Мен- мұғаліммін. Бұл деген...

15 маусым 2014 - Лаззат Сейсенбаева

Маңғыстау облысы

Бейнеу ауданы

«Бейнеу мектеп интернаты» мм нің

Мұғалімі Сейсенбаева Ләззат

Мен- мұғаліммін. Бұл деген…

Өмірде адам баласы бас иіп құрметтейтін, есімі мен бейнесі жүрек түкпіріндегі сан естеліктердің дарасы болып жадыңда тұратын, жаныңа жақын аяулы жан бар, ол- мұғалім. Мұғалім мен оқушы, оқушы мен мұғалім.Бұл — екеуі бір- бірінен ажырамайтын, ажыратуға да келмейтін тұтас бір әлем. Бар өмірі, бар мақсаты балалармен біте қайнасып араласып кеткен ұстаз-ең алғаш мектеп есігін ашқаннан бастап қанатың қатқанша қамқор болатын, небір қуанышың мен қызығыңа, жетістігің мен жеңісіңе, балалығың мен балауса кездеріңе куә болып, өмірге жол сілтейтін ұлағатты тұлға. Мұғалім- шәкіртінің бойындағы сан алуан қасиеттерін тап басып, саралай білетін, талабын ұштап, талантына жол ашатын, бағыт сілтейтін, арман -қиялына үкілеп үміт қосатын жанашыр жан. «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім-мектептің жүрегі»,-деген Ыбырай Алтынсарин. Жақсы мұғалім.Бұл деген- өзіндік жеке көзқарасы бар, көп оқып, көп ізденетін, ойшыл, армандары биік, білімін күнделікті ісіне шебер қолданып кіріктіре білетін, өзін- өзі басқару шеберлігі биік, мәдениетті, төзім мен сабырды, ілтипат пен ізеттілікті тең ұстап жүре алатын, бала жанының бар құпиясын терең ұғына алатын, жас ұрпақты рухани, интелектуальдық жағынан дамыта тәрбиелей отырып, білім бере отырып болашағына бағыт сілтейтін іскер тұлға. «Адам тәрбиелеу-адамзаттың ең бірінші аса маңызды қоғамдық қызметі, оның азаматтық борышы»,-деген В.Л.Сухомлинский. Мен де — жас ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін, қоғамның айнасы іспеттес мәртебелі мамандық иесі мұғаліммін. Иә, мен — мұғаліммін.Ал бұл деген-меннен үлкен жауапкершілікті, білімді талап ететін үлкен міндет. Өйткені, алдыма келген әрбір баланың тағдырына, оның болашақта білімді, саналы, тәрбиелі азамат болып өсуіне жауаптымын.Менің алдымдағы әрбір шәкіртім- еліміздің ертеңі, болашағы. Бұл турасында елбасымыз Н.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер-бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан да сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деп айтқан болатын. Демек, ұрпақ тағдыры ұстаздың қолында. Мен — мұғаліммін. Бұл деген баласының тағдырын өзіме сеніп тапсырған әрбір ата-ананың сенімін ақтау. Аузынан ана сүті кеппеген, ойыннан әлі жырақ кетпеген әрбір баланы білімнің бақшасында суару, гүлдендіру. «Адамның қалыптасуы бала кезден басталады. Жақсылық та адам бойына нақ сол бала кезде егіледі»,-деген С.В.Михалков. Демек, мұғалім — бала бағбаны. Мен-мұғаліммін. Бұл деген-ұлтымыздың алдында да борыштымын деген сөз. Өйткені, ұлтымыздың асыл қасиеттерін бала бойына сіңіріп, оларға ана тіліміздің қадір-қасиетін ұғындыру, дінімізді құрметтеуді үйрету, салт-дәстүрімізді сақтап, берік ұстана білуге, тарихымызды, мәдениетімізді пір тұтуға тәрбиелеу-ұлт алдындағы адами парызым деп білемін. Педагог К.Д.Ушинский «Мұғалім-ол өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімділігі де тоқтайды»,-деген. Сол үшін де ұстаздықтың қыр-сырын жетік меңгеріп, игеру жолында тынбай еңбек етуді мақсат еттім.Оқыту, тәрбие барысында жаңа әдіс- тәсілдерді ұтымды, шеберлікпен пайдалана отырып, оқушының білім деңгейін, қабілетін саралай білуді, баланың жеке тұлғалық дамуына дұрыс бағыт-бағдар беруді, оларды заман талабына сай қалыптастыруды басты міндетім деп есептеймін. Мен- мұғаліммін. Бұл деген- ең бірінші өзімді-өзім тәрбиелеу, өзім-өзімнен жақсы білім талап ету және осылай ете отырып, баланы тәрбиелеу, баладан жақсы білім талап ету деген сөз. Мен-мұғаліммін, бірақ менің үйренерім көп, білерім көп.Озат тәжірбиелі, озық ойлы, шәкірттері де,өздері де сан биіктерден көрініп жүрген мектебіміздің маңдай алды майталман ұстаздары Атшыбаева Қамажай, Жетпісова Айжақсы, Қаналиева Жанна сынды ұстаздардан жаңа буын жас мамандардың үйренері көп екені ақиқат. Осындай ұлағатты ұстаздардың жол бастауымен, осы мамандықтың қызығы мен қиындығына көне жүріп, жетістіктерге жетсем бе деген үмітім мен мақсатым мені алға жетелейді.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1150684

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар