Ол көктем оралмайды...

3 сәуір 2014 - Админ
Ол көктем оралмайды...

Қадырлы әріптестер, өткенде қазақ блогшыларының тұңғыш додасы басталғандығын хабарлаған болатынбыз, сол доданың алғашқы кезеңінің бірінші туры басталды, бірінші турдың тапсырмасы «Көктем» тақырыбы болды, 5 сыныпта оқитын оқушы болмағаннан кейін бұл тақырып аса қиын соқты, әйткенмен шама шарқымызша қалам тербедік, төменде назарларыңызға жазған блогымды ұсыныам оқып көрерсіздер, дода туралы толық ақпарат мына сайтта   http://blogiada.kz/


Ол көктем оралмайды...


Ол маған сенбеді, мен де оны сендіргім келмеді…

-       Біз ертең жүретін болдық.

-       Қой, мені бала көресің бе…

Үнсіз жымиюмен шектелдім… көз алдымда жұмбақ ел, бұлыңғыр болашақ, қиялдан туған өмір арпалыстары, бос қияалымның арасында әрине ол да қол ұстасып бірге жүр,  ол болса күнделікті тіршілік соқпағынан сөз шертіп тұра берді, енді ше менің қиялымнан хабары бар дейсің бе?

   Бұл көріністі жүрек қылын тербер романтикаға балап тұрған мен ғанамын, сырт көзге романтиканың жұрнағы да байқалмайды, қыздың көзқарасы да сыныптасына жолда жолығып қалған күнделікті тіршілік сұлбасынан басқа дәнеңені де білдірмейтін еді.

    Бір жағынан бұл да жөн болды деп ойлап тұрдым, күтілген мерзімнен бұрын аттанудың қажеттілігі өзіме де тосын жай болған еді.

   Қысқа әңгімеден кейінгі бас изесуден кейін, өз жолымызға жылжыдық, бірнеше қадамнан кейін жастық көктемімдегі алғаш бүршік жарған гүліме бұрылдым, көктемімнің жаңа ашылған, құлпырған, дер шағындағы қызғалдағыма соңғы рет қарауым еді бұл. Кенет ол да бұрылды. Өміріме жететін, еске алған сайын шөліркеген сезімге таусылмас тамшыдай болатын, бір хикмет сөз күтеді екен жүрек байғұс осындайда.

-       Оқуыңды тастағаның өте өкінішті, барған соң оқуға түсетін шығарсың?

«Не ойлап кеттің байғұс ау, есіңді жи»  деген сигналды үлкен миым ортаңғы миыма жеткізгендей болды.

-       Ол жағын барғасын көреміз ғой.

-       Неге осы жолды таңдадың, жап-жақсы — ақ оқып жатыр едің, тастап барасың.

-       Енді бұйрық солай болған шығар.

-       Жарайды кетеріңде хабарласуды ұмытпа, деді де өз жолына қарап жүре берді.

    Мен де өз жолыма түстім, уәделескен достарыммен жолықтым, біраз отырып үйге түнжарымында қайттым, азанда отбасымызды атажұртқа жеткізетін автобус келді, ел болып жүкті жылдам тиедік. Көрші-қолаң, туыс-туғанмен қоштасу, 19 ға енді толған балажігіт үшін тым ауыр болмайды екен, қайта жолығатыныңа сенімді болады екенсің, бірақ көре алмай қалам-ау деп жүректі қобалжытатын бір жан бар әйтеу ойда.

   Автобус қозғалды, кіндік кескен ауылымның топырақ жолында тербеп келеді, сырттағы бізге кері бағытта жылжыған ағаштар мен үйлерге қарап отырған мені қым қуыт сезім билеп, жүрегімді қобалжыта түседі,  әлде біреудің қарасын соңғы рет көріп қалуға үміттене сыртқа көз сүземін, енді бір жағынан осынау киноға бергісіз сюжетті  романтикаға балап, жаным рахаттана қалады, шынымен де осыдан кейін дәл осындай балаң да сап сезімді сәттерді бастан кешірген емеспін. Ауылдан ұзап барамыз, үміттер үзілді, көлік ішін үнсіздік жайлады, отбасымыздағы әр кімнің де бір қимасы қалғаны даусыз, мүмкін соларды ойлап жатқан болар олар да.

    Бұл сапар отбасымызбен ата жұртқа аттану сапарымыз еді, содан бері он неше жыл өтіпті, сол жылдар ішінде туған ауылыма қайтқан бірнеше реткі сапарымда, оны кездестірдім, ол кездесулер енді тым әсерлі болмайды екен, көзден кеткен соң көп нәрсе ұмытылады ғой, қиялдап келген аруың сен ойлағандай мәміле көрсете қоймайды екен, бірақ, бірақ  жүректе мәңгі сөнбес ұшқын қалады, мәпелеп жіберсе жалын боп қаулайтындай сөнбес ұшқын…

   Көктемімде, тек менің ғана көктемімде алғаш бүршігін жарған, құлпыра ашылған қызғалдағымды осылайша мәпелей алмадым, басқаның бақшасына көшірілгелі қашан, сол жерде құлпырып тұра берсе болғаны.

     Бұл өкініш емес еді мен үшін, қайта өмірге ынтықтыратын рухани күш, жан жағың күңгірттеніп күш қайратың азайып қалжырағанда, жаныңа сәуле түсіретін үміт болып қалыптасты.

kizgaldak

   Өмірде бір келетін  жастық көктеміңізде алғаш бүршік ататын қызғалдағыңыз, жүрек түбіңіздегі мөлдір сезіміңізге серік болар сәуле болып,  сізді әрдайым алға сүйреп отырады, осынау сезім соғысында жеңіске жетсеңізде жетпесеңізде, өміріңіздегі атқарар ролы ерекше болмақ, ең бастысы сезіміңіз шынай болса болды. Бізді хайуаннан ажырататын осы бір ерекшелікті бергені үшін жаратушыға шүкір деймін.

   Қызғалдақтары бүршік жарып құлпыра ашылып жатқан көктем иелерін құттықтаймын, ал ол көктем маған енді оралмайды…

Сурет мына сайттан алынды

Арнайы «Блогиада» үшін жазылды.

02,04,2014

 
 

Осыған ұқсас жазбалар:

БастауышҚұстардың көктемгі тіршілігі (дүниетану 3 сынып)

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1083459

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар