Жас ұстаз ойы немесе қазіргі педагогика саласына көзқарасым

18 қыркүйек 2014 - Бақытжан Баянбаев

«Оқытуды тәжірибесіз жүргізу нәтижесіз болуы ғажап емес, ал тәжірибені оқусыз жүргізу – қауіпті ». Конфуции

.

Әлқисса сөздің басын білім саласының бір пұшпағында жүрген соң, осы салаға қатысты қазіргі білім беру жүйесінің күнгейі мен көлеңкелі тұстарын,өзімнің аз ғана тәжірбиемде кездесіп жүрген мәселелерді сөз етпекпін.Мақтанғаннан немесе бір шешенсіп жаза қояйын деген мақсатпен емес, бұл мақаламда мен, ұстаздардың әлеуметтік порталына көз жүгіртетін қөзі қарақты әріптестеріммен аздаған ойымды бөліспекшімін .

Иә, ұстаз болу оңай емес екенін мектепке келген күннен бастап бірден сезіндім.Адам өз армандаған арманына кейде ерте, кейде орта жолда, кейде кештеу жетіп жатады.Өзім сол армандаған мұғалімдік жолға орта жолда, яғни отыз екі жасымда қол жеткіздім.Педагогика саласын кеш бастадым деп айта алмаймын.Өйткені, зейнетке дейін отыз жыл істеуге болады.Ал «отыз жыл»дегеніңіз — бір еңбек адамның ғұмыры ғой.

Қазір адам басқа, заман басқа.Сол басқа адамдардың балаларын біз оқытудамыз.Ал, қалай оқытып жүрміз?- демей-ақ қояйын,қалай оқытып жүрмін?-деп мәселені өзімнен бастайын.Мен бар болғаны мектепте екі жыл істеймін.Осы екі жыл ішінде не білдім? не үйрендім? десем, көзім біраз ғана дүниелерге ашылған сияқты.Өйткені мектептің өзі біріншіден оқушыға емес, өзіме тәрбие беретін орта екенін сездім.Өзіңді-өзің ұстауың, сыртқы және ішкі келбетің, сөйлеу мәдениетіне бой үйретуің керек.Өйткені, саған оқушылар ғана емес ,әріптестерің де күнделікті қарап жүреді.Мен бұрын қара жұмыс істесем де,қолымнан қаламым, алдымнан кітабым түскен емес.Бүгінгі таңда замана-үй құралдарды, жаңа технологияларды үйреніп жатқаныма шексіз қуанамын. Сабақ беруге келетін болсам, әлі де үйрететінімнен қарағанда өзіме үйренетін жайлар көптеп керек деп ойлаймын. «Үйренгісі келмеген адамнан ешқашан да нағыз адам шықпайды»-дейді Куба елінің әйгілі ақын, ойшылы Хосе Марти. Бұл сөз өзім сияқты жаңадан бастап жатқан ұстаздарға айтылғандай...Қазіргі кезеңдегі ақпарат ағылған заманда ізденбесең,құлшынбасаң онда саған ұстаз болудың еш қажеті жоқ. Үйренем деген адамға бәрі бар. Ғаламтор, оның ішінде әртүрлі ұстаздарға арналған порталдар, сайттар тіпті қашықтан тәжірбие алмасуға әбден болады.Оны айтпағанда пәніңе байланысты өтетін апта сайынғы семинарлар, біліктілік туралы курстар, газеттер, журналдар тек ниетің болсын соларды оқуға ,үйренуге. Мен орыс тілді оқытатын мектепте жұмыс жасаймын.Қиыншылықтар кездесіп жатады, кейде көрнекілігің дайын болмай қалады, кейде методика жағынан олқылықтар туындайды, кейбір кездері уақытты тиімді игере алмай жатамын. Мен әр сабақ біткен сайын көп ойланамын… Оқушылар менің сабағымды қаншалықты меңгерді, түсіне алды ма? Кейде өздерінен сұрап жатамын… Мен жүктемемдегі тоғыз сағатпен бір сыныптың жартысына сабақ беруде осылай көп ойланамын.Толықтай он сегіз сағат жүктемемен немесе одан көбірек жүктемемен сабақ беріп жүрген мұғалімдер қалай үлгереді таңым бар… Мүмкін, тәжірибем жетіспейтін шығар.Мүмкін теориямен тәжирбиені әлі қалыптастыра қоймаған шығармын.Осы олқылықтар басқа да ұстаздарда бола ма екен? Олай болса, мен бүгінгі уақытта кездесетін аздаған қиындықтарға (бұл өз пікірім әрине) тоқталайын. Қазақ тілінен орыс сыныптары ҰБТ тапсырады.Бірақ оларға оның қажеті шамалы.Себебі, олар үшін қазақ тілі есепке алынбайды.Орыс мектептеріндегі түлектердің көбі көрші Ресейдің ЖОО-на түсіп жатады, себебі онда ҰБТ тапсырмайды, сондықтан біздің қазақ тілінің қауқары да олар үшін тым әлсіз .Өз тәжирбиемде маған «несіне әуре боласыз, бізге қазақ тілі керек емес, ресейге кетеміз бәрі –бір» -деген оқушылар болды .

Міне, сондай себептермен кейбір оқушылар мұқтаж емес, мұқтаждық болмаған соң немқұрайлы оқиды.Екінші мәселе бірде сағат қосылады, одан соң алынып тасталады, одан қайта қосылады ,қысқасын айтқанда бітіп бермейтін білім саласындағы реформа. Одан кейінгісі белгілі, жыл ортасында күнтізбе де, бағдарлама да өзгеріске ұшырайды.Мен әр күн сайын, аптасына алты сағат боларын қалар едім.Соған сай оқулық болса тіпті жақсы.Үшінші сапа мәселесі тағы бар. Сапа менің пікірімше және көптеген білетіндердің ойынша бір мұғалім бір сыныпты бес жыл ұстағанда ғана нәтижесін береді, соның өзінде ол мұғалімге байланысты. Онда да қалай еңбектенесің соған байланысты болады.Өкінішке орай, қазіргі кезде сапаны тек қағаздармен ғана сөйлетеміз.Бұл ащы болса да шындық. Қатып қалған қағидамен кеңес кезінде де жүрдік қой.Ұтқанымыз болмаса, ұтылмадық.Бүгінгі ұстаз бен бұрынғы ұстазды өзімше салыстырамын.Бұрын ешқандай интербелсенді (интерактивті) тақтасыз — ақ, ешқандай Кембридж бағдарламасынсыз мені оқытты.Сол кездегі ұстаздардың үйреткені әлі есімде.Математикадан бір алманы үшке бөлдім, бір бөлігін саған бердім, сонда неше бөлігі қалды ?-деп түсіндіретін ұстаздардың көбі қазір зейнетте.Бірақ сол кездің жүйесі жақсы ма,әлде әдіс-тәсілдері жақсы ма, бір кісідей білім алып шықтық.

Мен қазіргі білім беру үрдісін жоққа шығармаймын, бізге бәрі жағдай жасалған, жылдан – жылға мектебіміздің материалдық – оқу базасы жақсарып келеді.Бірақ кейде мынадай ой келеді: мұхиттың арғы жағынан келген бағдарлама оқушыны тым еркінсітіп жібермей ме? Ол капиталистік елде орын алған оқытудың бір түрі .Өйткені оқушы тұлға, өз бетімен ұжымдаса еңбек етеді, бағалағанда да өздерін –өздері бағалайды.Ал ұстаз бұл жерде ой салушы немесе нұсқаушы ғана менің түсінгенім.Бұндай бағдарламаның бізге пайдасы көп шығар, бірақ зияны тимей ме? Мен шетелдің бір сабағын бейнежазбадан көрдім.Онда арнайы топ болып отыратын кабинеттер бар.Бізге әлі жетпеген бөлек бағдарламадағы тақталары бар.Оқушыда арнайы түймедей пулть сияқты құралдары бар.Ал бізде әзірше ондай мүмкіндіктер жоқ, бар шығар мен көргемін жоқ. Біздің мектепте арнайы интербелсенді тақталар – ғаламторымен біраз кабинеттерге қойылған. Жаңа заман бойынша оқытуды мен аздап білетін шығармын, ал менен 300 шақырым жердегі менің ауылыма осы тақталар қашан барады. Сабақ тартымды ,қызықты өту үшін менің ойымша күніне бір-екі сағат дайындалу керек, жоқ дегенде бір сыныпқа бір слайд, немесе флипчарт, болмағанның өзінде тақырыпқа қатысты аудио жазба жасайсың. Күнделікті сабақ жоспарың міндетті, бұған дәптер тексерісті қосыңыз. Қазіргі ұстазда әсіресе сынып жетекшілерде бітіп бермейтін тізімдермен есеп-қисап қағаздары, оған қоса пәніне байланысты апта, айлық курстары тағы бар, бітіп бермейтін ғылыми жобалар, әсіресе санатқа өтерде таусылмайтын құжаттары, шығарған кітапшалары, турасын айтқанда бір қап қағаз. Дәл осындай ұстаздардың қазіргі білімдегі жаңалықтарды, тәжірбие алмасу үшін әлеуметтік желіде отыруға, пәніне байланысты тіпті күніне бір рет бір мақала немесе бір көркем шығарма оқып шығуға уақыты табылар ма екен, саралай беріңіз… Бұл білім сапасына қаншалықты әсер ететінін мен айтпасам да, сіз біліп отырсыз.Ұстаз-ұстаз ғана болу керек. «Ескісіз жаңаны меңгеремін » — деген бекершілік.Менің ойымша, кеше ғана өмірден өтіп кеткен дарынды, ардагер ұстазымыз Қанипа Бітібаева апаларымыз сияқты білікті ұстаздардан құралған топ әр пәндері бойынша жас ұстаздарға облыс көлемінде немесе сол елді мекендер бойынша дәрістер оқыса, білерін, біліктілігін, шеберліктерін көрсетсе нұр үстіне нұр болар еді.

Өз тәжірбиемде мен бір-біріне ұқсайтын және ұқсамайтын семинарларды, сабақтарды көріп жүрмін.«Естігенімді – ұнатамын, көргенімді – еске сақтаймын, өзім істегенімді – меңгеремін»,- деген қытай ойшылы Конфуцидің сөзінен үлгі алып, алдағы бес жылымды «үйрену жылдары »деп өзіме мақсат қойдым.Көр, оқы, жақсысын ойыңа ал, жаманын ысыр.Сонда ғана біз білімді ұрпақ тәрбиелейміз.Сөз аяғын тағыда ұлы ойшыл Конфуцидің: «Оқытуды тәжірибесіз жүргізу нәтижесіз болуы ғажап емес, ал тәжірибені оқусыз жүргізу – қауіпті». – деген сөзімен түйіндеймін.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1084829

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар