ҰБТ таяғанда ата-ана мен оқушыға мектеп қысымы күшейді

10 сәуір 2015 - Админ

Мектеп түлектерінен ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш қабылдана бастады. Астаналық кейбір ата-ана Азаттыққа «мұғалімдер баламызды тестілеуге жібергісі келмейді» деген шағым айтты.

Мектептің адында тұрған оқушылар. (Көрнекі сурет)
Мектептің адында тұрған оқушылар. (Көрнекі сурет)

Астанадағы № 4 мектептің 11- сынып оқушысы Аңсар Бейсенбек болашақ мамандығын әлі таңдамаған. Оның әкесі Сәрсенбек Бейсенбек баласын «мектеп басшылары ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ-ға) жібергісі келмей отырғанын» айтып шағымданды.

«ҰБТ-ҒА ҚАТЫСПА...»

Қазақстанда халықаралық олимпиада жеңімпаздары, ғылыми жоба авторларынан өзге түлектер ҰБТ тапсырмаса, жоғары оқу орнына (ЖОО) түсе алмайды.

— Ұлым керемет оқиды деп айтпаймын. Бірақ дайындық тестілеуде 70 ұпайға дейін алып жүр. Ал мектеп директоры орынбасары «ЖОО-ға түскілеріңіз келсе, Қазақ-Ресей университетіне барыңыздар, ол жерге ҰБТ қорытындысы қажет емес, аттестатпен қабылдайды. Ұлыңыз тест тапсыра алмайды және мектептің үлгерім көрсеткішін төмендетеді» деді. Бірақ мен сұраған [ҰБТ тапсырмаймыз деген] өтініштерін жазбай кетіп қалдым – дейді Сәрсенбек Бейсенбек наразылығын білдіріп.

Астана тұрғыны Сәрсенбек Бейсенбектің Facebook әлеуметтік желісіне жариялаған жазбасының скриншоты. 2015 жылдың сәуірі.

,

Ал бұл мектептің директор орынбасары Айгүл Қашаева мұны теріске шығарды. Оның айтуынша, «Оқушыға ҰБТ-ға қатыспа» деген талапты ешкім қоя алмайды. Ондайға мектеп басшылығының, мұғалімдердің құқығы жоқ». Қашаеваның айтуынша, ҰБТ-ға байланысты мектеп өкілдері ата-аналармен кездесу өткізе бастағаны рас, бірақ ондағы әңгіменің мазмұны басқа.

— Мысалы, ҰБТ-дағы негізгі пәні – физикаға жыл басынан дайындалып келгендер енді географияға ауысып жатыр. Мұғалімдер үшін бұл — қосымша жұмыс, оқушыны мұғалім жаңадан дайындау керек. ҰБТ қорытындысы оқушыға ғана емес, мектепке де маңызды. Уақыт болса, таяп қалды. Мұғалімнің мойнында оқушыны ҰБТ-ға дайындаудан бөлек, оқу бағдарламасымен білім беру ісі бар. Осындай қиындықтарды түсіндіріп жатырмыз. Оның үстіне, сәуірдің 25-іне дейін оқушылардың қай пәнді негізгі деп таңдағанын анықтап, қалалық басқармаға жіберуіміз керек,– дейді ол.

Мектеп басшылығының айтуынша, биыл № 4 орта мектепті 96 оқушы бітіреді. Олардың дені ҰБТ тапсырмақ. Алайда осы мектептің 11-сынып оқушысы Серік Нұрмағамбетов Азаттыққа «тест тапсырмайтынын» айтты. Оның сөзіне қарағанда, мұғалімдер «ҰБТ-ға қатыспа!» деген. Ал оқушының анасы Гүлбақыт Нұрмағамбетова «мұғалімдер өзін шақыртып, баласының үлгерімі нашар екенін, тестілеуден өте алмайтынын ескерткенін» айтады.

– Құлағымды жеп қойған соң тест тапсырмау жөнінде сұраған өтінішін жазып беріп тынышталдық – дейді Гүлбақыт Нұрмағамбетова.

«КӨРСЕТКІШІ ТӨМЕН МЕКТЕПКЕ КОМИССИЯ КЕЛЕДІ»

Астана мектептерінің бірінде алты жыл мұғалім болып еңбек еткен Тыныштық Қыдырбаева «үлгерімі нашар оқушыны ҰБТ-ға қатыстырмау жайында мектеп ішінде ата-анамен оңаша әңгіме жүретінін» жасырмайды. Оның айтуынша, «ондай әңгіменің шығуына мектептің ҰБТ-дан шығатын көрсеткіші кінәлі». Түлектердің «көрсеткіші төмен болса, мұғалімдер сүйкімсіз атанып, «орныңнан кетесің», «категорияңыз бір сатыға төмендейді» дегендей сөгіс алып, мектепті тексеретін комиссия жиілейді».

Астанадағы № 4 орта мектептің ғимараты. Астана, 3 сәуір 2015 жыл.Астанадағы № 4 орта мектептің ғимараты. Астана, 3 сәуір 2015 жыл.

– Өкінішке орай, тестілеуге жүрдім-бардым дайындалатын, сабақта планшет ойнаудан қолы босамайтын оқушы көп. ҰБТ кезінде ондай оқушы мұғалімді бостан-бос шаршатады. Ынтасыз оқушының ҰБТ тапсырмағаны мұғалімге тиімді. Егер «көрсеткіш неге төмен?» деген сұрақ қойылмаса, мұғалімдер «ҰБТ тапсырмашы...» деген өтініш те айтпас еді, – дейді Тыныштық Қыдырбаева.

Астана қаласы білім басқармасы орта білім беру бөлімі басшысы Ботагөз Жүнісова ҰБТ-дан төмен ұпай жинаған мектептерде «талдау жұмысы жүретінін», «білім беру ісіндегі кемшіліктер анықталатынын» жасырмайды.

Мәселен былтырғы тестілеу қортындысында Астана мектептерінің орташа көрсеткіші – 83,1 болған. Ал 90-ға жуық мектеп ішінде 71 ұпаймен «үлгерімі төмен» атанған оқу орнының бірі – №55 мектеп. Қазір мұнда мұғалімдер әр оқушыны ҰБТ-ға жеке дайындап жатыр. Мектепдиректоры Жанат Қазтуғанбетова «биыл жақсы көрінуге тырысып бағатындарын» айтты.

– Қала шетіндеміз. Көп ата-ана жалдамалы пәтерде тұрады. Маусымдық жұмыстарына орай көшіп кетеді. Жақсы оқитын бала тұрақтамайды. Тоғыз бітіргенше бес сынып оқушы болса, 11-сыныпқа келгенде 10-ақ оқушы қалады. Биыл да сол. Оның бәрі ҰБТ-ға барады. Әр баланы жеке-жеке дайындап жатырмыз. Жақсы көрінуге тырысамыз – дейді ол.

Алайда Астана қаласы білім басқармасы орта білім беру бөлімі басшысы Ботагөз Жүнісованың сөзіне қарағанда, түлектер де, ата-аналар да ҰБТ-ға қатысу-қатыспау туралы шешімдерін өздері қабылдайды.

ҰБТ тапсырып шыққан түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)ҰБТ тапсырып шыққан түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

– Бірі «шетелде оқимын», енді бірі «тапсырмаймын» деп өтініш жазып тастайды. Соңында бірінің шетелге ақшасы жетпей қалады. Екіншісі тәуекелге бел байлап, тест тапсырмақ болады. Жеті жылғы еңбек өтілімде мұндай жағдайды көп көрдім. Мектеп — бізге, біз тестілеу орталығына қосымша тізім түсіріп, әуреге түсіп жатамыз– дейді бөлім басшысы.

Ал баласы мектепті биыл бітіретін Сәрсенбек Бейсенбек «ҰБТ тапсырмаймын» деген өтінішті бәрібір жазбаймын. Балам бағын сынайды. Мұғалімдердікі дұрыс емес. Министр блогына жазып жібердім» дейді.

Астана қаласы білім басқармасы берген мәліметке қарағанда, наурыздың 10-ы күні басталған ҰБТ тапсыруға өтініш қабылдау науқаны сәуірдің 25-і күні аяқталады. 2014 жылы Астанада 4 мың 42 оқушы мектеп бітіріп, оның 411-і өз өтінішімен, 17-сі денсаулығына байланысты ҰБТ тапсырудан бас тартқан. 362 оқушы халықаралық олимпиада жеңімпаздары және ғылыми жобалардың авторлары ретінде оқуға сынақсыз түскен. Сөйтіп, ҰБТ-ға 3 мың 252 оқушы қатысқан. Биыл Астанада 4 мың 400 оқушы мектеп бітірмек.

.

Мақала Азаттық сайтынан алынды.

Осыған ұқсас жазбалар:

Білім жаңалықтарыБүгін елімізде ҰБТ сынағын тапсыру басталады

МатематикаОқушыларды математика пәнінен ҰБТ-ға дайындаудың тиімді жолдары

Қазақ тіліҚазақ тілінен ҰБТ-ге дайындау

ҰстаздарғаҰБТ-ке дайындық жұмыстары туралы хабарлама.

Білім жаңалықтарыҚР Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов: Тестілеу ашық түрде, әділ және объективті өткізіледі

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1130088

Пікірлер (3)

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар