ӘРІПТЕРДІҢ ӘЛЕГІ

11 қаңтар 2015 - Таланттар мектебі
ӘРІПТЕРДІҢ ӘЛЕГІ

Асқар Наймантаев.

«Әріптердің әлегі»

********************************************************

–Ерігіп отырғанша, ертегі айта отырайық, ағайын.

Ерте, ерте, ертеде,

Ешкі жүні бөртеде,

Кім білсін кеш пе ерте ме,

Әйтеуір, юбканың етегі келтеде

Беймәлім бір заманда,

Сектаның бәрі аманда,

Ала ауыз бір қоғамда,

Мынандай іс қаралыпты:

Әлқиса, 42 әріп мекен еткен елді, кезінде бір ауыздан сайланған «А» деген әріп басқарыпты.(Сайлаудың протоколдары сақталмағандықтан, бір ауыздан сайланғанына амал жоқ сенесің) «А» әрпінің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болыпты. «А»-ға қарсы шыққан кейбір әріптер басынан соққы тиіп «сұрақ белгісіне» айналып кетеді екен, немесе, қара жерге қазық қып қағып, «леп белгісін» жасап қоятын көрінеді. Ал енді қатты қаһарына іліккендерді турап-турап «үтір», «нүкте» жасап, тұқымын тұздай құртып, шашып жібереді екен!

Бір күні сол айбынды «А» әрпіне, «ябеда» деген кличкасы бар «Я» әрпінен арыз кеп түседі.Арыз деген қаралуы керек, кінәлісі қамалуы керек. Алфавитті алдына жиып, «А» «Я»-ның арызын оқып береді. «Я» өзіне тән көкірегімен аямай-ақ жазған екен.

— «Япурай, — деп бастапты арызын, — ялған-ай! Я, аяулы ағаян! Баяғыда сүттей ұйып отырған үркердей ғана әріп едік. Ямандықтың бәрін үстімізге басып кірген кірме әріптерден көріп келеміз. Әкіреңдеп «Ә» келді, ілмиіп «І» келді, үндемей «Ү» келді, ұрланып «Ұ» келді, өңмеңдеп «Ө» келді… Айта берсе таусылмайды! Бәрінен де мына нахал, шолақ құйрық «Қ» әрпінің қорлығы өтті! Келе сала қоразданып «Ш» әрпіне қырындап, «Ш»-ны шырылдатып екі қабат қып тастап кетті! Сорлы «Ш» әрпінен, құйрығы «Қ»-дан аумайтын «Щ» деген қыз туды! Сонымен қоймай «С» әрпінің сауырын сипап жүріп, тағы да құйрығы салбыраған «Ц» деген ұл тапқызды. Шолақ құйрығы өзінен аумай тұрса да «С»-ны сорлатып алмай кетті! Естуімізше ол өз ауылында «Н» әрпімен жүріп, одан туған «Ң» деген балаға да қарамай кеткен көрінеді! Япурай, бұл не дегяняуыздық!? Я, ялғанның ямиршісі аяулы «А» әрпі, осы «Қ» әрпіне бір яза қолданбасаңыз түбі яман боладя!» — депті.

Бұрын мұндай сұмдық естімеген Алфавит мелшиді де қалды. «А»-ның аузы аңқиып отыр. «Ж» әрпі жылап жіберді:

«- Жжжаным-ай, жжжалған-ай, бұл «Қ» әрпінің жжжонынан таспа тіліп, жжалаң аяқ жжапанға жжалғыз жжіберу керек! Маржжжандай тізілген әріптер едік, осы «Қ» әрпі сәнімізді бұзып бітті. Одан туған баланың бәрі құйрығы бар урод болып туып жжжатыр! Ж-ж-жжжж...» – деп, еңіреп жіберді.

Алфавит «А»-ға қарайды, «А» «Б»-ға қарайды. «Б» «Д»-ға қарайды…

«А» әрпінен ақылды сөз шыға қоймасын сезген «У» әрпі удай тілін сумаңдатты:

« — У-у-уйбайууу! Усундай буларун білгемууу! Бу қағынған «Қ» әрпіне управа булмайдууу! Уайым булду бул әріп. Қабырғаға, дуалға, асфальтке жазылған жаман сөздің бәрі осы «Қ» әрпінен басталады. Кеше біздің аруақты «А» әрпінің мәшинесіне де жазып кетіпті!» деп қойып қалды.

«А» полиция бастығы «П» әрпіне қарады. «П» пық демейді! Едіреңдеп «Е» әрпі сөз бастады:

« — Ес біліп, етек жиғалы елім деп еңіреген ердің бірі едім. Бұл Алфавит елінде әділдік болмайды! «А»ның аңқиып, «Б»ның буылып, «Д» әрпінің дымы шықпай отырғанының себебі, құрып кеткір «Қ» әрпі, бәрінің аузын майлап қойған. Жаман сөздерді ғана емес, пайдалы сөздің бәрін осы «Қ» әрпі сатып алып қойған! Тиын салатын «қапшық» — «Қ», ақша салатын «қалта» -«Қ», байлық салатын «қазына» — ол да «Қ»! Қарын тойғызар «қазан» — «Қ», «қарыз» десең – «Қ», «қымбат» десең – «Қ», қызық іздесең – «Қ», қуансаң да – «Қ», «қызықсаң да», «қызғансаң да», «құл болсаң да» — «Қ»!

Корупция деген осы! Жағдайы жақсы сөздің бәрін өздері алып алған, қарашы міне – «ақыл», «алтын», «ақша», «айла» деген сөздер «А»дан басталады, «Әкім», «әділ», «әке» сияқты әйбәт сөздер «Ә»ден басталады! «Бақыт», «байлық» сияқты берекелі сөздер «Б»дан, «данышпан», «доллар» деген дара сөздер «Д»дан басталады! Әуелі «Б» әрпі өзінің семіз әйелі «В» әрпіне «валюта» деген сүйкімді сөзді алып берген! Тізімнің соңында тұрған «Ю» әрпі «ювелир», «Я» әрпі «ярмарка». Бұларға бірдеме десең, «Қ» әрпіне айтады. «Қ» әрпінің «қармағына» ілінсең, «қорқыныш» — «Қ» әрпімен келеді, «қашсаң да» — «Қ», «қусаң да» — «Қ», «қамалсаң да» — «Қ», «қорлайтын да» — «Қ», «қорғайтын да» — «Қ»! «Қ» әрпінің қас-қабағына қарап қалшиып, қатып тұрамыз. Біздің Алфавиттің «қағидасы» — «Қ», «қылмысы» — «Қ», «құрметі» — «Қ», «құдіреті» — «Қ», бетке ұстар «қаймағы» — «Қ»! Сондықтан оған сот жоқ. Себебі – «құқығың да» — «Қ» әрпі!

«Е» әрпі осылай есіріп бара жатқанда, тұтқиылдан «Т» әрпі тобығынан қағып құлатты. «Е» әрпі шалқасынан түсіп, есеңгіреп, қалай «Ш» әрпі болғанын білмей қалды. «Ё» әрпінің екі көзі тас төбесіне шықты. Ирелеңдеп тілі сақау «И» әрпі деген келіншек сөз алды:

« — И-и-ибай-ай, ииат-ай, «Қ» әйпінде «қысылу», «қымсыну» жоқ. Қашан болса да қапсиа құшақтап, қытықтап, қатты қинайды...» — дей бергенде, сонау бұрыштан зуылдаған «З» әрпі атып тұрды:

« — Өзің кінәлі! Әй, «И», өзің икем білдірмесең, «Қ» саған қақтықпайтын еді. Бәрі өззіңнен! Осы Алфавиттегі еркек әріптермен имиіп, ирелеңдеп, итеңдеп жүргеніңді талай көргеміз. Анау байың «қысқа «Й» әрпінің маңдайындағы мүйіз сенің сол инабатсыз қылығыңның арқасы!» — деп, «З» әрпі зар ете түсті.

« — Өзіңе қайап алсаңшы әуелі, — деді «И», — әй, «З» әйпі, буылтық-буылтық беліңе қайағанда өзің де «Қ»дан екіқабат болып қалғансың-ау!» деп «И» қарсы атакаға шықты. Асқына бастаған айғайды юрист «Ю» әрпі тоқтатты:

« — Ню, ендю, былай болсын. Бю «Қ» әрпюн қинай бермейік. Құйрығы болса да, ол да пенде. Қателік кімде болмайды. Дегенмен «Қ» әрпінюң артықшылық қасиеттері де юқ емес. Қасқайып тұратын қайсар мінезю, қаһарман жүрегю бар. Біздің «морзе» болып кетпей, «цифр» болып кетпей тәуелсіз «Алфавит» болып жүргенімюз осы «Қ»ның қырсық мінезінюң арқасы. Соны ұмытпауымыз керек. «Қ» әрпі біздің ерекше қасиетіміздің бірі. Басқа елдің «Алфавитінде» «Қ» жоқ. Сондықтан оны қастерлейік ағайюн! Мен оның басқа сөздердю тартып алып жатқанына қарсю емеспюн. Бөтен сөзде «Қ» әрпі көбейе берсе, демек, тілдің мәртебесі өскеню. Ел алдындағы ерен еңбегюн ескерюп, оған «эқаномика», «қапитал», «қредит» деген сөздердю сыйға тартар едюм!» деп адвокат «Ю» әрпі сөзін доғарды. Оның сөзінен кейін «Қ» әрпіне көз қарас түзеле бастады. Ақыры «Алфавит» мәжілісі қаулы қабылдады; «Қ» әрпінің халыққа қалтықсыз қызметін ескере отырып, қатаң сөгіс жариалады. Келе жатқан «Әріптер күнінің» құрметіне «А», «Б», «В», «Г», «Д» сияқты ерекше әріптерге алтын бояу сыйлады. Басқа әріптерге де әдемі жазылуы үшін еңбегіне қарай қымбат бояу, гуаштар сыйға тартылды. «Ү», «І» сияқты жуас әріптерге бояу жетпей, китайский қарындашпен жазылса да болады деп шешті. Жиналысқа қатыспай бір бұрышта ұйықтап отырғаны үшін «Ұ» әрпін бір жыл бойы есі дұрыс қағаз бетіне жазбай, «Ұ» әрпі тек «туалетная бумагаға» жасылсын деген қаулы қабылдады.

Міне осымен ағайын ересектерге арналған кешкі ертегіміз аяқталды. Сіздерді енді қызық-думан көру үшін қамедия-қансерт қөруге шақырамын!

Қоңілдеріңіз қөтеріңкі болсын!

Осыған ұқсас жазбалар:

Тәрбие сағатыТәуелсіз елім - Қазақстаным

Сценарий​«Қарттарым – асыл қазынам» қарттар күніне кездесу кешінің сценарийі

Сценарий«Үздік қаржыгер» интелектуалдық ойынының жоспары

СценарийСоңғы қоңырау кешіне арналған сценарий

ҰстаздарғаЕРЕКШЕ ЕМТИХАН

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1119702

Пікірлер (3)
Askar Naymantaev # 11 қаңтар 2015 в 16:52 +1
Ұлан Нүсіпәлиевтің сұрауы бойынша жазылған монолог еді. Қазір мұндағы біраз жайт өзгеріп кетті ғой. Кезінде осындағы астарлы ой дөп түскен тұста Ұлан оқыған еді мұны.
Таланттар мектебі # 11 қаңтар 2015 в 17:09 +1
Мүмкін, біреулерге әлі де жарап қалар. Мұндағы біраз кейіпкерлер әлі де "таныс" қой бізге. rofl
Базаргул Агимбекова # 28 маусым 2015 в 23:40 0
Әрине, қоғамда барлық жағдайлар кездесіп жатады,болашақта өзгерістер енер.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар