Қағазбастылықпен арпалысқан қайран ұстаз қай уақытта шәкірттеріне білім бермек?

3 қазан 2014 - Админ

Жақында Ақордада әкімдермен өткен жиында Елбасымыз 

Н.Ә.Назарбаев «Тағы бір мәселе қаптаған қағазбастылық пен есеп беру шырғалаңы. Мемлекет қыруар қаржы жұмсап мектеп, аурухана, балабақша тұрғызады, ал ол жерлерде бала оқытып, адам емдеудің орнына шаруаның көбі бағынышты органға есеп берумен өтеді.

 

Айталық, бір ғана мұғалімнің өзі жұмысының үштен бірін есеп берумен өткізеді»,—деді.

Біз өмір сүріп отырған XXI ғасырда білім беру жүйесінің мақсаты — бәсекеге қабілетті маман дайындау. Қазіргі мұғалімдердің білім беру сапасының жоғары болуы кәсіби шеберлігімен ерекшеленуі тиіс. Себебі жас буынға білімнің сапалы түрде берілуі білім беру жүйесіндегі педагогтердің деңгейіне байланысты. Әрине, нарық заманында мұғалім мамандығының мәртебесі мен беделі түсіп, керісінше заңгер, қаржыгер сияқты мамандықтардың беделі әп-сәтте жоғарылап кеткендігі де жасырын емес. Алайда Елбасымыз өзі мұғалім мәртебесін көтеруге міндеттеді. Ол үшін алдымен мұғалімдердің жалақыларын көбейтіп, біліктілігі мен білім беру сапасын көтеруге баса назар аударды. Дегенмен, жыл сайын мұғалімдердің там-тұмдап жалақысы көтеріліп жатқанмен, әлі де мардымсыз деңгейде қалып отыр. Мәселен, 18 сағаттық жүктемеге (1 ставка) 35-40 мың алса, жоғары дәрежелі мұғалім 55-60 мың теңге алады екен. Жоғары дәрежемен 1,5 сағаттық жүктемеге 80 мың теңгені зорға алады. Сынып жетекшілігіне бар болғаны 3 мың, кабинет меңгерушісіне 2 мың теңге көлемінде қосылады. Коммуналдық жеңілдіктердің бәрі алынып тасталынған. Көп ауылдардағы мектептерде пән мұғалімдері жетіспейтіндіктен, мұғалімдікке қатысы жоқ немесе сырттай оқып жүргендер сабақ береді. Ал осыдан кейін білім сапасы қалай артады? Мұғалім жалақысының төмендігіне байланысты ауылға жастар барғысы келмейді. Кейінгі уақытта Елбасының қамқорлығымен ауылға жастарды тарту үшін мұғалім не дәрігер болып барғандарға баспана да, ақшалай көмек те беріліп жатыр. Соған қарамастан ауылға жастардың баруы ойдағыдай емес.

Елбасымыздың жоғарыдағы пікіріне байланысты министрлікте не істелініп жатыр деген мақсатпен ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты мектепке дейінгі және орта білім департаментіне хабарласып едім, хатшысы оның бастығы Жану Алпамысқызының уақыты жоқ екендігін, бір-екі сағаттан соң хабарласуымды сұрады. Алайда екі күн бойы телефон соғып, ала алмадым.

Мен еліміздегі оқу орындарындағы қағазбастылық, мұғалімдердің білім деңгейі, білім беру сапасы төңірегінде мектеп пен жоғары оқу орындарының мұғалімдерімен пікірлескен едім. Ұстаздарымыз не дейді екен, назар аударалық.

Мұғалім неге адасты?

Қалыбаева Қаламқас Сейдуллақызы, филология ғылымдарының докторы, профессор:

— Қазіргі кезде Елба-сының тапсырмасы бойынша білімді модернизациялау үдерісі жалғасын табуда. Алайда іс жүзінде осы бағдарламаны жүзеге асыруда қоғамымызда бірқатар кедергілер орын алып отырғаны алаңдатады. Бұл келеңсіздік — бүгінгі Білім мен Ғылым саласын шырмауға алған бюрократтық тәртіптің орнауы.

«Қағазбастылық» дерті білім және ғылым саласын да шарпуда. Қазіргі бұл саладағы бюрократтық басқарудағы осы дерт өзінің шарықтау шегіне жетті. Бүгінде қағаз толтыра білу, тексеруші үшін қажетті анықтамалар мен есептер дайындап өткізу, кестелер толтырып формаларға салу кәдімгі жоғары біліктілік пен сапаның көрсеткіші ретінде аталып, бағаланатын болды. Бүкіл балабақшадан бастап, мектеп, колледж, жоғары оқу орындарындағы ұстаздар қауымы өзінің негізгі «оқыту, білім беру» міндетінен шындап адасып қалды. Адаспасқа шара жоқ. Күн санап емес, сағат санап келіп жататын қағаздар, барлығы да ұстаздан бала оқытуды емес, тездетіп «1-2 сағатта, әрі кетсе, 1-2 күнде» есеп жазуды талап етеді. Мұғалімнің одан басқа толтыратын қағаздары да жетіп жатыр. Пәннің оқу-әдістемелік кешенін айтпағанның өзінде толып жатқан жоспарлар, есептер, хаттамалар, сабақ жос-пары, өзара сабаққа қатысу, ашық сабақтардың хаттамасы, тәрбие жұмысының жоспары, оның хаттамалары, ғылыми жұмыс жоспары, оның хаттамалары, оның есебі, оқу-әдістемелік жұмыс, оның жос-пары, есебі, оның хаттамалары, жатақханаларда кезекшілік, оның хаттамасы, сабақ өту журналдары, тәрбие жұмысының журналы, түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысу, оның есебі, тағы, тағы, айта берсең санауға сан жетпейді. Оның әрқайсысы жеке папкаларға тігіледі. Ол папкалардың іші қатаң жүйеге бағынады. Қателесуге, ешбір сызуға, түзетуге жол жоқ. Әлдеқалай түзету жасағаның үшін бүкіл құжатты қайта басып, қайта принтерден шығарып, арпалысып жатасың. Міне, нәтижеде айтылған іс-шараларды өткізуге ұстаздардың ешбір уақыты да, мүмкіндігі де қалмайды.

Шынында да, қазіргі Білім және ғылым министрлігінен келіп түсетін тапсырмалар мен талаптар, нұсқаулар мектеп мұғалімдерінің, ЖОО оқытушыларының мүмкіншіліктерін ешбір ескермей отыр. Ал ЖОО оқытушы-профессорлар құрамының мүмкіншіліктеріне тіпті де сай келмейді. Себебі білім, ғылым саласы ең алдымен үздіксіз ізденіске құрылуы керек. Оқытушының ең басты міндеті — білім беру екендігі ескерусіз қалуда. Білім алушыларды қызықтыру үшін әр сабаққа үздіксіз дайындалу қажеттігі қазірде ұстаздар қауымы үшін орындалмас арманға айналғандай. Әрине, осындай жағдайда ең алдымен білімнің сапасы төмендейді. Қазірде білім сапасы айтарлықтай төмендеді. Мектептің оқу құралдарының сапасыздығы жайлы тіптен айта-айта шаршадық. Жоғары оқу орындары да оқулықтардан тапшылық көріп отыр.

Құрсауға алынған білім

Айзат Рақышева (мұғалім):

— Ұстаздық еткен бес жылдың ішінде қаншама тексеру комиссияларын көрдім. Сонда олардың тексеретіндері — тек қана құжат.Ал сабаққа қатысып, мұғалімнің білім деңгейі мен оқушының ой-өрісін тексеру ешбір бақылау мекемесінің қаперіне кірмейді. Осындай үнемі бақылау, қажетті-қажетсіз қадағалау нәтижесінде мұғалімдер қағазбастылыққа душар болды. Күні-түні бітпейтін қағазбастылық мұғалімге шығармашылық ізденуге мүмкіндік бермей отыр. Қағаз қуудың салдары тіптен ауыр: бұдан келіп, көзбояушылық мәселесі туындады. Мұғалімдер аса ауыр көзбояушылық кесірінен ақсақты дыңдай, өтірікті шындай етіп көрсетуге кірісті. Себебі мұғалім барлық жағынан шектеу көріп жүр: ол мүлде үлгерімі нашар оқушыға «екі» деген баға қоя алмайды, қойса «сен өзің пәніңді екіге білесің» деп басталатын ұзақ-сонар жазғыруға қалады. Сабақ босатқан оқушыны журналға «жоқ» деп белгілеуге де қақысы жоқ, неге десеңіз, бұл жайт та мұғалімнің «пәні қызықсыз өтеді» деген сыңаржақ пікірдің тууына себепші. Қысқасы, мектепте белгілі бір жағдай орын алса, «кім кінәлі?» деген сұрақтың жалғыз ғана жауабы бар: «мұғалім кінәлі!» Міне, аяқтан шалған мың құрсау мен тоқсан түрлі тыйым, қағазбастылық пен көзбояушылық салдарынан оқушылардың білім дәрежесі төмен сипат алып отыр.

Бақытгүл Рахимова (тәжірибелі ұстаз):

— Отыз жылдан бері бастауыш сыныптарға ұстаздық етіп келемін. Мұғалімдердің қағазбастылыққа мықтап құрсауланғанын өз ұстаздық өмірімнен алып айта аламын. Шет-шегі жоқ құжаттар мен іші қампайып тұруға тиіс папкілер мұғалімнің бар жанымен сабақ беруіне үлкен кедергіге айналды. Мұғалімнің көңілі түптеп келгенде керегі де шамалы бума қағаздарға алаңдап тұрады. Қазір құжаттарын түгендеп, папкілерін қағазға байытып қойған мұғалім —«жақсы мұғалім». Ол қағаздың шындықпен қаншалықты жанасатынын тексеріп жатқан тірі жан жоқ. Сонымен қатар, мына тестілеу деген мәселеге өз басым күдікпен қараймын. Үнемі білімін тест сұрақтарымен сарапқа салатын оқушының ойы таяз, тілі шорқақ болады.

Айнагүл Рахымова (зейнеткер ұстаз):

— Немерелерім мектепте оқиды. Ара-тұра сабақтарына қатысып тұрамын. Сонда менің көзім жеткені — мұғалім алдындағы оқушыдан гөрі қолындағы қағазға көбірек шұқшияды екен. Маған тіпті мұғалімнің оқушының жан-дүниесіне жақын баруға уақыты жоқтай көрінді. Бұл кеселді ахуалды дер кезінде тоқтатпаса, роботтанып кеткен ұрпақтың қаулап өсуіне өзіміз өз қолымызбен жол ашқандай боламыз. Бұрын, Кеңес кезінде мұғалімнен жылдық жоспар мен күнделікті сабақ жоспары ғана талап етілетін. Қазіргі талап ұшан-теңіз, мұғалімнің бар уақытын жалмауыздай жұтатын қыруар құжат. Сол құжаттарды мейлінше қысқартып, мұғалімнің шығармашылықпен айналысуына, өз бетінше үздіксіз ізденуіне мұрсат берілсе, бәлкім, білім деңгейі әлдеқайда жақсарар ма еді?!

Технологияны меңгермесек, істелген істің бәрі бекер

Б.Карипов, Сүлеймен Демирел университетінің оқытушысы, магистр:

— Кез келген мұғалім-нің ертеңгі күнгі болатын сабағына алдын ала дайындалуы, екі жаққа икемді сабақ жоспарын жазуы – оның оқушы және қоғам алдындағы парызы мен қарызы. Бірақ бүгін оған сол парызды орындауға толықтай мүмкіндік жоқ.

Жалпы бүгінгі күнде «бармақ бастының, көз қысты» мәселесі мектепте «жайлы» орын тепкендей. Яғни бармақты басып, көзді қысып, өткізілмеген сабақ жоспарларын, тәрбие са-ғаттарын мұғалім өзінің жеке портфолиясына сала беруі, ертең комиссия тексереді деп жинай беруі, онысын біле тұра директордың оқу, тәрбие жөніндегі орынбасарлары бастарын изей отырып, «отметка» жасауы – бұл үлкен дерттің басы.

Бүгінде елімізде бүкіл қазақ сайттарының ішінде көшті Surak-zhauap.kz сайты бастаса, 2 орында тұрған 45 минут ұстаздар сайты (45minut.kz) екен. Қандай ғажап! Сұрақ: Бұл сайттың рейтингісін осыншама дәрежеге көтеріп тұрған кімдер? Ойланбастан ұстаздар деп жауап берер едік. Бұған журналистер, саясаткерлер, менеджерлер, банкирлер т.б. кірмейді. Қазір еліміздің түпкір-түкпірін ғаламтор торлап алған. Сайттар қолжетімді. Керекті сабақ жоспарын, тәрбие сағаттарын тауып ал да, жүктей бер. Қызығы, бұндай қулықты қазір оқушылар да үйренген. Үйге реферат жазып кел деп тапсырма берсең, сайттардың ішін ақтарып, лезде тауып әкеледі. Оны тексеріп, мынаны көшіріп әкелдің деп айтуға мұғалімнің хақысы жоқ, себебі оны өзі істеп отырған жоқ па?! Көрдіңіз бе, мәселе қалай ушығып тұр!.

Біздің мектептерде ұстаздардың істеген ұлағатты ісі егер қағаз жүзінде тіркелмесе, есепке алынбайды. Бұл – жансақтаудың амалы. Білім ордаларын тексеретін комиссия мүшелерінің де алдымен оқушылардың білімін емес, «қағаз-күрек» жұмыстарын тексеретіні қызық. Қағазыңыз «шики – шики» болса, құда да тыныш, құдағи да тыныш. Атыңыз аталып, даңқтың шыңына шығасыз. Ал ісіңіз толық, бірақ есебі қағаз түрінде жоқ болса, қара жерге жастанасыз.

Технология дамуда, инновация өрлеуде. Білім саласында тиімді пайдалануға болатын заманауи технология тетіктерін меңгеруге уақыт жоқ. Егер осы күнгі жас мұғалімдердің (шартты түрде, себебі жас ұстаздар мектептерге көп жолай бермейді) уақыты қоғамның өрлеуіне жұмсалмаса, уақытша жеке бастың амандығы үшін жасалған тірліктің, яғни қағаз толтырудың ешкімге пайдасы жоқ.

Ердос Калимуллаұлы Оңғарбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультетінің деканы, химия ғылымдарының док-торы:

— Жоғары оқу орындарының оқытушыларының күнделікті жұмысы оқулықтармен, оқу құралдарымен жүргізілетіндіктен, қағазбен күнде жұмыс жасауға тура келеді. Бұл жерде айтылып отырған мәселе – жоғары жақтан үнемі тапсырмалар, мәліметтер мен ақпараттар сұратылып, оқытушылардың уақыты сол қағаздарға жауап дайындаумен, ақпарат толтырумен кететініне байланысты болса керек. Кейде бұл мәліметтер қандай да бір мәселені шешу, аналитикалық шолу жасау немесе жаңа мәліметтер базасын жасау үшін қажет екендігі рас, бірақ кейде бір қағаздың үстіне екіншісі келіп жатқанда қолыңды сілтей салатын кездер де болып тұрады. Әрине, бұл оқытушының өзінің тікелей қызметіне кедергі келтіретіні рас, оның сабағына дайындалуына, біліктілігін арттыруына бөлетін уақытын алып қояды. Менің ойымша, бұл мәселені шешудің жолы – әрбір бөлімде немесе кафедрада барлық нақты бағыттар бойынша жауапты оқытушылар бөлініп қойылса, кейін сол сұрақ бойынша ғана мәлімет беріп отырады. Жалпы ведомство немесе әкімшілік деңгейінде барлық беріліп жатқан ақпараттар базасы болу керек, қажет кезде сондағы бар мәліметтерді пайдалану керек. Ал оқитын пәні бойынша оқулық, әдістемелік, оқу құралын дайындау немесе ғылыми жобасы бойынша мақала шығару, есеп беру сияқты қағаз-құжат жұмыстар – бұл оқытушының немесе ғалымның тікелей міндеттерінің бірі деп есептеймін.

Тәжірибелі, ұзақ жылдардан бері қызмет етіп келе жатқан оқытушылардың шет тілін білу, жаңа технологиялармен жұмыс жасауда жетіспей жатқан тұстары бар. Ал университетті бітіріп, жаңадан диссертация қорғаған жас оқытушылар шет тілін біліп, техниканың құлағында ойнағаны-мен тәжірибесі, біліктілігі, кейде білімі жетпей жатады. Бұл, әрине, уақытпен келетін нәрсе деп ойлаймын. Бастысы – оқытушылардың біліктілігін арттыруға мемлекет, министрлік тарапынан арнайы қаржы бөлініп, қолдау жасалса.

Нағыз ұстаздың жұмысы сабақтан соң  басталады

Сәкенова Рахима Бөлекбайқызы, Шоқан Уәлиханов атындағы №12 гимназияның директоры:

— Баланың білім сапасы ҰБТ-да, бақылау жұмысы, емтиханда көрінеді. Сонда оның қандай мұғалім екендігі байқалады. Қағазбастылықтан арылту үшін ұстаздың еңбегін жеңілдетудің түрлі жолдарын қолдану керек. Ол 45 минут сабағына міндетті түрде дайындықпен келуі тиіс. Мұғалімнің сабақ жоспары деген шығармашылық жұмысы бар. Түрлі ғылыми-зерттеу институттары, қалалық білім жетілдіру институты, арнайы курстар т.б. мұғалімді қағазбастылықтан арылту үшін қызмет еткені жөн. Мәселен, 5 сыныпта бірінші тоқсанда қазақ тілінен сабақ жоспарына қанша сабақ беретіндігі жайлы дайын жоспары кітапша болып шықса, мұғалім бұған қосымша өзіндік бағыт-бағдары, мақсаты, жаңалығын қосып отырса дұрыс болар еді. Сондай типтік жоспарлар керек. Тәрбие саласында да солай. Ғылыми-зерттеу институттары мұғалімге көмекке келуі тиіс. Жалпы білім саласындағы ұйымдардың барлығы мұғалімнің еңбегін жеңілдетуге, оның көп уақытын баланың тәрбиесі мен білім сапасына арнауға көмектессе, бұл проблемадан арылар едік.

Нағыз ұстаздың жұмысы түстен кейін басталады. Сағат 2-ге дейін сабақ беріп, есігін жауып кететіндер — тек сабақ берушілер. Қосымша білім беру, сыныптан тыс жұмыстар, факультатив, үйірмелер т.б. түстен соң басталады. Егер мұғалім түске дейін сабақ беріп, түстен соң бар уақыты қағаз толтыруға кетсе, ол қалай балаға көңіл бөледі? Менде 15 жас мұғалім істейді. Олардың білім деңгейі төмен деуден аулақпын, алғашқы 3 жылда оларға бар білгенімізді үйретеміз. 5 жылда олар «жас мұғалім» деген аттан құтылады. Сондықтан алғашқы 5 жылда мұғалім болу тәлім-тәрбиесінен өтеді. Бізде «жас мұғалімдер», «тәлімгерлер» клубтары бар. Одан кейін ашық сабақтарда үлгі көрсетеміз, жастарға ұсынысымызды сын ретінде емес, пікір ретінде айтамыз. Білім деңгейі жыл сайын өспесе, жаңалықтар енбесе, неше жыл еңбек еткен білікті мұғалімнің өзі күнделікті толықтырып отырмаса, өмір ағымынан қалып қояды.

Серік Мұхамбетұлы, ғалым-ұстаз: 

— Балабақшадан бастап білім ошақтарының бәрінде қағазбастылық. Бір ғана мектептің өзінде мектеп есебі, педагогика-лық кадрлар есебі, РИК-83, Рик-16, оқушылардың қозғалыс есебі т.б. Ең кемінде 1 мың парақтан тұратын есеп толтыру қажет. Оқу жылының басындағы бір ай толық және түгелімен есеп беруге кетеді екен, ал тоқсан сайынғы есепке 4 күн керек. Жалпы алғанда мұғалімдердің екі айға жуық уақыты қағаз толтырумен кетеді, орта және жоғары оқу орындарында дәл сондай жиналысбастылық, кафедра мәжілісі, деканат мәжілісі, үлкен кеңес, кіші кеңеспен жүргенде бір аптадағы жұмыс уақытының үштен бірі қилы кеңестерге кетеді, сонда мұғалім сабаққа қай уақытта дайындалады, қысыр кеңестердің мұғалімге берері не?! Әрине, түк те бермейді. Мектептің өзінде бір мың бет есеп талап етілсе, қалған оқу орындарына не жорық?!

Білім сапасын бақылайтын құрылымдар ҚР Білім және ғылым министрлігіне бағынбайтын тәуелсіз сарапшылардан құрылғаны құба-құп. Сонымен қатар олардың жалақылары білім сапасындағы кемшіліктерді көбірек тапқанына байланыстырып өсіп отырса ғана зор пайдасы болмақ. Тіпті ҰБТ-дан өтпей қалған оқушының тәуелсіз сарапшыларға жүгінуге мүмкіндігі болуға тиісті. Әрбір сыныптағы білім сапасын, мұғалімнің қойған бағасының сапасын бақылай алатын, талдай, сараптай алатын аса білікті мамандар болуы қажет. Өзі білім беретін министрлік өзі білім сапасын бағалайтын болса, ешуақытта білім деңгейі көтерілмейді. ҰБТ— ұлттың келешегіне көлденең тұратын кесел, адам баласын сөйлеу сауаты мен жазу сауатынан айырып, жадын өзгертеді. Рейтингтің кез келген түрі бар болғаны болжам ғана, ол мұғалімнің, оқушының, студенттің рейтингі болсын, нақтылы нәтижелерді көрсете алмайды. 

Сонымен қатар оқу орындарының басшыларын төменнен жоғары қарай сайлайтын кез де келді. Мектеп директорлары мен оның орынбасарлары, ректорлар, декандар және оның орынбасарлары, кафедра меңгерушілері сайланып отыруға тиісті. Жоғары оқу орындарында кадрларды ғылыми дәрежесіне қарап емес, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетіне қарай тағайындауға жаңа жол ашқан жөн. 

Бастауыш сыныптан бастап үш тілді меңгерту білім сапасының күрт төмендеуіне жол ашады, керісінше бірінші сыныптан жоғары, арнаулы орта оқу орындарын бітіргенге дейін мемлекеттік тіл жүйелі түрде оқытылуы міндетті.

Мемлекет мүддесі — мемлекеттік тілде, мемлекет мәртебесі де — мемлекеттік тілде. Басты талап — мемлекеттік тілді меңгермеген маманның айлық жалақысы да шектеулі болуға тиісті. Жоғары оқу орындарының ұстаздарына берілетін «Үздік оқытушы» аталымының талаптарын қайта қарап, мейлінше шектеу шарт. Үздік оқытушы ғылыми еңбегіне қарап емес, аудиториядағы өткізген дәріс сапасына қарай бағалануы байыптылық. Сонымен қатар, ғылыми жобаларға жөн-жосықсыз қыруар қаржыны шашып, оны өзара бөліске салу да дағдыға айналып барады. Орыс мектептері, орыс аудиторияларындағы мемлекеттік тілдің мерейін арттыру үшін сағат санын көбейтіп, сабақ сапасына көп көңіл бөлу қажет. Орыс мектебінде он бір жыл қазақ тілін оқыған адамның тұрмыстық деңгейде сөйлей алмауына кім кінәлі, әрине, мамандар, олай болса, мамандардың білімін жетілдірумен жүйелі түрде айналысу қажет. 

Жоғары оқу орындарының магистратураларында қазір мемлекеттік тіл мүлде оқытылмайды. Phd докторларға да солай мемлекеттік тіл оқытылмайды. Сонда қазақ тілі қалай ғылым тіліне айналмақ?! Қазақстандағы магистранттар мен Phd докторларға мемлекеттік тілді оқытуды жаппай қолға алу қажеттілік, себебі мемлекеттік тілдің дипломда болмауының өзі де мемлекет мәртебесін төмендететіні рас, ал мемлекет мәртебесі мемлекеттік тілде емес пе? Олай болса, мемлекет мүддесі де — мемлекеттік тілде.

 

Дереккөз:   Қазақстан заман газеті


Осыған ұқсас жазбалар:

ЖаңалықтарОқулық сапасының жыры әлі де жалғасуда

Ұстаз үніБІЛІМ ОРДАСЫНДАҒЫ АЛАЛАУ НЕМЕСЕ ІРІКТЕУ МЕ, ӘЛДЕ ІРІТУ МЕ?

Ұстаз ұйымдастырушыПедагогикалық шеберлік

Сайт туралыПортал туралы аз сөз

Ұстаз үніҰЛТ БОЛАМ ДЕСЕҢ, ҰСТАЗЫҢНЫҢ ХАЛІН БІЛ!

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1129908

Пікірлер (2)
Бағлан Исмаилова # 14 қазан 2014 в 00:42 0
Мұғалімнің осы жан айқайын тыңдайтын адамдар бар ма екен,шіркін-ай!Мұғалім болғанына жастар қуанып мектепке келді,келген күннен бастап ана қағазыңды әкел мына қағазыңды әкел деп түңілдіріп жібереді ғой Сол үшінде жастар мұғалімдіктен қашады.Кейбіреулері мұғалімдік жұмыс "өлмейтін профессия" деп осы жұмысты таңдайды.Ал оның қандай қиын екенін түсінсе ғой.
Гүлнұр Алимсеитова # 5 қаңтар 2015 в 20:48 0
Ұстаз-мектептің жүрегі.Мектептің бойына қан таратар күретамыры ұстаз десек оның сан тарапқа таралған капиллярлары оқушылар емес пе?Осы үздіксіз процестің жүруіне кедергі болып отырған,тамырына балта шауып отырған түрлі себепті себепсіз тексерулер мен қажетті қажетсіз талап етушілік.Мен ұстаздық еткен алғашқы жылдарымды сағынышпен еске аламын.Өйткені ол кезде ең бірінші талап балаға берілген білім сапасы мен саналы тәрбиесі еді.Қазір беті жылтыраған,өнегеден алыстау,табыс табуға құштар топ көбейіп келеді.Ұстаз атына лайықсыз адасушылар тобы.Бала жанын түсініп,мамандығына берілгендері аз.Баланы бірінші сүю керек,сонан соң білім берілуі керек деген аталы сөздің ауылынан алыстап кеткендер мектептің беделін түсірмесе көтере қоймас.Барынша шіренген әдіскерлер өздерінің міндетін ұмытқан ба дейсің.Әдістемелік көмек беріп, жол сілтеп, түрлі әдістемелік іс-шара өткізудің орнына тек тексеруге құштар-ақ.Айтып айтпай не керек мұғалімнен басқа ауылда тексеретін де ешкім жоқ болғасын осылай шығар.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар