Қазіргі білім беруде оқытудың өзекті мәселелері

10 қаңтар 2015 - Қанат Жуанышев
Қазіргі  білім  беруде  оқытудың  өзекті  мәселелері

Қазіргі білім беруде оқытудың өзекті мәселелері

Бүгінгі таңда қоғам білім беру жүйесінен экономикалық, әлеуметтік және мәдени өзгерістерге сай болуды талап етіп отыр. Бұл мәселе туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2011 жылғы Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» жолдауында былай деген: «Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландыруының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс».

Бүгінгі күні еліміздің білім беру жүйесіндегі негізгі тұлға педагог болғандықтан, оқытудың жаңа деңгейіне көшуге байланысты сапалы білім беру міндеті мұғалімге жүктеледі. Мұғалім оқыту әдістемесіне жаңалықтарды енгізіп, шығармашылықпен айналысып, үнемі өз білімін жетілдіріп отыру керек. Білімді жаңғыртудың басты мақсаты білім беру жүйесінің тұрақты дамуынан және оны ХХІ ғасыр қажеттілігіне сай қамтамасыз етуден тұрады. Қазіргі таңдағы білім беру саясатының ең бірінші міндеті – жоғары сапалы білім беруге қол жеткізіп әрі оны тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің өзекті де, өміршең қажеттілігіне сәйкестендіру. Үздіксіз білім берудегі математика рөлі көзге ұрып тұрады. Мәселенің бәрі мынаған келіп тіреледі: математиканы қалай оқыту керек және оқу процесінде нені басты назарда ұстауға тиіспіз? Математикалық білімді қалай оқыту туралы алуан түрлі теориялық ізденістерде нақты практикалық міндеттерді шешуде математикалық әдістерге байланысты пікірлердің орын алуы – орынды құбылыс.

Осының бәрі қордаланып келгенде, ұстаздар қауымының тұрақты да, жүйелі қайта даярлануы мен кәсіби біліктілігін көтеріп отырудан хабар береді. Осы орайда жеті модульге негізделген Кембридж Бағдарламасының түйінді идеяларымен таныстым. Ұнаған тұсы – Бағдарламаның негізінде оқушылар белсенді іс-әрекет иесі бола отырып, өзінің зерттеулеріне сүйене отырып ой қорыта алуы.

Оқушылардың қызығушылығын қанағаттандыратын «жаңа тұрпатты» сабақ қандай болмақ? Сабақ – оқушы мен мұғалім арасындағы білім алуға негізделген үрдіс. Жеті модульді тереңірек түсіну – сабақты жаңаша жоспарлауға мүмкіндік беретінін байқауға болады. Сабақтың мақсатын дұрыс айқындау, «мұғалім — оқушы, оқушы — оқушы» коммуникативті қарым – қатынасын оңтайлы ұйымдастыруға жол ашады. Мұғалімді оқушыға тек қана білім беру ғана емес, сонымен қатар, әрбір оқушының бойында шығармашылық қабілеттерін дамыту жолдары туралы ізденістер толғандырады. Сондықтан, рольдік ойындар, талдау, проблемалық мәселелерді шешу – жаңа форматты сабақтың негізгі құрамдас бөлігі болып табылады.

Осы мақсатты алға қойып, өз тәжірибеме оқытуды жаңаша ұйымдастыру, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында әрбір сабағымды түрлендіріп өткізу күнделікті дағды болып қалыптасты. Оқушы санасына білімді жүйелі түрде меңгеруіне және оқушының қабілет деңгейлерін дамытуда осы әдіс-тәсілдердің маңызы ерекше екендігін баса айтуға болады. Олай дейтініміз, бұл әдістер оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттырып, өз бетімен жұмыс істеуге, қорытындылар жасауға, жүйелі білім алуға жетелейді.

Бүгінгі таңда Қазақстанның білім беру жүйесіндегі басым бағыттардың бірі – жаңаша инновациялық көптілді білім беру моделін құру болып табылады. Заманауи мектеп бітірушілеріне шет тілін сапалы меңгеру – өмірден туындап отырған қажеттілік. Ғылым мен техниканың қарқынды дамуы шет тілін еркін меңгеру сұранысын жоғарылатып, теориялық және практикалық білімді терең де сапалы меңгеру шеберлік пен дағдысын талап етіп отыр. Көп тілді оқыту негізінде бейімдеу – дамыған тұлғаның әлемдік өркениетін кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілік кепілі. Қазіргі жастар өздерінің алдына үлкен мақсат қоя біледі. Олар шетелде білім алуды армандайды. Қазіргі мәліметтерге сүйенсек, шет елде оқуға талапкерлер көбінесе тілдік мәселеде қиналады. Дәлірек айтсақ, нақты саналатын пән терминологиясынан көп қиналады. Себебі, ол сөздер күнделікті өмірде көп қолдана бермейді. Сол себепті, жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқыту заман талабы. Осы бағытта мектептерде көп тілдік орта қалыптастыруда кешенді әрекеттер ұйымдастырылуда. Жекеленген пәндер ағылшын тілінде оқылады. Бұл оқушылардың пәнге деген қызығушылығының артуына септігін тигізеді. Білімді дайын қалпында қабылдамай, оны өздігімен қалыптастырудың тұлғаны дамытатындығы, өздігімен құрастырылған білімнің есте ұзақ мерзімде сақталатындығы тәжірибе жүзінде дәлелденіп келеді. Қайталау мен жаттауға негізделген білім (репродуктивтік) тек есте сақтау дәрежесінде болса, құрастырылған білім (конструктивтік) білім үйренушіден түсіну, қолдану, талдау, ақпарат негізінде жаңа мазмұн құрастыру және бағалау сияқты белсенді әрекеттерді талап етеді. Сол себепті, пәндерді жекелей бермей, мазмұны жағынан ұқсас пәндерді біріктіре беруді тәжірибеге енгізіп келеміз. Нәтижесінде оқушы алып жатқан білімін қайда қолданатынын ұғынып, оқуға деген ынта-жігері артады. Атап айтсақ, мектептерде математика/физика, математика/география, математика/музыка, қазақ тілі/ағылшын тілі, қазақ тілі/орыс тілі/информатика, физика/химия, физика/тарих, химия/информатика т.с.с. кіріктірілген сабақтар өткізілуде. Мысалы, география/математика кіріктірілген сабағы арқылы оқушылар Еуразия материгін математикалық аппараттар арқылы тереңірек зерттеп, географиялық есептеулерді жүргізеді.

Білім берудің өзекті мәселелеріне зерттеу жүргізу еліміздің білім беру мәселелерін тиімді шешуге, оқушылардың математикаға деген қызығушылығын арттыруға, 12 жылдық мектеп бағдарламасына сәтті көшуге септігін тигізетіні анық.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.«Егемен Қазақстан», 29 қаңтар 2011 жыл

2.Әлімов А. Интербелсенді әдістемені ЖЖО-да қолдану мәселелері.- Алматы,

2013 жыл

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1141941

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар