Шикі мұғалім және 45 инут

29 шілде 2014 - Талғат Ануарбек

«Шикі» мұғалім және қырық бес минут

«Қырық бес жыл мұғалім болсаңда, қырық бес минуттық сабақ жоспарың болсын» деген аталы сөзді дәл кім айтқанын білмедім. Бірақ кім айтса да қырық бес минуттың оқушылардың болашағы үшін қандай маңызды, құнды екенін түсінген, білген біздің арда ұстаздарымыздың аузынан шыққанына шүбәм жоқ.

Күнделікті сабақ жоспары бұл мұғалімнің өзіне дайындаған әдістемелік көмекші құралы деп айтуға болады. Күнделікті өткізетін әрбір сабағын қай сыныпта қалай өткізу керектігін жан-жақты ойластырып, қандай көрнекі құралдарды, қандай әдіс-тәсілдерді қалай қолдану керектігін мұғалімнің өз іс- әрекетін оқушы іс-әрекетімен байланыстыра жоспарлайтын мұғалім үшін бірден-бір маңызды құжат. Күнделікті сабақ жоспарын дайындау барысында мұғалім көп материалдарды қарайды, соларды жүйелеу барысында жаңа тақырыпты игереді. Оны шәкіртіне жеткізу жолын қарастырады. Өзіндік ізденістер жасайды. Солай мұғалімнің шығармашылығы ұшталады. Еңбекқор, ізденгіш, шығармашыл мұғалімдердің жақсы жұмыс тәжірибелерін жоққа шығара алмайсың. Өзіміз де оқушы болдық, студент болдық. Шәкірті үшін өз уақытын аямаған, шікіртінің тағдыры үшін алаңдаған талай ұстаздарымыз жүрегімізде қалып қойғаны рас. Ал теориялық білімі төмен немесе өз пәнін жақсы білмейтін кейбір мұғалімдерімізді де күні бүгінге дейін күліп еске алатынымыз да рас.

Өтіп бара жатқан оқу жылының басында Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық ғылым академиясы барлық пәннен күллі ұстаздарға арнап жылдық күнтізбелік-тақырыптарды және күнделікті сабақ жоспарларды дайындап пайдалануға ұсынды. Мұны теріс болды деп айта алмаймын. Мұғалімдерге үлкен көмек екені даусыз. Әсіресе уақыт үнемдеуге. Бірақ бұл біздің кейбір «шикі» мұғалімдерімізге «дайын асқа тік қасық» болды. Енді осы «шикі» мұғалімдер дегеніміз кімдер екеніне тоқталайық.

Бірінші: Ел тәуелсіздігін алған тоқсаныншы жылдардың басында аумалы-төкпелі заман болды. Көп жұмыс орындары жабылып, жұмыссыздар көбейді. Осы тұста мектептерде, әсіресе, жаңадан ашылған қазақ мектептерінде мамандар тапшылығы, жетсіпеушілігі көп еді. Және ауылдық жерлерлерде жалақы алатындар мұғалімдер ғана болды. Міне, осы тұста жұмыссыз қалған басқа маман иелерінің көбі мектепке қарай ағылды. Тамыр-таныстықпен мектепке орналасып, кейін әйтіп-бүйтіп, сырттай оқып деген сияқты дипломды болды. Бұлар да бүгінгі күні білім саласына өз «еңбектерін сіңіріп» үлгерді.

Екінші: Мектепте қанағаттанарлық бағамен оқығандардың көбі мектепке мұғалім болып келді. 2001,2002,2003 жылдары жоғарғы, 10-11 сынып оқушылары арасында өткізген сауалнамамда 2 ғана жақсы оқитын оқушы мұғалім мамандығын таңдайтынын айтқан. Сол оқушылар мұғалім мамандығын оқып бітіргенімен, мұғалім болып істемеді. Ал қанағаттанарлық бағамен оқитындардың арасында мұғалім мамандығын таңдаушылар мүлде болған жоқ. Қалаған оқу орнына түсе алмай қалғандар мұғалімдікке келді. Тоқсаныншы жылдардың соңында тест жүйесі енгізілді. Тестіде төмен ұпай алғандар да мұғалімдікке қарай бет алды. Мұны ҰБТ жүйесі жалғастырды. Бұл тұсты жоғарғы оқу орындарыда ұтымды пайдаланып қалды. Басқа мамандықтарға қарағанда мұғалім мамандығының оқу құны анағұрлым төмен болды. Ақысын төлегендерге диплом дайын болды. Маманның білім, біліктілігі ешкімге қажет емес болып қалды. Солай мұғалім деген кез-келген адам істей алатын мамандыққа айналды. Мұғалім мәртебесі құлдырады. Шын мәнінде олай болуға тиіс емес еді. Мұғалім болу бұл – дарын /талант/ еді. Жоқ дегенде адаммен дұрыс қатынас жасай білетін, дұрыс жұмыс істей білетін адам мұғалім болуы керек болатын. Бұл жүйе бізде әлі дұрыс қалыптаспай келе жатыр.

Үшінші. Қырық жыл мұғалім істесе де, қырық жылғы сабақ жоспарын пайдаланып келе жатқан мұғалім. Бұл мұғалімдерді «шикі» дегеннен гөрі «қатқан» дегенге жақын келуі мүмкін. Алдыңғы екеуіне қарағанда бұлардың артықшылығы бар, әрине. Тек өзгергісі келмейтіндігі болмаса. Бұрында болып келген, қазірде болады дегенге сайдырады. «Шикілердің» қасында оқу саласының «суығына тоңдық, ыстығына күйдік» деген пайымда.

Енді оқушылар арасында өткізген сауалнаманың нәтижесіне көңіл аударайық.

«Оқушы дауысы»

Оқушыларға төмендегідей нұсқаулық жазылған парақшалар таратылып берілді. «Оқушы дауысының» мұғалім еңбегін бағалуда үлкен әсері бар. Сондықтан бұған адал, шынайы түрде әділ жауап берген дұрыс. Cізден мына кестені толтыруыңызды сұраймын. Әр сұрақтың тұсына 3 мұғалімнің атын жаз. Егер бар болса жаз, жоқ болса жазбай-ақ қой деп түсініктеме берілді.

Оқушы өз атын көрсетпейді. Бұл оқушылардың өз ойын еркін білдіруіне мүмкіндік туғызады.

Р/с

Сұрақтар

Мұғалімдердің аты

1

Сабаққа қоңыраудан кейін асықпай кеш келетін мұғалім

2

Сабақта нақты тақырыпты үйретпей бос әңгіме көп айтатын мұғалім

3

Оқушыларға ат қойып, айдар тағатын немесе жаман сөздер айтып айқайлап ұрсатын мұғалім

4

Сабақ үстінде себепсіз көп шығатын мұғалім

5

Көп мақтанатын мұғалім

6

Оқушыларды бөліп-жарып қарап, әділ бағаламайтын мұғалім

7

Айтқан уәдесінде тұрмайтын мұғалім

8

Отырып оқулықпен сабақ үйрететін мұғалім

Дәл осы сауалнама арқылы мұғалімдеріңіздің бет-бейнесін анық көруге болады. Мұғалім мамандығын сүйіп таңдаған, оқушысын шынымен жақсы көретін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мұғалімдерден мұндай ұсақ-түйек қателер кетпейтіні анық. Бірақ бір мұғалімнің бойынан осы ұсақ-түйектің көбі табылғанда ол ұсақ-түйек болмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Сіздердің мектепті қайдан білейін өз мектебімдегі мұғалімдердің 70-80 пайыздан артығы «шикі» екендігін оқушылар анықтап берді. Интернеттен алған дайын сабақ жоспары, теориялық білімнен жұрдай мұғалімнің сабақ үйретуін көз алдыңызға елестетіп көріңіз.

Сабаққа дайын емес мұғалім 45 минутты қалай өткізуді басқаша жоспарлап келеді. Ал енді осы «шикі» мұғалімдердің сабақ өткізу әдістемесінде жиі кездесетін көріністер туралы бірер сөз айтайық.

Ең бірінші, ол сабаққа міндетті түрде қоңырау соғылғаннан кейін 3-5 минут кейде 10минутқа дейін кешігіп келеді. Мұғалім кешіккеннен кейін сыныптағы жағдай өзіңізге белгілі. Жағалас, алыс-жұлыс басталады. Кейбірі сыртқа шығып кетеді. Осы сабақты ретке келтіру үшін тағы 10-15 минут уақыт керек. Ұрсу, тәртіп-тәрбие туралы лекция оқу. Оны тыңдауға оқушысының құлқы жоқ. Көнбегендерін оқу ісі, тәрбие ісі, мектеп директорына сүйреу…

Сабақты бос әңгімемен өткізу. Бұл «шикі» мұғалімдерде жиі қайталанады. Бүгін қандай тақырыпта сөйлеу керек екендігін алдына –ала айқындап келуі де мүмкін. Немесе мұғалімінің сыры оқушыларына мәлім. Мұғалімге «шырға» етіп сұрақ тастайды. Мұғалімге де керегі сол. Қызды-қыздымен біраз жерге барады. Қырық бес минуттың көбі кетіп азы қалады. Екі-үш оқушыдан өткен сабақты сұрап, жаңа сабақты түсіндіруге тағы екі-үш минут, сонымен қоңырау соғылады. Үлгермеген тақырыптың бәрі үйде оқуға беріледі. Ертеңгі сабақта оқушысы дайын емес, мұғалім аздап қайталап алайыншы…

Отырып оқулықпен жұмыс жасайтын мұғалімдер. Кейде оқулықтағы тақырыпты өзі де түсінбейді. Оқулықты бастан аяқ оқу, кейбір жерлерін сол қалпы жаздыру. Бұл оқушының қызығушылығын жоғалтады. Оқушы мұғалімін тыңдағысы келмейді. Мұғалім өз үстемдігін орнатқысы келеді. Қайшылық ты мұғалім бағамен шешуге тырысады…

«Шикі» мұғалімдердің келесі бір қасиеті мақтанғыш болады. Өзін оқушылары алдында мықты екендігін дәлелдеуге тырысады. Шамалы жетістіктері болса сонымен өзінің әлсіз жерін жапқысы келеді… Сабақ үстінде себепсіз әр нәрсені бір сылтауыратып жиі сыртқа шыға беретін де осылар. Оларға уақыт өтсе болды.

Оқушысы үшін, оның ертеңі үшін алаңдайтын мұғалімге қырық бес минуттың әрбір минуты бағалы. Олар елінің ертеңі үшін аянбай тер төгуде. Ал ондай ұстаздардың да еңбегі дұрыс бағаланып жатқан жоқ. Бұған қазіргі қалыптасқан жүйе де кінәлі.

Биылғы ҰБТ-да жиырма жеті мың түлек төмен балл жинады деген алғашқы ақпарат шықты. Бұған себеп не? деген сұрақ та қойылды. Әркім әр түрлі себептер айтар. Бірақ мен басты себеп «шикі» мұғалім дер едім. Олар білім беру үшін келген жоқ. Олардың ойы тіршіліктің қамы, азды-көпті ақша табу, жан сақтау…

Бүгінгі жүріс, бүгінгі жұмыспен білім сапасын ешқашан түзей алмаймыз. Менің бұл жазғаным біреулерге ұнамас. Шындығын айтсақ, еліміз бойынша білім беру саласына жайлаған айықпас дерт екені анық. Өз салаңды басқа біреу жамандап жатса оны жаныңды салып шырылдап қорғайсың да.

Біздікі бұл кемшілік бүгін болмаса да, ертең немесе бүрсігүні түзелсе деген үміт. Ол үшін оны мен, болмаса басқа біреу айтуы керек деп ойлаймын. Ал айтылмаған кемшіліктердің түзетілуі мүмкін емес. Сын түзелмей, мін түзелмейтінін де білеміз.

Жағдайды түзету үшін бүгіннен бастап мұғалімдікке бейімі бар дарынды жастарды тарту керек. Ол үшін мұғалім дайындайтын жоғарғы оқу орындарына арнайы гранттар бөлу, жеке студенттік жәрдем ақылар тағайындау, ауылдық мектептерде жақсы, өте жақсы оқыған оқушыларды ҰБТ-сыз осы гранттарға жіберу, оларға қайта ауылға келіп жұмыс жасауға мүмкіндіктер туғызу керек. Жалпы мұғалім беделін көтерудің жан-жақты амалдарын қарастыру керек.

Ақмола облысы

Атбасар ауданы

Мариновка қазақ орта мектебі

Ануарбек Талғат

Осыған ұқсас жазбалар:

Ұстаз үніАятжан Ахметжан. Басынан шіріген бастауыштық жүйе

БаяндамаҚазақтың Сен – Сұлтанысың

Ұстаз үніҰЛТ БОЛАМ ДЕСЕҢ, ҰСТАЗЫҢНЫҢ ХАЛІН БІЛ!

Ұстаз үніБІЛІМ ОРДАСЫНДАҒЫ АЛАЛАУ НЕМЕСЕ ІРІКТЕУ МЕ, ӘЛДЕ ІРІТУ МЕ?

Ұстаз үніАятжан Ахметжан. ОҚУЛЫҚ ОЛҚЫ БОЛСА, ОҚУШЫ ҚАЙДАН ОҢАДЫ?

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1148608

Пікірлер (3)
Нургиза # 1 тамыз 2014 в 11:20 0
Мақаладағы айтылғанның бәрі шындық, барлық жердегі көрініс. Ауылда оқушылары сондай тәртіпті бір сынып болды. Қалжыңбас бір мұғалім айтатын сол сыныпқа кірсең үйдегі сабаққа шала дайындалғаның білініп қалады. Уақыт өткізу үшін біреуге ұрсайын десең, ондай оқушыны таппайсың. Өздері әрбір қимылыңды қалт жібермей қарап отырады. Ал енді шулы сыныптарға сабақ берген рахат - деп қалжың-шыны аралас күлдіріп жүретін.
Мамандық таңдағанда қателеспеген адам, өзі таңдаған кез келген істі жүре үйреніп, ізденіп меңгеріп алады. 30 жыл мұғалім болып, 30 жыл бойы осы мамандықты қалай таңдадым, жек көрем дейтіндер де бар. Ұстаз болу - халық, мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілікті іс қой. Оған немқұрайлы қарауға болмайды.
Бақытжан Баянбаев # 12 қараша 2014 в 19:11 +1
Ақиқатты айтқан мақала,өзім оқып ұялып отырмын,сүттен акпын,судан тазамын деп айта алмаймын,бирак тырысу керек,сабаққа бармен емес, армен барган дурыс,алдымыздағы нанымызды адал табуга тырысамыз.
Калдығыз # 17 қазан 2015 в 21:43 0
Неге тек ауылда? Қалада да " Шикі мұғалім" бар. Мұны әр мұғалімнің өзінің ар-ожданы, ұяты білсін. Тек мұғалімде емес барлық кәсіп иелерінде мұндай кемшілік бар. Беріліп жұмыс жасап жатқан депутат та бар, ақша , даңқ үшін жүрген депутат та бар. Сол сияқты.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар