мал болса бүлінеді, сондықтан да білім артық.9. Білім артық, ол кісілігің мен кішілігіңді арттырады. Байлық болса сараңдық пен қомағайлығыңды арттырады.10. Шынайы білімді адам орнымен сөйлейді, ізеттілігі де артады. Байлығы мол адам оған мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық деген екен.Міне, Әзірет Әлидің осындай маңызын жоймайтын нақты жауабын ойға түйіп, көңілге тоқиық.Мәңгілік білім алу үрдісінің енгізілуі ежелден келе жатқан ата-баба мұраты мен аманаты екендігінде дау жоқ. Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев сынды аталарымыздың армандап кеткен заманы- біз өмір сүріп отырған ғасырдағы қоғам емес пе?! Сол аталарымыздың аманатын, білім саласындағы ағартушы қызметкерлер дұрыс орындап жүрміз бе?! Немесе, жаңа оқыту жүйесі деп, ұлттық идеологиядан алшақтап кеткен жоқпыз ба? Әрине, жаңа әлемдік заманауи тәсілдерден қашпай, соны өзіміздің ұлтымызға үйлестіре теңгере өңгеріп алсақ дейміз бе?! Осы біздің айдарымыздан қандай заманауй жел еседі?! Алаш үшін тағдырдың аяусыз соққысын алған күрескер аталарымыздың аманатына адалдық танытып жүрміз бе?!.. (Мақаланы жазуға түрткі болған ой, ХҚТУ-дың 1992ж.салтанатты ашылуының еске түсуі еді.Сол кезде қызым небары алты жасар болатын. Қызымды өскенде“алысқа оқуға жібермейтін болдым” деп, болашаққа көз жүгірте қуанған едім.Оның үстіне қаражат та қолбайлау болар еді. 2004ж. мектепті бітірген қызым-Сейсембекова Мөлдір осы оқу орнына грантпен оқуға түсті. Қазір ол осы университетте қызмет етіп жүр. Көп жылдар бойы күткен, маңызын жоғалтпайтын арман-үмітімнің айғағы осы еді.)

Несіпкүл Өтебаева,

Түркістан қаласы

Осыған ұқсас жазбалар:

ЖаңалықтарҚР БҒМ «География - менің таңдауым» байқауын ұйымдастырмағанын хабарлайды

Білім жаңалықтарыМектептерде діни киімдер мен діни атрибуттар киюге тыйым салынды

ОқушыларғаМақал мәтелдер, (Оқу білім туралы)

Ұстаздарға​ Математиканы оқытуда ББД бағалаудың нормасы

ЖаңалықтарБатысқазақстандық ұстаз бен шәкірттің «ЭКСПО алаңшасы» республикада үздік деп танылды

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1150689

Пікірлер (1)
Базаргул Агимбекова # 28 маусым 2015 в 23:24 0
Қазақ елі үшін Түркістан киелі қасиетті қала, қаламыз көркейе берсін.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар